Құдс – илаһи діндердің бесігі (2)
Бұл бағдарламада Бейт ул-Мұқаддастың мұсылмандар үшін маңыздылығы, бұл қаланың мұсылмандардың қолына өтуі және мұсылмандар салған ғимараттарға тоқталамыз.
Дональд Трамптың Бейт ул-Мұқаддасты Израиль режимінің астанасы ретінде ресми түрде тану әрекеті илаһи діндер, әсіресе мұсылмандар үшін киелі болып табылатын бұл қаланың атауының тағы да әлемнің басты жаңалықтарының тақырыптарынан көрінуіне себеп болды. Өткен бағдарламада бұл мешіттің мұсылмандар арасындағы орны мен Алла елшісі Мұхаммадтың (ғ.с.) әл-Ақса мешітінен миғраж жасауы туралы айттық. Бұл жайында Исра сүресінің бірінші аятында былай деп айтылады: «Құлың (Мұхаммед (ғ.с.)-ды) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Месжід Ақсаға апарған Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші. (Мұхаммед Ғ.С. бір түні Жебірейіл Ғ.С. арқылы Бұраққа мінгізіліп, Месжід Харамнан Месжід Ақсаға апарылып, ол арадан да көкке шығарылып, бір демде адам баласының өлшеулі сезімінен тыс дәрежеге ие болып қайтқан “Миғраж” уақиғасы)»
Құранның ұлы тәпсіршісі ғұлама Табатабаии осы аят туралы: ««Баракна Хауляху» сөйлемінің мағынасы мынаны білдіреді: Әл-Ақса мешіті өзі киелі мекен болуымен қатар, оның төңірегіндегі жерлер де қасиетті. Бұл оның географиялық ерекшеліктеріне меңзеуі мүмкін. Себебі, Бейт-ул-Мұқаддастың жері құнарлы. Онда жемісті ағаштар өсіп, сылдырап бұлақтар ағып жатады әрі өзіндік әдеміліктерге ие. Сондай-ақ, бұл сөйлем Бейт-ул-Мұқаддастың рухани ерекшеліктеріне де меңзеуі мүмкін. Өйткені, Құдс жерлері тарих бойында ұлы илаһи пайғамбарлардың шыққан жері әрі тақуалық пен таухид нұры тараған ошақ болды. Осы илаһи әрі рухани сапар туралы айтатын келесі бір жайт, пайғамбардың (ғ.с.) жолы Исламның орталығы Меккеден басталып, бірқұдайлық діндердің орталығы Бейт ул-Мұқаддаста аяқталады. Сейіт Құтб айтып өткендей, «Исра» сүресі барлық таухидтік діндерді Ибрахим мен Исмаилдан бастап, соңғы пайғамбар Мұхаммадқа (ғс.ғ.с.) дейін, барлығын бір-бірімен байланыстырып, таухидтік діндердің киелі мекендерін бір жерге шоғырландырды. Соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) өзінің осы сапарымен үндеуінің бұрынғы пайғамбарлардың үндеуімен бір әрі сол пайғамбарлардың жолын жалғастыратынын жолдаған тәрізді» деді.
Пайғамбардың ұрпағы әрі шиіттердің алтыншы жетекшісі имам Садық (ғ.с.) миғраж туралы: «Алла елшісін (с.ғ.с.) миғраж барысында Бейт ул-Мұқаддасқа апаратын кезде Жебірейіл (ғ.с.) оны пыраққа отырғызып, осы қасиетті қалаға алып келді. Жебірейіл хазіретке ұлы пайғамбарлардың михрабтарын көрсеткеннен кейін Мұхаммад (с.ғ.с.) пайғамбар сол жерде намаз оқыды» дейді. Осы киелі қаланың маңыздылығы мен оның Исламдағы орнына байланысты мұсылмандар әрдайым осы қалаға құрметпен қарап, оны Мекке мен Мединеден кейін Исламның үшінші киелі қаласы деп атады. Хиджра жыл санағы бойынша 15 жылы мұсылмандар Шамда жеңіске жеткеннен кейін, Бейт ул-Мұқаддас қаласына бет бұрады. Олар төрт ай бойы осы қаланы қоршауда ұстап, қаланы қантөгіссіз өз бақылауына алу үшін көпеген қиындықтарды бастан өткерді. Римдықтардың көмегінен үміт үзген қала басшылары мен біліксіз басшылардан шаршаған қала тұрғындары қаланы мұсылмандардың халифатына өтуі туралы ұсыныс жасайды. Мұсылмандар да олардың шарттарын қабылдап, екінші халифаға Бейт ул-Мұқаддасты қабылдап алу үшін сол жерге келу қажеттігі туралы хабар береді. Ол да мүмінердің әміршісі Әли (ғ.с.) мен Мединенің көрнекті тұлғаларының кеңесімен Бейт ул-Мұқаддасқа келіп, епископтар және дін басшыларымен кездескеннен кейін қауіпсіздік туралы кепілдік хат жазып, Бейт ул-Мұқаддасты ресми түрде қабылдап алды. Исламға дейінгі кезеңдерде қиратылған қалада абадтандыру жұмыстары жүргізілді.
