Фердоуси және Иран
Фердоусиді ұлықтау күніне орай. 25 ордибехешт (15 мамыр) Иранда ұлы ақын әрі хакім Әбілқасым Фердоусиді ұлықтайтын күн деп белгіленген. "Шахнама" кітабында баяндалған эпикалық және тарихи оқиғалар патшалар мен батырлар жайлы болғанымен, Иранның географиялық аумағында Иран үшін орын алған.
Иран болмаса, менің денем де болмасын
Мына байтақ далада бірде-бір жан қалмасын
Бәріміз басымызды өлімге тігейік,
Бұл елді дұшпанға бергеннен артық.
***
Егер Иран жері талқан болса,
Ешкім бізге бәрекелді демес.
Арыстан мен қабыланға жем болып,
Иранның қирағаны жанға батады.
Иранның қазіргі жері – Иран үстіртінің бір ауқымды бөлігі. Иран Азияның оңтүстік-батысында, Үнді мұхитының солтүстік-батысында Батыс Азия деп аталатын аймақта орналасқан. Солтүстіктегі Каспий теңізі, оңтүстіктегі Парсы шығанағы мен Оман теңізі Иранның теңіз жолдарын құрайды. Иран үстіртінің біртұтас үшбұрышты пішіні географиялық тұрғыдан Иран халқын басқалардан бөлуге жағдай жасап, ирандық ой-пікірдің қалыптасып, үстірт ішінде біртұтастықтың сақталуына септігін тигізді. Үстірт табиғи қоршау ретінде қызмет атқарып, бөгделердің енуіне жол бермеді.
Көптеген ирантанушылар мен зерттеушілер, соның ішінде Ислами Надушан, Зарринкуб, Малек уш-Шуарай-е Бахар, Еқбал Аштиани және Ричард Фрайдың сенімінше, Иран жері – ұлттық болмыстың ең маңызды негіздерінің бірі. Ол Иранның тарихында да айрықша орынға ие. Иран жері, тарихы мен мәдениетіне тиесілі болу сезімі ғасырлар бұрын пайда болған және түрлі тәсілдермен тарихи жазбалар, поэзия мен проза түріндегі әдеби туындылар немесе халық мәдениеті қалыбында көрініс тапқан.
25 ордибехешттің (15 мамыр) Иранда ұлы ақын әрі хакім Әбілқасым Фердоусидің есімімен біте қайнасып кеткеніне жылдар болды. Атақты ақын парсы тілін сақтауда теңдессіз рөл атқарған.
Атақты шахнаматанушы доктор Джалал Халеқи Мотлақ "Шахнаманың" әлемдегі басқа эпикалық туындылардан айырмашылығы туралы: "Шахнамада Отан қандай мағына береді? Бұл шығармада Отан қазіргі Ираннан әлдеқайда кең мағынада қолданылған, ежелгі Ираншахр мағынасын береді. Оның шығыстағы шекарасы Джейхуннан басталса, батыстағы шекарасы Ефратқа жететін. Яғни бір кездері осы географиялық аумақта өмір сүрген адамдар Ираншахрдың аумағына кірген. Шахнамада бұл Фердоусидің отаны. Ол қазіргі мағынадағы бір шынайы отан емес, мәдени отанды білдіреді",-деді.
Шахнама – Иранның ұлттық рухының көрінісі. Бірақ Шахнаманың барлық құны мен маңызы ұлттық эпикалық дастан болуымен шектелмейді. Фердоусидің қиялының кеңдігі, ойының тереңдігі және поэзия өнеріндегі тіл құдіреті, әңгіме айтудағы шеберлігі, түрлі салаларда нәзік мағыналар тудыра алу қабілеті оны ұлы ақындардың біріне айналдырды.
Фердоуси Иран тарихы мен ұлттық эпосынан бөлек тақырыпта өлең жазса, Шахнаманың салтанатына жетпесе де, қазіргідей ізет-құрметке ие болмаса да, Иранның ұлы ақындарының бірі болатын еді.
