Діни жетекшінің көзқарасы: Иран Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен кездесу
https://parstoday.ir/kz/radio/uncategorised-i26180-Діни_жетекшінің_көзқарасы_Иран_Қарулы_күштерінің_жоғары_қолбасшыларымен_кездесу
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи сәуір айының 9 күні Иран Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен, соның ішінде ИИР армиясы, Ислам революциясы Сақшылар корпусы және Иранның қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуші күштерінің қолбасшыларымен кездесті. Бұл күштердің барлығы Иран Қарулы күштері Бас штабының қарамағына кіреді.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Сәу 17, 2017 12:53 Asia/Almaty
  • Діни жетекшінің көзқарасы: Иран Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен кездесу

Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи сәуір айының 9 күні Иран Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен, соның ішінде ИИР армиясы, Ислам революциясы Сақшылар корпусы және Иранның қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуші күштерінің қолбасшыларымен кездесті. Бұл күштердің барлығы Иран Қарулы күштері Бас штабының қарамағына кіреді.

ИИР Конституциясының 110-шы бабына сәйкес,   соғыс пен бейбітшілік жариялау, күштерді жұмылдыру, сондай-ақ қарулы күштер Бас штабының қолбасшысы мен Армия, Сақшылар корпусының қолбасшыларын тағайындап, оларды отставкаға жіберу өкілеттігі Иранның әскери күштерінің Бас қолбасшысы саналатын діни жетекшінің қолында.

Иран Ислам революциясының жетекшісінің Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен кездесуі

Аятолла Хаменеи кездесуде ел халқына, соның ішінде жанкешті қарулы күштер мен олардың отбасыларына береке мен табыс тілеп: «Адамның ең  жоғары табысы – тура жолды тауып, сол жолға табанды болу»,- деді.

Иран Ислам революциясының жетекшісі дұшпанның халық пен басшылар және әскери күштерінің рухын «Болмайды, жасай алмаймыз» деген ұрандарды таңу арқылы әлсіретпек болған мақсатына тоқталып: «ИИР-ның қарулы күштері Аллаға тәуекел етіп, өз-өздеріне сеніп, өз күші мен мүмкіндіктерін арттырып, өздерінің бастамасы және жігерімен кемшіліктер мен олқылықтардың орны толтыруы керек. Еліміздің қарулы күштері терең ой мен наным-сенімге ие. Халыққа мағрифатпен адал қызмет ету – ең үлкен ғибадат. Сондықтан, осы мүмкіндіктің қадір-қасиетін түсіну қажет» деді.

Иран Ислам революциясының жетекшісінің Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен кездесуі

Иран Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы: «Елдің қарулы күштерінің күш-қуаты күннен күнге артып, қаржы тапшылықтары олардың алға ілгерілеуіне кедергі болмағаны жөн. Ұзаққа созылған  бір соғыс нақты жеңіс және елдің тіпті қарыс жерінен айырылмаумен аяқталды. Бүгін де бастама және жігердің арқасында кемшіліктерді жоюға болады»,- деп баса айтты. Ол хазірет Иранның қазіргі таңдағы әскери дамуын  соғыс кезімен салыстыруға болмайды деп бағалап: «Аллаға тәуекел етіп, өз-өзімізге сенім артып, дұрыс басқарып, кедергілерді жоямыз»,- деді. Иран Ислам революциясы жеңіске жетіп, Иранның мұсылман халқы Ирактың БААС режимінің әскери шабуылымен бетпе-бет келген кезде Иранның армиясы мен әскери күштері ең ауыр жағдаймен бетпе-бет келді. Жан-жақты төңкерістердің салдарынан армия ыдырап, Иранның әскери мүмкіндіктері өте нашар жағдайға душар болды. Иранның әскери ұшақтары ауыстыратын бөлшектердің жетіспеушілігіне байланысты тек бір айға ғана іске жарайды деген болжам жасалды. Иранның әскери жабдықтар тұрғысынан әлсіз болғаны сондай, қаржы тапшылығы мен әділетсіз санкциялар тіпті тікенекті сым мен жеңіл қару сатып алуды да қиындатты. Бірақ, Алланың мейірімділігі және иманды күштер мен жігерлі жауынгерлердің арқасында Иран сегіз жылдық соғысты жеңіспен аяқтап, тіпті, бір қарыс жерін де шапқыншыларға бермеді.

Соғыстан кейінгі жылдары Иран қауіпсіздік және қорғаныс салаларында көзге түсерліктей жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер жергілікті болып, соларға ұқсас табыстар аймақ елдеріне көзге түспеді. Бүгінде ИИР әскери қорғаныстық күш-қуат тұрғысынан стратегиялық деңгейге жетіп, Иран қарулы күштерінің әртүрлі салалардағы қажеттіліктерін жергілікті мүмкіндіктерімен қамтамасыз ете алатын болды. Қысқа, орта және алыс қашықтықтағы баллистикалық зымырандар, әр түрлі танктер мен танктерге қарсы қарулар, әскери кемелер мен қайықтар, «құрлықтан-теңізге» және «теңізден-теңізге» атылатын әртүрлі зымырандар, әскери ұшақтар мен ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар, электрондық және  киберлік соғыс жүйелері, зымырандар ататын тұрақты, жылжымалы, жер асты қондырғылар, әуе шабуылдарына қарсы жүйлер мен дамыған радарлар Иранның Ислам революциясының жеңісінен кейінгі жылдардағы әскери құрал-жабдықтар саласындағы жетістіктері болып табылады.

