Ақп 22, 2024 22:44 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың алтыншы эпизодының тақырыбы: Еркіндікті талап ету: Конституциялық революция мен Ислам революциясының арман-мақсаттарының байланысы.

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың алтыншы эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сұраққа жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы неліктен әлемде болған барлық революциялардан өзгеше? Өткен бөлімде Ислам революциясы идеалдары мен конституциялық революцияның арақатынасын әділдікті талап ету тұрғысынан түсіндіре келіп, әділдік орнату талабын Конституциялық революция мен Ислам революциясының ортақ ұғымдары мен идеалдарының бірі ретінде қарастыруға болатынын айттық. Әділдік орнату талабының ислам және шиіт мәдениеті, тіпті ежелгі Иранда тарихы терең. Осы талапқа сейкес Конституциялық революция кезінде шах Абдулазим Хасанидың кесенесінде наразылық акциясын өткізгендердің ең маңызды талабы сот үйін ашу болды. Конституциялық революция кезінде халық көтерілісінің басты стимулы әділдік талап ету және олардың патша мен сарай маңындағылардың озбырлығы мен зұлымдығынан шаршауы болды. Бірақ Конституциялық революция тығырыққа тіреліп, конституцияшылдардың арман-мақсаттары солғындай бастаған соң сот үйін құру мақсаты да күңгірттеніп, біртіндеп ішкі деспоттар мен бөгделердің аяқтарының астында жаншылды.

Пехлеви режимі кезінде қоғамда саяси-әлеуметтік әділеттік орнатуға көп көңіл бөлінбеді, өйткені бұл мұратты жүзеге асыру конституционализмнің қағидалары және негіздерімен тікелей байланысты болды. Бұл екі мақсат бір-бірінен ажырамайды. Реза шахтың абсолюттік билігі кезінде әділет нұры сөніп, Мұхаммед Реза шах тұсында мүлде жойылып кетті. Осындай жағдайда имам Хомейни шах режимімен күрес туын көтеріп шығып, қоғамда әділеттік орнатудың жаршысына айналды. Имамның ойынша, илаһи пайғамбарлардың миссиясының негізгі мақсаты жеке және әлеуметтік салаларда әділеттікті қатар жүзеге асыру болды. Әділ билеушінің арқасында қоғамда әлеуметтік әділеттік орнайды. Имам Заман келгенге дейін қоғамда әлеуметтік әділеттікті әділ факиһ орнатуы тиіс.

Конституциялық революция мен Ислам революциясының ортақ ұғымдары мен идеалдарының бірі – еркіндікті талап ету. Әділдікпен қатар жүретін еркіндік – әлемдегі барлық күрестердің мақсаттарының бірі. Осы себепті ол дүние жүзінің саяси әдебиетінде өте құнды да жоғары орынға ие. Еркіндік саяси философия мен саяси күресте қаншалықты маңызды және құнды болса, ұғым тұрғысынан соншалықты аүрделі әрі қайшылыққа толы. Философиялық мектептердің әрқайсысы еркіндік туралы әртүрлі түсіндірмелер мен сипаттамалар ұсынды. Барлық интеллектуалдық және саяси мектептердің ішінде либерализмді еркіндіктің ең маңызды және байыпты қорғаушысы болды деген тұжырымды даусыз қабылдауға болар. Дегенмен бұл мектеп философтары арасында еркіндікті негіздеу және оның шегі мен олқылықтарын түсіндіруге қатысты көптеген пікір қайшылықтары бар. Конституциялық қозғалыс Иран халқының бостандық пен демократия идеалын жүзеге асырудағы алғашқы тәжірибесі және Иранның қазіргі заман тарихындағы, сонымен қатар Батыс Азия аймағының жүз жыл бұрынғы тарихындағы ең маңызды оқиғаларының бірі болды. Еуропаның бірнеше елдерін қоспағанда, әлем елдерінің көпшілігінде автократиялық билік болған кезде автократиялық абсолютті монархияны конституциялық жүйеге айналдыру аясында еркіндікке қол жеткізу Иран халқы бастаған ұлы өзгеріс болып табылады. Бұл заманда бостандық өзінің барлық қырларында, яғни ой еркінді, сөз бостандығы, саяси-әлеуметтік бостандықтар қалыбында билеушілердің билігін заңмен шектеу аясында жүзеге асты. Мысалы, сөз және баспасөз еркіндігі саласында тарихшылар Конституциялық революция кезеңін Иранда мемлекеттік емес, тәуелсіз журналистика үшін бетбұрыс нүктесі деп атады. Басқа сөзбен айтқанда Конституциялық революцияның жеңіске жетуі Иранда сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі, соның нәтижесінде мемлекеттік емес, тәуелсіз журналистиканың дамуына жағдай жасады. Әртүрлі саяси партиялар мен қауымдастықтардың құрылуы Конституциялық қозғалыстағы еркіндікті жүзеге асырудың тағы бір қыры мен өлшемі болды. Шын мәнінде 1905 жылы Конституциялық революция билеуші озбыр режимді жеңгеннен кейін Иранда саяси даму үдерісі басталды. Соның бір нәтижесі саяси партиялардың құрылуы болды. Бірақ Конституциялық революцияның жеңіліске ұшырап, Пехлеви әулеті билік басына келгеннен кейін іс жүзінде елдің саяси кеңістігінде еркіндікке қол жеткізу арманы жойылды. Саяси жүйенің авторитаризмі, бір орталыққа бағыну және билікті бөлуге қарсылық, үкіметке бағынышты партиялар құру – осының барлығы Иранда Пехлеви билігі кезінде саяси партиялардың тиімсіз болуының ең маңызды факторлары болды. Бұл дәуірде Ирандағы баспасөз және саяси партиялардың жағдайы билік басындағы ішкі озбырларға ғана емес, шет елдердің араласуына да тәуелді болды.

