Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Хижри шәмси жыл санағы бойынша 1360 (1980) жылдың басында әйелдердің рөлі белгілі бір дәрежеде клишеге айналып, кейбір дәстүрлі сенімдерге негізделді. Әйел-аналар қайғылы мелодрамаларда өздерін құрбан ету арқылы өзгелерге қолдау көрсетіп отырған
Көптеген кинотуындыларда патриархатты қоғамдағы сөз бен наным-сенім бостандығы жоқ әйелдердің жәбірленген бейнесі бейнеленеді. Сол кезеңнің бірқатар фильмдерінде неке ажырасумен аяқталып қана қоймай, құрбан әйелдердің мойнына бүкіл қателіктер мен күнәлар артылды. Алайда ақиқат өмір мұндай формада еш уақытта біржақты болмады және болмайды. Шынайы қиындықтар және мәселелермен бетпе-бет келген түрлі отбасылар мен әйелдер мұндай мәселелерге түрлі реакция білдіреді. Сол себепті кинорежиссерлер біртіндеп әйелдердің шынайы өмірлерін көрсетуге бет бұрып, батылдық және қайсарлықпен олардың қиындықтарын қарастыруға кірісті. Аталмыш туындылардың ішіндегі ең үздігі Әли Жеканның "Бие" фильмі болып табылады. Кинотуындыда бір ауылдық әйелдің өмірі баяндалады. Ол жұбайы о дүниелік болған соң өзі мен перзенттерінің өмірін қамтамасыз ету жолында қиындықтарға тап болады. Әйелдің мал-мүлік дегенде ағасы одан тартып алғысы келетін тек бір биесі ғана бар еді. Осы жолда ол ағасымен өлім мен өмір арасындағы ауыр қақтығысқа түседі. "Бие" фильмі өзінің шынайы және мұңды сюжетімен жалғыз басты ана тап болған әйел өмірінің ауыр қиындықтарын қамтитын мәдени және экономикалық кедейшілік тақырыбын көтереді. Аталмыш фильм ғаламдық мәселені баяндағанына қарамастан сол кезеңдегі ең атақты ирандық фильм ретінде танылды.Осы кинотуындыдан кейін көптеген кинорежиссерлер біртіндеп өз туындыларында елеулі мәселелерді көтеруге бет бұрып, әйелдердің қаржылық тәуелсіздігі, оларды мәжбүрлі некеде құрбан болудың алдын-алу, тіпті қайтадан неке құру сынды мәселелерді қозғады. Бұл үрдіс х.ш.ж.с.б. 1370 (1990) жылдары күшейіп, Иранның коммерциялық, сондай-ақ зияткерлік фильмдер кинематографиясында әйелдердің мәселесі түсіністікке ие бола бастады. Әлбетте зияткерлік атымен белгілі коммерциялық емес фильмдер ханымдардың экономикалық жағдайларына қарағанда олардың рухани және психикалық мәселелеріне көп назар бөлді. Мысалы, Дариуш Мехрджуидің фильмдері өзге режиссерлердің туындыларында байқалмайтын ізашар ретінде әйел мәселесін көтереді. Осы режиссер "Жазық дала" атты туындысында өздерінің рухани бостығын толтыруды қалайтын бір әйел мен еркектің талпыныстары мен олардың айырмашылығын сынайды. Бірақ өзінің келесі кинотуындыларында, әсіресе "Бану", "Сара", "Пэрри" және "Лейла" фильмдерінде тікелей әйелдер мәселелеріне назар аударады. Дәл осы әрекет аталмыш туындылардың әйелдерге арналған фильмдердің қатарында қарастырылуына және қоғамның назарын осы топқа көбірек аударуға себеп болды. Мехрджуи шынтуайтында өзінің философиялық көзқарасын күнделікті шынайы оқиғалар желісінде баяндау арқылы үстірт мелодрама жанрынан әйелдер қауымын босатуға және олардың өмірдегі шынайы бейнелерін көрермендерге жеткізуге тырысты. Мехрджуиден басқа кинорежиссерлер де әйелдер мәселесіне шынайы түрде назар аудара бастады. Мехди Фаһимзаде режиссерлік еткен "Жұбай" атты фильм х.ж.с.б. 70-ші жылдардағы ең үздік кинотуындылардың қатарына жатады. Туындыда әйелінің кәсіби лауазымын қызғанған ер адам туралы баяндалады. Аталмыш фильм еркектердің үстемшілдігінен еркін болу жолындағы әйелдердің талпыныстарын әзіл-сықақ пен қалжың арқылы жеткізуге тырысып, заманауи қоғамдағы еркектердің алаңдаушылығы туралы да сөз қозғайды. Осы кинотуындымен қатар Ибраһим Махтаридің "Зейнет" атты атақты туындысы да әйелдердің әлеуметттік белсенділігінің қажеттігін қозғап, қате түсініктерден арылтады. Аталмыш кинотуынды шалғай мекенде өмір сүретін, өзінің және айналасындағы адамдардың өмірін өзгерткісі келетін Зейнет Дариои есімді әйелдің шынайы өміріне негізделіп түсірілген. Әлбетте осы кезеңде әйел режиссерлер де осы салаға келіп, шынайы түрде