25 қараша – әйелдерге қатысты қатігездікке тыйым салатын халықаралық күн
Әйелдерге қатысты қатігездікке тыйым салатын халықаралық күнге арналған бағдарламаны тыңдауға шақырамыз.
1960 жылы 25 қарашада Доминикан республикасынан шыққан "Мирабаль" жанұясының апалы-сіңлілі үш қызы айлар бойғы азаптаудан кейін осы ел армиясының қауіпсіздік ұйымы тарапынан өлтірілді. Апалы-сіңлілі үш қыздың айыбы Доминиканды басқарып тұрған диктаторлық режимге қарсы саяси белсенділіктерге қатысуы болды. 21 жылдан кейін, яғни 1981 жылы Колумбияның астанасы Боготада Латын Америкасы мен Кариб теңізі аймағындағы әйелдердің құқығын қорғаушылардың қатысуымен өткізілген форумда Мирабаль апалы-сіңлілердің өлтірілген күнін әйелдерге қатысты қатігездікке тыйым салатын халықаралық күн деп атауға ұсыныс жасалды. Бұл шараның мақсаты қоғамдық пікірді әйелдерге қатігездік жасауға тыйым салуға бұрынғыдан көбірек ынталандыру болды. БҰҰ 1999 жылы бұл күнді ресми түрде танып, осы ұйымның атаулы күндерінің тізбегіне енгізді. Содан бері жыл сайын мемлекеттер мен әлем халықтары осы маңызды тақырыпқа көбірек көңіл аударып келеді. 25 қараша – әйелдерге қатысты қатігездікке тыйым салатын халықаралық күнге арналған бағдарламамызды тыңдауға шақырамыз.
Әйелдерге қатысты қатігездік – қазіргі замандағы адам құқығын бұзу жайттарының кең таралған түрі. Барлық елдер, соның ішінде дамыған және даму үстіндегі елдер осы қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Нью-Йоркте өткен БҰҰ комиссиясының 57-ші отырысында "Әйелдің орны" туралы жасалған баяндамада БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 15-44 жас арасындағы әйелдер өлімінің себебі соғыс, обыр мен оқыс оқиғалар емес, оларға жасалатын қатігез қатынас деп жарияланды.
Әйелдерге қарсы қатігездік – зиян тигізу мақсатында жасалатын жыныстық кемсітушілік негізіндегі кез келген дөрекі қатынас. Оған әртүрлі физикалық және психикалық қысым жасау, қаржылай шектеулер таңу, жұмыста ілгерілеуге, жеке қабілеттерін жоғарылатуға кедергі жасау және әйелдердің орнына көңіл аудармау жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да өз қарарында әйелдерге қарсы қатігездікті былай деп сипаттады: "Әйелдердің физикалық және психикалық тұрғыдан зардап шегіп, азапталуына себеп болатын жыныстық кемсітушілік негізіндегі кез келген дөрекі әрекет қоқан-лоққы жасау, мәжбүрлеу, қоғамда немесе үйде еркі мен бостандығынан айыру арқылы жүзеге асырылады".
Әйелдерге қарсы қатігездік әртүрлі қоғамдарда әрқилы қалыпта көрініс табады. Олардың ең аяныштысы – отбасындағы қатігездік. Бұл қатігездіктің әлемдік деңгейде ушыққаны соншалықты, бұдан былай оны адамның жеке құқығына қол сұғу деп тану керек. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы әйелдерге қарсы қатігездік туралы өзінің бір зерттеуінде мынадай нәтиже жасады: әрбір 18 секундта бір әйелге қол жұмсалады немесе дөрекі қатынас көрсетіледі. Жарияланған статистикалық мәліметтер бойынша, әлемнің түкпір-түкпірінде үш әйелдің біреуі өз өмірінде өзі танитын, жақсы көретін, сенетін адамынан қатігездік көрген. 2012 жылы әлемде өлтірілген барлық әйелдердің жартысына жуығы күйеулері немесе жанұя мүшелері тарапынан көз жұмған.
