Maм 23, 2016 15:42 Asia/Almaty
  • Ислам əлеміндегі бірлік (7)

Бұл бағдарламада мұсылмандардың жікке бөлінуі мен әлсіреуінің факторлары және Икбал Лахури тұрғысынан олармен күресудің жолдарын талдаймыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, сейіт Джамаледдин Асадабади ислам елдерін әлсіретіп, ислам әлемінің бірлігіне кедергі жасайтын факторларды мойындап, мұсылмандардың нағыз исламға қайта оралуы, діни сенімді ескі ырымдардан тазарту, пасық мінез-құлықтан арылу, діни-адами мінез-құлыққа ие болу, тайпааралық, дінаралық және ұлтаралық қайшылықтарды тоқтату, озбыр билеушілермен күресуге талпыну, халықтың саяси шешімдерді қабылдауға қатысуы, ғылым мен дамудың керуеніне жету, Батыстың отаршылдығына қарсы исламдық болмыс-бітімді қалыптастыруды ислам елдерінің дамуы мен күшеюінің құпиясы және Батыс отаршылдарына қарсы бірліктің факторы деп атады. Бүгінгі бағдарламада ислам әлемінің тағы бір реформаторы Икбал Лахуридің ойларымен таныстыратын боламыз.

Мұхаммад Икбал Лахури 1877 жылы 9 қарашада (қазіргі) Пәкістанның Пенджаб штатының Сиалкут қаласында дүниеге келген. Ол бастауыш білімін өз қаласында алып, жоғары білім алу үшін Лахор қаласына жол тартқан. Магистратураны бітіргеннен кейін Лахордың Шығыс факультетінің философия және саясаттану пәнінен сабақ берген. 1905 жылы оқуын жалғастыру үшін Лондонға аттанып, Кембридж университетінде білім алған. Лахордың ислами тақырыптардағы баяндамалары оның Еуропада танылуына себеп болды. Ол 1908 жылы өз Отанына қайтып оралып, Лахор университетінің философия бөлімін басқарды.    

1910 жылы Балкан мен Триполиде соғыстың басталуы Икбалға қатты әсер етіп, оның бойында Батыс пен Еуропаға деген терең жиіркеніш тудырды. 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың  басталуы, Осман мемлекетінің құлауы, ислам әлемінің бөлінуі, еуропалық елдердің әрқайсысының ислам әлемінің белгілі бір аймағын иемденуі және олардың халыққа қисапсыз зорлық-зомбылық көрсетіп, қылмыс жасауы Икбалдың рухы мен ой-санасына қатты әсер етіп, оның Еуропаға қатысты көзқарасын өзгертті. Ол 1930 жылы «Мұсылмандар лигасы» партиясының жылдық конференциясының төрағасы ретінде таңдалып, алғаш рет Пәкістан елін құру туралы жоба ұсынып, оны байсалды түрде ілгерілетті. Пәкістанның тәуелсіздік алу мәселесі Икбалдың заманында жүзеге асырылмаса да, соңында тәуелсіз Пәкістан мемлекеті құрылды. Сөйтіп, Икбал  «Пәкістанның сәулетшісі» деген лақап атқа ие болды. Икбал ислам әлемінің әртүрлі аймақтарының қиыншылықтарымен жақыннан таныс болғандықтан өзінің философиясы мен білімін ислам әлемінің шындықтарымен байланыстырып, оның саяси-әлеуметтік мәселелерінің шешім жолын табуға тырысқан. Икбал тек философиядан сабақ беріп, зерттеу жүргізумен шектелмеген. Оның мағлұматтары идеологиялық сипатқа ие болған. Ол ислам әлемінің саяси-әлеуметтік шындықтарын негізге ала отырып, мұсылмандарды ояту және ислам әлемін құтқару жолында қызмет еткен.

Икбал да сейіт Джамал сияқты ислам әлемін біріктіру теориясын жасаушылардың бірі болған. Алайда Икбалдың ислам елдерін біріктіру туралы түсінігі сейіт Джамалдың көзқарасынан өзгеше. Икбалдың пайымдауынша, мұсылмандардың бір-бірімен ешқандай түбегейлі қайшылығы жоқ, жалпы олардың сөздері де бір. Икбалдың ойынша, мұсылмандарды біріктірудің басты өзегі – Алланың бірлігі (тоухид), Құран мен сүннет. Өйткені тоухид ажырамайтын бірлікті тудырып, мұсылмандардың ой мен амал бойынша бірігуіне себеп болады. Икбал жаратылыс жүйесінің бірлігінен мұсылмандардың бірлігіне жетіп, бірлік идеясын Құран мен ұлық пайғамбардың сүннетіне негіздейді. Ол ислам әлемінің бірлігі идеясында соқыр сенім мен ұлтына қарай кемсітушіліктен, исламдық национализм арқылы мұсылман еместерді қорлаудан бой тартып, төрт ұлт – ирандық, ауған, түрік пен арабқа көңіл аударып, ислам әлемінің бірлігін қалыптастыру үшін олардың озық та осал тұстарына назар аударған. Осы ақын мен философтың көзқарасынша, мұсылмандар – бір ұлт. Ислам әлемінің бірлігі белгілі бір ұлт пен елдің аумағымен шектелмейді:

«Шындықтың дәлелі мен уәжі – бір, Біздің күркелеріміз – бөлек, жүректеріміз – бір.