Халықтың барлық саяси және әлеуметтік бостандықтарын тартып алып, Иран қоғамына ұзақ уақыт бойы авторитарлық билік жүргізгеннен кейін 1979 жылы ақпанда имам Хомейнидің жетекшілігімен Ислам революциясы жеңіске жетіп, саяси өмірдің жаңа дәуірі басталды. Онда адамдардың негізгі құқықтары мойындалды. Имам Хомейни бостандықты қабылдап, оны жақтай отырып, оны жеке және әлеуметтік салалардағы адамның туа біткен, табиғи және ажырамас құқықтарының бірі деп санады. Ол бостандықты бір адамның екінші адамға беретін құқықтар санатынан емес, адам табиғатының және оның болмысының, соның ішінде адамның табиғи құқықтарының нәтижесі деп есептеді. Тіпті бір мектеп немесе үкімет мойындамаса да. Сонымен бірге кез келген қоғам өзінің негіздерін сақтап, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еркіндікті пайдалануға шарттар мен шектеулер белгілей алады. Дегенмен бостандықтың негізін бұзу мектептің, үкіметтің немесе қоғамның құзыретіне жатпайды. Имам Хомейнидің пайымдауынша, бостандық – адамның табиғи құқығы. Ислам – адамгершілік негізінде адамды еркіндікпен қамтамасыз етіп, кепілдендіретін мектеп. Имам: "Ислам бізге салауатты да дұрыс бостандық береді",-деп ашық түрде айтқан. (Баяндамалар. 8/3/58). Ол ирандықтарға бостандық береміз деп жалған уәде берген шахтың автократиялық режимінің ұстанымына жауап ретінде: "Ол еркіндік сыйлаймын дейді?!! Еркіндік сыйланатын нәрсе ме?!! Бұл сөздің өзі – қылмыс. "Еркіндік сыйладық" деген сөздің сөзі – қылмыс. Бостандық халықтікі. Заң бостандық берді. Құдай халыққа азаттық берді. Ислам еркіндік берді. Конституция халыққа бостандық сыйлады. "Біз халыққа еркіндік бердік" деген не сөз? Еркіндік сыйлайтындай сен кім едің?"-деген.  

Еркіндіктің ең маңызды аспектілерінің бірі – ой-пікір бостандығы. Ислам революциясының шарықтау жылдарында көптеген сарапшылардың санасында болған бұлыңғыр жайттардың бірі мынау болды: Исламға негізделген үкімет құрылса, ой, сенім, сөз бостандығына орын бола ма? Имам Хомейни Ислам революциясының жеңіске жетеріне 3 ай қалғанда Францияның Нофль-ле-Шато қаласында тілшілерге берген сұхбатында исламдық жүйедегі марксистік ой еркіндігі туралы сұраққа жауабында: "Ислам үкіметінде барлық адамдар ой-пікір еркіндігіне ие",-деді. Имам сондай-ақ  "Ислам үкіметінде мұсылман еместер мен дінге сенбейтіндердің жағдайы мен тағдыры қалай болмақ?" деген сұраққа жауабында: "Ислам демократияға негізделген. Адамдар өз пікірін еркін білдіріп, еркін іс-әрекет жасай алады. Тек ешқандай қастандық болмауы тиіс",-деді. Имам сондай-ақ сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі туралы: "Барлық ақпарат құралдары еркін жұмыс жасай алады. Тек мақалалары ұлтқа зиянды болмауы тиіс",-деді (Баяндамалар. 20/10/57).

