Әзірбайжан мен Армения күштерінің түйіскен жерінде қақтығыстар жалғасып жатыр
Әзірбайжан мен Армения күштерінің түйіскен жерінде қақтығыстар мен текетірестердің жалғасында Әзірбайжан Республикасы армиясының тағы екі сарбазы Армения әскери күштерінің қолынан қаза тапты.
Әзірбайжан Республикасының Қорғаныс министрлігі дүйсенбі, 28 наурыз күнгі мәлімдемеде: «Екі әзірбайжандық сарбаз Армения әскери күштерінің Әзірбайжан жеріне ілгерілеуіне тосқауыл қою барысында қаза тапты»,-деп хабарлады. Осы мәлімет бойынша, Армения күштерінде де адам шығыны болған. Олар өздері жаңадан басып алған жерлерден кері шегінген. Әзірбайжан Республикасының Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ, Армения әскери күштерін ауыр қару-жарақ пайдаланып, Қарабах аймағындағы даулы жерлер мен екі елдің әртүрлі шекаралық аудандарында атысты тоқтату бітімін бұзды деп айыптады.
Бұл қақтығыстар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск араағайын тобының жауласушы екі ел – Әзірбайжан Республикасы мен Арменияны және қақтығысушы тараптарды Наурыз мейрамы мен Пасха кезінде атысты тоқтату бітімінің ережелерін сақтауға шақырған жағдайда орын алуда.
Әзірбайжан Республикасының ресми дереккөздері Армения әскери күштерін араағайындардың талабына құлақ аспай, даулы жерде шиеленісті өршітіп отыр деп айыптады.
Мұнымен қоса, екі күн бұрын Әзірбайжан Республикасы армиясының офицері Ильшат Аббасзаде Қарабах даулы аймағында болған әскери қақтығыстар барысында қаза тауып, тағы екі адам жараланды.
Атысты тоқтату бітімін кімнің алғаш бұзғандығы анықталмағанына қарамастан, Ресей Президентінің ақпарат өкілі Дмитрий Песков Ресейдің бір телеарнасына берген сұхбатында тұспалды түрде Әзірбайжан Республикасының Қарабах дағдарысын әскери жолмен шешуге дайын деген қоқан-лоққысын Әзірбайжан Республикасы мен Армения арасындағы түйісу сызықтарында жағдайдың ушығуына себеп болды деп санайтынын айтты.
Ресейдің бұл мемлекеттік қайраткері Қарабах дағдарысынан шығудың жолы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобының жұмысын жалғастыру екендігін қуаттап: «Бұл араағайын топ Баку үшін де, Ереван үшін де қолайлы жағдай жасайды»,-деп мәлімдеді.
Кавказ мәселесін сараптаушылардың айтуынша, әзірбайжандық және армян күштерінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобының көптеген ескертулеріне көңіл аудармауы екі ел мен Қарабахтағы армян содырларының осы араағайын топқа сенбейтіндігінен туындап отыр.
Өткен екі жылдан бері Әзірбайжан мен Армения күштерінің түйіскен жерінде қақтығыстар үдей түсті. Күн сайын жауласушы екі елдің әскерлері түйіскен жерден алаңдатарлық хабарлар келіп жатыр.
Әзірбайжан Республикасының қайраткерлері өз жерінде кез-келген әскери амалдар жүргізуге құқығы бар деп санайды. Ал Армения Таулы Қарабах даулы аймағымен қоса, Әзірбайжан Республикасының 7 ауданын басып алып, сол жерлерді босатқысы келмейді.