Maм 17, 2016 18:13 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Иранға шамамен 60 жыл бұрын келген қазіргі қалыптағы анимация өнері соңғы жылдары айтарлықтай дамыды деп айтуға болады. Статистика бойынша, бүгінде шамамен 3 мың адам осы салада жұмыс істейді.

 Мұнымен қоса, қызығушылар мен өнерсүйерлердің саны күн санап артып келеді. Анимация өнеркәсібінде жұмыс істейтіндердің саны 20 мың адамнан асады деген болжам жасалуда. Бұл жағдай отандық теледидар мен жарнамалық компаниялардың қажеттілігіне сәйкес келеді. Өйткені осы саладағы маңызды инвестициялық мақсаттардың қатарына шетелдік өнімдерге мұқтаждықтан арылу және анимацияның барлық тармақтарын елдің ішінде өндіру жатады.

Анимациялық өнімдер саласына компьютердің енуі әлемнің түкпір-түкпірінде төңкеріс тудырды. Иран да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Бүгінде қызығушы адамдар қарапайым бейнекамера, жеке компьютерге ие бола отырып, сондай-ақ, дұрыс білім алу арқылы осы салада жұмыс істей алады. Ғаламторлық байланыс пен IT-дің таралуы Иранда анимациялық өнімдердің мықты компьютерлік бағдарламаларының да көптеген жақтастар тауып, осы компьютерлік бағдарламалар арқылы жасалатын үш өлшемді техникамен қоса, екі өлшемді дәстүрлі анимациялық өнімдердің жылдамдығының артып, нақтырақ жасалуына себеп болды.

Иран анимациясының дәстүрлі қалыптан өнеркәсіптің түріне айналуы соңғы жылдарда орын алып, әлемнің көптеген сарапшыларының назарын аудара алған соңғы өзгеріс болып табылады. Солардың бірі Анимациялық фильм түсірушілердің халықаралық қоғамы – ASIFA -ның бұрынғы бас хатшысы "Бордо" деген атпен танымал Бариваж Довникович: "Ирандық анимация ұлттық дәстүрге сүйенеді. Бейне тұрғысынан да, мазмұн жағынан да көңіл аударуға тұрарлық орында",-дейді. Ол ұзақ жылдар бойы ASIFA-да жұмыс істеген. Анимациялар мен аниматорларды жақсы біледі, сондықтан бұл өнердің Ирандағы болашағы жарқын деп есептейді.

"Джамшид және Хуршид" анимациялық фильмі – сценарийі мен түсірілу техникасы соңғы жылдардағы анимациялық кинематографияның дамуын көрсететін кинематографиялық туындылардың бірі. Бұл фильмнің режиссері – Бехруз Яғмайан. Оны түсіруге 3 жыл уақыт кетті. "Джамшид және Хуршид" фильмінің сценарийі Иранның ежелгі мәдениеті мен өркениетінен алынған. Ол мозайкалық қалыпта түсірілген. Иран кинематографиясының атақты әртістері осы мультфильмдегі кейіпкерлерді дыбыстандырды.

"Джамшид және Хуршид" – ежелгі ғашықтық әңгіме. Патша елдің әртүрлі аймақтарындағы ханзадалар арасында сайыс өткізуге шешім қабылдайды. Жеңімпаз ханзада патшаның күйеу баласы әрі биліктің мұрагеріне айналады. Осы сайыстың жүлдесі болғысы келмеген патшаның қызы Хуршид патша сарайынан қашып кетіп, орманда қасқырларға тұтқынға түсіп қалады. Хуршидті Джамшид деген жігіт құтқарады. Ол осы жігітке ғашық болады. Бірақ сарайдың жұлдызшысы Хуршидті тауып алып, сарбаздарды қызды алып келу үшін Джамшидтің соңынан жұмсайды. Әңгіме көптеген шиеленістермен жалғасын табады.

Өткен бағдарламада Ирандағы анимация саласының кейбір ардагерлері жайында сөз қозғадық. Иранда анимациялық фильмдер мен топтамалар түсіретін маңызды ұйымдардың бірі "Саба" мультипликаторлық орталығы жайлы айттық. Бүгінгі бағдарламаның жалғасында ASIFA (французша: Association Internationalе du Film d'Animation) ұйымымен таныстырамыз. Бұл ұйымды 1960 жылы Францияның Анси қаласында бірнеше көрнекті аниматор құрды. Бұл ұйымның мақсаты мультипликаторларды дайындау тәсілдері жөнінде мәлімет алмасу және әлемдегі мультипликаторлық жұмыстар жөнінде мәлімет тарату болып табылады.

ASIFA-ның әлемнің 30-дан аса елінде филиалы бар. 4 мыңға жуық адам осы ұйымға мүше. Ирандағы ASIFA-ның филиалы х.ш.ж.с.б. 1359 жылы (1981 жылы) Нураддин Заррин Калактың талпынысы және бірқатар аниматорлар, университет ұстаздарының әріптестігімен өз жұмысын бастап, х.ш.ж.с.б. 1365 жылы (1986 жылы) халықаралық ASIFA-ға қосылды. Бұл ұйымның кеңсесі Теһранда орналасқан. Бірақ оның Иранның бірнеше қаласында бөлімшелері бар. Бұл ұйым ирандық аниматорлар мен олардың үздік туындыларына қолдау көрсетіп, жинастырумен айналысады. Ұйым ирандық туындылардың әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықаралық анимация фестивальдеріне қатысуына көмектеседі. Әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін халықаралық шаралар барысында ASIFA ұйымының мүшелері қазылар алқасы мен шеберлік сабақтарына белсенді қатысады.

