Иран мен Оман мықты әрі берік қарым-қатынастарды қуаттады
Оманның Сыртқы істер министрі Юсуф бен Алави жоғары деңгейлі делегацияны бастап Теһранға келді. Кеше кешке Теһранға келген Алави осы сапарында бірқатар ирандық қайраткерлермен, соның ішінде, өзінің ирандық әріптесі Мұхаммад Джавад Зариф, Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы және Иранның Мұнай министрімен сұхбаттасты.
Омандық делегацияның ИИР-на сапары екі көршілес елдің қарым-қатынастарының лайықты деңгейі мен Оманның соңғы жылдары Иранның ядролық мәселесінде атқарған рөлін назарға алсақ, маңыздылығы жоғары сапар ретінде бағаланады.
Иран 2014 жылдың наурыз айында Оманмен жылына 10 миллиард текше метр газ экспорттау туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Парсы шығанағы арқылы суасты құбырларын салуға арналған құны 1 миллиард доллар деп есептелген жобаны қамтыды. Осы аяда Оманның Сыртқы істер және Мұнай министрлері бүгін Иранның Мұнай министрімен кездесіп, сұхбаттасты.
Оманның Сауда министрі, Инвестициялық кеңес төрағасы, Орталық банктің бас директоры, Маскат банкі директорының Оманның Сыртқы істер министрімен бірге келуі екі елдің қарым-қатынастарындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді.
Бұл сапар сонымен қатар аймақ сезімтал кезеңді бастан өткеріп жатқан кезеңде орын алды. Йемен мен Сирия ауыр дағдарысқа ұшырап, ИСИМ мен сионистік лаңкестік аймақтық елдерге қауіп-қатер төндіріп отыр.
Аймақтағы интеграцияға кедергі келтіріп отырған жайттардың бірі – Арабстанның Сирия мен Йемендегі соғысқұмарлық саясаттары мен осы елдің Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі мен Иранның қарым-қатынастарында текетірес тудыру әрекеттері. Бұл мәселе Маскаттың алаңдаушылықтарын тудырды. Оман өзінің саяси қатынастарында ешуақытта текетірес тудыруды көздемеген ел болып табылады. Оман әрдайым аймақтық байланыстарында тепе-теңдікті сақтаумен қатар, аймақтық елдермен, әсіресе, Иранмен ынтымақтастықты кеңейтуге талпыныс жасап келеді.
Юсуф бен Алавидің Теһранда айтқан сөздері осы көзқарасты көрсетеді. Ол Зарифпен өткен ортақ баспасөз маслихатында елдердің авантюристік әрі аймаққа қатер тудыратын әрекеттерінің алдын алу қажеттігін қуаттап: «ИИР аймақтың дамуы мен тұрақтылығы үшін жаңа көкжиектер аша алады» деді.
ИИР да көршілес елдермен түсіністік пен өзара құрметке негізделген қарым-қатынас жасауды маңызды санайды. Иран осы аяда барлығының қауіпсіздігі Парсы шығанағы мен аймақтың қауіпсіздігіне байланысты екенін және кез келген текетірес пен дағдарыстың аймақтық елдерге зарар келтіріп, үстемшіл жүйенің мақсаттарын қамтамасыз ететінін қуаттап отыр. Осы шеңберде Иранның Сыртқы істер министрі Зариф Иран мен Оманның қарым-қатынастары туралы түсіндіріп: «Оман жақсы көрші ретінде Иранның алдында әрқашанда құрметке ие болды. Қарым-қатынастарды кеңейту және әріптестіктердің деңгейін көтеру екі ел мен екі үкімет үшін пайдалы болады. Біз бұл істі жалғастырамыз» деді.