Иран әртүрлі әскери салаларда алға ілгерді

 Аятолла Хаменеи сөзінің келесі бөлімінде Батыс үкіметтерінің соғыс кезінде Саддамға қолдау көрсеткенін еске салып: «Бүгін Сирия мәселесінде химиялық қаруға қарсы екендіктері туралы уәж айтып  отырған еуропалық үкіметтер  Саддамға бізге қарсы пайдаланып, Сардашт пен Халабчеге шабуыл жасауы үшін химиялық қаруды берген болатын»,- деді. Саддам режимінің Иранға қарсы сегіз жылдық соғысында 207 еуропалық компания, соның ішінде Голландия, Германия және Франция БААС режиміне жаппай қырып-жоятын қаруды сатты. 1984 жылы Ирак соғыста адамдардың қан түкіруі мен жүрек  қағысының жиілеуіне себеп болатын улы газ қолданды. 1987 жылдың эсфанд айында Ирактың сол қаруды Иранды қолдайтын ирактық азаматтарға қарсы пайдалануының салдарынан әскери емес 5000 адам қаза болып, 7000 адам зардап шекті. Сонымен бірге дәл сол жылы Сардаштқа қарсы жасаған химиялық шабуылда  110-нан астам әскери емес қарапайым халық өліп, 8000 адам уланды. Foreign Policy ғаламтор басылымы өз мәлімдемесінде АҚШ-ның Орталық барлау басқармасының Ирактың бұрынғы диктаторы Саддам армиясының Иран жаунгерлері мен халқына қарсы химиялық қару қолданатыны туралы хабардар болғанымен бұл залым үкіметті қолдағанын жазды. АҚШ, сондай-ақ қарудың бұл түрін пайдалануына қатысты БҰҰ-ның Иракқа қарсы қарарлар бекітуіне кедергі жасады. АҚШ Мемлекеттік хатшысының бұрынғы орынбасары Ричард Мерфи: «Ирақтың химиялық қаруды өз жерін қорғау үшін пайдалануын түсінуге болады»,- деген болатын.

Ирактың Иранға қарсы соғысында БААС режимі химиялық қару қолданды

Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында қарулы күштердің рухын нығайтуды қолбасшылардың міндеті деп атап: «Дұшпан психикалық соғыс тактикаларын пайдаланып, басшыларды әлсіретуді мақсат етеді. Зейнеткерлер – қарулы күштердің маңызды қоры. Сондықтан, оларды құрметтеу, әсіресе олардың материалдық және тұрмыс мәселелері өте маңызды»,- деді.

Аятолла Хаменеи сәуір айының 9 күні Иран Қарулы күштерінің жоғары қолбасшыларымен кездесті

 Иран Ислам революциясының жетекшісі  сонымен бірге  дұшпанның қарулы күштерді күшейтудің алдын алудағы әрекеттеріне тоқталып: «Дұшпан армия, Сақшылар корпусы, полиция күштері мен ерікті халықтық күштерін ішінен ыдыратуға әрекет жасайды, бірақ қарулы күштер күннен күнге  күшейе түсуі керек»,- деді. Аятолла Хаменеи АҚШ-тың Сирияға жасаған шабуылы мен мұндай шабуылдың әлемнің басқа аймақтарына  жасалу мүмкіндігі туралы кейбір сараптамаларға тоқталып: «Қылмыс, шабуыл,  қастық пен қоқан-лоққы – америкалықтардың қолынан келетін іс. Алайда, олардың бұл әрекеттерін қай жерде іске асыруға батылдығы жетеді? ИИР мұндай кисынсыз сөздер мен қателіктердің нәтижеге жетпейтінін, революцияға  иман келтірген халық пен ел басшыларының Аллаға тәуекел етіп, қоқан-лоққылардын алдында кері қайтпайтынын көрсетті. Өйткені, артқа шегінгенде бүгін рух пен өркениеттің сәтсіздікке ұшырауының куәсі болар едік»,- деді.

Аятолла Хаменеи АҚШ-тың Сирияға қарсы әскери шабуылын сараптап: «Америкалықтардың іске асырғаны – стратегиялық қателік. Олар өздерінің бұрынғы басшыларының қателіктерін қайталауда. АҚШ-тың бұрынғы басшылары ДАИШ-ты құрды немесе осы лаңкестік топқа көмектесті. Қазіргі басшылары да ДАИШ пен соған ұқсас лаңкестік топтарды күшейтуге әрекет жасауда»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі бұл лаңкестік топтардың америкалықтардың келешегіне қатер төндіретіндігін қуаттап: «Еуропа өз қателіктерінің салдарынан қиындықтармен бетпе-бет келіп, бүгін сол елдердің халқы үйлері мен көшелерде өздерін қауіпсіз сезінбейді. АҚШ та дәл сол қателікті қайталауда»,- деді.