Маусым 05, 2024 17:58 Asia/Almaty

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың он бірінші эпизодының тақырыбы: Иран халқының бостандыққа ұмтылуға және озбырлыққа қарсы тұруға талпынысы

Он бірінші бөлімде шах режимінің деспотизмі және оның түрлі қырлары туралы түсіндіріп, Конституциялық революциядан бастап Иран халқының үш мұратының бірі болған азаттыққа қол жеткізу мақсатының шах режимі құлап, Ислам революциясына әкелген оқиғалардағы көрінісін қарастырып, талдаймыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың он бірінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылғы Иран революциясының қалыптасу үдерісін нақты түсіндіруге тырысып, оны басқа маңызды революциялардан ерекшелендіретін тұстарды санамалап, мынадай сұраққа жауап береміз: 1979 жылы ақпанда болған Иран Ислам революциясы неліктен әлемде болған барлық революциялардан өзгеше?

Өткен бөлімде Иранның Батысқа тәуелділігі және Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда ұлы державалардың елдің ішкі істеріне араласуы туралы сөз қозғап, Мұхаммед Реза Пехлевидің 37 жылдық билігі кезінде Иранның ​​саяси жүйесінің барлық жағынан АҚШ бастаған Батыс блогына тәуелді болғанын айттық. Тәуелділіктің ауқымды да терең болғаны сондай, Иран халқының қатаң реакциясын тудырды. 20 ғасырдың 60 және 70 жылдары шах АҚШ-пен стратегиялық байланысын нығайту арқылы "аймақтық жандарм" қызметін атқарды. Вашингтонның қолдауы арқасында осы елден дамыған қару-жарақтар сатып алып, аймақтық және халықаралық дағдарыстардың салдарынан бағасы көтерілген мұнайдан түскен мол табысқа сүйенгендіктен күн сайын Иранның Батыс блогына тәуелділігі арта түсті. Және осы қолдауларға сүйенген шах халықты толық құрсауда ұстап, басқарды. Осы себепті тәуелсіздік пен бостандық алу ұраны Ислам революциясында халықтың ең басты талабына айналды.   

Ислам революциясы дискурсының азаттық және антиавторитарлық сипатын ескере отырып,  осы бөлімде шах режимінің деспотизмі және оның түрлі қырлары туралы түсіндіріп, Конституциялық революциядан бастап Иран халқының үш мұратының бірі болған азаттыққа қол жеткізу мақсатының шах режимі құлап, Ислам революциясына әкелген оқиғалардағы көрінісін қарастырамыз. Бізбен бірге болыңыздар!

Реза Пехлеви өзінің билігі кезінде, яғни х.ш.ж.с.б. 14 ғасырдың алғашқы екі онжылдығында елде тұншықтыратын атмосфера қалыптастырды. Сол себепті ол биліктен кеткенде Иранның саяси атмосферасы салыстырмалы түрде ашылды. Ал бұл ашық кеңістік он жылға жуық жалғасты. Осы 10-12 жыл барысында саяси партиялар мен ұйымдар қайта өркендеді, ондаған саяси партия, кәсіподақ пен азаматтық ұйымдар құрылды. Сондай-ақ Реза шах Ираннан кеткеннен кейін еркін баспасөз қызметінің жаңа дәуірі басталды. Жүздеген басылымдар мен газеттердің шығарылуына, сыни мақалалар басып шығаруға, өзекті тақырыптарды еркін және ашық түрде талқылауға, ішкі ақпарат пен жаңалықтарды кеңінен таратуға рұқсат берілді. Тіпті басылымдарға шетсіз-шексіз бостандық берілгені сондай, олар дұрыс немесе бұрыс мазмұнды, жақсы да жаман тақырыпты жарыса жазатын болды. Осының бәрі аталмыш кезеңнің ерекшеліктері болды Сондай-ақ жалпы рақымшылық жарияланған соң Реза шах кезінде түрлі сылтаулармен тұтқындалып, түрмеге жабылған көптеген саяси тұтқындар босатылды. Керісінше Реза шах түрмелерінің бірқатар азаптаушылары мен күзетшілері сотталды, өлім жазасына кесілді немесе түрмеге жабылды. Парламент өз орнын тапты. Реза шах тұсында қорқыту, алаяқтық және айла-шарғымен ұштасып өткен парламенттік сайлаулар еркін өтіп, халықтың нағыз өкілдері сайланды. Бұл кезеңде Парламент өкілдері өз пікірлері мен көзқарастарын білдіру еркіндігіне ие болды. Олар билікті барынша бақылауға алу үшін өздерінің өкілеттіктері мен бақылау билігін пайдаланды. Бұл жиналыстарға түрлі топтардың, ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері қатысып, бір-бірімен пікір алмасып, талқылап, айтысатын. Өйткені саяси атмосфера ашық болып, авторитаризм әлсіреді. Реза шах биліктен кеткеннен кейін елдің мәдени-әлеуметтік саласына қолайлы жағдай жасалды. Мысалы, Реза шах тайпа көсемдерінің билігін жою үшін көшпенділерді отырықшыландыру саясатын жүргізді, тайпалық және көшпелі жүйені жою, этникалық, тайпалық және жергілікті субмәдениетті жою үшін оларды қарусыздандыру саясатын жүргізді. Реза шах кеткеннен кейін оның халықты біртектендіру саясаты аясында атқарған мәдениеттен айыру жұмысы тоқтатылды. Ал көшпенділер мен тайпаларға қысым азайып, олардың бір бөлігі бұрынғы өмір салтына қайта оралды.

