Трампты жолдау алмасуға лайықты адам деп санамаймын. АҚШ-пен келіссөз жүргізбейміз
Ислам революциясының жетекшісі бейсенбі күні Жапония Премьер-министрі бастаған делегациямен кездесіп: «Иран АҚШ-қа мүлде сенбейді. "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы аясында АҚШ-пен жүргізген келіссөздерінің ащы тəжірибесін қайталамайды. Өйткені ешбір ақылды азат халық қысым астында келіссөз жүргізуді қабылдамайды», деді.
Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ Ислам революциясының жетекшісімен кездесудің басында: «Мен АҚШ Президентінің жолдауын сізге жеткізуге ниеттеніп отырмын»,‑деді.
Ислам революциясының жетекшісі Жапония Премьер-министріне қаратып: «Біз сіздің шын ниетпен келіп отырғаныңызға күмәнданбаймыз, бірақ АҚШ Президентінің сөзі жайында айтарым: Трампты жолдау алмасуға лайықты адам деп санамаймын. Сондықтан оған жауап бермеймін»,‑деді.
Хазірет аятолла Хаменеи Жапония Премьер-министрінің Трамптың «АҚШ Иран режимін өзгертуді қаламайды» деп айтқанын жеткізгеніне тоқталып: «Біздің америкалықтармен қайшылығымыз режимді ауыстыру мәселесі емес, өйткені оларда мұндай ниет болса да, оны орындауға қауқарлары жетпейді. Өткен 40 жылда АҚШ‑тың бұрынғы басшылары ИИР‑ды жоюға күш салды, бірақ шамалары келмеді»,‑деді.
Аятолла Хаменеи Жапония Премьер-министрінің АҚШ‑тың Иранға ядролық қару жасауға жол бермеуге бел байлап отырғанын жеткізгеніне тоқталып: «Біз ядролық қаруға қарсымыз. Мен ядролық қару жасауды харам деп атап, пәтуа шығардым. Бірақ америкалықтар мынаны білсін: егер біз ядролық қару жасағымыз келсе, АҚШ ештеңе істей алмас еді. АҚШ‑тың рұқсат бермеуі бізге кедергі болмас еді»,‑деді.
Ислам революциясының жетекшісі «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы аясында америкалықтармен жүргізілген келіссөздер үдерісіне тоқталып: «Ядролық келісімнен кейін «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын бірінші болып бұзған адам – Обама. Негізі оның өзі Иранмен келіссөз жүргізуді сұрап, араағайын жіберген еді»,‑деді.
Хазірет аятолла Хаменеи Жапония Премьер-министрінің Трамп тарапынан «АҚШ‑пен келіссөз жүргізудің Иранның дамуына себеп болатынын» айтқан сөздеріне тоқталып: «Құдайға шүкір, біз АҚШ‑пен келіссөз өткізбей‑ақ, санкцияға қарамастан дамуды жалғастырып жатырмыз»,‑деді.