Маусым 26, 2024 01:40 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың он үшінші эпизодының тақырыбы: Ислам революциясының жеңіске жетуіндегі әлеуметтік күштердің рөлі (Екінші бөлім: Жұмысшылар)

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың он үшінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл бөлімде осы революцияның басқа да ерекше аспектілері туралы баяндаймыз. Өткен бөлімде 1979 жылғы Иран Ислам революциясының қалыптасу үдерісін талдау барысында халықты билеуші ​​режимге қарсы жұмылдыру процесіндегі әртүрлі күштер мен әлеуметтік топтардың рөлін түсіндірудің өте маңызды әрі қажет іс екенін атап өттік. Сондай-ақ имам Хомейнидің қоғамның барлық наразы топтарын өз қанатының астына алып, Иран халқын Мұхаммед Реза шах Пехлевидің авторитарлық режиміне қарсы біріктіре алғанын атап өттік. Жан-жақты революциялық жұмылдыру революциялық топтар мен күштер және революцияның жетекшісі ретіндегі имам Хомейни тарапынан жүргізілген екі жақты процесс болды. Одан кейін қоғамдағы өзгерістер, революцияның қалыптасуы мен жеңісіндегі жетекші саяси-әлеуметтік күштердің бірі ретінде студенттердің рөлін талқылап, студенттердің Ислам революциясының жеңіске жету процесінде Иран қоғамының маңызды және ықпалды бөліктерінің бірі болғанын айттық. Олар бұл үдерісте төрт негізгі рөл атқарды: Біріншіден, бір жағынан қарулы және партизандық қозғалыстарды бастау арқылы елде жайлаған тұншықтырарлық атмосфераны бұзу және екінші жағынан кәсіподақтық және саяси наразылықтарды кеңейту және сондай-ақ халықтың революцияға қатысуына негіз қалау; Екіншіден, доктор Шариятидің революциялық идеяларын жанұялар, студенттер және халық бұқарасы арасында тарату арқылы халық арасында революциялық және діни идеяларды дамыту және насихаттауға күш салу; Үшіншіден, халықаралық форумдарда шах режимінің авторитарлық және репрессиялық сипатын әшкерелеу арқылы ел ішінде ашық саяси кеңістік құруға негіз қалау; Төртіншіден, имам Хомейнидің басшылығымен халық бұқарасын саяси тұрғыдан жұмылдыру әрекеті. Ислам революциясының қалыптасу процесіндегі әртүрлі әлеуметтік топтардың рөлін түсіндіру тақырыбын жалғастыра отырып, бұл бағдарламада сіздерді Ислам революциясының жеңіске жету жолындағы жұмысшылардың рөлімен таныстыруды көздеп отырмыз. Бізбен бірге болыңыздар!

Өткен бөлімде студенттер саяси оқиғалардың маңызды да тиімді күштерінің бірі екенін айттық. Сонымен қатар әртүрлі елдердің наразылық акцияларындағы жұмысшы табының рөлін атап өту керек. Саяси және революциялық наразылықтардағы жұмысшы табының рөлінің бастауы бір. Ол терең идеологиялық қолдауға негізделген. Мұндай жағдай көптеген елдердің тарихында болды. Марксизм мектебінде жұмысшылар революциясы капитализм билігінің аяқталуына және тапсыз коммунистік қоғамның құрылуына негіз болып табылады. Карл Маркстың сенімінше, капиталистік жүйелерде капиталистердің шектен тыс қанауы ақыр соңында жұмысшылардың ашуын туғызып, капиталистік жүйелердің негіздерін талқандауға себеп болады. Мұнымен қоса, көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жұмысшылар – наразылық қозғалыстарын бастаушылардың бірі. Әсіресе 20 ғасырдың екінші жартысында әлемнің әр түкпірінде орын алған көптеген революциялар жұмысшылардың талпыныстарының жемісі болды. Бұл идеялық-теориялық қолдау осы объективті және тарихи тәжірибемен бірге бізді өте маңызды нүктеге жетелейді. Жұмысшылардың қалыптасқан саяси тәртіпке қарсылық білдіріп, бас көтеруге әлеуеті жетеді. Әсіресе жұмысшылар қатты қысым мен қанауға ұшыраған жүйелерде олардың хабардарлығы саяси жүйеге қарсы үлкен жарылысқа әкелуі мүмкін. Географиялық ауқымының кеңдігіне, адамдардың көп болуына, кедейлік пен кемсітушіліктен туындаған көптеген себептерге байланысты жұмысшылар басқа әлеуметтік топтардың революциялық қозғалыстарына тез қосыла алады. Сондықтан көптеген елдерде жұмысшылардың өздері революциялық және наразылық оқиғаларының басында болмаса да, басқа қоғамдық топтар наразылық қозғалысын бастаса, тез арада оларға қосылады. Нақты мысал 1968 жылы мамырда Францияда студенттер бастаған наразылық қозғалысы болды, бірақ ол жұмысшы табына тез тарап, жан-жақты инклюзивті қозғалысқа айналды. Францияның сол кездегі үкіметі күйреудің аз-ақ алдында қалды. Сондықтан америкалық саясаттанушы ойшыл Сэмюэль Хантингтонмен келісе отырып, былай деп айтуға болады: Президент сарайын биліктің нышаны деп есептесек, кәсіподақтар мен еңбек ұйымдарын "көтеріліс" нышаны ретінде қарастыруымыз керек.