Елде саяси ашықтық 1320 жылдардың соңына дейін жалғасты. Осы онжылдықтың соңында шах саяси партияларға кейбір шектеулер қойып, сарай мен әскери күштерді күшейту арқылы монархияның абсолютті билігін қалпына келтіруге тырысты. Бірақ оның бұл әрекеті халық пен саяси топтардың қарсылығына ұшырады. Әсіресе британдық отаршылдыққа қарсы күресумен бір мезгілде мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысын басқарған доктор Моссадық патша билігін шектеп, заңға бағынатын конституциялық қозғалыс шеңберінде ұлттың заңды бостандықтарын қорғап, елдің саяси құрылымын қалпына келтіруге тырысты. Бірақ ұлттық тәуелсіздік мұратын жүзеге асыруға бағытталған мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысын сәтсіздікке ұшыратқан 1332 жылы 28 мордадтағы (1953 ж. тамыз) мемлекеттік төңкерістен кейін бостандық және конституционализм идеалы да құрдымға кетті. Төңкерісшілер өздерінің жағдайын бекіту және тұрақтандыру үшін төңкеріске қарсы күштер мен ұлтшылдарды басып-жаншуға кірісті. Мыңдаған патриот тұтқындалып, бүкіл ел бойынша түрмелер мен азаптау орталықтарына жіберілді. Олардың кейбіреулері азапталып өлтірілді, ал кейбіреулері сот процестерінен кейін өлім отрядына берілді. Үрей мен қорқыныш бүкіл Иран жерін жайлады. Билікті сынайтын тәуелсіз газеттердің шығуы тоқтатылып, олардың иелері мен авторларына көптеген шектеулер қойылды. Мосаддық үкіметінің көптеген министрлері мен серіктестері және бір топ парламентарийлер тұтқындалып, олардың кейбіреулері сотталды. Ұлттық қозғалысты қолдаған бірқатар офицерлер мен сарбаздар түрмеге тоғытылды немесе жер аударылды. Мосаддықты қолдайтын ұлттық майданға қатысы бар партиялардың қызметіне тыйым салынып, оның кейбір жетекшілері түрмеге жабылды. Доктор Мосаддық та ұсталып, түрмеге жабылды. Доктор Мосаддық үкіметінің Сыртқы істер министрі және «Бахтар Емруз» (Бүгінгі Шығыс) газетінің редакторы доктор сейіт Хұсейн Фатеми әскери сотта қаралған соң өлім жазасына кесіліп, атылды.

