Maм 26, 2016 14:01 Asia/Almaty

Хорасан-е Разави облысының орталығы Мешхед қаласы Иранның солтүстік-шығысында Биналуд пен Хезар Масджед таулы сілемдерінің арасында орналасып, 288 шаршы шақырым ауданды алып жатыр.

Қаланың теңіз деңгейінен орташа биіктігі шамамен 1050 метр. Оның Теһранмен арақашықтығы 966 км. 3 млн-нан астам тұрғыны бар бұл қала Иранның Теһраннан кейінгі халқының саны көп екінші ең қаласы. Мешхед қаласы – тарихи ескерткіштер мен туристік тартымдылықтар тұрғысынан Иранның ең бай қалаларының бірі. Көптеген саяхатшылар жыл сайын осы қалаға сапар шегеді. Пайғамбардың пәк ұрпағы әрі шиіттердің сегізінші имамы хазірет Әли бен Мұса әр-Резаның (ғ.) кесенесі Мешхед қаласының ең құнды тарихи ескерткіші болып саналады. Тарих бойында бұл кесенеде өз заманының ең шебер қолөнершілері өз өнерлерін көрсеткен.

Х.қ.ж.с.б. 2 ғасырда Санабад Нуқан ауылында әдемі жанға жайлы бақ болғанға ұқсайды. Онда әмірлер мен билікке ие мәртебелі тұлғаларды қабылдауға арналған салтанатты залдар мен ғимараттар болған. Х.қ.ж.с.б. 203 жылы имам Реза (ғ.) Нуқан қаласында Аббасилер халифі Мамунның қолынан шәһид болғаннан кейін халиф қоғамдық пікірді алдарқату үшін хазірет Резаны әлгі бақта салтанатты түрде жерлейді. Содан бері бұл жер мұсылмандар, әсіресе шиіттер үшін қасиетті мекенге айналды.

Имам Резаның (ғ.) кесенесі – Ирандағы мұсылмандардың ең маңызды қасиетті орны және ислам әлемінің ең салтанаттты әрі ең әдемі діни кешендерінің бірі. Бұл кешенде жүздеген жылдар бойы салынған 25 маңызды ғимарат бар. Әрбір ғимарат өз заманындағы сәулет өнерінің салтанаты мен шарықтауының шегін көрсетеді. Имам Реза (ғ.) кесенесінің жанында шейх Бахаи, шейх Табарси, шейх Хор Амели сияқты ислам әлемінің ұлы тұлғалары жерленген.

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда имам Резаның (ғ.) кесенесінің салыну жағдайы жайында нақты деректер жоқ. Тек әу бастан-ақ х.қ.ж.с.б. 3-4 ғасырларда кесененің айналасында мықты қоршау болғандығы белгілі. Ол жер мұсылмандардың зиярат ететін орны болған. Х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда имам Резаның (ғ.) кесенесіне жаңа бір ғимарат қосылды. Бірақ тарихи еңбектерде ол жайлы сөз қозғалмаған. Орта Азиядан шыққан оғыздар х.қ.ж.с.б. 548 жылы Мешхедке шабуыл жасағанда бұл ғимаратқа айтарлықтай зиян келтірілмеді. Ол кезде имам Резаның (ғ.) кесенесі қорғансыз халық паналайтын жалғыз жер болған. Кесененің алтын түсті сырлы кірпіштері х.қ.ж.с.б. 7 ғасырдың басындағы Хорезмшах мемлекеті кезінде аталмыш кешеннің безендіріліп, жөндеуден өткізілгенін көрсетеді.

Қуанышымызға орай, Иранның басқа жерлерімен салыстырғанда моңғол шапқыншылығы кезінде бұл ғимаратқа нұқсан келтірілмеді. Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдың ортасында кесене ғимаратының қабырғалары әдемі сырлы кірпіштермен әрлендірілді. Имам Реза (ғ.) қабірінің үстіне күміспен қапталған төртбұрышты қоршау қойылды. Кесененің төбесі де күміспен қапталған шырағдандармен безендірілді.

