Қожа Насыреддин Туси – танымал ирандық ғалым
5 есфанд – қожа Насыреддин Тусиді ұлықтау күні. Осы күнге орай дайындалған бағдарламада көрнекті ирандық ойшылдың өмірі, ең маңызды туындылары мен құнды қызметіне тоқталамыз.
Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген көрнекті ирандық ойшылдардың бірі – қожа Насыреддин Туси. Оның ой-пікірі мен амал-әрекеті әрдайым әлем халқының назарында болып, өзінен кейінгі ғылыми әлемге зор ықпал етті. Қожа Насыреддин – шиіт теологиясындағы философиялық тәсілдің негізін қалаушы, х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда хикмет, математика мен ақлақ саласындағы ең ірі өкіл. Кейбіреулер оны ғылым, саясат, дін мен ақлақты байланыстырушы санайды. Бұл көрнекті әдебиетші, философ, астроном мен математик моңғол Құбылай хан Иранға шабуыл жасаған кезде Иранның құтқарушысы болды. Ол амал-шара ұйымдастырып, моңғолдардың елді одан ары қиратып, қан төгуінің алдын алды. Марағе обсерваториясы – Иранның ең маңызды ұлттық ескерткіштердің бірі. Бүгінде оған ЮНЕСКО көңіл аударып отыр. Ол қожа Насыреддиннің білімі мен талпынысы арқасында салынды. Ирандықтар осы ұлы данышпанның қызметін ұлықтау мақсатында оның туған күні, яғни 5 есфандты (24 ақпанды) Иранның ресми күнтізбесінде қожа Насыреддин Тусиді ұлықтау күні және Инженер күні деп атады.
Қожа Насыреддин Туси х.қ.ж.с.б. 597 жылы джамади-ул-аууал айында Иранның солтүстік-шығысындағы Тус қаласында дүниеге келген. Ол діни және әдеби ғылымды алдымен Тустағы факиһтер, үлемдер мен хадисшілердің бірі болған әкесінің алдында үйренді. Содан соң түрлі рационалды ғылымдар, соның ішінде теология, математика және жаратылыстану ғылымдарын үйрене бастады. Қожа Насыреддин біраз уақыттан кейін оқуын жалғастыру үшін Нишапурға аттанды. Ол кезде бұл қала ғылым-білімнің ордасы болған. Ірі ғалымдар сонда өмір сүрген. Ол түрлі ғылым салаларында, әсіресе математика мен хикметте өз заманының бетке ұстары болған ұстаздардан тәлім алып, біртіндеп логика және риторикаға қатысты барлық салаларда көрнекті ғалым деп танылды.
Иран тарихының бұл дәуірі аумалы-төкпелі оқиғаларға толы болды, өйткені моңғолдар Орта Азиядан өтіп, Хорасанға бет алып, қалаларды бірінен соң бірін басып өтіп келе жатқан болатын. Қожа Насыреддин осы тынышсыз жағдайдан құтылу үшін өз зерттеулеріне қауіпсіз жер іздеді. Ақырында моңғолдарға қарсы жалғыз мықты бекініс ретінде исмаилиттер қамалын таңдады. Қаһестан билеушісінің шақыруын қабылдап, исмаилиттер қамалын паналады. Өйткені бұрындары моңғолдардың шапқыншылығынан аман қалған жалғыз жер – исмаилиттер қамалдарында түрлі салаларда зерттеу жүргізуге болатын бай кітапханалар бар еді.
Бұл заманда қожа Насыреддин уақытын еңбек жазып, аударма жасап, түрлі зерттеулер жүргізумен өткізді, бірақ Аламут қамалы да моңғолдардың қолына өткенде Исмаилиттер билігі жойылды. Қожа Насыреддин Құбылай ханға беріліп, өлімнен аман қалды. Құбылай оған жақсы қатынас көрсеткендіктен оның сарайына барды. Қожа Насыреддин ғылым мен хикметте танымал болғандықтан осындай жоғары орынға ие болды. Бұл заманда қажы өз амал-айласымен көптеген ғалымдар, өнерпаздар мен қарапайым халықты құтқарып, көбінің мал-мүліктерінің талан-таражға салынуының алдын алды. Ол Құбылайға жүгініп, ғалымдардың жанын сақтап қалғаны туралы хикаяттар тарихта жазылған.
Бұл ирандық данышпанның елеулі еңбектерінің бірі Марағе қаласында үлкен обсерватория салуы болды. Құбылай х.қ.ж.с.б. 638 жылы қожа Насыреддинге Марағе қаласында үлкен обсерватория салуға рұқсат берді. Оны салуға қаржылай көмек болу үшін елдегі барлық вакфтық ұйымдар қожа Насыреддиннің қарауына өтуге рұқсат берді. Вакфтан түскен ақшаның оннан бірі обсерваторияны салуға, қажетті құрал-жабдықтар мен кітаптар сатып алуға жұмсалатын болды. Марағе обсерваториясының ішінде аспан денелері мен Жер планетасының карталары салынған деп жазылған. Обсерватория астрономияға қажетті ең үздік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Содан кейінгі 300 жыл бойы Батыс әлемінде мұндай обсерватория болмады. Сол замандағы ғылыми ортада обсерваторияның маңыздым болғаны соншалықты, алыс-жақын елдерден ғалымдар келіп, оның түрлі бөліктерін аралап, қожа Насыреддинмен сөйлескен. Обсерваторияға жақын жерде үлкен кітапхана салынды. Онда Бағдад, Шам, Бейрут пен Алжирден 400 мыңға жуық кітап алдырылып, ғалымдар мен зерттеушілердің пайдалануына берілді. Бұл кітапхана басқа зертханалармен бірге Марағе обсерваториясына ірі ғылыми академияның мәртебесін берді. Сондай-ақ бұл кітапханада қытай, моңғол, санскрит, ашури, араб тілдерінен парсы тіліне сирек кездесетін кітаптар аударылып, ғылым іздеушілер мен ғалымдардың ықтиярына берілді. Шын мәнінде обсерватория ғылыми орталық болды. Онда сол заманның түрлі ғылыми салалары, соның ішінде математика, астрономия, жаратылыстану зерттеліп, дәріс берілді.