Төңкеріс үкіметінің оппозициямен күресу үшін қорқыту, пара алу, ымыраға келу, қуғын-сүргін сияқты түрлі әдістерді қолданғанын білген жөн. АҚШ пен Англия шах режиміне қолдау көрсетуден тартынбады. Төңкеріс үкіметі билікті тұрақтандыру және оппозициямен ұйымдасқан түрде күресу үшін ОББ мен Моссад мамандарының көмегімен Ұлттық қауіпсіздік және барлау ұйымын (SAVAK) құрды. Бұл ұйым режимнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оппозицияны басу үшін кең желі құрды. Әрі өз қызметкерлерін барлық орталықтарда, ұйымдарда, нысандарда жұмысқа орналастырды. Фашистік әдістерді қолдану, бостандық пен тәуелсіздік үшін күрескендерге террор жасау, тұншықтыру, тұтқындау, азаптау, соттау, түрмеге жабу және ату SAVAK-тың жүйе қауіпсіздігін сақтауға бағытталған іс-әрекеттерінің бірі болды. Елдегі мәдени-баспасөз ортасын бақылау және бақылауда ұстау, азаттықты талап етушілер мен сыншыларды басып-жаншу, еркін баспасөзді басып алу, қоғамның саяси, әлеуметтік және мәдени дамуының жалғасуына жол бермеу үшін цензураны қолдану SAVAK-тың міндеттерінің бірі болды. Мұнымен қоса, ОББ, Моссад, Германия мен Францияның барлау қызметтері сияқты әлемдегі кейбір барлау ұйымдарымен байланыс және ынтымақтастық жасау да SAVAK-тың міндетіне қосылды. Ал мұндай тыңшылық ұйымдардың міндеттерінің бірі әлемде азаттықты талап етушілермен күресу, ұлттық және отаршылдыққа қарсы қозғалыстарды тежеу ​​болды.

Мұхаммед Реза шахтың Иранның саяси және әлеуметтік өміріндегі озбырлығы мен абсолютті үстемдігі 1960 жылдары нығайтылып, тұрақталды. Мұхаммед Реза шах х.ш.ж.с.б.1330 жылдардың соңында Джон Кеннедидің қысымымен Әли Аминидің премьер-министр болуына және оның реформаларына келісті. Бірақ АҚШ-тың назарын өзіне аударып, өз жоспарын орындағаннан кейін ол реформашыл премьер-министрді қызметтен кетуге мәжбүр етті. Сөйтіп Мұхаммед Реза шах жоғарыдан бақыланатын реформалардың тізгінін қолына алды. Шах бұл әрекетімен АҚШ-тың Иранда реформалар жүргізілсін деген қысымын азайтқысы келді. Қоғамдық пікірді басқа жаққа бұру арқылы өзін елдегі реформалардың жетекшісі деп таныстырып, осы әдіске жүгіну арқылы елдің саяси сахнасынан оппозицияны аластатты. Амини қызметтен босатылғаннан кейін шах өзінің ескі досы әрі кеңесшісі Асадулла Аламды министрлер кабинетін құруға тағайындап, үкіметтің күнделікті істерін тікелей бақылап отырды. Мұхаммед Реза шахтың қызметінде болған және мойынсұнғыш премьер-министр ретінде танымал болған Асадулла Алам өзінің стратегиясын үш бөлімге бөлді: Біріншіден, Ұлттық кеңес мәжілісіне сайлауды шахтың қалауы бойынша кешіктірілген кезеңнен кейін (парламент болмаған жағдайда) өткізу; Екіншіден, шахтың тікелей басшылығымен жер реформасын жүргізу; Үшіншіден, оппозицияға, әсіресе Ұлттық майдан жетекшілеріне шектеу қою.

Парламенттің қос палатасы таратылған кезде Мұхаммед Реза шах Ақ революция мәселесін референдумға шығарды. Шахтың ниетінен хабардар болған қарсыластар оған қарсы шықты. Барлық қарсыластардың басында аятолла Хомейни тұрды. Шах АҚШ айтқан реформаларды кез келген тәсілмен жүзеге асыруды талап етті. Осы себепті референдумға бойкот жариялаған көптеген саяси партиялар мен белсенділердің қарсылығына қарамастан, ол референдумды өткізді. Режимнің үгіт-насихатына қарамастан, бұл референдум онша ауқымды да даңқты болған жоқ. Бірақ олар бұқаралық ақпарат құралдарының қуатымен реформаны керемет етіп көрсетуге тырысты. Осылайша олар қоғамдық пікірді алдап, көптеген елдерді, соның ішінде АҚШ басшыларын шах режимін құттықтауға ынталандыруға тырысты. Осы аралықта Пехлеви режиміне қарсылығы әлдеқайда салмақты реңкке ие болған аятолла Хомейни қарсылық пен әшкерелеуді жалғастырды. Ол шах режиміне қарсы өткір сөз сөйлеп, режимнің беделін түсірді. Имамның сөзі Теһран, Құм және Иранның басқа қалаларында қарсылық толқынын тудырды. Бірақ режим оппозицияға оң жауап берудің орнына имам Хомейниді тұтқындады және 1342 жылы 15 хордадта, сәйкесінше 1963 жылы маусымда аятолла Хомейнидің тұтқындалуына наразылық ретінде өткен шерулерді қанға бөктіріп, басып тастады.

15 хордад көтерілісін басқаннан бірнеше ай өткеннен кейін шахтың авторитарлық режимі 1343 жылы фарвардинде ғалымдар мен діни қызметкерлердің қысымы салдарынан имам Хомейниді босатуға мәжбүр болды. Бірақ АҚШ-тың әскери-консультативтік кеңестерінің басшысы мен мүшелері, әкімшілік-техникалық қызметкерлері мен олардың отбасылары Иранда иммунитет пен сот иммунитетіне ие болатын капитуляция туралы заң жобасын бекітуге қатысты имам Рухолла Хомейнидің 1343 жылғы абанда (1964 жылғы қазанда) білдірген сыни ұстанымы оның қамауға алынып, Түркияға жер аударылуына себеп болды. Бұл әрекет шах режимінің авторитарлық сипатын көрсетіп, уәделерінің жалған демагогия екенін әшкере етті.

1342 жылғы хордадта халық көтерілісін басып, 1343 жылы абанда имам Хомейни Түркияға жер аударылып, соның нәтижесінде оппозициялық саяси партиялар жойылып, Мұхаммед Реза Пехлеви режимінің авторитарлық сипаты әшкере болған соң осы режиммен құқықтық және бейбіт күрес фазасы іс жүзінде тұйыққа тірелді.

Осы себепті 1340-шы жылдардың ортасында заңды және азаматтық күрестерге тосқауыл қойылғанын көрген Туде партиясының, Ұлттық майданның және Азаттық қозғалысының бір топ жастары қолдарына қару алып, қарулы күрес жүргізіп, режимді құлатуға тырысты. Олар шах режимінің айбынын бұзу арқылы осы авторитарлық жүйеге қарсы халық көтерілісіне негіз бола аламыз деп ойлады. Бірақ көп ұзамай шах режимі өзінің әскери және қауіпсіздік күштеріне сүйеніп, осы партизандық топтардың барлығын жойды. Осылайша 1350-ші жылдардың алғашқы жылдарында авторитарлық және қауіпсіздік атмосферасы Иран халқы мен қоғамының саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінің барлық аспектілеріне үстемдік етті. Ешкім қарсы дауыс білдіре алмады. Мұнай табыстарынан пайда табумен қатар, режим ең озық әскери және қауіпсіздік техникасын сатып алып, оларды оппозицияны басу үшін пайдаланды. Қоғамдық пікірді алдау және демократияны көрсету мақсатында шах 1354 (1975) жылы "Растахиз" партиясын құрып, барлығын осы партия арқылы саяси қатысуға шақырды.  Шах бұл партияға кіргісі келмейтін адамды жасырын коммунист болуы мүмкін деп қорқытып, оларға түрмеде отырмай, елден кете алады деп ескертті. Бұл саясаттың және осындай партияның дұрыс еместігі айқын болғаны сондай, шах оны көп ұзамай таратуға мәжбүр болды. Революция жеңіске жеткеннен кейінгі жылдарда шах «Тарихқа жауап» кітабында "Растахиз" (Қайта тірілу) партиясын құру туралы шешімінің қате болғанын мойындады. Мұхаммед Реза шах 1355 жылға дейін қарсыластарының үнін өшіріп, елдің саяси сахнасынан толықтай аластата алды. Мұнайдан түскен табысқа және озық әскери-қауіпсіздік техникасын сатып алуға және америкалықтардың шексіз қолдауына сүйене отырып, шах елді абсолютті тираниямен басқарып, халықтың барлық саяси-әлеуметтік бостандықтарын жойды. Бірақ имам Хомейнидің басшылығымен 1356 (1977) және 1357 (1978) жылдардағы халық көтерілісі аз уақыт ішінде режимнің абсолютті билігін талқандады. Имам Хомейни күрес туын көтеріп, шынайы да тарихи ұрандар айтып, талаптар қою арқылы халықты жаппай жұмылдырып, елде бостандық ұшқынын тағы да тұтатуы үшін 1357 жылы бахманда (1979 ж. ақпанда) көтеріліске шығып, шахтың авторитарлы режимін құлатты.

Тегтер