Саяси және азаматтық партиялар мен ұйымдардың құрылуы – еркіндіктің тағы бір маңызды қыры. Демократиялық қоғамдарда қоғамның барлық топтары саяси партиялар немесе азаматтық, сауда және кәсіби ұйымдар құруға ерікті. Олардың қалыптасуына үкімет ешқандай кедергі келтірмейді. Имам Хомейни мына мәселені мойындайтынын ашық айтты: "Ислам үкіметі демократиялық принциптермен үйлеседі. Сондықтан саяси партиялардың құрылуына және еркін қызмет етуіне кедергі жасамаймын. Халықтың мүддесіне қатер төндірмеген жағдайда адамдар партиялар құрылып, жиындар өткізуге ерікті. Ислам осы істердің бәріне белгілі бір шек пен ая белгілеген" (11/8/57).

Діни азшылықтардың бостандығын қамтамасыз ету де Ислам революциясы барысында азаттық талап етушілерді алаңдатқан мәселелердің бірі болды. "Ислам Республикасының билігі кезінде діни азшылықтардың өз діни парыздарын орындау еркіндігі қалай болады?" деген сұраққа имам Хомейни:  Діни азшылықтар бұл мәселелерде жеткілікті құқықтарға ие болып қана қоймайды. Ислам үкіметі олардың құқықтарын толық қорғауды өзінің міндеті санайды",-деп ашық жауап берген.

Сүннит азаматтардың саяси және әлеуметтік құқықтарын сақтау Ирандағы революция жеңісінен кейін бостандыққа қатысты алаңдаушылықтардың тағы бір қыры болды.  Ислам революциясының шииттік идеологияға негізделгенін және сол кезде кейбір сүннит дінбасыларының сөзінде шиіттерді мұсылман емес, тіпті кәпір деп атағанын ескерсек, ірі шиіт қайраткері әрі шиіт мазхабына негізделген Ислам Республикасы жүйесінің басқарушысы ретіндегі имам Хомейнидің саяси ұстанымы өте маңызды және шешуші болды. Сол кездегі көптеген діндар адамдар қазір билік шиіт дінбасылардың қолына өткендіктен бұл мүмкіндікті сүнниттерге қарсы тұру және шиизмді тарату үшін пайдалану керек деп ойлаған. Бірақ имам Хомейни қырағылық танытып, шиіттер мен сүнниттерді діни бауырлар деп атап, олардың арасына Ислам дұшпандарының іріткі салып отырғанын айтқан.

Таңдау бостандығы мен таңдалу еркіндігі саяси белсенділіктің басқа да маңызды аспектілері мен көріністері және демократиялық жүйелердің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Көптеген ойшылдар еркін сайлау мәселесін соншалықты маңызды деп санап, демократияның тағдырын осымен байланыстырған. Басқа сөзбен айтқанда, ойшылдардың пікірінше, демократиялық жүйені демократиялық емес жүйеден ажыратудың негізгі критерийлерінің бірі – таңдау еркіндігі. Бір қоғамда билеуші элита еркін әрі әділ сайлауда халық тарапынан сайланса, сол жүйе демократиялық сипатқа ие болып саналады. Имам Хомейни демократиялық жүйеде адамдардың таңдау еркіндігінің маңызын біле отырып, революция жеңісінен кейін бірден балама жүйені халық арасында дауысқа салып, референдум өткізді. Сөйтіп халықтың 98 пайызының шешуші дауысымен Ислам Республикасы құрылды. Ол адамдардың таңдау құқығына өте сезімтал болды. Ең қиын жағдайда, тіпті Ирактың Иранға таңған соғысы жағдайында, Ирак жауынгерлері Иран қалаларын бомбалап жатқанда ол сайлауды кешеуілдетуге ешқашан рұқсат бермеген.

Әйелдердің саяси еркіндігі мен азаматтық құқықтарын шынайы пайдалануы, елдің маңызды шешімдеріне қатысуына жағдай жасау имам Хомейнидің бостандық туралы ойының тағы бір көрінісі болды. Ол Мұхаммед Реза шах кезінде әйелдерге жасалған қатыгездікке тоқталып, сондай-ақ әйелдердің қоғамдағы және саясаттағы орнын жақсартудың негізі ретінде Ислам негіздеріне сүйеніп,  "Шиіттік билік әйелдердің саяси және әлеуметтік оқшаулануына әкеліп соқтырады" деген уәждерді жоққа шығары келіп ол: "Шиизм әйелдерді әлеуметтік сахнадан шығармағаны былай тұрсын, оларды адами тұрғыдан қоғамда жоғары орынға көтереді",-деген (Баяндамалар. 24/8/57).

Ардақты ағайын, "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың алтыншы эпизоды аяқталды. Бұл подкастта 1979 жылы болған Ислам революциясының қалыптасу барысын шынайы түсіндіріп, әлемдегі басқа революциялардан айырмашылығын санамалап өтеміз.  

Тегтер