Хазірет Фатима-Масуменің туған күні
Хазірет Фатима-Масуме хиджридің 173 жыл зулқаида айының 1 жұлдызында Медине қаласында дүниеге келді.
Құм қаласы – әйгілі исламтанушылар мен ойшылдарды тәрбиелеген білім мен қадір-қасиеттердің қазынасы. Бұл қаланың ең бірінші көзге түсетін жері – көптеген зияратшылар мен Исламның ұлық пайғамбары әулетінің ғашықтарын өзіне тартатын Алла елшісінің ұрпағынан шыққан имам Мұса Каземнің (ғ.с.) қадірлі қызы хазірет Масуменің қасиетті кесенесі.
Әлемнің барша мұсылмандарын хазірет Масуменің туған күнімен құттықтаймыз!
Хазірет Фатима-Масуме хиджридің 173 жылы зулқаида айының 1 жұлдызында Медине қаласында дүниеге келді. Бұл бану дүниеге келгеннен бері әкесі, анасы мен перзенттерінің ахлақтық қадір-қасиеттері мен адамгершілігі мол ортада тәрбиеленді. Имам Мұса Казем (ғ.с.) залым Аббаси билігінің түрмесінде қамауда болған кезде хазірет Масуме ағасы имам Резаның (ғ.с.) мектебінде тәрбиеленіп, ғылым, мистика және адамгершіліктің жоғары деңгейіне жетті. Имам Реза (ғ.с.) пәктігіне байланысты қарындасын «Масуме» деген лақап атпен атап: «Хазірет Масумені Құмға барып зиярат еткен адам мені зиярат еткендей болады»,- деген болатын.
Қасиетті Ислам діні иман, ғылым мен білімді адамның маңызды қадір-қасиеті санайды. Бұл жолда қадам басқа адам кемел болады. Құран Кәрімнің «Мүжәдәлә» сүресінің 11-ші аятында: «...Алла Тағала сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді. Істегендеріңді толық біледі»,- деп айтылды. Құран аяттары адамның бір-бірінен артық екенін теріске шығарып, адамның тек тақуалығымен қадірленетінін қуаттайды. Тақуа және нәпсісін қорғайтын күшке ие болу – кемелдік пен жоғары мақсатқа жеткізетін ең жақсы құрал. Хазірет Масуме – адал және пәк ғибадатымен басқалардан озып, мұсылман әйелдер арасында танымал тұлғаға айналған адам. Құжаттар бойынша хазірет Масуме Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің жомарт және мейірімді әйелдерінің бірі саналады. Хазірет Масуме Құран мен Ислам тағылымдарын сараптап, еш уақытта Алланы ұмытпады. Сондықтан кемел адамның жоғары дәрежесіне жетті.
Мұсылман ғалымдар мен тарихшылардың пікірінше, имам Каземнің (ғ.с.) қыздарының арасында хазірет Масуме ерекше орынға ие. Оның ахлағы, адамгершілігі, сабырлығы мен табандылық білдіруі хазірет Масуменің жоғары деңгейін дәлелдейді. Тарихшылар хазірет Масумені хадистанушы, білім мен ғылымның қайнары санайды. Рауаяттардың бірінде Пайғамбардың (с.ғ.с.) жақтастары керуенінің Мәдине қаласына кіргеннен кейін сұрақтарына жауап алу үшін имам Каземнің (ғ.с.) үйіне қарай бет алғаны туралы айтылған. Шаршап-шалдыққан жолаушылар имамның үйіне жеткен кезде хазіреттің жол жүріп кеткенін ұғыпты. Не имамды көре алмағанға, не сұрақтарына жауап ала алмағанға мұңайған адамдар жол ауырлығынан одан сайын күйзеліпті. Сөйтіп, керуенді үнсіздік жайлапты. Олар қайтуға бет алған кезде имам Каземнің үйінен үстіне хиджаб киген ибалы қыз шығып, керуендегі адамдарға: "Сұрақтарыңызды маған қойыңыздар",-дейді. Шыққан қыз хазірет Фатима Масуме еді. Ол сұрақтың әрқайсына бөлек-бөлек жауап жазып, керуендегілерге қайтарыпты. Келесі күні имам Мұса Казем (ғ.