Еуропалықтар Ресей мен Қытайды Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуға көндіре алмады
АҚШ Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын жоюдың алдын алу кампаниясын басқарады. Ал санкция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарары бойынша 2020 жылдың 18 қазанында күшін жоюы тиіс. АҚШ-тың еуропалық серіктестері Вашингтонмен кейбір қайшылықтарға қарамастан, бұл орайда Трамп үкіметіне жақтасып отыр.
«Еуропа үштігі» деп аталатын Ұлыбритания, Франция мен Германияның Ресей және Қытайды Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуға келістіру жолындағы талпыныстары нәтиже бермеді. Атының аталмауын сұраған бір еуропалық дипломат Reuters ақпарат агентігіне: «Ұлыбритания, Франция мен Германияның Ресей және Қытаймен Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзарту туралы келіссөздері сәтсіз аяқталған сыңайлы. АҚШ үкіметінің мақсаты – Иранның ядролық келісімін жою»,-деді.
Еуропалықтар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің АҚШ ұсынған Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзарту туралы қарардың алғынұсқасын талқылауға арналған отырысының сейсенбі, 11 тамызда өтетінін назарға ала отырып, осы кеңестің тұрақты мүшелері Ресей және Қытаймен кеңесіп, осы екі алпауыт елді 4+1 тобының еуропалық тармағының талап-тілегіне, яғни Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын 2023 жылға дейін ұзартуға көндіруге тырысты. Сонда Вашингтонның да талабы белгілі бір деңгейде орындалып, үш еуропалық ел «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын» сақтап қалатын еді.
Бұған қарамастан, Ресей және Қытайдың еуропалықтардың ұсынысына қарсылығы Мәскеу мен Бейжіңнің Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын уақыты келгенде, яғни 2020 жылдың қазан айында жою керек деген басты ұстанымдарын растап, АҚШ-тың санкцияны ұзарту немесе шектеусіз енгізу керек деген талабының заңсыз екенін қуаттап отырғанын көрсетеді. Осы екі елдің басшылары мұны тек ресми мәлімдемелерінде растап қана қойған жоқ, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 2020 жылдың маусым айының басында БҰҰ Бас хатысы Антониу Гутерреш пен Қауіпсіздік кеңес мүшелеріне жолдаған хатында АҚШ-тың Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзартуға бағытталған талпыныстарын қабылдамай тастады. Қытай басшылары бірнеше рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары мен Иранның ядролық келісімін кесімді түрде қолдайтынын, ал АҚШ-тың Иранға қарсы жобасына қарсылығын білдірді.
Мәскеу мен Бейжіңнің теріс жауабы АҚШ-тың сейсенбі күні өз ұсынысын өткізу үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 15 тұрақты және тұрақты емес мүшесінің 9-ын көндіруі қиын болары анық. Мұны америкалық сарапшылардың өздері де мойындап отыр.