Бейт ул-Мұқаддас қаласының басты діни ғимараттарының бірі – қаланың шығыс бөлігінде, есігі мұсылмандардың құбыласы Меккеге қарап тұрған әл-Ақса мешіті. Бұл мешіт Исламға дейінгі дәуірде бүгінгі қалыпта болған жоқ. Жартастағы күмбез және тағы басқа нысаналарды қамтыған қасиетті мекеннің барлық жері әл-Ақса мешіті деп аталды. Алайда бұл атаумен бүгін қасиетті мекеннің оңтүстігінде орналасқан үлкен мешіт қана аталады. Әл-Ақса мешітінің жаңа ғимаратының құрылысы қамари жыл санағы бойынша 74 жылы Абдулмалик бин Марванның талпынысымен басталып, Валид бин Абдолмаликтің билігінің алғашқы жылы аяқталды. Мешіттің ұзындығы 80 метр, ені 55 метр, жалпы аумағы 4400 шаршы метрді құрайды. Гюстав Лебон «Ислам және араб өркениеті» атты еңбегінде: «Әл-Ақса мешіті – адам баласы салған ғажайып әрі маңызды ғимараттардың бірі. Оның әсімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» деп жазды. Жартастағы күмбез – Құдс Шәріптегі исламдық туындылардың келесі бірі. Пайғамбардың с.ғ.с.) миғражы дәл осы жерден басталды. Оның ұзындығы 70,17 метр, ені 50,13 метр, биіктігі 50,1 метрді құрайды. Бұл құрылыс қамари жыл санағы бойынша 72 және 78 жылдары Абдулмалик бин Марван тарапынан екі рет жөнделіп, толықтырылды. Жартастағы күмбез әл-Ақса мешітінен 500 метр қашықтықта орналасқан. Еуропалық ғалымдардың бірі: «Мен Үндістан мен Еуроада көптеген ескерткіштер мен ғимараттарды көрдім. Бірақ Жартастағы күмбезден әдемі ғимарат көрмедім» деді.
Осы екі ғимаратпен қатар, Бейт ул-Мұқаддаста мешіттер, медреселер мен мұсылмандардың көптеген діни ескерткіштері сияқты діни және мәдени ғимараттар бар. Бұл құрылыстар мұсылмандардың өткен ғасырардағы дамыған өркениеті мен ұлылығын паш етеді.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) көмекшілерінің ұжымдық кесенесі әрі 36 мешіттің болуы, соның ішінде, Бейт ул-Мұқаддастағы мұсылмандардың алғашқы соты Бин Самет Ансаридің қабірі, Фатеми ауруханасы,Салахи ауруханасы, әл-Миғраж күмбезі, Нахвие медресесі, Бейт ул-Мұқаддас қамалы, Шаалан сакаханасы, Дар ул-Хадис, Дәуіт михрабы, Саламие медресесі, Шипа хаммамы мен мұсылмандардан қалған тағы басқа ондаған тарихи ескерткіштер мұсылмандардың осы қаладағы билігі кезіндегі достық мәдениеті мен іс-шараларының куәсі болып табылады.
Бейт ул-Мұқаддас хиджра жыл санағы бойынша бесінші ғасырдың соңына дейін мұсылмандардың қолында болды. Кейбір мұсылман билеушілердің біліксіздігі мен мұсылмандар арасындағы келіспеушіліктер Ислам дұшпандарының позициясының нығаюына себеп болды. Қамари жыл санағы бойынша 490 жылы кресшілдер Еуропаның жер-жерінен үлкен қол жинап, Бейт ул-Мұқаддасқа ауқымды түрде шабуыл жасай бастады. Олар ең рақымсыз тәсілдерді пайдалана отырып, Бейт ул-Мұқаддасты басып алды. Олар қасиетті мекеннің өзінде ғана жүз мың мұсылманды өлтірді. Бейт ул-Мұқаддас пен әл-Ақса мешіті кресшілдердің қолында болған 91 жылда бұл мешіт қирай бастады. Қамари жыл санағы бойынша 583 жылдың ережеп айының он жетінші жұлдызында Салахаддин Аюби осы қасиетті қаланы азат етті. Ол қаланы алғаннан кейін, әл-Ақса мешітінде құтпа оқып, ол жерді тазалап, жөндегеннен кейін раушан суымен жуып, Шамнан әдемі мінбер алдыртты.