Моулананың туындылары Иранның атынан UNESCO-ға тіркелді
(last modified Wed, 14 Jun 2023 17:30:13 GMT )
Маусым 14, 2023 23:30 Asia/Almaty
  • Моулананың туындылары Иранның атынан UNESCO-ға тіркелді

Иранның үш туындысы – "Қаджарлар заманындағы Иранның сыртқы қатынасының құжаттары", "Шейх Сафаеддин Ардебилидің кесенесіне қатысты құжаттар" мен Моулананың еңбектері (Мәснәуи, Үлкен өлең жинағы, Маджалес-е сабее, Мактубат және Фиһ е мафиһ) UNESCO-ның жаһандық жады тізіміне тіркелді.

Бейсенбі, х.ш.ж.с.б. 1402 жылы 28 ордибехештте (2023 жылы 18 мамырда) Иран ұсынған үш жинақ UNESCO ұйымының атқарушы кеңесі тарапынан жаһандық жады тізіміне тіркелді. 

Бұған дейін UNESCO ұйымының жаһандық жады бағдарламасының (IAC) халықаралық  консультациялық кеңесі ұсынылған еңбектерді жаһандық жады бағдарламасының деректі мұра тізіміне тіркеу үшін талдап, бағалап, UNESCO-ның атқарушы кеңесінің 216-шы жиналысында бекітті. Бұл жинақтарға "Қаджарлар заманындағы Иранның сыртқы қатынасының құжаттары", "Шейх Сафаеддин Ардебилидің кесенесіне қатысты құжаттар" мен Моулананың еңбектері (Мәснәуи, Үлкен өлең жинағы, Маджалес-е сабее, Мактубат және Фиһ е мафиһ) жатады.

Ардебиль қаласында х.ш.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген танымал сопы шейх Сафаеддин Ардебилидің кесенесінен табылған құжаттар жинағы көнелілік, сан және әралуандық тұрғысынан бірегей. Ол ислам әлеміндегі көрнекті жинақтардың бірі саналады. Бұл жинақ 10-14 ғасырларға тиесілі 590 құжаттан тұрады. Құжаттар парсы, араб, моңғол, қытай (кейбір мөрлерде), түркі және күрд тілдерінде жазылған өлеңдер жинағы, құқықтық құжаттар мен хаттардан тұрады. Бұл көне жинақ – Иранның түкпір-түкпірі және Ирак пен Түркияның бір бөлігінде тұратын адамдардың шынайы өмірі туралы деректі мағлұматтар негізінде баяндалған тарихи рауаят. Онда әлеуметтік жағдай, ірі ғылыми және саяси әулеттер, экономикалық тақырыптар, әйелдердің қоғамдағы рөлі, мазхабтар мен нәсілдердің тату тіршілігі туралы нақты мағлұматтар бар. Бұл жинақ – 9-17 ғасырлар арасында Иранның ауқымды аймағында құжаттану, қолжазбатану, қағазтану, мөртану, тиынтану, есімтану, тарихи география, тілтану, сәулет тарихы және археология салаларында зерттеулер жүргізуге ең сенімді әрі маңызды дереккөздерінің бірі. Жинақ Иранның ұлттық мұражайында сақталған.  

Сефевилер – Иранда шиіт мазхабын ресми түрде таныған шиіттік билеушілер әулеті. Олар халыққа бірыңғай болмыс беруге тырысты. Соның нәтижесінде бүкіл Иранда алғашқы шиіттік билік құрылды. Сефевилер бір сопылық тариқаттың мүшесі болған. Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда шейх Сафаеддин Ардебили осы сопылық тариқаттың негізін қалаған.

Шейх Сафаеддин Әбілфатх Исхақ Ардебили (х.қ.ж.с.б. 650-735жж) Иранның солтүстік-батысында орналасқан Моған ауданында өмір сүрген. Ол ресми ғылымдар негізімен айналыса отырып, математика мен сопылыққа қызығушылық танытып, Сефевилер тариқатының негізін қалаған. Ол өз заманында халық тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Арбедиль халқы оны пір әрі жетекші деп таныған. Оның мазары "Шейх Сафаеддин Ардебилидің кесенесі" деген атпен Арбедиль қаласында орналасқан және жаһандық мұра тізіміне тіркелген.