әйелдер қауымына қатысты мәселелерді баяндауға кірісті. Рахшан Баниетемад әйелдер тақырыбын қамтитын туындаларын түсіру арқылы әлеуметтің түрлі мәселелерін кинематография тілімен жеткізді. Әйел тұлғасы негізгі өзекті құрайтын "Нәргес", "Көгілдір жаулық", "Қала астарында", "Ордибехешт? ханым" фильмдері осы кинорежиссердің туындылары болып табылады. Иран кинематографиясына шолу жасау бұл мәселені, яғни әлеуметтік фильмдердегі әйелдер мәселесінің қарастырылуын тек олардың жағдайын жақсарту мақсатында болмағанын айқындайды. Әлемнің кез-келген жеріндегідей Иранда да кейбір адамдар феминистік идеяны жақтап, оны Иранның мұсылман әйелдері қоғамының бір нұсқасы ретінде көрсетті. Феминизм әлем кинематографиясында екі аспектіні қамтиды. Оның бірінші аспектісі әйелдердің жағымды ерекшеліктері мен қабілеттерін әсірелеу болып табылады. Феминистік кинематографияның келесі қыры бұл ер адамды басып-жаншу және оның бойында барлық жағымсыз қылықтарды өрбіту болып табылады. Иран кинематографиясында да бұл бағыт бірқатар салаларға әсер етіп, кейбір ирандық кинорежиссерлерді де феминистік туындыларды түсіруге мәжбүрледі. Тахмине Милани – өзін кинематографияда феминистік бағыттың туын көтеруші санайтын режиссерлердің бірі. Ол шамамен өзінің бүкіл туындысын осы үдеріске негіздеп түсірген. Аталмыш режиссердің туындыларында ер адамдар тұлғасының еленбейтіндігі соншалықты, көптеген сыншылар оны ерлерге өшпенд көзқарас ұстанады деп санап, туындыларын қатты сынғ алады. Миланидің туындыларында еркек атаулы қатігез, рақымсыз, менмен, өтірікші, ашушаң және сенімсіз. Сондай-ақ олар жұбайлары мен перзенттері және жақындарына әрдайым азап көрсетеді. Әлбетте айта кететін жайт, ақырында туындының идеясына қатысты режиссер көрермендердің пікірі мен таңдауына мүмкіндік береді. Аталмыш кинорежиссердің феминистік кинотуындылары әйел құқығын қорғау ұрандарына толы болғанына қарамастан, фильм прокатында сәтсіздікке ұшырады. Өзінің ақырғы мақсаты адалдық пен ақиқатты көздейтін туындылар ғана көрермендердің ой-санасына жол таба алады. Фильмдердің продюсері Фереште Таиерпур әйелдер мәселесіне қатысты әсірешіл көзқарасты жоққа шығарып, феминистік қарым-қатынас пен әйелдердің әлеуметтік орны туралы: "Мен феминизмнің батыс елдерінде тараған мағынасын қабылдамаймын. Менің пікірімше, әрбір әйелдің жағдайы сол әйел қоғамының мәдениетіне байланысты. Біздің қоғамда әйелдердің әлеуметтік дамуы Америка немесе Еуропа әйелдеріне ұқсас болуы керек деген сөз емес. Әрбір ақылды әйел өзінің, сондай-ақ өзіне дейінгі және кейінгі ұрпақтың қоғамында, әлеуметтік қарым-қатынас пен мәдениетте қалайша мінсіз болу керектігін білуі тиіс. Батыс қоғамында бейнеленетін әйел бостандығы мүлдем шынайы емес" дейді.Ол сөзінің жалғасында: "Ақиқатында Батыста әйелдер мен еркектер арасында көптеген кемсітушілік бар. Алайда олар үгіт-насихат арқылы оған көзжұмбайлық танытып, еркектер мен әйелдерді тең құқыққа ие деп көрсетуге тырысады. Дегенмен Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының әйелдер жағдайын көрсетуі мен ирандық және мұсылман әйелдер өмірінің ақиқатына көзжұмбайлық танытуы әділетсіздік болып есептеледі" – дейді. Хижри шәмси жыл санағы бойынша 60-70 жылдары ирандық кинорежиссерлер арасында әйелдер мәселесі аясында түрлі үдерістердің кең етек алғанын және аталмыш мәселенің түрлі көзқарас тұрғысынан көтерілгенін айтқан жөн. Дәл осы жағдай әр түрлі жанрдағы фильмдердің пайда болуына себеп болды. Оларға шолу жасау түрлі көзқарасты қамтитын Иран кинематографиясының мүмкіндіктер көлемін көрсете алады. Ислам революциясына дейінгі жылдардың бұғауынан өздерін босатып, шыға алған және танымалдық пен сүйіспеншілік толқынында шарықтауға қол жеткізген фильмдердің түрлі пікірлерге төзімділік танытып, жас режиссерлерге тәжірибе ұсына алатындығы күмәнсіз. Ислам революциясына дейінгі онжылдықта Иран кинематографиясының даму себептерінің бірі дәл осы еркіндік пен түрлі көзқарастардың төзімділігі болып табылады.