Maм 17, 2016 19:15 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Бүгін өткен аптадағы тақырыпты жалғастыра келіп, фестивальдік кинематографияға шолу жасаймыз. Өткен бағдарламаларда осындай кинематографияның кейбір ирандық режиссерлер арасында қалыптасуын қарастырдық

. Егер естеріңізде болса, атақ іздеп, шетелдік кинофестивальдерде есімдерінің аталуын көздеген жастардың бір тобының осы кинофестивальдерді өткізушілердің талғамына сай фильмдерді түсіруге бет бұрғандықтарын айтқан болатынбыз.

Осындай адамдардың бірі – Мохсен Махмальбаф. Ол өзгелердің мадағы мен марапатын алуға қатты қызыққан адам. Осы қызығушылық жеке басы мен айналасындағы басқа да дәлелдермен бірге оның шарықтаулары мен құлдыраулары көп бірнеше онжылдықты басынан өткеруіне себеп болды.

Махмальбаф х.ш.ж.с.б. 1336 жылы (1957 жылы) Теһран қаласының кедей ауданында дүниеге келген. Кедей отбасынан шыққандықтан балалық кезден бастап қара жұмыспен айналысқан. Жасөспірім шағында Пехлефи режиміне қарсы саяси-әскери белсенділіктерге атсалысып, бір қарулы қақтығыс барысында қамауға алынып, түрмеге түскен.

Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін Махмальбаф түрмеден босап шығып, проза жазу және фильм түсіру сияқты салаларда жұмыс істей бастады. Аталмыш салалар бойынша мүлде тәжірибесі болмаған Махмальбаф басқа режиссерлерді сынап, тіпті басқаларды таңқалдыратын оғаш пікірлер айтып жүрді. Мысалы, бір интервьюде ол беліне граната байлап, сатиралық фильм түсірген ирандық режиссерлердің бірін жарып жіберуге дайын екендігін айтқан болатын.

Махмальбаф әу бастан өз туындылары мен сөздерінде шектен тыс толғаныс пен толқынысты көрсететін әсірешіл режиссер болды. Оның фильмдері көбінесе белгілі бір оқиғаларға білдірілген сезімге толы реакция түрінде түсірілді. Әрине сол себепті қоғамда қатты сындарға ұшырап отырды.

Сол заманда осы ерекшеліктердің барлығы оған қауіп-қатер тудырып, оның болашағы жөнінде ескертулер жасады. Мысалы, сыншылардың бірі ол жайлы: "Мен осы киногердің келешегіне қатты қорқамын. Махмальбаф ойнап отырған кинематография от сияқты қатерлі. Өйткені ол оның кілемі, үйі, ауданы, қаласы мен заманын ғана өртеп қоймайды, барлық дүниені жойып жібереді",-деп жазды.

Әрине реакциялар тек осындай сөздермен шектеліп қалған жоқ. Оның фильмдері біртіндеп шетелдік кинофестивальдер мен кейбір киносыншылардың назарына ілігіп, оған мадаққа толы сөздер айтылып, түрлі түсті жүлделер берілді.

Ислам революциясынан кейінгі алғашқы бірнеше жылда ол діни-революцияшыл режиссер ретінде танылды. Бірақ оның сөздері мен туындылары әсірешілдіктің символына айналды. Бір кездері әрбір адамды революциялық критерийлер бойынша бағалаған Махмальбафтың біртіндеп өзгергені соншалықты, Батыстың етегінен пана іздеді. Ол өз өткенімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын фильмдер түсірді. Бұл фильмдерде жыныстық қатынас, тән сұлулығыжәне осыған ұқсас мәселелер туралы сөз болды немесе бұрмаланған ағымдық ойлардың негіздері баяндалып, оларға заңдық сипат беруге талпыныс жасалды.

Осыдан біраз бұрын ол өзін әлемдік қауымдастыққа көрсету үшін Бейтулмұқаддаста фильм түсіріп, бір кинофестивальде сионистер тарапынан қошеметке ие болды. Оның бұл ісі Иранда ғана теріс реакция тудырып қойған жоқ, сондай-ақ әлем бойынша ауқымды наразылықтарға ие болды. Зиялы қауым мен көптеген өнер иелері Махмальбафтың бұл ісіне наразылық білдірді.

Бірақ шындық мынада: мұның бәрі Махмальбаф үшін маңызды емес, өйткені оның арман-тілектерінің жалғыз қыбыласы кинофестивальдер сияқты оқиғаларда аталып, Батыстың саусақпен санарлық сыншыларының мадақ-марапатына ие болу ғана. Бір кездері ол бұл мадаққа революциялық ұрандар айтып қол жеткізсе, енді Батыс көрермендері қызығатын саяси мәселелер мен тақырыптар, атап айтқанда тән құмарлығы жайында фильм түсіру арқылы жетіп отыр. Ол тіпті өз балалары мен әйелінің атынан фильмдер түсіріп, кинофестивальдерді өткізушілермен байланысының арқасында оларды сол кинофестивальдерге қатыстырды.

Мына мәселені де айта кеткен жөн: Махмальбаф үнемі "Иранда басып-жаншылғандықтан өз елімнен кеттім" деген уәж айтады. Ал шын мәнінде оның фильм түсіру тарихына шолу жасағанда Иранда болған кезінде кез-келген сөзін айтып, фильм түсіруге қажетті көптеген мүмкіндіктерге ие болғанын, туындыларының Ираннан халықаралық қауымдастықтарға жіберіліп отырғанын көруге болады. Бүгінде Махмальбафтың барлық қиялдары мен жаман сөздері Батыстың мінберлері мен ақпарат құралдарында баяндалады. Ол жан баласының оның өмірі, еңбек жолы мен айтқан сөздерінен хабары жоқ деп ойлайтын болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, Махмальбафтың туындылары өнер мен кинематография сияқты тақырыптарға емес, көбінессе оның тұрақсыз, өзгермелі жеке ой-пікірлеріне сәйкес келеді.

