Исламның ұлық пайғамбарының сөзі мен жолы – ислам әлемінің бірлігі үшін жолнұсқау
(last modified Wed, 21 Nov 2018 09:33:50 GMT )
Қар 21, 2018 15:33 Asia/Almaty
  • Исламның ұлық пайғамбарының сөзі мен жолы – ислам әлемінің бірлігі үшін жолнұсқау

Исламның ұлық пайғамбары Мединеде өмір сүрген 10 жылда ислам қоғамының бірлігі мен бауырластығының теңдессіз үлгісі болды. Бұл бүгінде сырттағы дұшпандар мен олардың жергілікті қолдаушыларына қарсы ислам әлемінің бірлігі мен тілеулестігін қалаған жанашырлар үшін өнегеге айналды.

Бүгін ислам әлемі бірлігінің шетелдік және ішкі қарсыластарының ынтымақтастықтары мен талпыныстары бұрын-соңды болмаған мөлшерде артқан жағдайға куә болып отырмыз. Осындай жағдайда Иран Ислам республикасының іргетасын қалаушы имам Хомейнидің раби ул-аууал айының 12-17 күндерін «Бірлік аптасы» деп атау туралы бастамасы өте маңызды. Ислам үмбетінің қазіргі жағдайы бірліктен алыс көрінгенімен, мұсылмандардың ынтымақтастық жасауы үшін көптеген ортақтастықтарға ие екендігін ұмытуға болмайды. Ең маңызды ортақ тақырыптың бірі – Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.). Хазіреттің Мединедегі біртұтас ислам қоғамын құру жолы мен тәсілі барлық заман үшін, соның ішінде біздің кезеңіміз үшін жақсы үлгі  бола алатындығына күмән тумайды. Құран Кәрімнің «Ахзаб» сүресінің 21-ші аятында  «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар»,- деп жазылған.

Алла елшісі арабтың әртүрлі тайпаларының арасында алауыздық қана емес, тіпті    қақтығыстар мен жанжалдар да орын алған жағдайда Медине қоғамының билігін өз қолына алып, бірлікке шақырды. Тек Мединенің өзінде ус пен хазрадж тайпалары арасындағы кек пен дұшпандыққа 120 жылдан астам уақыт өткен болатын. Ырымшылдық пен соқыр наным-сенімдер кең таралды. Мұсылмандардың бір тобымен мен Хабашеге көшіп кеткен Пайғамбардың (с.ғ.с.) көкесінің перзенті Джафар бен Абиталеб өз қоғамының жағдайын елдің патшасына былай деп сипаттады: «Біз надандық кезеңде пұттарға табынған, өлік жеген, жамандық жасап, жақын-туыстарымызбен қатынаспаған, көршілеріміз бен одақтастарымызға жамандық жасаған халық болдық. Біздің күштілеріміз әлсіздердің мүліктерін тартып алатын. Алла Тағала өз  арамыздан адал, аманатқа берік әрі пәк пайғамбарды бізге жібергенше, жағдайымыз осындай болды. Ол бізді Аллаға, оны танып, оған бағынуға шақырды». Біртұтас биліктен кенде, бұзақылық пен қайшылықтарға толы қоғамда пайғамбар Медине қаласында Аллаға иман келтірген бірлік пен біртұтастықтың үлгісін көрсетуді мақсат етті.

Қоғамның мәдениеті мен ой-пікірі өзгермей, халық арасында бірлік қалыптастыру мүмкін емес. Сол себепті хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) барша Аллаға жақындауы үшін оларды бірігуге шақырып, тек бір Аллаға құлшылық етіп, бірлікке себеп болатын заңдарды орындауға жігерлендірді. Құран Кәрімде бұл туралы:  «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша, Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді»,- деп айтылған. («Әл Имран» сүресі, 103-ші аят). Исламның ұлық пайғамбары тауһидті жариялап, әлем Жаратушысына иман келтіруге негізделген бірлікке шақыру жолында көптеген қиындықпен кезікті. Олардың ең бастыларының бірі тайпалық ырымшылдық болды. Хазірет надандыққа қарсы сөзі және ғамалымен реакция білдіріп, тек тақуалықты артықшылықтың мизаны деп атап: «Мұсылмандар – бір-біріне бауыр. Олардың ешбіреуі тақуалығы тұрғысынан болмаса, ешкімнен артық емес»,- деген болатын. Хазірет Біләл Хабашиді өзінің азаншысы етіп тағайындады. Сондай-ақ, тектері аса атақты болмаған адамдардың көбіне әр түрлі міндеттер жүктеп, оларды құрметтеді. Мұндай маңызды адамдардың бірі Салман Фарси болды. Хазірет оны: «Салман – біздің әулетімізден»,- деп жоғары бағалаған. Күндердің бірінде Салман Алла елшісінің бірнеше сахабасымен отырған кезде олардың әрбіреуі өздерінің тектері туралы айтып, мақтанды. Салманның кезегі келген кезде ол қарапайымдылығымен: «Есімім – Салман. Алланың пенделерінің бірінің перзентімін. Адасқан едім, Алла Тағала Мұхаммад (с.ғ.с.) арқылы дұрыс жолға нұсқады. Кедей едім, Алла Тағала мені Мұхаммад (с.ғ.с.) арқылы мұқтажсыз етті. Құл едім, Алла Тағала мені Мұхаммад (с.ғ.с.) арқылы азат етті. Менің тегім мен ныспым – осы»,- деп жауап берді. Бұл жауап пайғамбардың құлағына жеткен кезде хазірет оның сөзін растап, басқаларға тайпалық және ұлттық ырымшылдықтан абай болуды ескертіп, артық болудың белгілерінің дін мен тақуалық, адалдық, ахлақ, ақыл мен түсінік екенін қуаттады.