Сыртқы саясат халықаралық сахнада басқа мемлекеттер және қоғамдармен қарым-қатынаста бір елдің мақсаттарын ілгерілету деген мағына береді.  Қаджарлар заманындағы Иранның сыртқы саясатын зерттеу осы тұрғыдан маңызды. Иранның дипломатия тарихы мен сыртқы саясаты шынайы мағынада осы әулеттің билік басына келген кезінен басталады. Қаджарлар билік басына келгенге дейін Иран патша сарайы мен әлемдегі басқа мемлекеттер арасында елшілер, өкілдер мен дипломатиялық делегациялар алмасылса да, Қаджарлар әулеті билігінің бас кезінде Еуропа елдеріне Иранның стратегиялық маңызы айқындала түскен. Сол себепті Иран байсалды түрде халықаралық саяси сахнаға енді. Оқиғаларды нақты баяндау, Иран дипломатиясының бағыт-бағдарына көңіл аудару, Иран билеушілерінің халықаралық оқиғалар үдерісіндегі амалдары мен ішкі жағдайды басқаруын зерттеушілер мен тарихқа қызығушылар айқындап береді. Мысал ретінде Қаджар шахы Насыреддиннің (1889 жылы) АҚШ-тың сол кездегі президенті Гровер Кливлендпен (Grover Cleveland) хат алмасуына тоқтауға болады. Сондай-ақ Насыреддин шахтың Германияның канцлері Бисмаркпен хат алмасуы, Аустрия үкіметінің Иранды саяси одақ құруға шақыруы, Бельгияның әскери кеңесшілері мен Швеция офицерлерінің қызметке шақырылуы, Германия және Нидерланды компанияларын темір жол салуға шақыру осы саясат аясында жүзеге асырылды. 1851 жылы Әмір Кәбір билігі кезінде Вена келісіміне қол қою да осы принцип негізінде жасалған.  

UNESCO-ның жаһандық жады тізіміне тіркелген "Қаджарлар заманындағы Иранның сыртқы қатынасының құжаттары" жинағы әлем елдерінің патшалары мен басшыларының Иран патша сарайымен алмасқан хаттарынан тұрады. Бұл жинаққа 1807 жылдан 1926 жылға дейін жазылып алмасылған 200 таңдамалы хат енгізілген.  Бұл хаттар х.ш.ж.с.б. 1352 жылы сол кездегі Иранның Сыртқы істер министрінің бұйрығымен доктор Ханбаба мен бір сарапшылар командасы тарапынан екі жылдың ішінде анықталып, жинақталып, бір кітап қалыбында Сыртқы істер министрлігіне ұсынылды. Жинақтың саяси-тарихи құндылығымен қоса, бұл хаттар материалдық тұрғыдан өз заманындағы ең нәзік қағазда теңдессіз жазба түрімен жиектері әдемі өрнектелген бланктерде жазылған. Олардың көбінде әртүрлі елдердің патшалары мен билеушілерінің қолы мен мөрі басылған. Хаттар 120 жылды қамтиды. Бұл жинақ ИИР СІМ-нің дипломатия тарихы мен құжаттар орталығында сақталып тұр.

Моулана еңбектерінің жинағы (Мәснәуи, Үлкен өлең жинағы, Маджалес-е сабее, Мактубат және Фиһ-е мафиһ) Моулавидың атымен UNESCO-ның жаһандық жады тізіміне тіркелді. Бұл жинақта Иран, Түркия, Тәжікстан, Болгария, Германия және Өзбекстан тарапынан ұсынылған Моулана еңбектерінің нұсқалары біріктіріліп, жаһандық мұра тізіміне енгізілді.

Моулана еңбектерінің тіркелгеніне қатысты маңызды мәселе мынау: алғаш рет Моулананың барлық еңбектері Иранның атынан "Руми" деген сөзсіз тіркелді. Тарихи негізі жоқ "Руми" сөзінің алынып тасталуы – маңызды оқиға.

"Моулави" деген атпен танымал Моулана Джалаледдин Мұхаммед Балхи – х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда (13 ғасырда) өмір сүрген ұлы ақын. Ол өз заманының сопылары мен үлемдерінің бірі Бахауддиннің ұлы. Әкесі сұлтан Мұхаммед Хорезмимен текетірес салдарынан Балхтан кетіп, Конияға аттануға мәжбүр болған.  

