Қаң 16, 2017 16:30 Asia/Almaty
  • Кәрі отарлаушы Парсы шығанағына қайтып оралды (1)

Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй осыдан біраз бұрын Манамада өткен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысып, осы елдің Парсы шығанағында болуының жаңа тарауы басталғанын айтты. Ортағасырлық кәрі отарлаушының қайта келгенінің жариялануы Иранға қарсы сөздерден басталды.

Ұлыбритания екі ғасыр бойы Парсы шығанағы аймағында болып, іріткі салу саясаттары арқылы бұл аймақта тынышсыздық, соғыс, шекаралық қайшылықтар мен мәжбүрлі бөліністердің артуына себеп болды. 16-17 ғасырларда пайда болған Ұлыбританияның монархиялық билігі 20 ғасырдың басына дейін жалғасын тапты. Бұл ел өзінің алтын дәуірінде тарихтағы ең ірі империяға айналды. Ұлыбритания үкіметінің отарында болған аймақтардың ауданы 1922 жылы 33 млн шаршы шақырымнан асатын, ал империядағы тұрғындар саны 450 млн-нан астам адамға жеткен. Осылайша Ұлыбритания империясы Жер планетасындағы құрлықтың төрттен бір бөлігінен астамын қамтып, сол замандағы әлем тұрғындарының төрттен біріне үстемдік еткен. Көне де танымал сипаттама бойынша, күн Ұлыбритания империясында батпайтын. «Жік сал да, билей бер» – британдық билеушілердің әлемнің әртүрлі аймақтарын отарлау тәсілінің негізі болған. Олар басында сауда-саттық және христиан миссионерлері арқылы әртүрлі елдерге келіп, сарай маңындағыларға әсер етіп, биліктегі әртүрлі фракциялар арасында қайшылық тудырып, содан соң өздеріне қарасты саясаткерлерге саяси билікке қол жеткізу жолында қолдау көрсетіп, ақырында Ұлыбританияның индустриясын қарқындату үшін сол елді отарлап отырған.

Ұлыбритания осы тәсілмен көптеген елдерді отарлап, Азияның батысындағы бірқатар елдерді өз үстемдігі мен ықпалына алды. Ұлыбритания Иранды толық жаулап алмаса да, өткен екі ғасырдың ішінде Иранның мүдделері, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына соққы беру үшін ешбір шарадан бас тартпады. Бір зерттеушінің жазуынша, британдықтар өткен 150 жылдың ішінде Иранға қатысты 5 мыңнан астам кітап жазған.  Солардың барлығында британдық мемлекет қайраткерлеріне Иранның мүдделері мен аумақтық тұтастығына қарсы кеңестер берілген.

Қазіргі таңда әлем 21 ғасырдың екінші онжылдығының соңғы жылдарын өткеруде. Ал мына кәрі отаршыл ел 21 ғасырдағы ойлардың қалыбында өзінің бұрынғы мақсаттарын көздеп отыр. Ұлыбритания саясатының мәні баяғы «жік сал да, билей берге» саяды. Сондықтан Ұлыбританияның Премьер-министрі өз мақсатына жету үшін Иранды аймақтың ісіне араласады деп айыптайды.

 «Рай әл-Яум» трансаймақтық газеті өзінің бір сараптамасында: «Тереза Мэйдің Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне жақындығы және оның Иранға қарсы ашық сөздері Ұлыбританияның Парсы шығанағындағы бұрынғы орнына қайта оралу үстінде екенін білдіреді»,-деп жазған. Бір қарағанда Ұлыбритания Премьер-министрінің бұл сөздері мен осы кәрі отарлаушының Парсы шығанағы аймағына қайта келгенін жариялауын бөгде елдердің Парсы шығанағы маңындағы араб елдеріне қару-жарақ сатуға қатысты баяғы бақталастығы деп бағалауға болады. Алайда мынадай бір айырмашылық бар: осы жолы Ұлыбритания Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесін «стратегиялық серіктес» деп сипаттап, осы кеңеспен саясат, қорғаныс, қауіпсіздік және сауда салаларындағы қарым-қатынастарын нығайтуды қалайды.