Тимурилер заманы имам Реза (ғ.) кесенесінің архитектуралық тұрғыдан жарқын дәуірі болып табылады. Сол заманда Шахрух Тимуридің жұбайының бұйрығымен ислам әлемінің ең әдемі әрі ең танымал мешіті – «Гаухаршад» мешіті ирандық сәулетшілер мен қолөнершілердің қолымен кесененің оңтүстігіндегі ауласында салынды. Көптеген мамандардың пікірінше, Гаухаршад мешіті қалып пен архитектуралық стилі тұрғысынан ислам әлемінде теңдессіз. Гаухаршад мешітіне кіреберісте жазылған тақташалар ислам әлемінің ешбір жерінен табылмайды. Бұл мешіт биік терассалары, әдемі аркалары және нақышты сырлы кірпіштерімен Иранда салынған ең әдемі мешіттердің бірі болып табылады. Бұл мешіттің сәулетшісі – Қавамеддин Ширази. Перизат, Дудар және Баласар медреселері де осы заманда имам Реза (ғ.) кесенесінің аумағына қосылған. Надир шах Афшардың кезінде «Тимури» ауласындағы терасса алтынмен апталып, кесененің қабырғаларындағы суреттер жаңартылған.

Сефевилер дәуірінде имам Резаның (ғ.) кесенесі билеушілердің назарына алынып, осы кешенді абадтандыру, қайта жөндеуден өткізу және көркемдеуге қатысты барлық шаралар атқарылған. Қабірдің төмен жағындағы ағаштан ойылып жасалған есік, алтынмен апталған күмбез бен оның айналасы осы дәуірдің көркемдеу жұмысына жатады. Имам Резаның (ғ.) қабірінің үстіне қойылған алтынмен апталған өте әдемі сандық та шах Аббастың бұйрығымен жасалған. Оған сол замандағы атақты каллиграф Әлиреза Аббасидің қолымен жазылған әдемі тақташа да қосылған. «Атиқ» ауласы да осы заманда кеңейтілді. Негізгі терассаға қарама-қарсы ауланың солтүстігіне үлкен терасса салынды. Ол «Аббаси терассасы» деген атпен танымал. Афшарлар заманында кешенге «сақахана» – су алатын орын қосылып, Аббаси терассасының артына бір мұнара салынды. Оған қарсы терассаның жанындағы мұнара алтынмен апталды.

Қаджарлар дәуірінде имам Резаның (ғ.) кесенесіне ерекше назар аударылды. «Азади» ауласы осы заманда салынған. Бұл дәуірде Азади ауласының батыс терассасы алтынмен апталып, «Насери терассасы» деген атпен танылды. Осы заманда Азади ауласын сырлы кірпіштермен безендіру аяқталды. Мұнымен қоса, сол кезде Тоухидхана, Дар ул-Хефаз және Дар ул-Сайаре ғимараттарына жапсарлас діңмаңдайша айна сынықтарымен көмкерілді.

Пехлевилер заманында да имам Резаның (ғ.) кесенесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда бұл кешенді дамытудың басым бөлігі Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі жылдары атқарылды.

Ең маңызды өзгерістер ретінде имам Реза (ғ.) кесенесінің негізгі ауласына бірнеше аула қосу, Иранның ең дамыған кітапханасын қолданысқа беру, мұражай ашу және зияратшылар үшін басқа да қолайлы мүмкіндіктерді жасауды атауға болады. Дәл қазір Имам Резаның (ғ.) кесенесінде 70 мың шаршы метрді құрайтын төбесі жабылған зиярат ететін кеңістік пен 200 мың шаршы метрді құрайтын ашық кеңістік бар. Жабық кеңістіктің 6500 шаршы метрі мен ашық кеңістіктің 186 мың шаршы метрі Ислам революциясынан кейін салынған.

