«Фаджр» онкүндігі (2): Аллаға иман мен тәуекел – жеңіс пен тұрақтылықтың құпиясы
(last modified Sun, 02 Feb 2020 18:23:00 GMT )
Ақп 03, 2020 00:23 Asia/Almaty
  • «Фаджр» онкүндігі (2): Аллаға иман мен тәуекел – жеңіс пен тұрақтылықтың құпиясы

Ислам революциясының әлемдегі басқа революциялардан ерекшелігі руханиятқа көңіл бөлуі, Аллаға иман келтіріп, тәуекел етуі болды. Қазірге дейін бұл ерекшелік сақталып келеді.

«Фаджр» онкүндігі өтіп жатыр. 1357 жылдың 12-22 бахман аралығы (1978 жылдың 1-11 ақпан аралығы) ИИР‑да «Фаджр» онкүндігі деп аталады. Ол имам Хомейнидің (р.) 14 жылдық қудалаудан Иранға қайта оралған күні мен елде Ислам революциясы жеңіске жеткен күнмен тұспа‑тұс келеді. Имам Хомейни (р.) бұл тағдыршешті күндерді  «Алла күндері»  деп атаған. Имам бұл туралы: «Алла күндерінде орын алған оқиғалар адамдарға ғұмыр бойы ғибрат беріп, көкірек көзін оятады»,‑деген. Құран Кәрімде айтылған кейбір ірі оқиғалар біздің заманымыз, яғни революция ғасырындағы қоғамдар мен тұлғалар қалыптастыру үшін берекелі негіз болып табылады. "Алла күндері" деп санауға болатын көптеген оқиғаларға куә болдық. Солар туралы баяндауымыз керек",-деді. Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи де тарихтың бетбұрыс нүктесі болған күндерді, оқиғаларда Жаратушының құдіретті қолы байқалған күндерді "Алла күндері" деп атайды.

Имам Хомейни мен аятолла Хаменеи

Тарихта әлемнің түкпір-түкпірінде ірі өзгерістер мен революциялар орын алды. Олардың көбінде тек билік ауысты. Бірақ Иранның Ислам революциясы әлемдік құдіретке бағыныштылықты қаламай, Алланың күшіне сүйеніп, құтқарушы дін ретінде исламның принциптері мен негіздеріне иек артып пайда болды. Бұл революция бір діни үлгінің жетекшілігімен және исламдық құндылықтардың негізінде жеңіске жетті. Екі алпауыт ел – АҚШ пен Кеңес одағы өздерінің бақылауынан тыс революция қалыптаса алады деп    ешқашан ойламаған. Кеңес одағының коммунистік идеологиясында дін халықтардың надандығы мен қараңғылығының факторы саналған. Либерализм идеясы дінді саясаттан бөліп, жеке ғибадатқа ғана арналған тақырып деп біледі. Бірақ Иранда Ислам революциясы орын алғаннан кейін әлемде Аллаға иман мен тәуекел етуді күрестің басты ұраны етіп алған қозғалыстарға куә болдық. Имам Хомейни (р.) осы ойды түсіндіруде: "Алла тағала сіздерге жеңіс уәде етті. Аяқтарыңызды нық басыңыздар. Алланың қолы демеген жұдырықтарыңызды жұмып ұстаңыздар. Ешбір алпауыттан қорықпаңыздар. Ішкі-сыртқы жарнамадан үрейленбеңіздер. Біз өз жолымызбен кетеміз. Бұл – Алланың жолы",-деді.  