Хиджаз, Қытай мен Ираннанбыз біз, Таңның бір күлімсіреген шығымыз біз».


Икбалдың пікірінше, ұлтшылдық ғылым немесе дінге географиялық тұрғыдан анықтама беріп, оның адамзаттың мұрасы екенін теріске шығарған кезде фанатизмнің бастауына айналады. Тәкаппар ұлт бір ғылымды өзіне тиесілі санап, басқаларды одан мақұрым қалдырады. Немесе соқыр сенімге ие ұлт бір ғылымды шетелдікі, кәпірдікі, шығыс пен батыстікі деп танып, одан қашады. Бір күні ислам әлемі бірлігінің саяси-географиялық шындық ретінде қалыптасатындығына сенген Икбал ислам елдерінің бірлікке байсалды түрде көңіл аударуын талап етіп, екі факторды осы бірлікті жоятын апат деп атады: біріншісі, бір мұсылман ел өзінің діни принциптеріне көзжұмбайлықпен қарап, кейбір саяси-экономикалық заңдарды қабылдауға бой ұсынады; екіншісі, бір мұсылман ел басқа бір мұсылман елге шабуыл жасайды. Сол себепті оның пайымдауынша,  ислам елдері арасында қайшылық туындаған сәтте оны жылдам шешуге талпыныстар жасалуы тиіс. Икбал Ислам елдеріне этнос, тіл мен отан сияқты мәселелерге сүйенгеннен гөрі иман мен бірлікке негізделген Алла елшісінің үкімдері негізінде бірігуге   кеңес берген.

Икбал өз заманындағы аймақтық және халықаралық  жағдайларға байланысты ислам әлемін біріктіру үшін үш тәсіл ұсынып, олардың біріне ерекше назар аударған:

біріншісі, барлық ислам елдері бір басшы тарапынан басқарылады. Мұны орындау мүмкін емес; екіншісі, ислам әлемі бір федерацияға айналады. Ислам елдері арасындағы үйлесімсіздікті назарға ала отырып, бұл жолдың да жүзеге аспайтыны анық.

Икбалдың ислам әлемін біріктіру үшін ұсынып, көздеген үшінші жолы мынадай: ислам елдері саяси-экономикалық, мәдени, әскери келісімдер аясында бір-бірімен тығыз байланыста болып, әріптестік жасауы тиіс. Оның пайымдауынша, ислам әлемінің қиындықтарын шешу үшін  мұсылман елдері  пайғамбардың тағылымдары негізінде бірігуі тиіс, сонда өлімнен құтылады. Икбалдың  үшінші тәсілді баса айтуы мына мәселені көрсетеді: оның бірлік туралы көзқарасы механикалық емес, органикалық сипатқа ие. Ол халифатты жоюды орындалуы тиіс іс деп қабылдап, исламның әлеуметтік ынтымақтастық  рухы мен ибн Халдунның  сыртқы және шынайы жағдайға назар аудару қажеттігі жайлы пікіріне тоқталып: «Қазіргі замандағы өркениеттік тақырыптар бойынша ислам қоғамдарында жаңа күштерді тудырған жаңа жағдайда қажеттіліктер мен ақиқаттың қисынын жасау халифатты дәстүрлі әрі сыртқы күйде қабылдау деген сөз емес»,-деп қуаттады.

Икбалдың айтуы бойынша, халифат ислам империясы біртұтас болған кезде әсерлі әрі пайдалы болды, бірақ  Иран мен Түркия халифатқа қатысты ойларының қайшылығынан бір-бірінен алшақ та бөгде болып қалды, Марокко олардың кез-келген уәждеріне қырын қарады, Сауд Арабиясы  өзінің жеке идеяларының соңында болды. Халифат пайдалы да қолайлы орган емес, сондықтан халифат барлық мұсылмандарға өкілдік ете алмайды. Икбалдың пайымдауынша, ислам қоғамдары азаттықты талап етуші қозғалысты қолдап, тәуелсіздікке қол жеткізуге, дамуды қолдап, өзін ислам жанұясында мүшелікке қабылдануға лайықты етуі тиіс, сол кезде табиғи түрде жасанды шекаралар мен этностық айырмашылықтардан тысқары бірлікке қол жеткізе алады. Икбал бір ел немесе бір исламдық саяси  ағым (Умм ул-Қара) басқаратын әлемдік империя құруды ашық түрде  империалистік экспансия жасау теориясы деп атап, оған қарсылық білдіріп: «Ислам бір ұлтқа тартар дін (национализм) емес, отаршылдық пен империализм діні емес, керісінше жасанды шекаралар мен этностық айырмашылықтарды қоғам мүшелерінің көзқарас тереңдігін шектеу үшін емес, тек жеке тұлғасын анықтауды жеңілдету үшін пайдаланады»,-деді.

