Иран мен Ресей Сирияда Батыстың ырқынан тыс сындарлы әріптестік жасап жатыр
(last modified Sun, 28 May 2017 09:04:03 GMT )
Maм 28, 2017 15:04 Asia/Almaty
  • Иран мен Ресей Сирияда Батыстың ырқынан тыс сындарлы әріптестік жасап жатыр

ИИР Президенті РФ Президентімен телефон арқылы сұхбатында Теһранның өз көршілерімен, соның ішінде Мәскеумен ынтымақтастықтарын дамытуды қолдайтынын айтып: «Иран бұрынғыдан артық жігер арқылы Ресеймен екіжақты және аймақтық ынтымақтастықтарды нығайтуға дайын»,-деді.

ИИР Президенті Хасан Рухани сенбі күні РФ Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сұхбатында  екі елдің экономикалық қарым-қатынасын дамыту үдерісі мен  «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі деңгейіндегі әріптестіктеріне тоқталып: «Бұл әріптестік ұлттардың мүдделеріне сай, сондықтан аймақтың бейбітшілігі мен тұрақтылығын нығайту мақсатында одан ары дамуы тиіс»,-деді.

ИИР Президенті Теһранның Иран, Түркия мен Ресейдің БҰҰ-ның жетекшілігімен Сирияда атысты тоқтату бітімін сақтау үшін жасап жатқан үшжақты әріптестігін қолдайтынын айтып: «Кейбір елдердің, соның ішінде АҚШ-тың жаңа үкіметі мен Сауд Арабиясының шаралары аймақтағы жағдайдың күрделене түсуіне себеп болып отыр»,-деді.

Ресей Президенті Владимир Путин де ИИР Президентімен телефон арқылы сұхбатта Иран мен Ресейдің әртүрлі салаларда тығыз байланыстарын жалғастыратынын айтып: «Кейбір елдердің Сириядағы басқыншылық әрекеттері алаңдаушылық тудырады»,-деді. 

Соңғы жылдардағы аймақтық теңгерімде маңызды да ықпалды екі мемлекет болып отырған Иран мен Ресейдің ынтымақтастығы аймақтағы саяси өзгерістерге қатысты ортақ позицияларға ие болғандықтан дамып келеді.  Ядролық келісімге қол қойылған соң  Иран мен Ресейдің әртүрлі салалардағы қарым-қатынас үдерісі қарқынды түрде дамуда. Иран мен Ресей аймақтағы экономикалық байланыстарда маңызды рөл атқарады. Олардың «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бағытындағы әріптестіктері стратегиялық сипатқа ие, әрі аймақтың бейбітшілігі, қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді. Теһран мен Мәскеудің екіжақты экономикалық ынтымақтастықтары да кеңейе түсіп, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға, әсіресе қуат саласына қарай бағыт алды. Иран мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығы оларды өзара толықтырып, екі елдің осы саладағы қажеттіліктерін өтеуге көмектеседі.

Иран мен Ресейдің даму үстіндегі мақсаттандырылған экономикалық қарым-қатынасымен қоса, екі ел Таяу Шығыс  аймағындағы саяси байланыстарда да стратегиялық  серіктес болып отыр. Бүгінде олар Сирияның соғыс және саяси алаңдарында екі белсенді ойыншы саналады. Иран мен Ресей Сирияда осы елдің заңды үкіметінің шақыруымен және халықаралық құқықтар аясында аймақ пен Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бар күштерін салып жатыр. Теһран мен Мәскеудің Сирия бойынша әріптестігі дағдарысқа ұшыраған осы елді дұрыс бағытқа салды. Қазақстанның елордасы Астана келіссөздерінің үдерісі осы сөзіміздің дәлелі болады.

Иран мен Ресейдің Түркиямен әріптесе отырып көтерген бастамасы Сирия дағдарысын шешуге бағытталған Астана үдерісін тудырды. Осы уақытқа дейін Астана қаласында сириялық қақтығысушы тараптар арасындағы келіссөздердің 4 кезеңі өткізілді. Олар осы елдің саяси саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Сирияда барлық аймақтарды қамтитын атысты тоқтату бітімінің орнауы және бұл елде текетірес азайған 4 аймақ құруға келісуі Астана келіссөздері үдерісінде қол жеткізген жетістіктердің қатарына жатады. Бұлар Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың ырқынан тыс орын алды.

Кейбір елдер, соның ішінде АҚШ пен Сауд Арабиясы араласушылық сипаттағы әрекеттері арқылы Сирияның соғыс және саяси алаңдарындағы өзгерістерде бұрындай маңызды рөл атқаруға талпынғанымен, Иран мен Ресейдің сындарлы ынтымақтастығына байланысты олардың талпыныстары  Теһран мен Мәскеу әріптестігінің тасасында қалып отыр. Иран мен Ресей Сирияның әріптестігімен осы елде шынайы шеп қалыптастырды. Бұл шеп Сирия дағдарысын саяси жолмен шешуге ұмтылумен бірге, АҚШ пен Сауд Арабиясының қолдауына ие болып отырған лаңкестікпен күресте маңызды рөл атқарады.

 

Тегтер