Түрлі діндердегі ораза (2)
(last modified Wed, 22 Apr 2020 09:31:38 GMT )
Сәу 22, 2020 15:31 Asia/Almaty
  • Түрлі діндердегі ораза (2)

Ораза ұстау – адамның рухымен үндес ғибадат. Рухының биіктеуін қалайтын адам ораза ұстап, денесін аштықпен шынықтыруды қажет етеді. Осы тәсілдің арқасында оның ерік күші нығайып, шектен тыс талап етуші нәпсісі ауыздықталып, хайуандық құмарлықтарға тәуелділігі жойылады.

Адамның илаһи болмысы оны жақсылыққа қарай жетелейді. Алла елшілері де адамдарға дұрыс өмір сүру жолдарын үйрету үшін жіберілген. Олар тарих бойында илаһи тағылымдарды адам баласына ұсынып, оларды Жаратушының бұйрықтарына мойынсұнуға шақырды. Жаратушы адамға періштеден жоғары орын сыйлады. Оған ақыл мен ықтияр берді. Пайғамбарлардың жетекшілігімен оларға жол көрсетті. Мейірбан Құдай өзінің ең үздік жаратылысына өмір жолында өзі мен ғаламды Жаратушыны танып, илаһи пайғамбарлардың үкімдерін орындап, қайта түрлену, бақыт пен кемелдікке жетуі үшін барлық жағдай жасады.  

Ораза ұстау – адамның рухымен үндес ғибадат. Рухының биіктеуін қалайтын адам ораза ұстап, денесін аштықпен шынықтыруды қажет етеді. Осы тәсілдің арқасында оның ерік күші нығайып, шектен тыс талап етуші нәпсісі ауыздықталып, хайуандық құмарлықтарға тәуелділігі жойылады.

Демек, ораза адамның болмысымен толық үйлеседі.

Танымал тәпсірші ғұлама Табарси: «Пайғамбарлар мен олардың үмбеттері арасында Адам ата заманынан осы күнге дейін оразаға көңіл аударылып келді»,-деп жазады. Мүміндердің әмірі (ғ.): «Ораза – ежелден келе жатқан ғибадат. Құдай ешбір үмбетті бұл парыздан босатқан жоқ»,-деді.

Жалпы тарихи зерттеулер көрсеткендей, барлық қауымдар, ұлттар мен мазхабтар қиындыққа ұшыраған кездері ораза ұстауға бет бұрған. Алайда олардың ораза ұстау түрлерінің айырмашылығы болған. Кейде тамақ ішуден бас тарту, кейде сертті орындау үшін үнсіздік сақтау болған. Мысалы, яһуди қауымы Құдай алдында әлсіз екенін білдіріп, бойсұнатынын көрсету үшін әдетте ораза ұстап, күнәларын мойындаған. Олар ораза мен тәубе арқылы Құдайдың ризашылығына ие болуды көздеген. Яһудилер ораза кезінде ішіп-жеуден тыйылып қана қоймай, моншаға түсу, иіссу қолдану мен тағы басқа физикалық ләззаттардан бас тартқан.

Илаһи пайғамбарлардың тарихында айтылғандай, барлық пайғамбарлар иманның жоғары дәрежесіне жетіп, уәһиден хабар алуға лайық болу үшін ораза ұстаған. Олар мұндай кезде тек ғибадат етіп, Құдайға сыйынып, сырласумен болған.  Хазірет Мұса (ғ.) – Құдай тарапынан «Өсиет» кітабын алғанға дейін қырық күн, қырық түн Синай тауында ораза ұстап, ғибадат етіп, ішіп-жеуден бас тартқан илаһи пайғамбарлардың бірі. Яһудилердің қасиетті кітаптарының бірі «Ескі өсиет» кітабында Құдайдың мадақтаған пенделері, соның ішінде хазірет Дәуіт, Азра, Ілияс, Даниял мен басқа да көптеген адамдардың оразасы туралы сөз қозғалған.

«Ескі өсиет» кітабында: «Содан соң Дәуіт Құдайдан балаға денсаулық беруін сұрап, ораза ұстады. Ол түнде тақыр жерде ұйықтаған деседі»,-деп жазылған.

Бани Исраил пұтқа табынушы дұшпандармен соғыс кезінде бәрі бірге ораза ұстап, илаһи жетекшілікті жақсырақ түсінуге тырысқан. Мұнымен қоса олардың жеңісі физикалық күшке байланысты болмаған. Ораза арқылы тәубеге келіп, күнәлардан тазарғаны үшін олардың жеңіске лайық болғаны анық.  

Яһудилердің шариғатында ораза – жанды ауырту арқылы Құдайға жақындау жолдарының бірі. Жалпы яһудилердің дәстүріндегі ораза – яһудидің денесіне ауыртпалық келтіру үшін орындалатын амалдар жиынтығының бір бөлігі.  

Яһудилер дәстүрінде ораза ұстау парыз етілген маңызды күндердің бірі – «Кипур» күні. Кипур «кінәлардың өтелуі» деген мағына береді. Тауратта Кипур күні ораза ұстауға бұйрық алғаш рет тишрей айының 10 күні берілген. Кипур күні «Йом Адир», яғни құрметті күн, «Йом Макадуш», яғни қасиетті күн, көтеріліс күні деген атаулармен аталған. Әлемнің яһудилері Кипур күні тәулік бойы – таң атқаннан келесі күннің батысына дейін 25 сағат ораза ұстайды. Олар бұл күні ғибадаттан басқа барлық жұмыстардан бас тартып, күні бойы синагогада болады.

