Зариф Хорватияның Еңбек министрімен кездесті
ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф сәрсенбі күні Хорватияның Еңбек министрі Марко Павичпен кездесіп, сұхбаттасты.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, осы кездесуде тараптар екі елдің даму үстіндегі қатынастарына тоқталып, энергетика, инвестиция, өнеркәсіп, кәсіби-техникалық білім беру және банк салаларында әріптестіктерді арттыру қажеттігін қуаттады.
Мұхаммад Джавад Зариф мен ирандық делегация Балкан мен Шығыс Еуропа аймағына сапарының жалғасында Сербия мен Болгарияның жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, сөйлескеннен кейін сәрсенбі күні кешке Загребтің әуежайына келіп, Хорватия басшылары, ИИР-ның осы елдегі елшісі Мұхаммадреза Садық пен елшілік дипломаттары тарапынан қарсы алынды.
ИИР Сыртқы істер министрі сәрсенбі күні Софияда Иран мен Болгарияның ортақ сауда форумында сөйлеген сөзінде: "Иран Болгарияның экономикалық белсенділері үшін сенімді серік болады. Иранның кеңістігі экономикалық және инвестициялық жұмыстар үшін қолайлы да қауіпсіз",-деді.
Зариф: "Иран мен Болгарияның сауда айналымының артуы 2017 жылы үміттендірерлік дәрежеде болды. Екі елдің экономикалық қатынастарының әлеуетін жылына 1 млрд долларға жеткізуге болады",-деп сөзін жалғады.