Аллаға иман келтіру және тәуекел ету – Ислам революциясы жеңісінің құпиясы. Ол ИИР жүйесінің негізін бекемдеп, бекітті. Шын мәнінде өз жолында әрекет етіп, талпыныс жасау барысында Аллаға тәуекел ететін әрбір адамның ешқашан аяғы әлсіреп, жігері мұқалмайды. Аяттар мен рауаяттарда да осы жайлы айтылған. Хазірет Мұса (ғ.) туралы рауаятта былай делінген: Хазірет Мұса (ғ.) мен оның жақтастары түнделетіп Мысырдан Палестинаға қарай қозғалған. Олардың кеткенін біліп қойған перғауын өз жендеттерін жан-жаққа жіберіп, халықты мәжбүрлеп жинап, үлкен әскер құрып, Бани Исраилдің артынан қуып, Палестинаға жетпей тұрып, оларды ұстап алуды мақсат тұтады. Перғауын мен оның әскері хазірет Мұса (ғ.) мен оның жақтастарының соңына түседі. Бәни Исраил Ніл өзенінің жағасына жетіп, артқа көз тастағанда қуып келе жатқан перғауынның бес қаруы сай сансыз әскерін көреді. Бәни Исраил шу ете қалып, қорыққаннан  жандары шығып кете жаздап: "Ей, Мұса! Перғауын бізге жетіп қалды. Біз оның әскеріне қарсы тұра алмаймыз. Алдымызда өзен, артымызда әскер. Не істейміз?"-деген. Мұса оларға: "Қорықпаңдар. Жаратқан ием жанымда. Ол мені құтқарылар жолға бағыттайды",-деген. Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің талай рет сілтеме жасаған нүктесі – осы: "Ислам республикасы Алланың құдіретіне сүйеніп, халықтың тегеурінді күшіне сенетіндіктен әлемдегі ешбір алпауыттан қорықпайды. Егер біреу Бәни Исраилге ұқсап, әлсіздік танытып, "Өлетін болдық" деп айтса, біз хазірет Мұсаға (ғ.) ұқсап, "Құдай бізбен бірге" деп айтамыз".

Иран Ислам революциясының жеңісі Алла елшілері мен олардың жақтастарының көтерілістеріне қатты ұқсайды. Онда руханилық, Аллаға иман мен тәуекел ету бар. Бұл әлі де жалғасып жатыр. Бұл руханилық Иранның мұсылман халқының сенімдерінен және имам Хомейнидің пайғамбардай жетекшілігінен  туындаған. Жетекші Алла елшілерінің жолы мен тәсілін  өз өмірінің басты тұғыры етіп алып, руханилықты саясатпен біріктіріп, күресудің жаңа тәсілін ұсынды. Имам Хомейни қарусыз және әлемдік алпауыттардан көмек сұрамастан, жаһандағы ең ірі революцияны тудыра алды. Бұл революция илаһи міндет, Алланның бұйрықтарын орындау және Оның ризалығын алу негізінде орын алды. Шын мәнінде Ислам революциясының ұлы жетекшісінің жүрегі Аллаға деген иманға толы болды. Сол себепті оның сөзі мен ісі илаһи сипат алып, адам жүрегінің түбіне дейін әсер ететін. Иранның мұсылман халқы өз жетекшісінің рухқа толы дауысын естіген соң дінді сақтап, Пехлеви үкіметінің жемқорлығымен күресу үшін имамға қосылды. Олар қарусыз, бірақ Аллаға иман мен тәуекелге толы жүрекпен күрес алаңына шығып, құдіретті озбыр режимге қарсы тұрды. Режим әскери-қауіпсіздік күштерін қолданып, оларды қатты басып-жаншыды. Пехлеви режимі АҚШ пен Еуропа елдерінің қолдауына ие болды. Ал халық  имам Хомейнидің жолнұсқауы негізінде осы зұлым жүйені құлату үшін имам Хұсейннің (ғ.) азаттық тілеген көтерілісін үлгі етіп алды. Тіпті ең үлкен революциялық шерулер имам Хұсейннің (ғ.) Тасуа, Ашура және Арбағин күндері өткізілді. Шәһидтер қолбасшысына құрмет Иран халқында зұлымдықпен күресу және сол жолда шәһид болу рухын нығайтты. Бұл рух Иранның революцияшыл халқында әлі күнге дейін сақталып келеді. Мұның ең айқын үлгісін ислам жауынгерлерінің 8 жылдық теңдессіз қорғаныс кезінде Саддам режимі әскерилерінің шабуылдарына төтеп беруінен көруге болады. Бұл теңсіз соғыс кезінде ислам жауынгерлері Аллаға иман мен тәуекел негізінде және имам Хомейнидің (р.) илаһи жетекшілігі саясында Саддамның бақайшағына дейін қаруланған армиясын жеңді.

