Нау 31, 2024 20:19 Asia/Almaty
  • Наурыз ирандықтармен бірге (6)

"Наурыз ирандықтармен бірге" атты бағдарламамызда Иранның Хорасан аймағына барып, елдің шығыс жұртының Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Наурыз мейрамының алтыншы күні. Бүгін біз Иранның Хорасан аймағына қонаққа барып, хорасандықтардың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Қазіргі таңда Хорасан көбіне шиіттердің сегізінші имамы хазірет Резаның (ғ.с.) қабірі орналасқан Мешхедтің діни атағымен танымал болса да, бұл   аймақ Ислам келгенге дейін Ұлы Хорасан деп аталатын тарихы терең өлке болған. Бұл аймақ қазіргі Хорасаннан әлдеқайда үлкен. Оған қазіргі бірнеше елдің территориясы кіріп жатқан. Үлкен Хорасан аумағына Иранның Солтүстік Хорасан, Хорасан-е Разави және Оңтүстік Хорасан облыстары, Ауғанстанның солтүстігі мен батысындағы жерлеп, Түркіменстан территориясы және тіпті  Өзбекстан мен Тәжікстанның бөліктері кірген.

Хорасан "Күн жері" деген мағына береді. Сасанилер кезінде Хорасан атауы шығыс жерлерді белгілеу үшін қолданылған. Бағзы заманнан бері Үлкен Хорасан халқы парсы тілінің дәри диалектісінде сөйлейді. Басқа тілдер түрлі аудандарында кең таралған. Мысалы, хорасандық түрік тілі, керманджи күрд тілі, түрікмен тілі, парсы тілінің бұқаралық, нишапурлық және хазарлық және гераттық диалектілері.

Хорасан халқының мәдениеті музыкамен біте қайнасқан. Бұл өлкенің музыкасы – бүгінге дейін сақталған аймақтық және халықтық музыкалардың ең тұрақтысы. Хорасанның әр қаласы мен ауданынан сіз ең жақсы жергілікті әндер мен күйлерді таба аласыз. Осы аймақтың бүгінгі әртістерінің көпшілігі әлем халықтары мен әртүрлі тыңдаушыларды құлаққа айрықша жағымды музыка туралы көбірек хабардар етуге тырысады. Наурызда Хорасан музыкасын тыңдау ерекше ләззат сыйлайды. Хорасанның әртүрлі этникалық топтарының әдет-ғұрыптары туралы айтпас бұрын Хорасан музыкасының әсем үніне құлақ түрейік.

 

Ирандық Наурыздың ең маңызды рәміздерінің бірі – "Һәфт син" дастарханы. Бұл әдемі де түрлі-түсті дастарханда негізгі жеті ерекше тағамнан бөлек, басқа да түрлі тағамдар қойылады. Негізінен әртүрлі ирандық этникалық топтардың әйелдері оларды жаңа жыл алдында дайындайды. Көп күш жұмсалып дайындалатын дәмді тағамдардың бірі – сәмәну. Ол Иранның көптеген өңірлерінде Наурыз мейрамына дейін ерекше әдет-ғұрыптармен дайындалады. Наурызға 40-50 күн қалғанда Хорасанның еңбекқор әйелдері жаңбыр суын толтыру үшін ауланың ортасына немесе шатырға ыдыстар қояды. Сосын жұқа ақ шүберекке бидай салып, көктеп шыққанша жаңбыр суына салады. Содан кейін бидай дәндерін ұнтақтап, кәдімгі ұнмен араластырады. Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда ұнға құрма шырыны, раушан суы, бадам сияқты ингредиенттерді араластырып, жақсы ниетпен мыс қазанды отқа қойып пісіреді. Сәмәну дайын болғаннан кейін оның бір бөлігін "Һәфт син" дастарханына қоюға және Наурыз қонақтарын күтуге сақтайды. Қалғанын көршілері мен туыстарына бөліп береді.

Басқа ирандықтар сияқты хорасандықтарда да жаңа жылды қарсы алуға қатысты ерекше рәсімдер бар. Оңтүстік Хорасан тұрғындарының Наурыз мейрамына дейін орындалатын ерекше әдет-ғұрыптарының бірі – «Шах Молай» салты. Бұл әдет бойынша Наурыз мейрамына бірнеше күн қалғанда жергілікті қамқоршылар жақсы да ауқатты адамдардан қаражат алып, мұқтаж жандардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін керек-жарақ сатып алады.

Оңтүстік Хорасан халқының көктем мен Наурызды қарсы алу рәсімінің тағы бірі – Ханабандан (қынамен бояу). Иранның осы өңірінің халқы, негізінен әйелдер Наурызды шаштары мен саусақтарын қынамен бояп қарсы алады.

