Ұстаз, ғалым әрі ардагер – Уахит Хамзалұлы Шәлекенов
(last modified Mon, 01 Apr 2024 11:45:55 GMT )
Сәу 01, 2024 17:45 Asia/Almaty
  • Ұстаз, ғалым әрі ардагер – Уахит Хамзалұлы Шәлекенов

Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу мен қазақстандық патриотизмді нығайту міндеті қашанда өзекті мәселелер қатарында. Отанын сүйетін жастарды тәрбиелеу білім ордалары педагог-ұстаздарының негізгі міндеті болып табылатындығын да ерекше атап өтуге болады. Өйткені қашанда білім мен тәрбие егіз. Ал тәрбие негізі Отанды сүюге, ұлттық құндылықтарды бағалап, рухани кемелдікке ұмтылуға баулу болып табылады.

    Ұлы Отан соғысындағы жеңіс елімізге оңай жолмен келген жоқ. Ұлы Отан үшін қасық қанын аямай, ерлік танытып, бізге Жеңіс сыйлаған ардагерлерімізді ұлықтап, әрқашан олардың туған жерге деген ыстық махаббатарын үлгі-өнеге етіп, жасаған ерліктерін жастарға оқытып, патриоттық сезімдерін оятып,  ержүрек етіп қалыптастыру қажет. Өйткені жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу тәуелсіздігіміздің негізі екені анық.

    Бүгінгі таңда біздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 90 жылдық мерейлі тойында университетіміз бен Тарих факультетінің ғылыми және қоғамдық өмірінде маңызды қызмет атқарған ардагер ұстаз болған Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің 100 жылдығына орай оның зор еңбегін айтпай өту мүмкін емес.

Тарих факультетінде соғыс ардагері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов көптеген жылдар бойы еңбек етіп, жас буынға үлкен өнеге, ғылыми бағыт-бағдар беріп, рухани және патриоттық тәрбие берудің үлгісін қалыптастырды. Профессор У.Х.Шәлекеновтың өмірі мен ғылыми ұстаздық қызметі – жастар үшін үлгі-өнеге. Уақит Хамзаұлы Астрахан облысы, Қарабайлы ауданының Серікбай аулында 1924 жылы 12 мамырда жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылған Шәлекенов Қарақалпақстанға әпкесінің қолына көшіріледі, сондықтан саналы ғұмырының біраз бөлігі Қарақалпақстанда өтеді және сол жерден майданға аттанады. Ол 1942 жылы тамыз айында кеңестік Қызыл Армия қатарына алынған арда­гер Старый Оскол, Новый Оскол, Белгород және Харьков қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Қан майданның ыстығы мен суығына шыдап, майданда ауыр жараланып 1943 жылы елге оралды,  осылайша ғылым жолына түсті.  Майданда көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.

Соғыстан оралған У.Х. Шәлекенов 1944 жылы Қарақалпақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсті, ол  институтты  1948 жылы бітіріп, 1948-1950 жылдары Қарақалпақтық партия обкомында тарихшы болып жұмыс істеді. 1950 жылы У.Х. Шәлекенов КСРО ҒА Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнография Институтының күндізгі бөліміне аспирантураға түседі. 1954-1970 жылда­ры Өзбекстан ҒА Қарақалпақстан филиалын­да, 1971-1973 жылдары Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтында қызмет етеді. Осы жылдары жан-жақты жүргізген зерттеулерінің арқасында ғылым кандидаты, кейіннен ғылым докторы, профессор атақтарын иеленді.

      1973 жылы конкурспен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультеті археология және этнография кафедрасының меңгерушісі қызметіне сайланады, кейіннен та­рих факультетінің деканы, археология және эт­нология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарып, студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен сәтті ұштастырып келеді. Уахит Хамзаұлын «көне түрік өкениеттерін зерттеуші» ретінде көптеген елдердің ғалымдары таниды. Ол факультеттің, университеттің, жалпы археология мен этнология ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосқан қайраткер. 1974 жылы профессор У.Х.Шәлекнов ҚазМУ-дың жанынан алғаш рет «Университетінің тарих факультетінің археологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Осы экспедицияның нәтижесінде орта ғасырлардағы түркілердің ірі астанасы «Ақтөбеде» тарих факультетінің ірі археологиялық тұрақты базасын ашты. 1977-1985 жж. Тарих факультетінің деканы қызметін атқара жүріп, факультеттің өсіп-өркендеуіне де көп жағдай жасайды.

       Бүгінде тарихшы, археолог, этнолог, му­зеолог мамандарын дайындауда У.Х.Шәлекновтың еңбегінің үлесі зор екендігі белгілі. Ол 700-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер жазған. Олардың 40-тан астамы жеке ғылыми кітаптар. Түркілердің кешенді өркениетіне қатысты ғалымның «Құм басқан қала» (1992 ж.), «Түріктердің отырықшы өркениеті» (2003 ж.), «V-XIII ғасырлардағы Баласағұн қаласы» (2006; 2007 жж.), «Қазақ өркениеті» (2009 ж.) және т.б. еңбектерін ерекше атауға болады. Ол Шу ауданындағы ортағасырлық Ақтөбе қаласына археологиялық зерттеу жүргізіп, нәтижесінде бұл қала ежелден бері бірнеше мемлекеттің астанасы болған Баласағұн қаласы екендігін дәлелдеді. Ортағасырлық қаланы ол 40 жылдай бойы жүйелі түрде зерттеп, қомақты қор жинаған. Бүгінде ол қаланың мәдени қабаттарын зерттеу үшін ҚазҰУ студенттері тәжірибе жинақтауға зерттеу базасы ретінде жылда сол жерге барып, тәжірибеден өтіп тұрады.

       Ұлағатты ұстаз У.Х. Шәлекенов – қазақ халқының сан салалы, қалың қатпарлы тарихына ғылыми үлес қоса білген тұлға.  Ол тарих, археология, этнология, музей ісін дамытып, өркендету жолында көп еңбек етіп, қазақтардың қайталанбас мәдениеті мен өркениетін ғылыми тұрғыда дәйектеді.

          Елімізге белгілі тарихшы-ғалым, профессор, әрі этнолог, әрі археолог, қазіргі кездегі тарихшылар қауымының ақсақалы әрі кейінгі толқынның ұстазы болған, екінші дүниежүзілік соғысқа 18 жасында қатысып, Отан қорғаған ардагер Уахит Шәлекеновтің есімі халықтың жадында мәңгі сақталары анық.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

т. ғ. к. Тасилова Н.А.,

PhD докторы  Байдаулетова М.Д.,

аға оқытушы Ибрагимова М.Н.

 

Тегтер