1979 жылы Иранда болған Ислам революциясы Мұхаммед Реза шах Пехлеви режиміне қарсы әртүрлі әлеуметтік топтар мен таптардың өзара әрекеті мен ынтымақтастығының жемісі болды. Бұл коалиция мен ынтымақтастықта жұмысшылар маңызды рөл атқарды. Шах режимі жұмысшылардың наразылықтарды қалыптастыруға және таратуға зор мүмкіндіктері барын түсініп, жұмысшылардың саяси қозғалыстарын тежеумен қатар, оларды қалыптасқан саяси жүйені заңдастырушы топ ретінде пайдалануға көп күш салды. Мұхаммед Реза шах құлағаннан кейін бір-екі жылдан соң жазған «Тарихқа жауап» кітабында жұмысшыларға өзінің қызметтерін түсіндіруге тырысты. Ол жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету, олардың денсаулығын қамтамасыз ету, зауыттардың пайдасына үлес қосу жолындағы күш-жігерін тілге тиек етіп, оны өзі басқарған кездегі жұмысшылардың экономикалық және әлеуметтік прогресінің дәлелі ретінде атап өтті. Бірақ шах режимінің әрекеттері жұмысшы табын қанағаттандыру үшін аса пайдалы болмады. Жұмысшылар Ислам революциясының жеңіске жетуіндегі маңызды да тиімді күштердің біріне айналды. Екінші Пехлеви дәуірінде ауыл тұрғындарының қалаларға көшуіне әкеліп соқтырған экономикалық бағдарламалар мен өнеркәсіпті дамыту және аграрлық реформалардың нәтижесінде жұмысшы табы айтарлықтай кеңейгенін ұмытпау керек. Бұл олардың наразылық белсенділігінің мүмкіндіктерін кеңейтті. Басқаша айтқанда, Ирандағы жұмысшылар қозғалысының тамыры Қаджарлар дәуірінде басталды. Жұмысшылар 1905 жылғы конституциялық революцияға қатысып, сол дәуірдің саяси және әлеуметтік дамуында рөл атқарды. Бірақ Екінші Пехлеви тұсында бір жағынан өнеркәсіпті дамыту саясатының қабылдануына, екінші жағынан аграрлық реформалардың жүргізілуіне байланысты қоғамда көп жұмысшы табы пайда болып, саяси наразылықтарға қосылатын күшке айналды.