Оңтүстік Хорасан халқының сенімінше, қынамен бояу – діни рәсім. Ол адамдарды қуантып, жасартып, шаттық сыйлайды. Наурыз күні көңілді болу керек болғандықтан, қына жағылады.

 

Хорасандық отбасылардың көпшілігінің әдемі және танымал дәстүріне негізделген Хорасан облысы мен Мешхед қаласында өтетін ең ерекше Наурыз рәсімдерінің бірі – шиіттердің сегізінші имамы хазірет Резаның (ғ.с.) қасиетті кесенесіне жиналып, Жаңа жылды қарсы алу. Сөйтіп Жаңа жылды шиіттердің сегізінші имамының кесенесінде сырнай мен барабан күйін тыңдаумен өткізеді. Хорасан халқы, әсіресе Мешхед халқында имам Реза (ғ.) кесенесінде Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін үйге қайту үшін де арнайы рәсім бар. Олар жол бойы үйдің берекесі ретінде тағамдық шөптер мен нан алады.

Хорасан-е Разави халқы арасында жиі кездесетін Наурыздың тағы бір әдеті – «Джушваре» деп аталатын ерекше көже әзірлеу. Көп күш пен уақытты қажет ететін бұл сорпаны дайындау үшін бұл өңірдің әйелдері алдымен бидай ұнынан жасалған қамырды жаяды. Сосын пияз, алдын ала пісіріліп езілген жасымық пен ноқат және дәмдеуіш қосылған салманы қамырдың арасына салып түйеді. Кейбіреулер ет пен жаңғақ та қосады. Қамыр тіліндісін үшбұрыш немесе тіктөртбұрыш қалыбында түйіп, ашылып кетпесін деп қатты қысады. Содан кейін оны қайнаған суға салып пісіреді. Соңында сорпа қайнағаннан кейін оған біраз үгітілген құрт қосады. Олар оны жаңа жылдың бірінші күніндегі түскі асқа қояды, бұл әдетте отбасылық жиналыстармен байланысты. Бұл Жаңа жылдың алғашқы күндерінде сергектік пен ынтымақтастықты сезіну және жылдың соңғы күніне дейін көңілді күйде уақыт өткізу үшін жасалады.

Наурызда Хорасан халқы арасында ерекше орын алатын тағы бір рәсім – нан пісіру/нан жабу. Хорасандық отбасыларда, әсіресе ауылдарда, жаңа жылға екі-үш күн қалғанда үйде көп нан пісіру дәстүрі бар. Өйткені олар жаңа жылда адамның өмірінде береке, шаңырағында молшылық болуы үшін әр үйдің дастарханы нанға толы болуы керек деп есептейді. Хорасандық әйелдер Наурыз мейрамының алдында он үш күнге нан мен жергілікті тәттілердің барлық түрлерін пісіреді. Бұл күндері нанды сырттан сатып алуға болмайды деп есептейді.

 

Хорасандықтар арасында Наурыздың бірінші күні басқа ирандықтар сияқты үлкендерге сәлемдесіп, зиярат етуден және үлкендердің қолдарын сүюден басталады. Жиынға қатысушылар жақындарымен бірге бір-бірінің саулығын тілеп, марқұмдардың кешірілуін сұрап дұға етіп, сосын бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтап, жергілікті тоқаштан дәм ауыз тиеді. Хорасанның кейбір аймақтарында қариялар әлі күнге дейін ескі дәстүр бойынша кішілерге қуырылған бидай, ноқат, мейіз, түрлі-түсті жұмыртқа және тиын қосылған тәтті табақтарды сыйға тартады.

Бибигярди – Оңтүстік Хорасандағы «Қаенат» қаласының әртүрлі аудандарында Наурыз мейрамында орындалатын өзгеше рәсім. Бұл рәсім 12 фарвардинде ескі аңыздардың бірі негізінде орындалады. Бибі атанған егде жастағы әйелдерді ауыл сыртына қыдыруға апарады. Бибі шикі кірпіш алып, оның бетіне балшық жағады. Жас әйелдер мен қыздар  ағаш таяқша мен мақтадан майшам жасап, балшықтың үстіне қойып жағады. Содан кейін ол кірпішті басынан жоғары ұстап, бірінші болып жүреді. Әйелдер мен қыздар шаттанып-қуанып оның артынан жүріп отырып ауылдан шығады. Олар қаннат-жер асты су көзі немесе құдық басына жиналып, кірпішті құдыққа тастайды. Мұңдарын құдыққа төгіп, жаңа жылды бақытпен, қуанышпен, денсаулықпен бастаймыз деп сенеді.

Осымен бағдарламамыз аяқталды. Аман-сау болыңыздар!

Тегтер