Ирандағы он күнім
2023 жылы 2-9 қарашада Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында HOMAM қайырымдылық қоры мен осы елдің Мәдени мұра ұйымының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сегіз күндік HOMAM 3-ші халықаралық фестивалі өтті.
Осы фестивальге шақыру алу мен үшін үлкен мәртебе болды. Қуаныш пен қобалжу сезімі қатар жүре жолға шыққан менің Иранға аяқ басқаннан-ақ қорқыныш сезімім бірден сейілді. Тегеран қаласы сондай әдемі, өзіндік архитектурасымен мені таңқалдырды.
Жалпы Иран халқы өте қонақжай екен. Ұйымдастырушылар тарапынан көрсетілген құрмет жоғарғы деңгейде болды.
Мен мұндай ұзақ фестивальға алғаш рет қатыстым. Сегіз күндік фестивальда мен көптеген мүмкіндігі шектеулі өнер адамдарымен таныстым. Олардың өнерге деген махаббатына, талпыныстарына тәнті болдым. Әртүрлі жанрдағы кескіндеме туындылары бірінен бірі асады. Ағаштан ойылып жасалған бұйымдар, соның ішінде тура бір ертегі кейпінде жасалған еліктердің нәзік бейнесін көріп таң қалдым. Көгілдір ақық тастармен көмкерілген жез ыдыстар мен сәндік үшін жасалған бұйымдар да тіптен әдемі. Темір табақтардың бетіне салынған өрнектер де керемет. Балалардың туындылары жүрекке жылулық сыйлады.
Жалпы Иран халқы ата-бабаларынан қалған қолөнер дәстүрін жақсы сақтап қана қоймай, сонымен қатар оны атадан балаға мұра етіп қалдырып келеді. Бұл жерде қандай маман иесі болса да, қосымша қолөнердің бірімен айналысады екен.
Көрмеге лауазымды тұлғалар келіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсеткеніне куә болдым.
Жабылу кешінде үздік деген туындылар жоғары бағаланып, көрмеге қатысушылар ақшалай сый-сыяпат және құнды заттармен марапатталды."Ең алыстан келген қонақ" деген атқа ие болған менде құр қол қайтпадым. Өз тарапымнан "Қазақ қолөнері" атты кітапты сыйға тарттым.
Он күн бірге тамақтанып, бірге уақыт өткізген өзім секілді жандармен қимай-қимай қоштастым. Арамызда мыңдаған километр болса да, мен бұл халықты сағынышпен және құрметпен еске алатын боламын.
Анар Бексұлтан
"Шебер шаңырақ" мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Жамбыл облысының маслихат депутаты
Тараз қаласының құрметті азаматы