Фердоусидің адам психикасының тереңдігін түсінудегі, адамның әрқилы сезімдері мен рухын бейнелеудегі орасан зор күші таң қалдырады. «Шахнама» хикаяларына ғылыми-әдеби сын критерийлерімен көз жүгіртсек, әрбір еркек пен әйелдің жасы мен жағдайына байланысты айқын да айшықты келбеті, табиғи мінез-құлқы бар екенін көреміз. Әрбір кейіпкер кез келген жағдайда одан күтілетін іс жасап, тиісті сөздер айтады. Рүстемнің сөзі мен ісі даналық, ақылдылық, жомарттық, ержүректік пен отансүйгіштік қасиеттерді көрсетеді. Бұл биік мақсатты көздейтін ирандық пен Иранның "Жаһанпаһлаван" атанған батырына лайықты қасиеттер. Оның әкесі Залдың сөздері барлық жерде ақсақалдың даналығы мен ақылын көрсетеді. Есфандияр атақты жас шахзадаға жарасатын сөз сөйлеп, іс істейді. Кавустың өмірі мен тұлғасы менмен, ойынқұмар әрі жеңілтек билеушіні көрсетеді.
Фердоуси эпикалық поэма жырлау арқылы парсы тілін қайта жандандыруда, Иранның мәдени, әдеби, саяси және діни біртұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды. Фердоуси – басқа ұлттарға үлгі. Шахнама ынтымақ пен ұлттық болмыстың интеллектуалды және рухани тірегі ретінде Иранды дұшпандардың шабуылдарынан үнемі қорғап келеді. Шахнама – ирандықтардың ортақ мұрасының қайнар көзі. Діни, ұлтшылдық және отансүйгіштік рухын нығайту, жау алдында тізе бүкпеу, азаттық пен бостандық, езілгенді қорғау, залыммен күресу, қызмет ету, тынбай еңбек ету, жанпида ету хакім Әбілқасым Фердоуси өлеңдеріндегі сипаттардың бір бөлігі ғана болды. Шын мәнінде бұл кітапта барлық адамзат қоғамдары үшін жақсы және табысты өмір сүруге жетелейтін таным мен хикметтен тұратын сындарлы моральдық тағылымдар мен жолдаулар бар.
Шындығында Тус хакімінің теңдессіз туындысы ирандықтардың әділетсіздік, соғыс, қирату мен ойрандау және зұлым күштермен күресінің бітпес тарихы. Халықтың зұлым күштермен соғысып, ақырында әділдік пен дұрыстық жеңіске жеткенін көрсетеді. Бұл – Иранның ежелгі хикметінің қысқаша мазмұны.
"Ираншахр" мен "Иранзамин" – Фердоуси өлеңдерінде көп қолданылған сөздердің бірі. Шахнама – парсы тіліндегі ең көне дереккөздерінің бірі. Ол ежелгі заманда Иран жерінде өмір сүрген халықтың мәдениеті мен өмір салты жайлы тарихи мағлұматымызды арттырды. "Иран" ұғымы Шахнамада ежелгі заманда ел басқарудың түрлі тәсілдеріне байланысты бірнеше қырлы мағынада қолданылған. Шахнамада «Иран» атауының қолданылуы немесе бұл атаудың «жер» және «қала» сияқты географиялық немесе геосаяси ұғымдардың қасында орналасуы "Иранға" қатысты бірнеше анықтама тудырды.