Мұхаммед Реза шах Пехлеви жұмысшыларды тежеп, олардың саяси наразылықтарының алдын алу үшін қоғамның бұл бөлігіне әртүрлі жолмен үстемдік етуге тырысты. Ол кезінде үлкен күшке ие болған кәсіподақтарды әлсірету үшін түрлі саясаттар мен әдістерді қолданды. Осы әдістердің бірі компаниялар мен зауыттарда жұмысшыларға үлес беретін заңдарды тұжырымдау болды және жұмысшылардың кәсіподақ құру құқығын мойындап, оларға қолайлы жағдай туғызды. Бірақ саяси белсенділік, әсіресе ереуілдер жұмысшылар үшін заңсыз деп танылды. Бұл кезде шах жұмысшы қозғалысын бақылау үшін мемлекеттік кәсіподақтарды құруға тырысты. 1953 жылы тамызда болған төңкерістен кейін кәсіподақтар толығымен үкіметтің бақылауы мен қадағалауында болды. Бұл жылдары еңбек заңы бойынша кәсіподақтардың міндеттері нақты белгіленді және олар Еңбек министрлігінің бақылауында құрылып, жұмыс істеді. 1972 жылғы статистикаға сәйкес, үкіметтің өтініші мен үлгісі бойынша 519 кәсіптен тұратын 7 кәсіподақ құрылды. Олардың саяси істерге араласуға құқығы жоқ еді. Бірақ іс жүзінде олар Еңбек министрлігінің қолындағы мемлекеттік шараларға қатысу құралы болды. Әсіресе «Растахиз» партиясы құрылғаннан кейін партияның көзқарастары мен бағдарламаларын қолдау осы одақтардың ажырамас міндеттерінің біріне айналды. Екінші жағынан SAVAK зауыттар мен жұмысшылар әрекеттерін қатаң қадағалап, қажет болған жағдайда жұмысшы қозғалысын басып тастап отырды. Шах режимінің соңғы онжылдығындағы жалпы саясаты жұмысшыларды үнсіз қалдыру және саясаттан алшақ ұстау болды. Осы себепті ол жұмыс берушілерге жұмысшыларды жұмыстан шығармауды және компаниялардың экономикалық кірісінің бір бөлігін жұмысшыларға бөлуді талап етті. Шах өзінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және кепілдік беру үшін жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында қандай да бір ымыра мен бітімге келу арқылы жұмысшылардың экономикалық және әлеуметтік өмірін қамтамасыз етуге және оларды саяси сахнадан алшақтатуға тырысты. Осылайша өзінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, кепілдік беруге тырысты. Бірақ түптеп келгенде үкіметтің бұл әрекеттері жұмысшыларды тарту мен қолдауда тиімді болған жоқ, керісінше өмір сүру құны өсіп, жұмыссыздық деңгейі артып, нақты жалақы деңгейі төмендеп, саяси қысым кеңейгендіктен жұмысшылардың наразылығы күн санап артып, оларды ереуілшілер қатарына қосты. Жұмысшылардың революциялық наразылықтар қатарына қосылуы елдегі экономикалық және саяси толқулардан туындады. Дегенмен имам Хомейнидің жетекшілігімен жұмысшыларды саяси жұмылдырудағы басқа факторларды, әсіресе мәдени және діни факторларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Революцияның жеңіске жетуіне дейінгі жылдарда Иран еңбекшілері өздерінің саяси-экономикалық жағдайына көңілі толмауымен қатар, шахтың мәдени саясатына да наразы болды. Жер реформасы бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты ауылдардан қалаға қоныс аударған жұмысшылардың басым бөлігі ауылдағы дәстүрлі мәдениет, әсіресе діни идеялар мен нанымдарға сенетін және діни қызметкерлерді қатты құрметтейтін. Сондықтан жұмысшылар мәдениеті мен билеуші ​​саяси жүйе ұсынған мәдениет арасында терең алшақтық болды. Мәселен, жұмысшылар әйелдердің хиджабына үлкен мән берген және олар шах режимінің хиджабты шешуді насихаттайтын мәдени саясаттарына қарсы болды. Діни сенімге ие жұмысшылар режимнің зайырлы саясатын жақтырмады. Осы себепті доктор Әли Шарияти түсіндіріп, насихаттаған саяси ислам тек зиялылар мен ғалымдар арасында қабылданып қана қойған жоқ, керісінше оны қалың бұқара, оның ішінде жұмысшылар құптады. Жұмысшылар шах режимінің мәдени саясатына қарсы тұруда тиімді идеология ретінде саяси исламға бет бұрып, оны діни өмірдің үлгісі ретінде қарастырды. Жұмысшы табы, әсіресе ауылдардан келген еңбек мигранттары қалалардың қарқынды дамуымен өзіндік интеллектуалдық және мәдени аномиялық жағдайды бастан кешіріп, саяси исламды бейбітшілік жағасына жетудің жолы деп тапты. Сол себепті жұмысшылардың саяси наразылықтарының негізгі базасы зауыттар, кәсіподақтар мен синдикаттар ғана емес, мешіттер мен діни топтар да жұмысшыларды саяси жұмылдыру ошақтарының бірі болып саналды. Бұл арада күрескер дінбасылары жұмысшылардың діни сезімінен хабардар болып, олардың кәсіподақ мәселелерін санамалап, жұмысшылардың өмір салты мен шах режимінің үкімет үлгісі арасындағы қарама-қайшылықты салыстыру арқылы оларды революциялық үдеріске қосуға тырысты.  

1978 жылы күзде жұмысшылардың экономикалық және кәсіподақтық шағымдары мен олардың жеке, діни-мәдени шағымдары қатар айтылып, саяси наразылықтар, әсіресе жаппай ереуілдер түрінде көрінді. Имам Хомейни беделді діни үлгі және жұмысшылардың жоғалған әлеуметтік әділеттігінің жаршысы ретінде саналды. Имам әлеуметтік әділеттік орнату, байлықты қайта бөлу, байлықты байлардан кедейлерге беру туралы айтып, жұмысшыларды миллиондаған наразы адамдардың қатарына қосты. Осылайша жұмысшылар шах режимінің күйреуі мен Ислам революциясының жеңіске жетуінде елеулі рөл атқарды.

Бұл бөлімде біз 1979 жылы болған Иран Ислам революциясындағы жұмысшылардың рөлін талқыладық. Келесі бағдарламада имам Хомейнидің басшылығымен Ислам революциясының жеңіске жетуіндегі басқа топтар мен әлеуметтік таптардың рөлі туралы сөйлесетін боламыз.

Тегтер