Яһудилерге парыз етілген келесі ораза тевет айының 10 күні ұсталады. Бұл күні Бахт ун-Насрдің Иерусалим қаласын қоршауға ала бастағаны еске алынады. Сонымен қатар бұл рәсімде тамуз айының 17 күні Иерусалим дуалын қирату, құрбандықты тоқтату және Рим сардары Тимастың Иерусалимді басып алуын еске алу үшін ораза ұстау парыз етілген. Ав айының 9 күні Бейт ул-Мұқаддастың қайта қиратылуы және сол кездегі қиыншылықты еске алу үшін яһудилер ораза ұстайды. Тишрей айының 3 күні де яһудилер яһудилердің құлауы мен олардың басшысы Джадалияның өлтірілуін еске алу үшін ораза ұстайды. Осы бес күнде ораза ұстау яһудилердің дәстүрінде өте маңызды.

Яһудилер дәстүрінде басқа айлар мен күндері ораза ұстауға парыз етілмеген, бірақ олар белгілі бір жағдайға байланысты қалаулары бойынша ораза ұстаған. Шын мәнінде яһудилердің мұстахаб оразалары көбінесе қиыншылық, бәле мен апатқа байланысты ұсталады. Бағзы замандардан бері яһудилер қиыншылықтар мен бәле-жаладан құтылу үшін рәсімнен тыс ораза ұстаған.  Деректерде келтірілгендей, олар бәледен құтылу үшін ораза күндері, тіпті сәбилерді аналарының сүтінен айырып, кейде жануарларды жайылымға шығаруға тыйым салатын.  

Еврейлердің қалаулы оразалары әртүрлі ниеттерде ұсталады. Кейде тәубе етіп, кешірім сұрау ниетінде, кейде бір оқиғаны еске салу немесе аза тұту мақсатында, кейде бір тілектің орындалуына байланысты ораза ұсталады.

Яһудилер әділ патша (мысалы, Саул) немесе діни жетекші қайтыс болған кезде жаппай ораза жариялайды. Олар илаһи қиыншылықтың алдын алу және тоқтату мақсатында Құдайдың рақымына ие болу үшін ораза ұстайды. Сондай-ақ, дұшпандар тарапынан бір қатер немесе шабуыл жасалған жағдайда жаппай ораза жариялайды. Яһудилер арасындағы қалаулы оразалардың бірі жамандық шақыратын үрейлі түстер көрген жағдайда ұсталады. Олар тіпті маңызды іс атқаруға немесе аруақтармен кездесуге дайындалу үшін ораза ұстайды.  Жер сілкінісі, қуаңшылық пен соған ұқсас табиғи апаттар орын алған жағдайда діни үлгінің үкімімен белгілі бір ауданның яһудилері арасында жамағат оразасы жарияланады. Кейбір яһудилер ата-аналарының немесе діни ғұламалардың қайтыс болған күнінің жылдығында қалаулары бойынша ораза ұстайды.

Яһудилердің ораза ұстауы туралы кейбір деректерде бұл мектепті ұстанушылардың эйлул айында дүйсенбі және бейсенбі күндері мұстахаб ораза ұстағаны айтылған. Олар ноу-эбри айының жұма күндері ораза ұстауға көңіл бөлген. Деректерде яһудилердің ораза ұстайтын мұстахаб күндерінің бірі – үйлену тойы болатын күн немесе оған бір күн қалған күн. Осылайша күйеу жігіт пен қалыңдық үйлену тойы күні немесе оған бір күн қалғанда жаңа өмір бастар алдында өткен күнәлардан тәубе етуге мүмкіндік алу мақсатында ораза ұстайды.

Яһудилердің шариғатында барлық діни парыздар қыздар үшін 12 жастан, ұлдар үшін 13 жастан бастап міндеттеледі. Ораза да осы үкімге жатады. Дені сау адамдар оразаның барлық ережелерін сақтауы тиіс. Яһуди ғұламалары науқастар, аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер, шариғат жасына жетпеген балалар мен қарттарды ерекше жағдайда діни үлгілердің кеңесімен оразадан босатқан.  

Әрине ораза ұстау рәсімдері Бейт Ха-Миқдаш ІІ кезінен бері өзгерді. Бұрын оразамен бірге басқа да амалдар атқарылған. Мысалы, Таурат кітабын арнайы орнынан қорғаушы қабынсыз алып шығу, зират басына бару, керней тарту, жерге жату, сөйлесуден бас тарту, музыка тыңдаудан бас тарту. Бүгінде яһудилердің ораза ұстау рәсімдері Таураттың бір бөлігі мен псаломдарды оқумен шектеледі.

Яһуди дәстүріндегі шынайы ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Шын жүректен тәубеге келмесе оразаның мән-мағынасы мен құны болмайды. Шын ниетпен рухты Құдайға жақындату үшін ұсталатын ораза тек яһудилерге ғана тән парыз емес, басқа діндерде де, әсіресе исламда да оған айрықша көңіл бөлінеді.