Отан және отансүйгіштік ұғымы саяси аумаққа қатысты эмоционалды түсінік болып табылады. Патриотизм немесе отансүйгіштік бір жерге тиесілі болу деген бастапқы сезімнен, сол жерден ерекше болмыс табудан, сол жерді қорғау, оны мақтан тұту және сол жердің мүддесін сақтау сезімінен туындайды. Оның табиғи және психологиялық аспектілері бар және оны жануарлар арасында да көруге болады. "Отан" ұғымы саяси стимулдан алшақ және белгілі бір дәрежеде табиғи, инстинктивті әрі көне ұғым болып табылады, ол кейде адамның рухани дүниесімен астасып, өзін қасиетті ұғым ретінде көрсетеді. Әрине, бұл ұғым философиялық, саяси және толығымен жаңа идея болып табылатын ұлтшылдыққа (национализм) қарама-қарсы. Ұлтшылдық өнеркәсіп төңкерісінен кейін Еуропа тарапынан әлемге таныстырылған болатын. Бұл саяси бағыт өзінің терең тенденцияларымен 20 ғасырға зор әсер етті. Соның нәтижесінде дүние жүзі ұлт мүшелері арасындағы бірлік пен интеграцияға, үлкен елдердің бөлініп, ыдырауына, соғыстардың болуына, отарланған елдердің тәуелсіздік алуына, ұлттық топтар мен елдердің күресіп, бәсекелесуіне куә болды және кейде жаңа елдердің пайда болуының маңызды факторы болды.
Шахнамада Иран, Ираншахр және Иранзамин сөздері 1400-ден аса рет қолданылған және ең жиі қолданылатын географиялық және геосаяси атаулар мен ұғымдардың біріне айналған. Осы эпикалық туындыға "Шахнамадан" басқа атау қоюға мүмкіндік болса, "Ираннама" сөзі ең қалаулы атау болары анық. Өйткені Шахнамада баяндалған тарихи-эпикалық оқиғалар патшалар мен батырлар жайлы болғанымен, Иранның географиялық аумағында Иран үшін орын алған. Фердоуси елін аман сақтау үшін тынбай талпынған батырлардың өмірін аңыз-әңгімелер мен Иран тарихынан алып, поэтикалық қалыпқа салып баяндаған.
Иранның пайда болуы Шахнамада аңыздан (мифтен) басталады. Мифологиялық патша Феридун әлемді өзінің үш ұлы Салам, Тур мен Ирадж арасында бөлген кезде ең жақсы жерлерді өзінің кіші де болса, лайықты ұлы Ираджға тапсырған. Аңызда Иранды ең жақсы жер деп бағалау оны қорғап сақтау керегін айшықтай түседі. Фердоуси мұны өте жақсы білген.
Ақырында Ирадж ағаларының қолынан қаза табады. Феридун Тур мен Саламның зұлымдығына есеңгіреп, қайғыға батады. Жылдар өткен соң Ирадждың немересі Манучехр атасының кегін алуға аттанып, Тур мен Саламды жермен-жексен етеді. Бұл Шахнамадағы барлық мифологиялық соғыстар мен күрестердің бастамасы болады.
Иранға зиян тиюіне төзбейтін Сам, Зал, Рүстем, Гию, Гударз бен Тус сияқты мифологиялық батырлар соғыс майданында оны айтып жеткізуге болмайтын құлшыныс, ержүректік және батылдықпен қорғайды. Осы таңғаларлық сахналарды Фердоуси эпикалық өрнек түрінде әсерлі суреттеп берген.
Шахнамадағы патшалар батырлар сияқты Иран жерінің мүддесін сақтап, оны қорғай алуы тиіс. Шахнаманың кейбір жерлерінде отаншылдық ұғымына ерекше ұмтылыс байқалады. Бұл ұмтылыс әрбір адамда, ұлтта, қауымда табиғи және инстинктивті түрде болады. Отанға деген сүйіспеншілік және ирандықтардың қауіпсіз баспанасы болып табылатын атамекеннің жайлы болуына, гүлденуіне және аман қалуына ұмтылу түрінде көрініс табады. Бұл – Иран мифологиясында айтылған отансүйгіштік. Сондықтан осы мәңгілік туындының соңында Фердоуси Шируйенің аузымен ел басшылары алдында атқарылған шаралар жайлы айтып, ирандықтарды елді абандандыруға, мерейін асырып, мәңгілік етуге шақырады.
Иран көктемде жайқалған бақтай
Қамқар гүлі үнемі гүлдеп тұрған.
Мықты әскер – оның қабырға-қорғаны
Найзаларына үкі тағылған.
Байқа, оның қабырғасын құлатпа.
Ирандықтардың жүрегі мен тірегін сындырма.