с.) үйіне оралған кезде қызының толық жауаптарына риза болып: «Құрбаның болайын»,- дейді. Алла Тағала тек Өзі рұқсат еткен адамның шапағатын қабылдайтынын айтып: «Сол күні Рахман рұқсат берген, сөзін жақтырғаннан басқаның шапағаты пайда бермейді»,- деді. («Таһа» сүресі, 109-шы аят). Бұл құрмет Аллаға барынша жақын және шынайы қызмет ету дәрежесіне ие болған адамға беріледі, сондықтан шапағат ету дәрежесіне ие болу шынайы лайықтылықты қажет етеді. Пайғамбарлар мен пәк имамдар (ғ.с.) – шапағатшылардың көшбасшылары. Олардан кейін адал пенделер мен әулилер шапағат ету құқығын иеленді. Рауаяттар мен діни тағылымдарда шапағат ету құқығына ие адамдардың ішінде хазірет Фатима Масуменің де есімі айтылды. Имам Садық (ғ.с.) «Оның (хазірет Фатима Масуменің) шапағатымен барша жаннатқа енеді»,- деген.
Хазірет Масуме әкесі имам Каземнен (ғ.с.) тіпті ең қиын жағдайда шындықты қорғауды үйреніп, ағасы имам Резамен (ғ.с.) бірге іске асырды. Хазірет Масуме ағасын қатты жақсы көрді. Сондықтан хиджри қамаридің 201 жылы имам Реза (ғ.с.) Мединеден Хоросанға аттануға мәжбүр болған кезде ол үшін ағасынан алыстау өте қиын болып, ағасын көру үшін Мединеден Марвке қарай жолға шығады. Жол ортасында ауырып қалып, Құм қаласына бет алуға мәжбүр болды. Құм халқы хазірет Масуменің қалаға енгені туралы хабарды естіп, қуанады. Өйткені олар Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің ғашықтары еді. Олар Алла елшісінің ұрпағының қалаға енуін жақсылық пен берекенің себебі санайды. Бүкіл халық, жасы мен қарты хазірет Масумені күтіп алуға дайындалады. Рауаяттардың бірінде Мұса бен Хазрадж деген қала ақсақалдарының бірінің түнделетіп, хазірет Масумені күтіп алуға асығып, түйесінің жібін ұстап, әйгілі бануды өз үйіне шақырғаны айтылған. Хазірет Масуме Құм қаласында 17 күннен кейін науқастығы салдарынан дүниеден озды. Бірақ бұл қысқа уақытта Құм қаласының ауаны өзгеріп, хазірет Масуменің келуі қала тарихындағы маңызды оқиға болды.
Хазірет Масуменің Құм қаласына тоқтауы Иран мен әлемнің әртүрлі аймақтарындағы Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с.) достарының бұл қалаға назар аударуына себеп болды. Құм қаласында ислам ғылымдары үлкен университетінің ашылуы мен исламдық ойлардың әлемге таралуы хазірет Фатима Масуменің берекесі. Құм қаласы өзінің ежелгі тарихымен исламның шындықтарын таныстыру және әйгілі ғылыми және діни азаматтарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Қазіргі кезде де Исламның ұлық пайғамбары әулетінің ғашықтары әлемнің түкпір-түкпірінен хазірет Фатима Масуменің қасиетті кесенесін зиярат ету үшін Құм қаласына сапар шегеді.
Иран күнтізбесінде хазірет Фатима-Масуменің туған күні «Қыздар күні» деп аталған.
Әлемнің барша мұсылмандарын, бүкіл қыздарды хазірет Фатима-Масуменің туған күнімен құттықтаймыз!