Ислам қоғамында бірлік құру үшін барлық халық белсенді қатысуы керек. Надандық кезеңнің қате рәсімі бойынша, халықтың көбі құл болып, адамдық құқықтарынан мақұрым қалып, өздеріне қатысты кемсітушілік және әділетсіздікті қатты сезген болатын. Исламның ұлық пайғамбары өзінің сөзі және амалымен құлдар мен мұқтаж адамдарды иелері мен байлардың діни бауырлары деп атап, өзі солардың ортасында отырып, солар сияқты киініп, өмір сүрді. Хазірет құлдардың иелерін құлдарын азат етуге жігерлендірді. Хазіреттің бұл сөздері мен әрекеттері Медине қоғамына әсер етті.

Күндердің бірінде қымбат киім киген бай адам Алла елшісінің қасына келген кезде хазіреттің қасында кедей адам отырғані. Бай адам кедейге тиіп кетпесін деп киімінің етегін жинап алады. Хазірет реніш білдіріп, бай адамға қарағанда бай ұялғанынан кедейге мүлкінің жартысын беруге келіседі. Бірақ кедей қабылдамай: «Бұл адамның тәкәппар мінезі маған әсер ете ме деп алаңдаймын»,- деді. Байлық пен мүліктің артықшылығын теріске шығарып, тақуалық пен иманды негіз санау қоғамда әділет пен теңдік рухының қалыптасұанын көрсетеді. Яғни, қоғамның барлық адамдары: құл, құлдың иесі, кедей мен бай қоғамның тағдырына жауапты және бірлікті сақтауға міндетті.  

Алла елшісі ой-пікір мен  мәдени өзгерістер енгізіп, Мединенің исламдық қоғамын біріктіру деген өзінің маңызды мақсатын іске асырды. Хазірет Мединеге келген кезде саяси орталық құрды. Өйткені, қоғамның істерін үкіметтің басқаруынсыз халықты бірлікке шақырудың қиын болатынын білді. Сондықтан, илаһи басшыларға бағынуға шақырып, басшыға бағынуды ислам үмбеті    бірлігінің факторы деп атаған. Алла елшісінің келесі маңызды әрекеті Мединенің істерін тәртіпке келтіріп, билікті жақсартып, халықты біріктіру үшін тайпалар мен топтар арасында келісім жасау үшін жағдай қалыптастыруы болды. Бұл келісімдер Мединенің ішкі тайпалары, мұхаджерлер мен қала тұрғындары, мұсылмандар мен Мединенің айналасында өмір сүретін еврейлер арасында қарым-қатынас қалыптастырып, қайшылықтар мен қақтығыстардың алдын алды. Сөйтіп, Мединеде сыртқы қоқан-лоққыларға, әсіресе құрайыш мүшіріктерінің дұшпандықтарына қарсы біртұтас майдан құрылды. Еврейлер әртүрлі уақытта келісімдерді бұзып, мұсылмандарға қиянат жасап, дұшпандармен ынтымақтастық жасағандары үшін сазайларын тартты.

Исламның ұлық пайғамбарының  ислам қоғамында бірлік орнату үшін жасаған талпыныстарының келесі айқын үлгісіне Мединеге келген бірінші жылы мұхаджерлер мен ансарлар арасындағы бауырластық келісімі жатады. Меккеден Мединеге көшіп келген мұхаджерді Мединеде тұратын бір ансардың бауыры деп жариялады. Өзі де хазірет Әли (ғ.с.)-мен бауырластық келісіміне отырды. Пайғамбардың бірлікке негізделген бұл шешімі тайпалық және ұлттық артықшылықтардан кенде, діни бауырластық пен Аллаға деген иманға сүйенген үкімет пен қоғам құрып,  ислам бірлігінің артуына себеп болды. Сол келісімнің нәтижесінде әр мұсылман өзінің мұсылман бауырын өзінен маңызды  санады. Бани Насир еврейлері соғысының әскери олжаларын бөлген кезде пайғамбар ансарларға: «Егер қаласаңдар, мұхажерлермен бөлісіңдер, қаламасаңдар барлығы өздеріңдікі болады»,- деді. Ансарлар: «Біз мұхаджер баурыларымызбен әскери олжаны ғана емес, мүліктеріміз бен үйлерімізді де бөлісеміз»,- деп жауап берді. Хазірет Мұхаммадтің (с.ғ.с.) қырағылығы мен кемеңгерлігінің арқасында ус пен хазрадж тайпаларының арасындағы қайшылықтар шешіліп, мұхаджар мен ансар, кедей мен бай бір-біріне жақындап, ислам қоғамының бірлігі бағытында маңызды қадам жасалды.  

Осылайша, Исламның ұлық пайғамбары Мединедегі 10 жылдың ішінде ислам қоғамының бірлігі мен бауырластығының жарқыраған теңдессіз үлгісін қалыптастырып, мұсылмандарды бір-бірінің бауыры деп атап: «Алла біртұтас жамағатқа көмектеседі. Шайтан жамағатпен бітіспейтіндермен бірге жүреді»,- деді. Бұл бүгінде сырттағы дұшпандар мен олардың жергілікті қолдаушыларына қарсы ислам әлемінің бірлігі мен тілеулестігін қалаған жанашырлар үшін өнегеге айналды.

 

Тегтер