Имам Резаның (ғ.) кесенесі – ислам әлемінің ең әдемі архитектуралық кешендерінің бірі. Онда сәулет өнеріне қатысты және қатыссыз өнер түрлерінің барлығы, соның ішінде сырлы кірпіш, алебастр жапсырламалары мен айна сынықтарын жапсыру, «монаббаткари» – ағашты оюлап бұйым жасау, көркемдеп жазу, «хатамкари» – мозайка жасау, «муаррақкари» – ағашты жонып, өрнек жасау, тасты қашап бұйым жасау өнерлері қолданылған. «Сақахана» – су алатын орын мен «нақарехан»а – қала қақпасы немесе сарай қақпасының үстіне дабылшыларға арнап салынған алаңқай мен мұнаралар – имам Реза (ғ.) кесенесінің ең маңызды бөлімдерінің бірі. «Сақахана» – зияратшылар үшін руханият пен тыныштықтың белгісі. «Енғелаб» ауласының ортасында орналасқан «сақахана» Надир шах Афшар билік құрған дәуірде х.қ.ж.с.б. 1144-1145 жылдарда мәрмәр тастан жасалған. Оның күмбез пішіндес төбесін ұстаз Исмаил Талакар жасаған. Бұл құрылыс х.қ.ж.с.б. 1347 жылы қайта жөндеуден өткізілді.

Мұнара «жарық пен сәуленің орны» деген мағынаны береді. Бұл сөз сәулет өнерінде биік құрылысқа қатысты айтылады. Мұнара мешіттердің негізгі терассасы, зиярат ететін орындар мен діни медреселердің үстіне салынған. Мұнараның үстінде азан шақырылатын болған немесе ол айналаға нұр шашып тұрған. Бұл құрылыс осы ерекшелікпен қоса, жолаушыларға жол көрсететін белгі болған. Имам Реза (ғ.) кешеніндегі ғимараттарда жалпы 12 мұнара бар. Мұнаралардың екеуі алтынмен апталған. Олардың бірі күмбезге жақын, ал екіншісі оған қарама-қарсы «Енғелаб» ауласындағы Аббаси терассасының үстіңгі бөлігінде орналасқан. Күмбезге жақын мұнара күмбезбен бір мезгілде салынған, ал екінші мұнара – Надир шах заманының туындысы. Мұнаралардың құрылысында мына жайт көңіл аударады: олардың бір-бірінен арақашықтығы үлкен болса да, егер адам кешеннің оңтүстік жағынан имам Реза көшесінен кесенеге кірсе, күмбез екі мұнара арасында орналасқан екен деп ойлайды.

Имам Резаның (ғ.) кесенесінде ирандық-исламдық сәулет өнерінің көрнекті үлгілері болып табылатын бірнеше терасса бар.

Шығыс терасса немесе «нақарехана» терассасы бөлек-бөлек екі терассадан тұрады. 26 метрлік бұл ғимараттың үстінде «нақарехана» – дабыл қағатын орын орналасқан. Дабыл қағу намаз уақытының аяқталуға жақындағанын хабардар ететін болған. Жыл бойы мұхаррам мен сафар айлары және өзге аза тұту күндерінен басқа барлық күндерде екі кезекте: күннің шығуы мен батуына 10 минут қалғанда дабыл қағылады. Мұнымен қоса, мереке күндерінде ақшам және құтпан намаздарынан кейін, сондай-ақ Жаңа жыл басталар кез бен Ораза айты мен рамазан айының ауыз бекітер кезінде дабыл қағылады. Зерттеушілердің пікірінше, Хорасан-е Разави облысында дабыл қағу 9 ғасырдың ортасынан басталған.

Имам Реза (ғ.) кесенесінің жанында Құдс-е Разави облысының құнды мұражайы мен жақсы жабдықталған кітапханасы да бар.

Мұражай жасаудағы мақсат имам Резаның (ғ.) кесенесіндегі бір мәдени орталық ретінде Пайғамбар әулетін сүюшілер тарапынан осы мұражайға тарту етілген қымбат та әдемі заттарды көрсету болып отыр. Бұл орында х.ш.ж.с.б. 1378 жылы соңғы өзгерістер жүргізіліп, жаңа мұражай ашылғаннан кейін бүгінде әртүрлі тақырыптағы 11 бөлім жұмыс істеп тұр.

Мешхедте орналасқан Құдс-е Разави облысының кітапханасы да Иран мен Таяу Шығыстың ең үлкен кітапханаларының бірі. Бұл кітапхананың қала бойынша және Ираның басқа қалаларында 50 бөлімшесі, ал Үндістанда бір бөлімшесі бар.   

Тегтер