Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымы Иранға қарсы қисынсыз ұстанымдары мен уәждерін қайталауда
(last modified Sat, 01 Apr 2017 06:22:21 GMT )
Сәу 01, 2017 12:22 Asia/Almaty
  • Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымы Иранға қарсы қисынсыз ұстанымдары мен уәждерін қайталауда

Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымына мүше елдер бейсенбі күні эр-Риядтағы отырыстың соңында Иранды Бахрейнде «лаңкестік топтар» деп аталатындарды қолдайды деп айыптады. Осы мәлімдемеде жалған уәждер келтіріліп, Ираннан «араб елдерінде ағымаралық қайшылықтарды өршіту және топтар мен содырларды қолдау саясатын» доғару талап етілді.

Бахрейннің Сыртқы істер министрі де осы жалған уәждерді қайталап: «Эр-Риядтағы отырыста ИИР-мен қарым-қатынас тақырыбы талқыланып, Кувейт Премьер‑министрінің бірінші орынбасары мен Сыртқы істер министрі шейх Саббах Халед Хамд әс‑Саббахтың жуырдағы ИИР‑на сапары туралы сөздеріне көңіл аударылды»,‑деді. 

Отырыстың қорытынды мәлімдемесі мен Бахрейн Сыртқы істер министрінің сөздері осы отырыстың басты мақсаттарының бағытын көрсетеді. Бұл отырыс Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымына мүше кейбір елдер эр‑Риядтың авантюристік әрекеттеріне ілесіп, өздерінің Иранмен қарым‑қатынасын түйткілге ұшыратқан жағдайда өткізілді. Алайда, олардың Сауд Арабиясымен өзара қарым‑қатынасы да саяси‑экономикалық текетірестерге ұшырады. Өйткені Сауд Арабиясы аймақ елдеріндегі көптеген қиындықтарға жауапты. Бұған қарамастан, бұл кеңес өз мәлімдемесінде шындықтың өңін айналдырып көрсетіп, Иранды аймақтағы араб елдерінің істеріне араласады деп айыптады. Бұл уәж тек сөз жүзінде қалып отыр, оны дәлелдейтін ешбір құжат жоқ. Осындай бұрмалаушы тәсілдердің мақсаты аймаққа іріткі салып, дағдарыс тудыру болып табылады. Бұл сол баяғы АҚШ пен Израильдің аймақтан көздейтін мақсаты, ал араб елдерінің кейбір басшылары осы ағымның аймақтағы басты ойыншыларына айналған. Бұл кеңес осы күнге дейін шынайы қауіп‑қатерлермен күресте бірде‑бір әсерлі қадам жасамағаны былай тұрсын, аймақта текетірес тудырып, Сауд Арабиясының басқыншылықтарына, соның ішінде Йеменге шабуылына дем берді. Сауд Арабиясы Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымының үйінділерінің үстіне Иранға қарсы одақ пен коалицияның жаңа ғимаратын тұрғызып, өзінің әлсіреген позициясын нығайтуға күш салып жатыр. Бахрейн де осы арада халықтың заңды талаптары мен түйткілдерін ұмытып, Иранды айыптау арқылы мәселені жабуға талпыныс жасап жатыр.

Сауд Арабиясының Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымына мүше кейбір елдермен бірге Саддамның Иранға таңған соғысы кезінде миллиардтаған долларды Иранмен жауласуға жұмсап, енді өткенді ұмытып, өздерін тиісті орында тұрғандай сезініп, Иранды «ағымаралық қатігездік» тудырды деп айыптап отырған жағдайда Бахрейннің Сыртқы істер министрі осы кеңестің Иранмен қарым‑қатынасын талқылау туралы сөз қозғайды.

Бұл мәлімдеме Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымының дос пен дұшпанның орнын саналы түрде ауыстырып отырған жағдайда жарияланып отыр. Осы арада Парсы шығанағы ынтымақтастық ұйымының Израильдің басқыншылықтарын айыптау үшін қанша мәлімдеме жасағанын сұрау қажет. Бұл кеңес әрдайым іріткі салып, АҚШ пен Ұлыбританияның аймақтың ішкі ісіне араласуына жағдай жасап келді. Осындай әрекеттер мен қисынсыз көзқарастар шындықтан қашумен бірдей. Мұның нәтижесі Иран мен аймақ елдері қарым‑қатынасының бұзылуынан басқа ештеңе емес әрі бұл елдердің қиындықтары мен түйткілдерін шешуге  көмектеспейтіндігі анық. Аймақтағы түйткілдер және қатерлермен күресу үшін реалистік түрде ойлап, қисынды әрекет етіп, өткеннен ғибрат алу қажет.

 

Тегтер