Қожа Насыреддин астрономиямен қоса, басқа ғылым салаларында да білгір болған, бірақ оның еңбектерінің көбі математика саласына арналған. Ал математикада геометрияға арналған еңбектері көп. Әлемдік математика саласындағы жетістіктердің көбі қожа Насыреддин Тусидің талпыныстарына қарыздар. Соның ішінде математикада синустардың сфералық заңының ашылуы және астрономияда "Туси жұбы" деп аталатын геометриялық тәсілдің ойлап табылғанын айтуға болады. Кейбір зерттеушілер оны математикада тригонометрия ғылымының негізін қалаушы, ал басқалар оны тригонометрия ғылымын дамытушы деп таныстырады. Қожа Насыреддиннің тригонометрия кітаптары 16 ғасырда француз тіліне аударылды. Онда Туси орта ғасырдағы ең ірі мұсылман математиктердің бірі деп аталған.
Қожа Насыреддин көп еңбек жазып, аударма жасап, түсініктеме жазған. Әрине оның мақсаттарының бірі бұрынғы ғалымдардан қалған тағылымдарды келешек ұрпаққа сабақ беруге жарайтындай қалыпта жинастыру болған сыңайлы. Одан 100-ден аса кітап пен трактат қалды. Олардың арасында "Ишараттарға түсініктеме", "Хикметтегі жазалар", "Теологиядағы ойлардың абстракциясы", «Насери ақлағы», «Логикадағы дәйексөздің негізі» және «Евклид геометриясын» атауға болады. Ғалымдардың қожа Насыреддиннің астрономияға қатысты еңбектеріне жүргізген зерттеулері бойынша, ол Америка құрлығының географиялық ерекшеліктерін білген. Ал Христофор Колумб Қожа Насыреддиннен 2 ғасырдан кейін АҚШ құрлығын ашты. Сондай-ақ, куәлер көрсеткендей, ол польшалық-германиялық астроном Коперниктің орталық Күн жүйесі туралы теориясына әсер еткен.
Қожа Насыреддин Туси ең ірі шиіттік теологтардың бірі және ислам әлемінің ең ықпалды ғылыми тұлғаларының бірі саналады. Оның «Теологиядағы ойлардың абстракциясы» атты еңбегі – шиіттік теологиядағы ең маңызды еңбектердің бірі. Оған көптеген түсініктеме жазылды. Бұл еңбек теология ғылымындағы өзгерістерге көп үлес қосты. Қожа Насыреддин еңбектеріндегі ерекшеліктердің тағы бірі – оның жатық тілі мен әдеби мағлұматының кеңдігі. Бұл оны ірі әдебиетшілер мен жазушылардың қатарына қосты. Өйткені оның жазу стилі моңғолдар заманындағы жазушыларға керісінше қарапайым да айқын болды. Тіпті ол ең қиын мәселелерді жеңіл әрі жатық сөздер және айқын сөз тіркестерімен баяндаған.
Қожа Насыреддиннің ғылыми қызметі әлемдегі ғалымдардың көбінің назарына алынып келеді. Араб әлемінің әйгілі тарихшысы Ибн Халдун Тусиді ислам келгеннен кейінгі Иранның ең ірі ғалымы деп атады. Басқалары қожа Насыреддинді орта ғасырдағы ең ірі исламдық ғалымдардың бірі деп атады. Кейбіреулер оны Әбу Әли Синадан кейінгі өнер мен ғылым саласындағы ең ірі ықпалды әрі талантты тұлғалардың бірі деп атады. Басқалар қожа Насыреддинді ғылымда Ибн Синаға тең санаған. Тек бір айырмашылықпен: Ибн Сина медицина саласында өз заманының ұлы тұлғасы болса, қожа Насыреддин математика саласында бәрінен озық болды. Қожа Насыреддин х.қ.ж.с.б. 673 жылы 18 зиқадеде қайтыс болды. Алайда оның есімі мен еңбектері әлем тарихында мәңгі қалды.
Танымал математик әрі астроном қожа Насыреддиннің әлемдық ғылымда жасаған қызметін бағалау мақсатында ғалымның есімін Ай орбитасындағы 41-ші оңтүстік меридианға тіркеді. 1979 жылы бір орыс астроном тарапынан ашылған кішкентай планета «әт-Туси» деп аталды. Google компаниясы да осы ғалымның туғанына 812 жыл толуына орай араб елдеріндегі өз логотипін өзгертті. Иранда да қожа Насыреддиннің туған күніне орай 5 есфанд ел күнтізбесінде Инженер күні деп аталған.