Иран Жозеп Боррельдің ұсынысына жауап берді
ИИР «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы еуропалық үйлестіруші Жозеп Боррельдің бейресми жиналыс өткізуге ұсынған уақытын қолайсыз деп санайды.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Саид Хатибзаде бұған АҚШ пен үш еуропалық елдің ұстанымдары мен соңғы шаралары себеп болғанын айтты.
Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы жексенбі күні кешке осы мәселені хабарлап, АҚШ-тың ұстанымы мен қатынасында ешқандай өзгеріс байқалмағанына тоқталып: «Байден үкіметі Трамптың жеңіліс тапқан барынша қысым саясатынан бас тартпағаны былай тұрсын, тіпті «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы мен №2231 қарардағы міндеттемелерін орындайтынын да жариялаған жоқ»,-деді.
Ислам Кеңесі Мәжілісінде Иранның ядролық келісім аясында ерікті түрде атқарып жатқан шараларын тоқтатуға шешім қабылдануы санкцияларды жою және Иран халқының мүдделерін қорғау мақсатында және қарсы тараптардың заңсыз санкцияларды жоюға қатысты өз міндеттемелеріне берік болмауы салдарынан орын алды. Сондықтан «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу үшін жаңа келісімнің қажеті жоқ. Осы бағдарламаға қайта оралу үшін протокол, меморандум, келісім немесе агенттіктің құжаты қажет емес.
ИИР ядролық келісімдегі барлық міндеттемелерін орындады. Еуропа елдері Иранның аталмыш бағдарламадағы мүдделерін сақтауға қатысты уәделерін орындамағанынан бір жыл өткен соң Теһран үкіметі өз міндеттемелері мен құқықтары арасында теңгерімді сақтай отырып, 5 кезеңде біртіндеп ядролық міндеттемелерін азайтты.
Алдағы жолдың айқын екені анық. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын қайта жандандырудың ең қарапайым жолы – міндеттемелерді орындау. АҚШ өзінің заңсыз әрі біржақсы санкцияларын доғарып, ядролық келісімдегі міндеттемелеріне қайта оралуы керек. Бұл өзгеріс келіссөзді де, АҚХА басқарма кеңесі тарапынан қарардың қабылдануын да қажет етпейді.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Маджид Тахтраванчи: «Бізде 4+1 атты топ бар. Соның негізінде жиналыстар өтеді. Егер АҚШ осы топқа қосылғысы келсе, өз міндеттемелерін орындауы керек, өткен 5 жыл ішінде Иранға қарсы салған барлық санкциялардың күшін жоюы тиіс. Осындай жағдайда Иран да өз міндеттемелерін толық орындауға бет бұрады»,-деді.
ИИР-дың саясаты – өзара ықпалдастық және әріптестік. Сол себепті Иран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының қазіргі мүше елдерімен және еуропалық үйлестіруші Жозеп Боррельмен екіжақты және көпжақты кеңесулерді жалғастыра береді. Алайда бұл жеткіліксіз. ИИР Сыртқы істер министрінің осы саладағы ұстанымы айқын.