Фестивальдердің жалған сағымының шырмауында қалып, өнердің даңғыл жолынан адасып, уақытша мадақтар мен түрлі түсті жүлделерге алданған режиссерлердің бірі – Бахман Құбади. Ол х.ш.ж.с.б. 1348 жылы (1969 жылы) Иранның батысында дүниеге келген. Кинематография мамандығы бойынша білім алуды бастағанымен оқуды жарты жолда тастап кетіп, қысқа метражды фильм түсіруге бет бұрған.

Құбади түсірген қысқа метражды фильмдер бірте-бірте отандық және шетелдік кинофестивальдердің назарына ілігіп, көптеген жүлделерге ие болды. Содан кейін ол көркем фильмдер түсіруге бет бұрып, кәсіби режиссерлердің қатарына қосылды. Оның фильмдерінің көбісі Иранның батысындағы Күрдістанда түсірілген. Оның сценарийлері негізінен күрдтердің тарихи-әлеуметтік мәселелері төңірегінде болды. Мұнымен қоса, ол әсірешіл саяси ұстанымға ие болғандықтан оның туындылары осындай ойлардың ықпалында түсірілді. Сондықтан ол шетелдік кинофестивальдерде наразы режиссер ретінде таныстырылды.

Бахман Құбадидің туындылары ұлттар арасындағы қайшылыққа толы мәселелерді баса айтумен қоса, саяси мәселелер мен үкіметке наразылық тақырыптарын да көтерді. Осылайша оның фильмдері батыстық кинофестивальдердің қолдауына ие болды. Саяси бағыт-бағдарға ие мұндай фестивальдер Құбадиге қолдау көрсету арқылы оның фильмдерінде осындай тақырыптардың көбірек баяндалуына себеп болды. Құбади өзінің соңғы фильмі – "Бегемот мезгілін" өз халқы, елі мен үкіметіне қарсы әсірешіл саяси мәлімдемеге айналдырды. Ол тарихи оқиғаларды бұрмалап, шетелдік сыншылар қалайтын мазмұнға бет бұрып, өтірік пен ақлақсыздыққа толы фильмді экранға шығарды.

Ол өзін саяси көзқарасқа ие адам деп санайды. Бірақ оның соңғы фильмі шын мәнінде оның өзінің саясаттың құралына айналғанын көрсетті. Әрине, бұл тақырып кинематографияның шынайы қызығушыларының көңілінен шыққан жоқ, бұрынғыдай мадақ та айтылмады. Оның соңғы туындысындағы көзге көрінер сұлулық пен поэтикалық баяндау қабылдауға келмейтін, асыра айтылған саяси мәлімдемелердің құрбанына айналып кеткен.

Құбадидің өзін ирандық, күрдтік фильм түсіретін режиссер деп санамайтындығына біраз болғандығын айта кеткен жөн. Мұндай жағдай Иран кинематографиясында өте сирек кездеседі. Ешбір режиссер қай діни ағым мен қай ұлттан болса да, осы уақытқа дейін өзін ирандық тектен алшақтатуға тырыспаған болатын.

Бахман Құбадидің Иранға қарсы қатынасы мен Иранның дұшпандарының назарын аулауға тырысуы ел ішінде киногерлер мен киноға қызығушылардың теріс реакциясына ұшырап, ол шетелдік фестивальдер мен қауымдастықтардың ойыншығы ретінде танылды.

"Бегемот мезгілі" фильмінде біржақты жағымсыз көзқарас пен революция жайлы берілген көріністе шын мәнінде АҚШ-тың Иранға қарсы айыптауларын орынды деп көрсетуге талпыныс жасалған. Бұл көрініс – АҚШ-тың "әлемдік қауымдастық Иран жайлы осылай ойласын" деген бейнесі. Сондықтан Құбади фильмінің қаржысы бір америкалық компания тарапынан қамтамасыз етілді.

Осы режиссерлер туралы естіген дүниелеріңіз – Иранның қазіргі заман кинематографиясының Ислам революциясынан кейінгі жылдары тап болған түйткілдерінің бірі. Ислам революциясының жеңісінің арқасында бұл кинематографияның қарқындап дамуының Батыс пен оның кинематографиялық ортасы үшін ауыр әрі нанғысыз болғаны соншалықты, олар әртүрлі тәсілдермен осы көк өскіннің тамырына балта шабуға талпыныс жасады. Бірақ бұл өскін бірнеше онжылдық бойы суарылып, бүгінде жап-жасыл діңі мықты ағашқа айналды. Оның тәтті жемісі – әлемнің түкпір-түкпірінде көрермені бар адамгершілікке толы мықты фильмдер. Иран кинематографиясы көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды басынан өткергеннен кейін енді Батыстың қастандықтарынан, олардың алдамшы әрекеттері мен өз жолына қойылған тұзақтардан қорықпайды. Әрине, егер адам осы тұзақтарды сезбейтін болса, зарар көрері анық, бірақ Ислам революциясы өнерінің бір тармағы әрі Иранның адамгершілікке толы шарапатты кинематографиясына ешқандай сызат түспейді.

Тегтер