Имам Джафар Садық (ғ.с.) шәһид болған күн
Шауаал айының 25 жұлдызы – хазірет Джафар Садықтың (ғ.с.) шәһид болған күні.
Шауаал айының 25 жұлдызы – хазірет Джафар Садықтың (ғ.с.) шәһид болған күні. Бұл күні мұсылмандар Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) әулетінен шыққан алтыншы имамның шәһид болуына байланысты аза тұтады. Имам Садық (ғ.с.) Исламның көркем тағылымдарының бетіне түскен шаң-тозаңды тазартып, Исламның шынайы жүзін көрсетті. Бүгін періштелер дінді жаңғыртқан имамның Бақи зиратындағы қабіріне түсіп, аза тұтуда. Бұл күні мұсылмандардың жүрегі қайғыға батып, олар: «Сәлем саған, тура жол! Сәлем саған, қараңғылықтардың жарығы! Сәлем саған, береке қайнары! Сәлем саған, айқын дәлелдердің иесі! Сәлем саған, Алла дінінің қолдаушысы!» - дейді.
Имам Джафар Садық (ғ.с.) – пайғамбардың ғасырынан кейін ислам тарихындағы кезеңдегі ғылыми, мәдени және мазһабтық салалардағы талпыныстары маңызды саналатын ұлы тұлға. Хижри қамаридің 148-ші жылының дәл осы күні имам Джафар Садық (ғ.с.) 65 жасында Хақтың шақыруына «ләббейк» айтып, ислам әлемін ғана емес, сонымен қатар ғылым-білімге құмар адамдар мен ақиқат іздеушілерді қайғыға батырды.
Имам Джафар Садықтың (ғ.с.) шәһид болған күні барша мұсылмандарға көңіл айтамыз.
Пайғамбар әулеті исламды қорғау және зұлымдық пен бейбастақтық, әділетсіздікпен күресу деген ортақ мақсатпен жағдай мен уақыттың талаптарына байланысты өмірде әртүрлі тәсілді қолданды. Сол ұлы адамдар кейде көтеріліс, кейде терең идеологиялық күрес пен исламдық ағартушылық тағылымдарды тарату арқылы осы ұлы міндетті жүзеге асырды. Бейкүнә имамдардың тіршілік тәсілдері мен ұстанымдары олар өмір сүрген ғасырдағы ерекше жағдайға байланысты. Егер сол кісілердің уақыттарындағы жағдайдан хабардар болатын болсақ, олардың принциптері мен негіздерінің арасында ешқандай қарама-қайшылықтың болмағанын түсінеміз. Олардың әрқайсы мақсатқа жету жолында өздеріне ғана тән стратегияға ие болғанымен барлығы бір мақсатты көздеді.
Тарихи шындық имам Садықтың (ғ.с.) имаматтағы өзінің ең үлкен міндетінің сол кезде мектеп дайындап, сенім негіздерін тереңдетіп, исламдық ағартушылық тағылымдары мен илаһи идеологияны кеңейту екендігін көрсетті. Ол хазірет илаһи жетекші ретінде сол заманда адам мен қоғамды тәрбиелеп, исламның идеологиялық мектебін дайындаудың негізгі қажеттілік екенін дұрыс түсінді. Себебі имам Садықтың (ғ.с.) кезеңі ислам тарихының оқиғаларға толы кезеңдерінің бірі болды. Сол кезеңде үкіметтің Бани Омеядтан Бани Аббасқа өтуі көптеген шарықтаулар мен құлдырауларға толы еді. Бір жағынан ол кез идеологиялар мен философиялық ойлар және каламның текетірес уақыты болды. Мұсылмандар да басқа уақыттан көбірек ғылымдармен танысып, соларды түсіну үшін ерекше ықылас пен ынта танытты. Мұнымен қатар аударма арқылы философиялық ойлардың толқындары ислам әлеміне жол тапты. Еш күдіксіз, сол кезеңдегі жалтақтық пен солқылдақтық адамдардың дұрыс жолдан тайып, дінді теріс түсінуіне себеп болар еді. Имам Садықтың алдында үлкен жауапкершілік тұрды. Бір жағынан адамдардың дінсіздікке бет бұрып, бұрыс жолға түсу қаупі сезілді. Басқа жақтан исламдық принциптер мен ағартушылық тағылымдар бұрмалаушылық пен теріс ойдан аман сақталып қалуы керек болды. Осындай жағдайда имам Садық үлкен жігермен исламның асыл тағылымдарын жаңғыртуға кірісті.
Хазіреттің 34 жылдық имамат кезеңі илаһи құнды тағылымдарды аңсаған жандар уәһидің тұнық бастауынан қанып ішетін алтын мүмкіндік болды. Имам Садық (ғ.с.) көпшілікпен немесе жеке түрде өткізген жиындарда әртүрлі ғылымдарды үйретті. Көпшілік жиындарға һәм шиіттер, һәм сүннитер қатысып, хазіреттің білімінен сусындады. Имам Садық (ғ.с.) адамдардың арасында адами және сезімдік терең байланыстардың болуы қажеттігін қуаттап: «Бір-біріңмен байланыс орнатып, бір-біріңе махаббаттарыңды білдіріңдер. Бір-біріңе жақсылық жасап, бір-біріңе мейірім мен жанашырлық танытыңдар» деді.Имам Садықтың (ғ.с.) Алланың елшісімен байланысы, терең хикмет пен білімге ие болуы және ол хазіреттің жақсы мінезі мен басқа да көптеген факторлар имам Садықтың (ғ.с.) мұсылмандардың арасындағы байланыс көпірінің нығаюына, осылайша олардың байланыстары мен бірліктерінің күшейе түсуіне себеп болды. Шейх Мофид «Иршад» еңбегінде былай деп жазды: «Адамдар алыс-жақын қалалардан білім іздеп имам Садыққа келді. Ол хазіреттің атақ-даңқы жан-жаққа тарады». Хадистанушылар ол хазіреттен хадис нақыл еткендердің санын 4000 адам деп санаған. Имам Садық (ғ.с.) әрдайым шәкірттерін құрметтеп, ынталандырып отырған. Ол кісі кейде оларға өзі барып, сөйлесетін. Хазірет бір күні Әбу Хамзе деген шәкіртінің біріне: «Шындығында сені көргенде жаным жай табады» деген болатын. Имам Садықтың шәкірттерінің бірі Ағбе Бен Халед те: «Ол хазіретпен дидарласуға барғанда ол кісі: «Қош келдіңдер, бізді жақсы көретін жандар. Біз сендерді жақсы көреміз. Қош келдіңдер! Құдай сендерді бұл дүние мен ақыретте бізбен бірге болғызсын деді» деп рауаят еткен. Имам Садық адамдардың барлығын білім алуға шақырып, жастарға былай дейтін: «Жастар, сендерді ғалым болып немесе ғылыммен айналысып жүрген жағдайдан басқа күйде көруді қаламаймын». Сондай-ақ ол хазіреттен былай деп айтқан сөз қалған: «Ғылым іздеңдер. Сол арқылы өздеріңді шыдамдылық пен төзімділікке баулыңдар. Өздеріңнің шәкірттеріңнің алдында қарапайымдылық танытыңдар, ал ұстаздарыңның алдында әдепті болыңдар. Ешқашан да өзімшіл болмаңдар. Себебі ол сендердің беделдеріңді түсіреді». Имам Садықтың (ғ.с.) бұл сөздері өте құнды кеңес. Қарапайымдылық пен әдеппен қатар болмайтын білімнің оқушыға беретін пайдасы болмайды. Себебі адамдар өзімшіл адамдарды жек көріп, олардың хақ сөздерін қабылдамайды. Имам Садық (ғ.с.) ғылым жолына түскендерге былай деді: «Ғылыммен айналысқандағы сендердің мақсаттарың рия, мақтаншақтық пен ерегесіп, айтысу болмасын. Қауқарсыздық пен ұят сендердің білім алуларың үшін кедергі болмасын. Таралмайтын, адам оны басқаларға үйретпейтін білім өшіп бара жатқан немесе оның нұры көлегейленген шам сынды». Имам Садық (ғ.