Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(3)
(last modified Wed, 08 May 2019 10:59:34 GMT )
Maм 08, 2019 16:59 Asia/Almaty
  • Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(3)

Бүгінгі бағдарламада исламдық ойлардағы принциптердің бірімен таныстырамыз.

Ардақты ағайын, "Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері" атты бағдарламаның үшінші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз.

Өткен бағдарламада "Бақара" сүресінің 177-аятына сүйеніп, Құранның сындарлы мәдениетінде мүмін адамның наным-сенім жарғысының теориялық және практикалық бөлімнен тұратынын айттық. Теориялық салада жалпылама қарап, барлық принциптерге бір толық топтама ретінде сену қажет екенін айттық. Құран кейбір адамдарды айыптап, былай деген: "Шәксіз, сондай Аллаға, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар, Алла мен пайғамбарларының арасын айыруды қалайды. Және де олар: “(Пайғамбарлардың) кейіне сенеміз де, кейіне қарсы келеміз” дейді; сөйтіп олар екі ортадан жол табуды қалайды". ("Ниса" сүресі, 150-аят)

Тәпсіршілердің бір тобы бұл аят иудейлер және христиандарға, ал кейбіреулер мұнафықтарға қатысты айтылған деп санайды, бірақ қалай болғанда да Құран осындай екі қырлы көзқарасқа қатты тыйым салып, тура және кесімді түрде былай дейді: "Міне олар анық кәпірлер. Кәпірлер үшін қорлаушы қинау дайындадық". ("Ниса" сүресі, 151-аят)

Осы топқа тура қарама-қарсы топ Құранда жалпы және жүйелі көзқарас тұрғысынан иманды адамдар деп аталып,  былайша мақталған: "Және сондай Аллаға, пайғамбарларына иман келтіргендер, олардан ешбіреуінің арасын айырмайды; міне солардың сыйлықтары тезінен беріледі. Сондай-ақ Алла (Т.) өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. ("Ниса" сүресі, 152-аят) ".

Өткен бағдарламада айтылғандай, теориялық көзқарастар мен сенімдер іс жүзінде көрініс тапқан кезде ғана құндылыққа ие болады. Басқа сөзбен айтқанда, теориялық және практикалық салалар бір-бірін толықтырып, бір-бірінен ажырағысыз себеп-салдарлық қатынаста болады. Бірақ кейбір  жауапкершіліктер мен практикалық міндеттемелер жеке сипатқа, ал кейбіреулері қоғамдық сипатқа ие. Олардың ең маңыздысы – жоқ-жітіктер, мұқтаждар мен зарар көргендерге қатысты жауапкершілікті сезіну. Өткен бағдарламада бұл тақырыпты толық талдадық.  Енді бағдарламаның жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Құран мүміндердің әлсіз әлеуметтік топтарға қатысты жауапкершіліктерін санамалап шығып, олардың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын жою үшін қандай практикалық амалдар жасау керектігін айтқаннан кейін ғибадаттың ең көрнекті принципі, яғни намазға жығылу жайлы сөз қозғаған. Құранда осы мәселеге қатысты бірнеше жайт назар аудартады.

Біріншіден, Құранның ешбір аятында намаз оқу туралы сөз болмаған, намазға жығылу туралы баса айтылған. Бұдан бірнеше жолдау көруге болады. Намаз барлық сыртқы-ішкі және рухани-материалдық принциптер мен ережелерді толық сақтап, оқығанда ғана нағыз намаз болады.  

Басқа жағынан намазға жығылу дегеннің мағынасы ислам қоғамында намазға жығылу мәдениетін қалыптастыру болуы мүмкін, яғни намаз оқитын адамның жеке міндетпен қоса, қоғамдық жолдауы да бар. Ол намазға жығылу мәдениетін қалыптастыру арқылы басқалардың да онымен бірге  Алла алдына бас июіне кеңістік тудыруға күш салуы керек. Осы мәселеге қатысты соңғы пікір мынау: намазға жығылудың мақсаты – Алла елшілерімен үйлестікте болу. Намаз Жаратушымен байланыс ретінде олардың іс жүзіндегі шақыруларының басында тұруы тиіс. Сондықтан намаз тек бір жеке міндет емес, керісінше оның түбі мен рухында жалпыға бағытталған қоғамдық жолдау жатыр.

Ұлы Алла намазға жығылу туралы баяндағаннан кейін  мүміндердің зекет беру деген практикалық міндетіне тоқталды. Басқа сөзбен айтқанда, намазға жығылу туралы тақырыптан кейін бірден зекет туралы сөз болады. Оның жолдауы мынау:  мүмін адам бір жағынан Жаратушымен байланыс орнатады, ал екінші жағынан зекет беру арқылы халықпен байланыс орнатады. Сондықтан шынайы намазхан Жаратушымен байланыс жайлы ғана ойламайды, халықпен байланыста болуды да көздейді, оларға бейжай қарамайды. Екі салада да, яғни намаз бен зекетте жауапкершілікті сезінеді.

Ұлы Алла "Бақара" сүресінің 177-аятында мүміннің басқа бір маңызды ақлақтық және әлеуметтік міндетіне тоқталып, былай дейді: "Олар өзара байласқан уәделерін орындайды".

Аяттың мағынасы жалпы болғандықтан, уәде мен келісімге беріктік дос пен дұшпанды таңдамайды. Иманды адам біреумен келісімге келіп, уағдаласса, оны орындауға мінддеті. Бұл Құран мен Ислам мәдениетінде уәдеге берік болудың маңыздығын көрсетеді. Әсіресе егер адам өз уәдесін орындауда ауыр жағдайда тұрса және оған төзу аса қиын болса. Мұндай ауыр жағдайда да иманды адам өз міндеттемелеріне берік болып, сабырлық сақтап, уәдені бұзбауға міндетті. Тек дұшпан келісімді бұзуға ниеттенгенін сезген кезде ғана уағда бұза алады.  

Алла тағала барлық теориялық және практикалық негіздер бойынша беріктік сақтаған мүмін адамдарды былай деп сипаттайды: "Міне солар (иман мен ғамалда) шыншылдар әрі солар тақуалар" ("Бақара" сүресі, 177-аят).   

Алла тағаладан біздерді осындай мүміндер қатарына қосуын сұраймыз. "Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері" бағдарламасының келесі бөлімінде кездескенше сіздерді бір Аллаға тапсырамыз. 

Тегтер