Имам Садық (ғ.с.) – дінді жаңғыртушы
Имам Садық (ғ.с.) ғибадат, еңбек пен талпыныс, ғылым мен білім тұрғысынан қажымайтын тұлға болды.
Шауаал айының 25 жұлдызы – хазірет Джафар Садықтың (ғ.с.) шәһид болған күні. Бұл күні мұсылмандар Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) әулетінен шыққан алтыншы имамның шәһид болуына байланысты аза тұтады. Имам Садық (ғ.с.) Исламның көркем тағылымдарының бетіне түскен шаң-тозаңды тазартып, Исламның шынайы жүзін көрсетті. Бүгін періштелер дінді жаңғыртқан имамның Бақи зиратындағы қабіріне түсіп, аза тұтуда. Бұл күні мұсылмандардың жүрегі қайғыға батып, олар: «Сәлем саған, тура жол! Сәлем саған, қараңғылықтардың жарығы! Сәлем саған, береке қайнары! Сәлем саған, айқын дәлелдердің иесі! Сәлем саған, Алла дінінің қолдаушысы!» - дейді.
Бани Умайе мен Бани Аббас әулетінің саяси қайшылықтары имам Бақер (ғ.с.), одан кейін имам Садықтың (ғ.с.) имаматы кезінде күшейді. Билік пен саясат басындағы қақтығыстардың күшеюі дін уағызшыларына қарсы қысымдардың азаюына себеп болды. Бұл оқиға рақымдылықтың самал желі болып есті. Имам Бақер (ғ.с.) мен имам Садық (ғ.с.) мұрсатты пайдаланып, қасиетті Ислам дінінің шынайы жүзін көрсетті. Екі имам (ғ.с.) көптеген хадистерді баяндап, бұрмаланушылықтарды алыстатып, халыққа Исламның шындығын ұсынды. Имам Садық (ғ.с.) көптеген шәкірт тәрбиелеп, солар арқылы Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің білімін таратты. Имам Садық (ғ.с.) діни оқу орындарын ашып, дінді жаңғыртты. Имам Садықтың (ғ.с.) кезеңі наным-сенімдер мен пікірлер қайшылығы кезеңі ретінде танымал. Имамның (ғ.с.) кезінде көптеген ағымдар пайда болып, бұрмаланушылықтар көбейіп, мұсылмандардың көбі Алланың болмысын, қадір-қасиеттерін, сенім мен шариғат негіздерін және Құранды дұрыс түсіне алмай, қиямет, сауап, ақырет мәселелеріне байланысты қайшылықтармен бетпе-бет келді. Хаваредж, мотазеле, мотасуфе, зандақе, джабарие сынды мектептер пайда болып, ауытқушылықтар артты. Бір жақтан ауытқушылықтардың артуы, басқа жақтан діни тағылымдарды баяндайтын жағдайдың орнатылуы имам Садықтың (ғ.с.) мұсылмандарды діни тағылымдармен таныстыратын қозғалысының басталуына жеткізді. Аятолла Хаменеи имам Садықтың (ғ.с.) үлкен жұмысы жөнінде: «Хазіреттің имаматы кезінде мәдени-идеологиялық қозғалыс құрылып, әртүрлі мазхабтарға бір-бірімен пікір алмасу мүмкіндігі туды. Бұдан бұрын Бани Умайе ислам тағылымдарының таралуының алдын алуға әрекеттеніп, Алла елшісі (с.ғ.с.) мен пәк имамдардың (ғ.с.) хадистерін оқшаулауға талпынды. Бани Умайе әулетінің имам Садықтың (ғ.с.) кезіндегі әлсіреуі хазіретке ғылыми бос кеңістікті толтыруға мүмкіндік берді. Имам Садық (ғ.с.) ислам тағылымдары, қасиетті хадистер мен әртүрлі ғылымды аңсаған адамдардың шөлін қандырып, салада маңызды қадамдар жасады. Имам Садық (ғ.с.) саяси жағдай мен қоғамның қажеттілігіне назар аударып, әкесінің ғылыми-мәдени қозғалысын жалғастырып, ғылыми орталықтар мен үлкен жоғары оқу орындарын құрды. Хазірет әртүрлі ғылыми салаларда сабақ беріп, мықты шәкірттер тәрбиеледі. Хазіреттің шәкірттерінің саны 4000 шамасында. Шәкірттерінің ішінен Хишам бен Хаким, Мофаззал Бен Омар Куфи Джафи, Мұхаммад бен Мүсілім Сақафи, Абан бен Тағлаб, Хишам бен Салам, Мүмін Тоқ, Джабер бен Хайан және сүнниттердің төрт мазхабы басшыларының бірі Абу Ханифаны атауға болады. Абу Ханифа имам Садықтың (ғ.с.) шәкірті болғанын мақтан тұтқан»,- деді.