Бұл ұйым ирандық аниматорларды қолдаумен қоса, Теһран халықаралық мультипликаторлар фестивалін өткізу арқылы осы өнер саласында жұмыс істейтіндерге оң әрі құнды қадам жасады. Соңғы жылдарда осы фестивальді өткізу мультипликаторлардың туындыларын әлемдік туындылармен қатар сайыс алаңына шығарып, ирандық туындылардың сапасын сынап, бағалай алды. Бұл мамандандырылған фестивальдің бірінші кезеңі х.ш.ж.с.б. 1377 жылы (1999 жылы) өткізіліп, Иранда мультипликаторлық туындылар көрсетілімі саласының жаңа тарауын бастады.

Сол заманнан бүгінге дейін осы фестивальдің 8 кезеңі өткізілді. Біртіндеп шетелдік өнер иелерінің де осы фестивальді қолдауы артты. Мысалы, фестивальдің бірінші кезеңінде 33 елдің анимациялық туындылары жұрт назарына ұсынылса, соңғы бірнеше кезеңде 60-тан астам елдің өнер иелері осы фестивальде өз туындыларын көрсетуге өтініш берген. Мұның өзі Теһран халықаралық фестивалінің олар үшін қаншалықты беделді екендігін көрсетеді.

Айта кететін жайт, Теһран халықаралық мультипликаторлар фестивалі мен әлемнің басқа да шараларында көрсетілген барлық ирандық туындылар кинематографиялық фильмдер қалпында емес, олардың әралуандығы ирандық өнер иелерінің мол қабілет-қарымын көрсетеді. Бірақ біздің бағдарламаның тақырыбы Иран кинематографиясы болғандықтан, сөзіміздің жалғасында Иранның анимациялық кинематографиясында кинотеатрларда көрсетіліп, барша жұрттың ықыласына бөленген туындылардың тағы бір үлгісімен таныстырамыз.

"Теһран-1500" анимациялық фильмі Бахрам Азимидің режиссерлік етуімен түсірілді. Ол бұдан бұрын теледидар үшін тартымды жарнамалық роликтер жасаған болатын. Аталмыш туындыны жасауға мультипликация саласында жұмыс істейтін 270 өнер иесі мен маман атсалысты. Фильмнің сюжеті мынадай: 160 жастағы адам өз дәрігерінен тек бірер күн өмірі қалғанын естиді. Бұл адам бұрын дәстүрлі әзіл-қалжың қойылымдарының әртісі болған екен. Осы аралықта ол өз тәжірибесін растап, өнер иелері жатқан зиратта жерленуге рұқсат алу мүмкіндігіне ие болады. Сол себепті Ай жерсерігінде оқып жатқан немересі оған көмектесу үшін Иранға келеді. Олар бірқатар оқиғаларды бастарынан өткергеннен кейін әлгі қарт адамның бұрын қойылымдарда ойнағанын көрсететін фильмнің үзіндісін тауып алады.

Бұл анимациялық туындының тартымды болғаны соншалықты, балалардың ғана емес, тіпті ересек адамдардың да қызыға тамашалауына себеп болды. Осы фильмде х.қ.ж.с.б. 1500 жылы, яғни шамамен 110 жылдан кейінгі Иран бейнеленеді. Ол заманда адамдар Ай жерсерігіне сапар шегеді, роботтар адам өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналады, машиналар ұшатын болады. Ол заманда Теһранның Милад мұнарасы Иранның ең биік ғимараты емес, жүздеген қабаттан тұратын зеңгір үйлердің жанында бір кішкентай мұнара ғана болып қалады.

Осы фильмдегі фантастикалық мәселелер мәдениет және әдет-ғұрыппен, тіпті адамдардың әртүрлі топтарының арасында таралған мағлұматтармен қосылғанда оған ерекше тартымдылық сыйлады. Сонымен қатар Иранның кейбір атақты әртістерінің түрлері мен дауыстары негізгі рөлдерде қолданылды. Бұл да көрермендердің осы фильмге деген ынтасын арттырды.

Иран жастарының кинематографиялық қоғамы мен Исламдық үгіт-насихат ұйымының өнер бөлімі Иранда анимациялық фильмдер түсіреді. Сонымен қатар, Шираз, Исфахан, Хамадан, Керман мен Сари сияқты қалаларда орталықтар ашылып, ұзақ жылдар бойы әралуан сәтті туындылар өндірді. Сондай-ақ, жеке секторда анимациялық фильмдер түсіру әртүрлі топтардың құрамында атқарылып жатыр. Бұл өнеркәсіп саласы мемлекеттік ұйымдармен шектелмей, Иранның жаңа заман кинематографиясының гүлденуіне қажетті маңызды негіздердің біріне айналды.

 

 

Тегтер