Ұлыбритания Премьер-министрі Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесімен жаңа қатынасы туралы сипаттамасында: «Бұл қарым-қатынастар аймақтық мәселелерге қатысты ұжымдық тәсілдердің қалыптасуына септігін тигізеді»,-деді. Алайда осы стратегиялық серіктестіктің барлық мақсаттары екіжақты әскери әріптестікті нығайту мен Ұлыбританияның Парсы шығанағы аймағында болуын ғана қамтиды. Ұлыбритания Бахрейнде жаңа теңіз базасын салып жатыр, сондай-ақ, Парсы шығанағы  аймағындағы  өзінің бұрынғы саясаттарына қайта оралу және аймақтағы өзінің әскерін нығайту үшін ұзақ мерзімді бағдарламаны қабылдады. Ұлыбритания аймаққа бұрынғысынша өткен дәуірлердің терезесінен қарап, қару-жарақ нарықтарының тамырын қолына алу үшін Парсы шығанағы маңындағы араб елдерінің, әсіресе Сауд Арабиясының сатып алатындығына ерекше иек артып отыр.

Парсы шығанағы маңындағы араб елдері отыз жылдан астам уақыт бойы қару-жарақ жасайтын ірі компаниялардың өз өнімдерін сататын үлкен нарығы  саналған. Қару-жарақ жасаушы картельдер Парсы шығанағындағы арабтың шейхтерінен алатын миллиардтаған табыстарға әдеттенген. Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше мұнайға бай араб елдері қару-жарақ жасаушы картельдердің алдына түрлі-түсті дастархан жайып салды. Қауіпсіздік салаларына ықпал ету, Парсы шығанағындағы басты стратегиялық базалардың қаржысын қамтамасыз ету, Парсы шығанағы маңындағы елдермен әскери келісімдерді қорытындылау Ұлыбритания мен АҚШ-тың Парсы шығанағы маңындағы араб елдеріне берген стратегиялық  кеңестерінің бірі болып табылады.

Өткен қырық жылдың ішінде АҚШ Азияның батысында ауқымды араласушылық жасап,  гуманитарлық істер доктринасы аясында барлық саяси-экономикалық және әскери тетіктерді пайдаланды.

АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Уильям Роджерс 1971 жылдың наурыз айының жиырма алтысы күні Парсы шығанағының маңыздылығы туралы берген есебінде: «Арабстан түбегі, Ирак мен Иран әлемде мұнайдың анықталған қорының үштен екісін иеленеді. Қолайлы саяси-экономикалық жағдайда осы мұнайды қолдану Атлантикалық одақтағы АҚШ-тың одақтас елдері мен басқа еуропалық елдер және Жапония үшін маңызды»,-деп жазды.  

Осы негізде Ұлыбритания мен АҚШ екі араласушы күш ретінде әлемнің маңызды да стратегиялық аймақтарын, соның ішінде Таяу Шығыс аймағын өздерінің стратегиялық мүдделері шоғырланған жер және ықпал аймағы деп санап, бір тарихи бөліністе осы аймақта әскери араласушылық стратегиясын көздейді. Сауал мынада: Ұлыбританияның саясаты АҚШ саясаттарының орнын алмастырып жатыр ма? Немесе Ұлыбританияда да ойластырылған бағдарлама аясында аймақ бойынша қару-жарақ сатуға назар аударылып отыр ма?

Картердің заманындағы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Збигнев Бзежинский «Билік және принциптер» кітабында осы жөнінде: «Картердің АҚШ Конгресіне берген соңғы жылдық есебінде АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Парсы шығанағындағы жаңа саясатының негізі айқындалған, бұл саясат оның орынбасары Рейган тарапынан да қабылданды»,-деп жазған.

Осы саясат негізінде  Ұлыбритания Парсы шығанағы аймағынан шыққан соң АҚШ осы стратегиялық аймаққа әскер орналастыру арқылы онымен байланыс орнатты. Басқаша айтқанда, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі Парсы шығанағы сияқты қуат көздеріне бай аймақтың қауіпсіздігімен тығыз байланысты.