Бұл мәселедегі көңіл аударарлық жайт дамыған елдер мен артта қалған елдер арасында үлкен айырмашылықтың байқалмайтындығында. Мысалы, Еуропаның Министрлер кеңесінде жарияланған ең жаңа есеп бойынша жыл сайын Еуроодақтың 27 елінде 3500-ге жуық әйел күйеулерінің қатігездігінен көз жұмады. "Кельнер Штадт-Анцайгер" газетінің мақаласына сәйкес, Германияда әрбір 17 секундта бір әйел соққыға жығылады. Сонымен қатар әрбір 4 күнде 3 әйел күйеулерінің қолынан қаза табады. АҚШ-тың федералдық полициясының хабарлауы бойынша, америкалық еркектердің 79 пайызы өз әйелдерін ұрып-соғады.
Бұл қиындық кейбір араб елдерінде көбірек көрініс тапқан. Жүргізілген зерттеулер бойынша, Мароккода әйелдердің 82 пайызы жанұялық қатігездікке ұшырау қарсаңында тұр. Олардың 31 пайызы физикалық, 18 пайызы психикалық, ал 30 пайызы жыныстық зорлыққа ұшырайды. Иорданияда жыл сайын 12-14 қылмыс орын алып, әйелдердің 47 пайызы үйде ұдайы соққыға жығылып, жарақаттанады. Бахрейн әйелдерінің жоғары кеңесі жүргізген сауалнама көрсеткендей, сауалнамаға қатысқандардың 95 пайызы бахрейндік әйелдердің үйде және жұмыс орындарында қатігездікке ұшырайтынын мойындады. Осы сауалнамада күйеулердің әйелдерді азаптайтын негізгі адамдар екені анықталды. Катардың жанұя істері жөніндегі жоғары кеңесінің зерттеулері көрсеткендей, зерттеуге қатысқан әйелдердің 63 пайызы өздерінің еркек таныстары тарапынан соққыға жығылған.
Отбасында әйелдерге жасалатын қатігездіктермен қоса, қоғамдағы тыныштықтан кенде орталар да оларға көптеген физикалық және психикалық зардап тигізеді. Тиісті органдар тарапынан жарияланған статистикалық мәліметтер бойынша, әлемде кемінде 120 млн әйел мен қыз өмірінде бір рет жыныстық зорлыққа ұшыраған немесе мәжбүрлі түрде жыныстық қатынасқа түскен. Еуроодақтың басты құқық агенттігі (FRA) бір мәлімдемесінде Еуроодақта кемінде 83 млн әйелдің 15 жастан бері бір рет жыныстық қатігездікке ұшырағанын, әйелдердің 18 пайызына ер адамдардың тиіскенін хабарлады.
Джордж Мейсон университетінің зерттеулеріне сәйкес, АҚШ-та да әрбір үш әйелдің біреуі өмірінде бір рет жыныстық дәмешілдікке ұшыраған. Әрине, мұндай жағдай даму үстіндегі елдерде де бар. Мысалы, Үндістанда жүргізілген зерттеуде анықталғандай, әйелдердің 92 пайызы өз өмірлерінде қоғамдық орындарда жыныстық қатігездік көрген, ал 82 пайызы жыныстық тақырыптағы балағат сөздер естіген. Өкінішке орай, жыныстық қатігездіктер әсіресе соғыс кезінде көбірек болады.