Ол жергілікті ұлттың артықшылығын (национализмді) теріске шығарып, ислам негізіндегі халық жайлы сөз қозғап, халық деген ұғымды бір мемлекеттің аясымен шектеуді қойып, діни бірлікті  ислам қоғамында басты критерий етіп алу қажеттігін айтты. Икбалдың діни ұлт туралы көзқарасы оның өлеңдерінен көрініс тапты:  

«Егер мұсылман болсаң, өзіңді бір өлкеге байлама,

Мына тұрлаусыз дүниеде жоғалып кетпе.

Мұсылман мына шекара мен байтақ далаға сыяды,

Оның жүрегінде Шам мен Рум мәнін жоғалтады.

Өзіңнің жаныңа ғашықтықтың жобасын сал,

Мұстафамен өз уағдаңды қайта жаңғырт».


Немесе басқа жерде ислам қоғамдарының көптігін исламның бірлігінде деп көрсетіп, былай еске салады:

«Көптік те бірлікке келуге талпынса, пісіп жетіледі,

Бірлікке жетсе, біртұтас ұлтқа айналады.

Бірліктегі әрбір көпшілік тірі болады,

Мұсылманның бірлігі табиғаттың дінінен».


Икбал ислам әлеміндегі бытыраңқылық, мұсылмандардың тауқыметі мен ислам елдерінің бейберекет жағдайына көңіл аударып,  ислам әлемінің  саяси және ақлақтық ауытқушылығы мен әлсіздігінен және осы аймақтан көрген қиыншылықтарынан қатты әсер алған. Ол ислам әлемінің артта қалуы, әлсіздігі мен бұрмалануын исламның рухани-идеологиялық құндылықтарынан алшақтау деп санап, «өзіне қайтып оралу» деген идеяны ұсыну арқылы ислам әлемін өзінің мәдениеті мен өркениетіне бет бұруға шақырған. Икбал мұсылмандардың өзінің түп негізіне қайтып оралып, өркениет, мәдениет пен өздерінің илаһи кітабының бастауынан нәр алуын қалайды.

Икбалдың өмір сүрген уақытында ағартушылардың назарының көбі Батыстың ой-пікірлерін қабылдауда болған. Ол Батысты сынап, мұсылмандардың  өзінің исламдық болмыс-бітімін қайта танып, жоғалған бірлікті қайта қалпына келтіруі қажеттігін айтты. Икбал мұсылмандардың құлдырауының  себептері мен фактораларын төмендегі мәселелерден  іздестіреді:

-         мұсылмандар мәдениетінің жаңа қажеттіліктерге сәйкес келмеуі;

-         ұлттық мүдделерді білмеу және оларға көңіл аудармау;

-         тәлім-тәрбие жүйесіндегі ауыр нұқсандар;

-         ислам қоғамдарындағы жікшілдік пен теңсіздік;

-         мұсылмандар арасында сопылықтың таралуы;

-         еліктеу;

-         Аллаға тәуекел етуді дұрыс түсінбеу;

-         дана жетекшінің болмауы;

-         ислам мәдениетінде  сырттан келген қате түсініктердің болуы.

Ол ислам әлемінде бірлік тудыру үшін бір исламдық қозғалысты қалыптастыру мақсатында төрт принциптен тұратын бағдарламаны ұсынды:

бірінші принцип – ғашықтық және Құранға мойынсұну; егер сен мұсылман болып өмір сүруді қаласаң, бұл Құрансыз мүмкін емес;

екінші принцип – исламның сүннеті мен рауаятына қайтып оралу. Икбалдың пайымдауынша, құлдырап бара жатқан халықты өткеннің сүннеті мен рауаяты құтқарып, сақтап қала алады;

үшінші принцип – исламның шариғатын ұстану. Икбалдың еске түсіруі бойынша, мұсылмандар ұлық пайғамбардың (с.ғ.с.) тағылымдарын ұмытқан шақта өздерінің жасампаз болмыс-бітімдік жылуын жоғалтып, өзін-өзі құртудың тұңғиығына батып кетті;

төртінші принцип – бір ұлттық орталықтың болуы. Икбалдың пайымдауынша, бұл орталық – әл-Харам мешіті немесе құбыла. Бұл орталық ислам қоғамы бірлігінің сарқылмас күшіне ие.

Тегтер