Таза ғибадат пен құлшылық – Аллаға иман мен тәуекелдің жемісі. Бұл күндері Иран Ислам революциясының жеңісінен 41 жыл өткенде әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтар Иран қоғамында руханилықтың теңдессіз үлгісіне куә болып отыр. Өз ісіне берік әскери қолбасшы болған қажы Қасым Солеймани өлтірілгеннен кейін миллиондаған революцияшыл мұсылман көшеге шығып, осы иманды адамды жоқтап, АҚШ-тың мемлекеттік терроризміне жиреніштерін білдірді. Халықтың шеруге жаппай қатысуы 40 жылдан аса уақыт бойы Иранды әскери және химиялық қарулармен ғана емес, бәрінен бұрын ақлаққа қарсы жан-жақты дамыған түрлі ақпараттық құралдармен мәдени-идеологиялық бомбалаудың астына алып келген адамдарды таң қалдырды. ИИР-ның негізін қалаушы жылдар бұрын: "Біздің халқымыз тарихтың ағысын өзгертті. Олар (дұшпандар) бәрін есепке алған-ды. Бірақ бір нәрсені ескермеді. Бұл – руханият",-деді. Ислам революциясының жетекшісі де илаһи еріктің арқасында Иран халқының жеңіске жеткенін айтып: "Алланың құдіретті қолынан басқа кім мұндай кереметті жасай алады? Бұл оқиғаларда Алланың құдіретін көре алмай, материалдық тұрғыдан сараптамалар жасайтын адамдар артта қалады",-деді.

Қазір Ислам революциясының 41-ші жылы қарсаңында Иран халқы Аллаға иман мен тәуекелге сүйеніп, өзінің даму жолын жалғастыруда. Революция олардың діни сенімдерінен тамыр алып қана қоймады, мақсатқа жету стимулын да діннен алды. Бұл революция бір Аллаға иман келтіру, оған мойынұсыну, Алла алдында тізе бүгу, илаһи уәһилер мен оның заңдарды баяндаудағы түбегейлі рөліне сену негізінде қалыптасқан. Мұнымен қоса, революция ирандық мәдениет пен өркениет негізінде және исламдық принциптер, құндылықтар мен заңдарға сүйенген саяси-демократиялық жүйе қалыптастыруды мақсат тұтты. Бұл үстемшіл алпауыттардың барлық есептерін бұзды.

Ардақты ағайын, "Фаджр" онкүндігімен құттықтай отырып, назарларыңызға аятолла Хаменеидің Иран Ислам революциясы туралы пікірін ұсынамыз: "Бұл революция халықтың арқасында орын алды. Халықтың ерік-жігері, революциялық күші, иманы арқасында орын алды. Революция осы күшпен өзін қорғады, осы күшпен сақталып, тамыр жайды. Халық қорықпады. Иран халқы табандылық танытып, мына аяттың дәлеліне айналды: "Оларға адамдар: «Сендер үшін ел жиналды, сондықтан олардан қорқыңдар» деді. (Бұл сөз) олардың иманын арттырды да олар: «Бізге Алла жетіп асады, Ол нендей жақсы ие» деді (Әли Имран сүресі, 173-аят). Дұшпандар бізге ұдайы қоқан-лоққы жасап, шабуыл жасаймыз, санкция саламыз деп айтты. Алайда халық әскери қоқан-лоққыдан да, санкциялардан да қорықпады. Санкциялардан семіп қалған жоқ, керісінше батылданып, бойын тіктеп, қозғалысын жалғастырды".

Тегтер