Моулави – парсытілді ақын. Оның парсы тіліндегі өлеңдері арасында араб және басқа да тілдердегі кейбір сөздер мен сөз тіркестерін көруге болады. Моулавидың толық есім-сойы – Мұхаммед бен Мұхаммед бен Хұсейн Хұсейни Хатиби Бекри Балхи. Моулавидың лақап аттары оның өлеңдерінен алынған.

"Мәснәуи-е мәнәуи" деген атпен танымал "Мәснәуи" – парсытілді ақын Моулавидың өлең кітабының атауы. Кітап 26000 бәйіт, 6 дәптерден тұрады. Ол көне парсы сопылық әдебиеттің және Исламнан кейінгі парсы хикметінің үздік үлгілерінің бірі. Кітапта 424 әңгіме "мәснәуи" өлең қалыбында аллегория түрінде жырланған.  "Мәснәуи-е мәнәуидің" бірінші дәптерінің алғашқы бәйіті "Нейнама" деген атпен танымал. Онда 6 дәптердің аннотациясы жазылған.  

"Диван-е Шәмс" немесе "Диван-е кәбир" өлеңдер жинағы ғазалдар, рубаилар мен тарджилерден тұрады.  "Диван-е Шәмс" кітабы Моулана әулетінің дәстүрінде және Моулана қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде "Диван-е кәбир" деген атаумен танылған. Бірақ "Диван-е Шәмс" немесе "Куллиат-е Шәмс" деген атаулар кітапқа кейінгі кезеңдерде берілген. Өйткені Моулана ғазалдардың басым көбін Шәмседдин Тебризиге арнаған.

"Моулананың мақалалары" деп аталған "Фиһ-е мафиһ" кітабы парсы тілінде проза қалыбында жазылған. Онда сопылыққа сын мен түсінік берілген. Онда Моулананың 30 жыл бойы түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінің конспектілері жинақталған. Сопылық, дін мен ақлақ тақырыптарына арналған сөздері оның шәкірттері тарапынан жазылып алынған.  

"Маджалес-е сабее" (Жеті құтпа) – Моулананың прозалық еңбектерінің бірі. Онда Моулананың уағыздары, міндерде айтқан ақыл-кеңестері баяндалған. Моулави "Маджалес-е сабее" еңбегінде құтпагер ретінде әрекет еткен. Сөзінің басында Құраннан аят келтіріп, сосын аятты тәпсірлеп, Алла елшісінен (с.ғ.с.) хадис айтып, оны өлең немесе қиссамен әрлеген.

"Мактубат" (Макатиб) – Моуланадан қалған 150 хат жинағы. Хаттардың көбінің мазмұны материалдық дүниеге арналған. Әртүрлі әмір мен уәзірге халықтың қиыншылықтарын жойып, тұрмысын жақсартуды ұмытпасын деп кеңес берген. Бұл хаттарда біз оның прозалық тілімен танысамыз. Олар Селжұқтар тарихын зерттеу және Моулананың рухын оның халық және билеушілермен байланысы тұрғысынан тану үшін өте құнды.

Айта кету керек, Жаһандық жады бағдарламасы 1992 жылы UNESCO тарапынан деректі мұраны сақтау жағдайын жақсарту және оларды қолжетімді ету мақсатында ашылды. 1997 жылы жаһандық құндылыққа ие деректі мұралар жайлы қоғамның хабардарлығын арттыру үшін оларды Жаһандық жады бағдарламасына тіркеу басталды.

Осы үш жинақ тіркелгеннен кейін Иранның Жаһандық жады бағдарламасына тіркелген еңбектер саны 13-ке жетті. Осыған дейін 10 еңбек ЮНЕСКО-ның Жаһандық жады бағдарламасына Иранның атымен тіркелген болатын. Олар мыналар: Фердоусидың "Байсұңқар Шахнамасы", Раба Рашидидің "Вакфнамасы", Құдс-е Разави облысының әкімшілік құрылымына қатысты құжаттар жинағы, Әбу Райхан Бирунидің "әл-Тафхимі", Низамидің "Хамсасы" (Пәндж гәндж), Қаджарлар дәуіріндегі карталардың таңдамалы жинағы, Исмаил Джурджанидың "Захире-е Хорезмшахи", Естахридың "Масалек ул-Мамалекі", Сағдидың "Куллиаты" және "Джаваме ут-Тауарих" еңбегі.