Хазірет Исаның (ғ.) туған күні құтты болсын!
Жыл сайын 25 желтоқсанда хазірет Исаның (ғ.) туған күнімен бір мезгілде Christmas атты мереке басталып, әлемнің түкпір-түкпірінде христиан дінін ұстанушылар 12 күн бойы тойлайды. Әлемнің барша христиандарын осы күнмен құттықтап, соған қатысты бағдарламаны ұсынамыз.
Жыл сайын 25 желтоқсанда хазірет Исаның (ғ.) туған күнімен бір мезгілде Christmas атты мереке басталып, әлемнің түкпір-түкпірінде христиан дінін ұстанушылар арасында 12 күн бойы тойланады. Әлемнің барша христиандарын осы күнмен құттықтап, соған қатысты бағдарламаны ұсынамыз.
Хазірет Иса (ғ.) – өзімен бірге мейірбандық пен қайырымдылық әкелген пәк пайғамбарлардың бірі. Ол надандық пен зұлымдықты жою үшін, жүректерге аспаннан иман мен хабардарлық нұрын төгу үшін келді. Исаның анасы Мәриәм (с.) өзінің жүктілігін естігенде таң қалып, қамыққан кезде илаһи уәһи көмекке келді. Алланың періштесі Жебірейіл (ғ.с.) Мәриәмға: “Ол солайша” деді. Өйткені Раббың: “Бұл Маған оңай. Мен тараптан адам баласына бір үлгі әрі бір мәрхамет. Бұл біткен бір іс еді” деді. ("Мәриәм" сүресі, 21-аят).
Алла елшісі хазірет Иса бен Мәриәм (ғ.) Ислам пайғамбары Мұхаммедтің хиджратынан 622 жыл бұрын милади жыл санағы бойынша 1 жылдың 25 желтоқсанында (православие діні бойынша 7 қаңтарда) Палестина жерінде орналасқан Бейт-Лахемде дүниеге келді.
Алланың рұқсатымен дүниеге келген хазірет Иса (ғ.) нұр және арнайы жолдаумен орнынан тұрды. Құдай өзінің таңдаулы пендесі Исамен сөйлесіп: "Уа, Иса, мен сенің Жаратушыңмын. Бәрін жаратқан бірегеймін. Менің атымды үнемі қайталап жүр және жүрегіңде маған деген достық сезімді ұялат. Уа, Иса, менің бұйрығыммен сен менің нұрым түскен мессиясың. Сен менің рұқсатыммен топырақтан жаратасың, менің рұқсатыммен өлілерді тірілтесің. Иса, сен балалық шағыңда да, ересек кезіңде де берекеге бөленесің. Қай жерде болсаң да, береке табасың. Маған тәуекел ет, сонда сені риза етемін",-деді.
Хазірет Иса өзінің мақсаттарын баяндауда: "Құдай мені мессия (Христос) деп атады. Сөйтіп, мұқтаждарға мені жаралы жүректерді емдеп, тұтқындарды қайта көтеріп, түрмедегілерге азаттық беретінімді айтуға жібергенін жеткізуге жұмсады",-деді. Оның мақсаты адамдардың өмірін илаһиландырып, адам мен қоғам құрылымына аспандық сипат беру болды. Христос адам өмірі мен тарихы руханиланып, ізгілену үшін жаңа жүйе құрғысы келді. Иса өзінің тәлімдерінде жеке артықшылықтарды айыптап: "Барлық адамдар аспандағы Құдайға тиесілі. Дұрыс өмір сүрудің жалғыз жолы – бар мал-мүлкімізбен және күш-қуатымызбен Құдайға қызмет ету",-деген. Хазірет Исаның (ғ) тағылымдарының басты өзегі – бір Құдайға табыну. Иса Алланың бірлігіне сүйеніп, адам мен қоғамды бірлікке шақырған. Ол ешқашан өзіне құдайлық дәреже бермеген. Бәни Исраил Мұсаның (ғ.) шариғаты жөнінде бір шешімге келе алмай, араларында біртұтас Таурат болмаған кезде хазірет Иса шығып: «Мен сендерге хикметті келтірдім. Алладан қорқыңдар, Маған бой ұсыныңдар ("Зухруф" сүресі, 63-аят)",-деген.
Хазірет Иса (ғ.) – жоғары мәртебелі пайғамбар. Құран ол туралы ұлы әрі киелі деп сөз қозғайды. Иса (ғ.) пайғамбар Дәуіттің әулетінен шыққан. Оның анасы – жұмақта таңдалған төрт әйелдің біреуі. Иса Мәриәмнан мұғжиза түрінде әкенің қатысынсыз дүниеге келді. Бұған дейін де хазірет Адам (ғ.) Алланың еркімен ата-анасыз жаралған болатын. Бұл Алла елшісі ерекше жағдайда туғанымен қоса, басынан-ақ мұғжиза істер атқарған. Бесікте жатқан сәби кезінде анасының пәк болмысын қорғау үшін тіл қатып: "Рас, мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды. Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды. (Мені) шешеме мейірімді етіп, бір зоракер және қиқар қылмады. Маған туылған күнімде, өлер күнімде және тірілтіліп, тұрғызылатын күнім де амандық болады ("Мәриәм" сүресі, 30-33 аяттар)",-деген.