Шын мәнінде АҚШ-тың қазір аймақтың қауіпсіздігіне қатысты ұсынатын  бейнесі бұл елдің аймақтағы мүдделері аясында көздеген өзгерістерге байланысты. Осы негізде АҚШ  өткен онжылдықтың ішінде тактикалық саясаттарды ұстанып келді. Бұл саясаттың бір бөлігі Обама президенттігінің бірінші кезеңінде «өзгеріс саясаты» деп аталды. Бүгінде Обаманың президенттік кезеңі аяқталды, ал АҚШ-тың жаңа Президенті ретіндегі Трамптың осыған қатысты саясаты әлі анық емес. Бірақ кейбір айғақтар мен сөздер осы саясаттарда өзгерістердің болғанын көрсетеді. Сондықтан Ұлыбритания мен АҚШ-тың аймақтағы стратегиясын түсіну және сараптама жасауда әлемдік және аймақтық өзгерістерді, осы екі ойыншының аймақтың болашағына қатысты тәсілдері мен құралдарын және көзқарастарын ескеру қажет.  

Жалпы АҚШ пен Ұлыбританияның соңғы қырық жылдағы қауіпсіздік доктринасын сараптау барлық доктриналардың аталмыш екі елдің араласушы саясаттарының тізбегін құрайтынын көрсетеді. Шамамен барлық доктриналардан, әсіресе Труменнен бастап Барак Обамаға дейінгі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі доктриналарынан осы сабақтастықты байқауға болады. Басқаша айтқанда бұл доктриналар кейінгі саясаткерлердің сырттай позиция ұстанғанына қарамастан, ақырында бұрын белгіленген мақсаттар жолында ілгерілейді.

Қазіргі таңда Ұлыбритания мен АҚШ-тың Парсы шығанағы аймағында болуды жалғастыру үшін қолданып жатқан саясаты өз елдерінде қатты сыналса да,  сырттай қарағанда басқа, бірақ бұрынғы доктриналарға негізделген. Осылайша Ұлыбритания мен АҚШ-тың Парсы шығанағының ішкі ісіне араласушылық стратегиялары арасында көптеген белгілер бар. Олардың мақсаттарының әлі де өткен замандардағы тақырыптар мен ұғымдарға негізделгенін көрсетеді. Ұлыбританияның Иранға көзқарасы мен саясаты да осы тәсілді ұстанады.

Шын мәнінде қару-жарақтарды аймақтағы араб елдеріне сату және Ұлыбритания мен АҚШ-тың аймақта әскер орналастыруын арттырудың мақсаты аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауда ықпалды ойыншы ретіндегі Иранның қорғаныстық қабілетін түйткілге ұшырату болып отыр. Өйткені Иран бөгделердің қатысуынсыз аймақта қауіпсіздік саласында интеграция жасауды көздейді. Ұлыбритания мен АҚШ-тың бұл стратегиясы қазіргі кезде Иранға қарсы тікелей  қауіп саналмас, алайда ұзақ мерзімде Иранның айналасындағы елдердің қауіпсіздік жағдайына қатер төндіретін арандатушы фактор ретінде әрекет ететін болады. Бұл тәсіл қазіргі таңда Ұлыбритания мен АҚШ-тың аймақтағы ортақ саясаттарымен үйлесім тапқан. Мұнымен қоса, аймақтағы араб елдерінің  қару-жарақ сатып алу үдерісі америкалықтар мен британдықтардың аймаққа сапарлары барысында беретін кеңестері қалыбында бір ұйымдастырылған стратегияның барын көрсетеді. Бұл тақырып Манамадағы соңғы отырыста Ұлыбритания мен АҚШ-тың әскери қайраткерлері тарапынан Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің мүшелеріне кеңес ретінде айтылды. Сауд Арабиясының дипломатиялық жолмен Оманды Йеменге қарсы саудиялық коалицияға қосуға талпынуы Ұлыбритания тарапынан ұйымдастырылған үдерістің бір бөлігі болып табылады. Саудиялықтардың көзқарасынша бұл үдеріс Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің гегемониясын шындыққа айналдырады.    

Тегтер