Имам Садықтың (ғ.с.) кезінде мұсылмандар арасында бұрын-соңды болмаған ғылыми даму байқалды. Имам әртүрлі салалардағы көптеген сұрақтарға жауап беруды қажет санады. Имам Садық (ғ.с.) өз кезеңінде Мединеде ең үлкен исламдық университеттің негізін қалады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мешіті сабақ беретін орталыққа айналды. Бұл жерде қырағат, тәпсір, хадис, калам, медицина, философия, астрономия мен математика ғылымдары сабағы өтті. Имам Садық (ғ.с.) университеті ең үлкен ғылыми қозғалысқа себеп болды. Бұл мәдени-ғылыми орталық өз кезеңіндегі бүкіл мектептер мен ғылыми ағымдарға әсер етті. Шиіттер ғана емес, сүннит шәкірттері де бұл ғылыми орталықтан білім алып, жоғары ғылыми деңгейлерге жетті.
Имам Джафар Садықтың (ғ.с.) достарының бірі Ибн Аби Лейла: «Күндердің бірінде Нығман Куфимен бірге хазіреттің қасына бардық. Хазірет қасымдағы адамның кім екенін сұрады. Мен: «Калам ғылымында танымал куфелік Нығман»,- деп жауап бердім. Хазірет: «Өз пікірімен нәрселерді бір-бірімен салыстыратын адамның өзі ме?»- деп сұрады. Мен мақұлдадым. Хазірет оған қарап: «Уа, Нығман, басыңды денеңнің басқа ағзаларымен салыстыра аласың ба?»- деп сұрады.
Нығман:
- Жоқ,- деді.
Хазірет:
- Дұрыс емес. Басы күпірлік, соңы иман болатын сөзді білесің бе?
- Жоқ.
- Көз жасының тұздылығының, құлықтың ащылығының, тамақтың ылғалы мен сілекейдің дәмсіздігінің байланысын білесің бе?
- Жоқ.
Ибн Аби Лейла:
- Мен хазіретке: «Бұл сұрақтардың жауабын өзіңіз беріңіз, біз де білейік»,- дедім.
Имам Садық:
- Алла Тағала адамның көзін майдан жаратты. Сондықтан ол жылдам бұзылмас үшін тұзды сұйықтықпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар көзге түскен нәрсе оның тұзды суымен залалсыздандырылып, көзге зиян келтірмейді. Алла Тағала жәндіктер мен бауырымен жорғалаушылар адамның басы мен миына енбесін деп, ащы құлықты жаратты. Сілекейдің дәмсіз болуы дәмді түсінуге себеп болады, ал тамақтың ылғалы бас пен кеуденің қақырығын оңай шығарады. Алайда басында күпірлік, соңында иманы бар сөзге келетін болсақ, ол لا إ له إ لاّ اللّه деген сөйлем. Оның басында ешбір Жаратушының жоқ екені (لا اله) және соңында теңдессіз бір Алланың болуы (الاّ اللّه ) қуатталды,- деп жауап берді.
Имам Садық (ғ.с.) ғибадат, еңбек пен талпыныс, ғылым мен білім тұрғысынан қажымайтын тұлға болды. Ислам әлемінің ғалымдары мен ақсақалдары имам Садықтың (ғ.с.) ғылыми-рухани азамат екенін растады. Имамның Абу Ханифе сынды танымал шәкірті: «Мен Джафар бен Мұхаммадтан білімді адам көрмедім»,- деген.
Малеки мазхабының басшысы Малек бен Аннас имам Садық (ғ.с.) туралы: «Біраз уақыт Джафар бен Мұхаммадтың (ғ.с.) қасына барып жүрдім. Хазіретті үнемі намаз оқып жатқан, ораза тұтқан немесе Құран оқып жатқан жағдайда көрдім. Еш уақытта вузу алмай, хадис оқымаған»,- деп есіне алатын. Түн ортасында түн намазын оқуға тұрып, үйіндегілер естіп, ғибадат жасауға тұрғысы келгендер тұрсын деп. дауыстап дұға оқитын. Қараңғы түскен кезде нан, ет және ақша алып, қоржынын иығына асып, Медине қаласының мұқтаждарына қарай асығып, соларға бөліп беретін. Имам Садық (ғ.с.) шәһид болып, түнгі көмектер тоқтап қалғанда мұқтаждар түн сайын оларға азық пен ақша тарататын адамның кім болғанын түсінді.