Соғыстарда әйелдер мен балалар құрбандардың бірінші тобын құрайды. 20 ғасырдың басынан осы күнге дейін болған 250 соғыста әйелдер қоғамда ең көп зардап шеккен әлеуметтік топ болып, ең көп зиянды солар шекті. Мысалы, Саддам режимінің ИИР-ға таңған 8 жылдық соғысында қаншама жазықсыз әйелдер мен балалар қанға бөгіп, тұтқынға алынып, айуандықпен соққыға жығылды. Сербия мен Босния соғысында зұлымдық және рақымсыздықпен қырып-жоюмен қоса, қаншама әйел өлтірілді немесе ауыр физикалық және психикалық зардап шекті. Халық саны көп шағын ғана Газада сионистік режим соңғы онжылдықта 3 рет соғыс жүргізді. Онда қаза болғандардың көбі әйелдер мен балалар болды. Немесе осы режимнің Ливанға жасаған 33 күндік соғысында сионистік режимнің әуе шабуылдарында әйелдерге қарсы ең көп қатігездік жасалды. ДАИШ Иракта болған кезде әйелдер өз өмірлері мен осы ғасырдағы ең нашар әрі қорлыққа толы жағдайды бастан өткеріп, ДАИШ лаңкестік тобы тарапынан айуандықпен қорланып, зұлымдық пен қатігездікке ұшырады. Бүгінде Йемен әйелдері де күн сайын өз балалары мен жанұяларынан айырылу азабын тартып келеді.
Африканың әйелдері де жылдар бойы аймақтық қақтығыстардағы қатігездіктің құрбаны болып отыр. "Африка Тайм" басылымы бір мақалада Африка елдеріндегі, әсіресе Конго демократиялық республикасындағы әйелдер мен қыздардың жағдайына тоқталып, Африка елдеріндегі осы ащы шындықты талдады. Басылымның жазуынша, бұл құрлықтағы әйелдер мен қыздар жыныстық қатігездік пен асыра пайдаланудың құрбаны болып келеді. Бұл жағдай бір мәселеге айналған, алайда мүлдем айыпталмайды. Мақалада айтылғандай, әйелдер Конго демократиялық республикасының шығысында ұжымдық жыныстық қатігездіктің құрбаны болып отыр. Бұл аймақта қақтығыстардың жалғасуына байланысты қатігездік үдерісі бұрынғыдай жалғасуда. Конго демократиялық республикасында әрбір екі әйелдің біреуі қатігездіктен азап шегеді. Африка елдеріндегі, әсіресе Конго демократиялық республикасы, Піл сүйегі жағалауы, Оңтүстік Судан, Сомали, Орталық Африка республикасы сияқты тынышсыз елдердегі әйелдер кедейшілікпен қоса, әрдайым жыныстық және физикалық қатігездіктерге ұшырап отыр.
Әйелдерге қарсы қатігездік пен оның себептері өте күрделі. Оны қысқа уақытта сипаттау қиын, алайда көптеген факторларды, соның ішінде бүлдіргі дәстүрлер мен мәдени нормаларды, әдет-ғұрыптар мен жыныстық клишелерді, саяси-экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктерді әйелдердің құқығын толығымен бұза алатын жағдайларға жатады деп айтуға болады. БҰҰ-дағы әйелдер істері жөніндегі атқарушы директор БҰҰ-ның сайтында жарияланған бір мәлімдемесінде: "Әйелдерге қатысты қатігездік жыныстық теңсіздік пен кемсітушіліктің себебі мен салдары болып табылады. Әйелдерге қатысты қатігездікті жалғастыру – әртүрлі қоғамдарда тепе-теңдіктің жоғын көрсететін айқын белгілердің бірі. Біз бұл жағдайды өзгертуге белді бекем буып отырмыз",-деп жазды. БҰҰ-дағы әйелдер істері жөніндегі атқарушы директор жасалған талпыныстарға қарамастан әлемнің барлық елдерінде әйелдер мен қыздарға қарсы қатігездіктердің жасалып жатқанын ескертті. Оның айтуы бойынша, қатігездіктің алдын алып, оны доғару үшін жасалатын бірінші қадам – әйелдерді қатігездік және оның қалыптарымен таныстыру. Әйелдерді хабардар етіп, шындықпен таныстырғаннан кейін жағдайды өзгертуге үміттенуге болады. Әрине, оның ұсынысымен бірге мамандар осы мақсатқа жету үшін мемлекеттік және халықаралық ұйымдар да әйелдердің құқықтарын қолдауы қажет деп санайды.