с.) осы шұрайлы сөзінде білім алудың тура мақсатын түсіндіріп, зерттеушілерден кемел білім алып, оны адамдарға қызмет ету үшін пайдалануды сұрады. Мақтанып, сырт көзге көрсету үшін үйренген білімнің пайдасы болмай, керісінше зиян келтіреді. Осылайша имам Садық (ғ.с.) туындаған ыңғайлы мүмкіндікті пайдаланып, қоғамның қатты қажеттілігіне назар аударып, әкесі имам Бақердің (ғ.с.) ғылыми, мәдени көтерілісін жалғастырып, үлкен ғылыми орталық, сол замандағы рационалды және дәстүрлі ғылымдардың әртүрлі саласында Хишам Бен Хакам, Мофаззал Бен Омар және Джабер Бен Хайан сынды ұлы ғалымдарды тәрбиелеген үлкен ғылыми орталық қалыптастырды. Джабер Бен Хайан – химия саласында 500 еңбек жазған ұлы ғалым. Ол «Химия ғылымының атасы» деп танымал. Джабердің еңбектері орта ғасырларда еуропалық әртүрлі тілге аударылды. Мофаззал да имам Садықтың танымал шәкірттерінің бірі болды. Ол «Таухиде Мофаззал» атты еңбектің авторы. Хазіреттің шәкірттері шиіт мазхабының ізбасарларымен ғана шектелмеді. Сондай-ақ, сүннит мазхабының ізбасарлары да хазіреттің сөздерін пайдаланды.Сүнниттердің жетекшілерінің кейбіреуі тікелей немесе жанама түрде имамның шәкірті болған. Олардың басында имам Садықтан (ғ.с.) екі жыл дәріс алған Әбу Ханифе тұр. Имам Садық ғылыми, фикһ және калам мәселелерін шәкірттерге жинақталған түрде ұсынып, ислам үмбетіне ғалымдарды тәрбиелеу арқылы құнды ғылыми қорды мұраға қалдырды. Ахлақ, фикһ, тәпсір, калам және басқа да ғылымдар бойынша имам Садықтың үлкен мектебінен біздің қолымызға жеткен мұра ол хазіреттің кең ауқымды талпыныстарының нәтижесі. Имам Садықтың (ғ.с.) ғылыми мектебі жан-жақты және мықты негіздерге сүйенді. Имам Садықтың (ғ.с.) жетекшілігіндегі шиіт мазхабы діни мәселелерді идеология мен рационализм негіздері бойынша қалады. Бұл мазхабта ғылыми құлшыныс пен ынта басқа мазхабтарға қарағанда көбірек көрінді. Имам Садықтан (ғ.с.) қалған хадистердің көптігі шиіт мазхабын «Джафари» мазхабы деп атауға себеп болды. Имам Садық (ғ.с.) адамдарды Бани Омейяд пен Бани Аббас билеушілерінің зұлымдығынан хабардар етуден қапыл қалмай, кез-келген мүмкіндікте олармен қарсыласты. Аббаси әулетінің екінші халифасы Мансур шамамен 21 жыл имам Садықпен бір кезде өмір сүрді. Ол имамның жұмысына қатты алаңдап, имам мен халықтың арасын алшақ ұстауға күш салды. Ол имам Садықты (ғ.с.) қатты қинап, азаптағанымен ол хазіреттің жетекшілік нұрын сөндіре алмады. Соңында өзінің имаммен қарсыласуда қауқарсыз екендігін көргенде қастандық жасап, хазіретті уландырып, оны шәһид етті.