Вашингтон Иранға қатысты әбігерге түсті
АҚШ-тың ұшқышсыз ұшағы Иран Қарулы күштерінің зымыранымен құлатылғаннан кейін Вашингтон үкіметінің Теһранға қатысты абыржуы шарықтау шегіне жетті.
Дональд Трамп өткен үш күннің ішінде Иранға қатысты көптеген уәждер айтты. Иранға шабуыл жасауды көздегенінен бастап, Иранға қарсы санкцияларды түгел алып тастауды қалағанына дейін айтылды. Ал бұл жағдайда АҚШ Президенті Иранмен ешбір шартсыз келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеумен бір мезгілде ертең, дүйсенбі күні Иранға қарсы жаңа санкциялар салуға шешім қабылдады.
Осындай қарама-қайшы сөздер Ақ үйдің Иранға қатысты, әсіресе америкалық ұшқышсыз ұшақтың құлатылуына жауап беру тәсіліне қатысты сергелдеңге түсіп отырғанын көрсетеді. Трамп үкіметі санкцияларды қайтарып, Иранға қысымды арттырған соңғы айларда "ИИР ақырында Вашингтонмен келіссөз өткізуге көнеді" деп ойлады. Дональд Трамптың Ислам революциясының жетекшісіне жолдауы Жапония Премьер-министрі арқылы Теһранға жетіп, қабылданбай тасталған кезде АҚШ дипломатиялық аппаратының ойлау жүйесі тығырыққа тірелді.
АҚШ басшылары, әсіресе Трамп Иран мұнайының экспортталуына жол бермеу және бірнеше ай бойы Иранға барынша қысым жасау арқылы Теһранды ядролық келісім және басқа да ядролық тақырыптар жөнінде келіссөз өткізуге келісуге көндіруге болады деп ойлады. Алайда америкалықтардың бұл ойы орындалмағаны былай тұрсын, Иран батыл әрекет жасап, өз елінің әуе кеңісітігіне енген америкалық ұшқышсыз ұшақты құлатты. Бұл әрекет Трамп үкіметін соғыс бастау немесе бұрынғы жағдайды жалғастыру деген жолайрыққа алып келді. Алдымен Трамп шабуылдаушы позицияны ұстанды. Тіпті кейбір ақпарат құралдары америкалық ұшақтардың Иранға шабуыл жасауға дайындалғанын хабарлады. Бұған қарамастан, Трамп Иранның аймақта ауқымды соғысқа алып келуі мүмкін қатаң реакциясына қатты алаңдаушылық білдіріп, ақырында бұл шешімнен бас тартты. Ол ирандықтарды Иран көгінде экипаж мүшелері бар басқа бір америкалық тыңшылық ұшақты құлатпағаны үшін алғыс айтып, бітімшіл сипатқа енуге талпынды. Бұған қарамастан, АҚШ-тың іші мен сыртындағы Иранға қарсы соғысқұмар күштер осы елдің Президентін АҚШ-тың сызат түскен абыройын қайта көтеру үшін соғысу мәселесі қарастырылып жатыр деп айтуға мәжбүрледі.
Мұнымен бір мезгілде Иранмен әскери қайшылықты өте қауіпті әрі шығынды деп бағалаған АҚШ Иранға қарсы экономикалық соғыста қолданылған құралдардың бірі ретіндегі санкцияға қайта бет бұрды. Америкалықтар мұнай мен банк саласына санкция салу арқылы Иран экономикасының барлық дерлік салаларын санкциялаған болатын. Жаңа санкциялар қалыптасқан жағдайға өзгеріс енгізбейді. Осы тұрғыдан Трамптың Иранға қарсы жаңа санкциялар қолдану туралы шешімі Теһранға жолдау болудан бұрын АҚШ-тағы Иранға қарсы ағымдар, америкалық соғысқұмарлар мен осы елдің аймақтағы одақтастарын алдарқату үшін жасалған талпыныс болып табылады. Олар Иранның АҚШ ұшқышсыз ұшағын құлатуға қатысты батыл шешім қабылдауынан есеңгіреп, қорқып қалды.