Хазірет Иса (ғ.) Алланың ең соңғы кітабында "Құдайдың сөзі" деп таныстырылған. Тәпсіршілердің сенімінше, бұл сипаттама Исаның (ғ.) Құдай жаратқан мақлұқ екеніне меңзейді. Сөздер өзіміз жаратқан дүние сияқты ғаламдағы тіршілік иелері де Алланың мақлұқтары. Сөздер біздің сипаттарымыз бен рухтарымыздың белгісі сияқты бұл ғаламның мақлұқтары да Алланың кемел сипаттарын анықтаушы. Хазірет Иса (ғ.) жаратылысында айрықша ерекшелікке ие болды. Ол әкесіз дүниеге келді.
Хазірет Иса (ғ.) 30 жасынан бастап Бәни Исраил арасында илаһи дінді насихаттауға кірісті. Бірақ хазірет бала кезінен уәһимен байланыста болған. 8 жасында Алланың рұқсатымен халықты үйлерінде болып жатқан оқиғалар мен келешекте болатын оқиғалардан хабардар етіп отырған. Құран Кәрім көптеген мұғжизаны, соның ішінде өлілерді тірілту, анадан тума соқырды жазуды Исаға (ғ.) телиді. "Әли Имран" сүресінің 49-аятында "Сендерге құстың мүсіні сияқты жасап, оны үрлеймін. Сонда Алланың бұйрығынша құс болады" делінген. Оның Алла алдындағы орнының жоғары болғаны соншалықты, дұға еткенде аспаннан дастархандар жайылып, өзі мен серіктері тамақтанатын болған.
Негізі Құран Кәрім илаһи пайғамбарлардың барлығының басты миссиясын пұтқа табынушылықпен күрес және одан алшақ болу деп, "Нахл" сүресінің 36-аятында: "Расында әр үмметке; “Аллаға құлшылық қылыңдар, бұзықтардан аулақ болыңдар” дейтін елші жібердік",-деген. Хазірет Иса (ғ.) осы принцип негізінде залымдармен күресті. Бәни Исраилде қалыптасқан жағдайға байланысты Хазірет Иса (ғ.) олардың назарын білім мен ғылымға аударуға және дүниеқоңыз әрі екіжүзді ғалымдардан туындайтын қатерді көрсетуге көп талпыныс жасады. Бір жерде: "Сендердің араларыңдағы ең нашарың – ғылымды дүниеге айырбастап, дүниеге ғашық болған ғалым. Күн нұрының зағипке пайдасы жоқ. Өйткені көру қабілеті жоқ. Ғалым да біліміне сай әрекет етпесе, оның ғылымынан пайда жоқ",-деген.
Хазірет Иса бен Мәриәмнің(ғ.) туған күні ислам мен христиан діндерінің ортақ негіздеріне көбірек тоқталып, терең тани түсуге берілген мұрсат болып табылады. Хазірет Мәриәм (с.) ислам мен христиандық арасындағы бір ірі ортақ негіз саналады. Сондай-ақ, хазірет Иса (ғ.) – исламда құтқарушы әрі жетекші. Бір рауаят бойынша, ең соңғы илаһи хазірет келген кезде хазірет Иса (ғ.) оның серігі болады. Сондықтан олардың жолнұсқаулары ислам мен христиан діндерінің ортақ негіздері саналады. Оларға сүйеніп, адамзат қоғамындағы көптеген қиындықтардың түйінін шешуге болады. Соның ішінде Құран Кәрім мен Қасиетті кітапта хазірет Иса (ғ.) мен хазірет Мәриәм (с.) туралы жазылған аяттарға баса назар аудару керек. Мұның бәрі күн өткен сайын қатігездікті арттырудың орнына қоғамдарды жақындастыруға жағдай жасай алады. Күпірлік және зұлымдықпен күресу, әлеуметтік кеселдерді жою, кедейлікті бақылауға алу, жапа шеккендерге көмектесу, бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға талпыну – осының барлығы қазіргі таңда илаһи діндердің бірігуі арқылы шешуге болатын мәселелердің қатарына жатады. Кез келген жоба мен мақсатта нәтижеге жету үшін осы діни ортақтықтарды назарға алуға болады.
Хазірет Иса (ғ.) мен осындай тұлғаны илаһи рақымға зәрулерге сыйлаған оның анасы хазірет Мәриәмға (с.) Алланың сәлемі болсын! Тағы да баршаңызды хазірет Исаның (ғ.) туған күнімен құттықтаймыз!