Маусым 23, 2024 21:55 Asia/Almaty
  • Израиль Ливанға шабуыл жасаса, жойыла ма?

Ливан Хизбулласының бас хатшысы сейіт Хасан Насролла осы партияның қолбасшыларының бірі Талеб Сами Абдулланың (Қажы Абуталеб) шәһид болған күнінің жылдығына орай сөйлеген сөзінде: "Ливанға соғыс ашу туралы қоқан-лоқы бізді қорқытпайды. Бізді шошытпауы тиіс. Өйткені біз өзімізді ауыр күндерге дайындағанымызды дұшпан жақсы біледі. Өзін не күтіп тұрғанын да жақсы біледі",-деді.

Ливан Хизбулласы бас хатшысының сөздерінен кейін араб әлемінің танымал сарапшысы Абдулбари Атван оның сөздеріне талдау жасап, Ливан қарсыласу күштерінің сионистік режимнің кез келген ақымақтығына жауап беруге дайын екенін баса айтты.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Атван "Рай әл-Яум" газетіне берген мақаласында: "Сейіт Хасан Насролланың сөзінің маңыздылығын білгіміз келсе, бұл сөзге үш негізгі реакцияны атап өту керек: Біріншіден, Насролланың сөзі аяқталғаннан кейін бірден Кипр президенті Никос Кристодулис өз елінің Ливанға қарсы дұшпандық әрекеттерге қатысып жатқанын жоққа шығарды. Екіншіден, сионистік ақпарат құралдары, сарапшылары және Израиль режимі армиясының генералдары бұл режимнің қауіпсіздік, әскери, экономикалық және психологиялық тұрғыдан бұрынғыдан да нашар жағдайға тап болғанын және Хизбулланың ұшқышсыз ұшақтарының зымырандардан да қауіпті екенін бірауыздан растап отыр. Әсіресе Израиль режимінің барлық радарлары мен әуе және жердегі қорғаныс желілерінен тосқауылсыз өтіп, басып алған Палестинаның солтүстігіндегі «нысаналар қазынасын» суретке түсіріп алған «Ходход» ұшқышсыз ұшағы өз миссиясын сәтті орындап, Ливанның оңтүстігіндегі базаға қайтып оралды. Үшіншіден, әйгілі америкалық журналист Томас Фридманның «Нью-Йорк Таймс» газетіндегі мақаласында былай деп мойындады: "Біз білетін Израиль құлдырап бара жатыр. Қазіргі таңда ол үш майданда – Газа, Ливан, Иордан өзенінің батыс жағалауында қақтығыстар жүргізіп, Иран сияқты ұлы державамен бетпе-бет келіп тұр. Иран аймақтағы әскери қаруларын қолдану арқылы Израильді жоюды көздейді",-деп жазды.

Ол осы мақалада: "Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху АҚШ-ты Батыс Азияда бір соғысқа итермелеп отыр. Оның нәтижесі Қытай мен Ресейдің мүддесіне сай болады",-деп ескерту жасады.  

Абдулбари Атван өз мақаласында Насролланың бірінші рет Кипрге тікелей шабуыл жасап, әуежайлары мен инфрақұрылымдарына соққы беретінін айтқанына тоқталып: "Кипрге сес көрсету себебі қарсыласу күштерінің бақылаушылары алған егжей-тегжейлі ақпарат болып табылады. Өткен сәуір айында Кипр елдің оңтүстігінде, Ливанға ұқсас географиялық жағдайы бар таулы аймақтарда жаттығу өткізілген. Сондай-ақ Израиль режимінің әуежайлары Хизбулланың зымырандық шабуылдары нәтижесінде қираған жағдайда Кипрдің әуежайларын израильдік қырғи ұшақтар мен жолаушы тасымалдаушы ұшақтарына ашу туралы құпия келісімді көрсететін мәліметтер алынды",-деді.

Абдулбари Атванның жазуынша, Израиль генералдары соңғы он жылда Хезбулланың зымырандық мүмкіндіктерін бақылап келді, бірақ Хизбулланың «Ходход» дронының басып алынған Палестинаның солтүстігіне кіріп, таңғаларлық операция жасауы оларға Хизбулланың ұшқышсыз ұшақтар әлеуеті мен оның жаңа буыны туралы қорқынышты шындықты түсіндірді. Дрон бұрын-соңды болмаған жылдамдыққа ие және өте төмен биіктікте қозғалады. Радарлар оны байқамайды. Ол жоғары жарылғыш қуаты бар оқтұмсықпен және тамаша бақылау және бейнелеу камераларымен жабдықталған.

Абдулбари Атван Ливанның оңтүстігіндегі қарсыласу позициясының моральдық және қару-жарақ тұрғысынан бұрынғыдан да күшті екеніне назар аударып: "АҚШ-тың Ливандағы өкілі Амос Хохштейннің Бейруттен құр алақан кетуі және ливандықтардың АҚШ-тың өктемдігіне қарсы біртұтас ұстанымы – осы сөздің дәлелі",-деп жазды.

Атван өз сараптамасының жалғасында: "Сионистік режимнің соғыс министрі Йоав Галанттың Хизболлаға қарсы қоқан-лоқысына тоқталып: "Біз мұндай қоқан-лоқылардың көбін естідік. Егер Галанттың осы қоқан-лоқыларды жүзеге асыруға күші болса, онда істесін немесе ауызын жапсын. Бейрут маңындағы аудандарға алғашқы зымыран атылғанға дейін Тель-Авив картадан жойылып кететініне сенімдіміз",-деп жазды.

Тегтер