Ислам революциясының жетекшісі: Дұшпанға қатаң түрде қарсы тұрамыз
Ислам революциясының жетекшісі Систан мен Белуджистан және Оңтүстік Хорасан облыстарының мыңдаған тұрғынымен кездесуінде: "Дұшпан бірлік пен қауіпсіздікті өз шабуылының нысанасына алып отыр. Бұған қарсы тұру керек",-деп баса айтты.
Аятолла Хаменеи осы кездесуде сөйлеген сөзінде ірі жаһандық өзгерістер кезінде ұлттар мен елдердің жауапты басшыларына толық әрі бірнеше есе көп қамқорлық жасау керегін айтты.
Аятолла Хаменеи Ұлыбританияның 18 ғасырда Азияның маңызды аймақтары, соның ішінде Үнді түбегін отарлауы және батыстықтардың Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Азияның ауқымды бөлігін басып алуын осы аймақ халықтары мен мемлекеттерінің қапыда қалып, қалың ұйқыда жатуының салдары деп атап: "Отаршылдардың жыртқыш билігінен құтылу үшін аталған аймақтардағы халықтар кейін көп зардап шекті. Біз жаумен күресте өте байсалдымыз",-деді.
Аятолла Хаменеи қазіргі әлемнің өзгеріс алдында және кейбір қырдан трансформациялану үстінде екеніне тоқталып, отаршыл державалардың әлсіреуі және аймақ пен әлемде жаңа құдіреттердің пайда болуын осы ұлы өзгерістің екі ерекшелігі деп атады.
Аятолла Хаменеи Батыстың кейбір ақпарат құралдарының сөздеріне тоқталып, АҚШ күш-қуатының көрсеткіштері, әсіресе экономика саласындағы көрсеткіштері төмендеу үстінде деп айтып: "АҚШ-тың басқа елдерді өзгертуге бағытталған күш-қуаты да айтарлықтай төмендеді",-деді.
Ислам революциясының жетекшісі Сириядағы сәтсіздік және Ауғанстаннан қорлықпен қашуды АҚШ күш-қуатының төмендегенінің екі айқын дәлелі деп атап: "Басқа үстемшілдер де осындай жағдайға душар болды. Африканың түрлі елдерінде бұрынғы отаршыл ел Францияға қарсы көтерілістер болып жатыр. Халық бұл көтерілістерді қолдап отыр",-деді.
Ислам революциясының жетекшісі: "Әрине дұшпан әлсіреп бара жатыр деген сөз ол айла қолданып, сұрқия жоспар құрып, соққы беруге қауқарсыз деген сөз емес. Сондықтан біз, яғни әрбір адам және жауапты басшылар әрдайым қырағы болуымыз керек",-деді.
Аятолла Хаменеи АҚШ-тың тек Иранға қарсы жоспар құрып отырмағанын айтып: "Қазіргі таңда АҚШ-тың аймақта Ирак, Сирия, Ливан, Йемен, Ауғанстан мен тіпті өздерінің байырғы дәстүрлі достары саналатын Парсы шығанағы елдеріне қатысты жоспарлары бар",-деді.
Аятолла Хаменеи АҚШ-тың жоспарын түсіндіре келіп: "Біздің барлау қызметіміздің мағлұматтары көрсеткендей, АҚШ үкіметі Иран сияқты елдерде дағдарыс тудыру үшін арнайы топ құрды. Оның мақсаты – дағдарысқа әкеліп соқтыратын тұстарды анықтап, арандату",-деді.
Ислам революциясының жетекшісі: "Олардың ойынша, этносаралық және дінаралық қайшылықтар мен айырмашылықтар, жыныс және әйел мәселесі Иранда дағдарыс тудыратын тұстар болып табылады. Олар осы мәселелерге әсер ету арқылы біздің елге соққы беруді қалайды. Бірақ түйе түсінде мақта тұқымын көреді дегендей, бұлай бола қоймас",-деді.
Аятолла Хаменеи барша адамды сөз бен істе толық сақ болып, дұшпанға жақтасудан бас тартуға шақырып: "Сөйлеген сөзіміз дұшпанның жоспарына сай болмауын қадағалайық, оның кестесін толтырмайық. Өйткені кейде адам өзі байқамай сөзі немесе ісімен дұшпанның кестесін толтырады. Бұл қауіпті",-деді.
Аятолла Хаменеи бірлікті түрлі ұлт пен мазхаб өкілдерінің бір-бірінің жанында тату тіршілік етіп, ұлттық мүдде талқыға түскен кезде саяси, діни, этностық және топтық қайшылықтардан бас тартуы деп атап: "Дұшпанға ұлттық бірлікті бұзуға жол бермеңіздер",-деді.
Аятолла Хаменеи баяндамасының соңында халықтың Арбағин рәсіміне жақсы қолдау көрсетіп қатысқанына тоқталып, Ирак үкіметі мен халқына Арбағин кезінде 22 млн зияратшыны қабылдап, қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты.