Имам Реза (ғ.с.)-ның өмірбаянына шолу
Бүгін Иранның Мешхед қаласындағы имам Әли бен Мұса әр-Реза (ғ.с.)-ның қасиетті кесенесі ерекше көңіл-күйге толы.
Бүгін имам Реза (ғ.с.)-ның шәһид болған күні әртүрлі елдер мен әртүрлі мәдениетке ие мыңдаған зияратшы исламның ұлық пайғамбары мен оның әулетіне сүйіспеншіліктерін білдіру үшін осы қасиетті мекенге жиналды. Қасиетті кесененің әр жерінен Құран аяттары мен дұға оқып отырған дауыстар естіледі. Бұл жамағат өз имамының шәһид болған күні жасқа толы көздері мен жүректеріндегі сезімдерімен қасиетті мекенді рухани кеністікке бөлеу үшін жиналған. Имам Реза (ғ.с.)-ның қасиетті кесенесінде болу сөзбен айтып сипаттауға келмейтін жағдай. Бүгін – пайғамбар әулетіне сүйіспеншілік білдіретін адамдар үшін олармен қайтадан келісім жасайтын отыратын мұрсат.
Имам Реза (ғ.с.)-ның шәһид болған күніне орай әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз.
Хазірет Әли бен Мұса әр-Реза (ғ.с.) әкесі Алланың шынайы пендесі имам Казем (ғ.с.) және пәктігімен танымал анасы Нәджменің жанұясында дүниеге келді. Нәджме Хатун өте ақылды әрі беделді әйел болды. Имам Реза (ғ.с.)-ның аты – Әли, лақап аты – хазірет Әбу әл-Хасан болған. "Реза", яғни ризалық білдіруші. Бұл хазіреттің ең белгілі лақабы. Оның баласы имам Джавад (ғ.с.) әкесіне мұндай лақаптың берілгені туралы: "Алла Тағала оған "Реза" деген лақапты сыйлады, өйткені Жаратушы аспанда, Алланың Елшісі мен имамдар жерде оған риза болған. Сонымен қатар оның жақсылығы мен ниетіне қарай достары және жақындарымен қатар дұшпандары да оған риза еді",- деген. Пайғамбар әулеті ұрпақтарының бірі имам Реза (ғ.с.) халықты имамат пен жақсылыққа шақырды. Ғылым, сабыр, батылдық пен тақуалық – Алла Елшісінің әулетіне тән сипаттар.
Имам Реза (ғ.с.)-ның кезінде Ислам әлемі географиялық, экономикалық және ғылыми тұрғылардан дамыған еді. Бірақ бұл кезде Аббаси үкіметінің үстемшіл басшылары биліктерін жалғастырды. Имам Реза (ғ.с.)-ның имаматы Аббаси үкіметінің үш халифасы, атап айтқанда Харун, Амин және Мамунның билігі кезінде болды. Имамның өмірінің соңғы бес жылы Аббаси әулетінің ең залым халифасы Мамунның билік жүргізген мерзіміне дөп келді. Ол ағасы Аминды өлтірген соң билікті қолына алып, өзінің уәзірі Фазыл бен Сахлдың ақылын пайдаланып, үкіметін нығайтты. Сол себепті пайғамбардың жақтастарын өзіне тарту үшін Мамун имам Реза (ғ.с.)-ға өзінен кейін үкіметті басқаруды ұсынды. Ол өз үкіметін имаммен байланыстырып, заңды етіп көрсетпек болды. Мамун мұндай шешім арқылы көзбояушылықпен имам Реза (ғ.с.)-ның имаматына сенім артатынын, әрі сүйіспеншілік білдіретіндігін көрсетуге тырысты. Аббаси үкіметінің жақтастары Мамунның имам Реза (ғ.с.)-ның одан кейін билікке ие болатындығы туралы ұсынысына наразылық білдірді. Мамун осыған орай сөз сөйледі. Сөздері оның мақсаттарын әшкереледі. Мамун өз сөзінде: "Бұл адам (имам Реза) (ғ.с.) жасырын әрекет етіп, халықты имаматқа шақырады. Сол себепті оған билікті уәде етіп, халықты бізге қызмет етуге шақырамыз. Олар біздің халифатымызды мойындайды. Басқа жақтың жақтастары да биліктің оған емес, бізге лайық екенін түсінеді",- деді. Мамунның пікірінше, егер имам одан кейінгі билікті қабылдаса, Аббаси үкіметінің билігін заңды деп қабылдаған болады. Мұндай жағдайда бұл Аббаси үкіметі үшін бір ұпай болар еді. Екіншіден, Мамун, егер имам оның ұсынысын қабалдаса, беделі төмендейді деп ойлады. Басқаша айтқанда, Мамун барлық жақтан өз пайдасын ойластырған болатын. Бірақ имам Реза (ғ.с.) бұл айлаларға қарсы қандай жауап берді?

Имам Реза (ғ.с.)-ның бұл айлаларға қатысты бірінші шешімі Мамун үкіметінің орталығы Марвке келуден бас тартуы болды. Бірақ Мамун адамдарын жіберіп, имамды Марвке жеткізуге мәжбүрледі. Әйгілі ғалым Шейх Садуқтың "Әр-Реза хабарларының бастауы" атты кітабында: "Имам Алла Елшісімен қоштасу үшін кесенесіне келіп, оған бірнеше рет кіріп-шығып, дауыстап жылады. Содан соң жанұя мүшелерін жинап, олармен қоштасып: "Мен енді сендерге оралмаймын",- деді. Көңіл аударарлық мәселе, имам Реза (ғ.с.) жанұясының ешбір мүшесін өзімен бірге алып кетпеді. Мұндай шешім имамды жақсы танитын әр адамға, әсіресе имам Реза (ғ.с.)-мен тікелей қарым-қатынаста болған шиіттерге оның сапарға шығуға мәжбүр болғанын көрсетті.
Келесі қадамында имам Мамунның оны орынбасары ретінде бекіту әрекетін пайғамбар әулетінің билік жүргізу құқығын көрсету үшін пайдаланбақ болды. Өйткені сол кезге дейін Аббаси мен Амави әулеттері пайғамбар әулеті ұрпағының халифаты мен имаматын қабылдамаған болатын. Мамунның әрекеті бұдан бұрынғы халифалардың көзқарастарының қателігін жақсы көрсете алады. Имам Реза (ғ.с.) Мамунның жасаған ұсынысына байланысты жауабында, егер оны қабылдаса саяси және күнделікті істеріне араласпауды шарт етіп қойды. Басқаша айтқанда, имам халық ол Аббаси үкіметінің билігін растады деп ойламайтындай және Мамунның Ислам негіздеріне жатпайтын әрекеттері оның атымен жасалмайтындай биліктің істеріне қатыспады.
Мамун имам Реза (ғ.с.)-ды Марвке әкелгеннен кейін әртүрлі ғалымдардың қатысуымен көптеген ғылыми отырыстар өткізді. Мамунның ғылыми жиындар өткізудег мақсаты өзін ғылымның жақтасы ретінде көрсету болды. Ол сол ғылыми отырыстарға имам Реза (ғ.с.)-ды шақырып, хазіреттің ғылыми негізіне күмән тудыруды көздеді. Бірақ имамның терең білімі Мамунның өзіне қиындық тудырды. Шейх Садуқ бұл туралы: "Мамун әртүрлі діни ағымдардың белгілі ғалымдарын имамға қарсы қойып, ол хазіреттің ғылыми және қоғамдық деңгейін төмен көрсеткісі келді. Бірақ ешбір адам имамға қарсы тұра алмай, оның дәлелдерін қабылдайтын. Сондықтан ғылыми жиналыстар тек имам Реза (ғ.с.)-ның ғылыми деңгейін анықтаудан басқа нәтиже бермеді. Мұны түсінген Мамун қатерді сезіп, имамға шектеулерді арттырды.Мамунның мақсатын әшкерелеген келесі бір оқиға – имам Реза (ғ.с.)-ның Ораза айт намазына қатысуы болды. Мамун имамнан Ораза айт намазын оқуды талап етті. Имам қабылдамады. Бірақ Мамун қайта-қайта сұрағаннан кейін: "Ондай болса, мен атам Алланың Елшісі сынды намаз оқимын,"- дейді. Мамун келісті. Халық имам халифа сынды, сарайда тұратындардың салтымен үйінен шығады деп күтті. Бірақ олар жалаң аяқ тәкбір айтып, жолға шыққан имам Реза (ғ.с.)-ды көргенде таңғалды. Ресми киімдерімен келген басшылар имамды көріп, аттарынан түсіп, аяқ киімдерін шешіп, имамның соңынан ереді. Сол кезде Фазыл бен Сахл: "Егер имам намаз оқитын жерге дейін осылай жететін болса, халық толық оған қосылады. Сол себепті имамнан қайтуды талап ет,"- дейді. Содан соң Мамун имамға адам жіберіп, хазіреттің қайтуын талап етеді. Мамун халықтың имамға деген сүйіспеншілігінің күн сайын артып келе жатқанын түсініп, мұндай жағдайдың өзіне қарсы екендігін түсініп, имам Реза (ғ.с.)-ға бақылауды күшейтті.
Имам Реза (ғ.с.) хақ деп санайтын мәселелерді баяндағанда Мамуннен қорықпайтын. Көптеген мәселелер бойынша Мамунды сынайтын. Мәселен, исламдық емес елдердегі әскери әрекеттер кезінде имам Мамунға: " Исламның ұлық пайғамбарының үмбеті туралы неге ойламайсың, неге өзгерістер енгізбейсің?"- деп айтқан. Мұндай ескертулер Мамунның ашуын тудыратын. Мамун имам Реза (ғ.с.)-ды Марвке келуге мәжбүрлегенімен қажетті нәтижеге жетпегенін түсініп, жағдайды өзгерту қажет деп ойлайды. Өз билігін сақтап қалу үшін тіпті кісі өлтіруден тартынбайтын Мамун бұл жолы да Алла Елшісінің пәк ұрпағын өлтіруден тайынбады. Сөйтіп, имам бен Мұса әр-Реза (ғ.с.) атасы сынды хақ жолында зұлымдықпен күресіп, шәһид болды. Ол Мамунның залым үкіметімен әріптестік жасауды қабылдамады.
Имам Реза (ғ.с.): «Еш уақытта хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның әулеті арасындағы достық қарым-қатынастарға сүйеніп, жақсылық жасауды ұмытпаңдар. Еш уақытта жақсы ғамалдарыңа сүйеніп, хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) әулетінің достығын жоғалтпаңдар. Өйткені олар жеке түрде қабыл болмайды» деген болатын.
تصاویری از خطبه خوانی در شب شهادت امام رضا(ع)