БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қайшылық көбейді
(last modified Thu, 27 Apr 2023 16:42:38 GMT )
Сәу 27, 2023 22:42 Asia/Almaty
  • БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қайшылық көбейді

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрылымын өзгерту керек.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың басқаруымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тағы да осы кеңестің құрылымын өзгерту мәселесі талқыланды. Өйткені Батыс елдерінің қатаң сынынан кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері арасында қайшылық тереңдеді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретіндегі Сергей Лавровтың сөздері қарсы реакция тудырды. Түрлі елдер оның Украина соғысы туралы сөздерін БҰҰ жарғысын бұзу деп атады.

Жуырда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезеңдік төрағасы болып тағайындалған елдің Сыртқы істер министрі өз сөзінде Ресейдің Украинаға шабуылын қорғай сөйлеп, АҚШ пен оның одақтастарын дипломатияны әлсіретті деп айыптап, Кремльдің бұл шарасын қажетті әрі мәжбүрлі іс деп атады.

Лавровтың сөздері АҚШ тарапынан жауапсыз қалмады. БҰҰ-дағы АҚШ-тың елшісі Линда Томас-Гринфилд Ресейді екіжүзді деп айыптап: "Мәскеу Украинада заңсыз әрі қажетсіз соғыс бастап БҰҰ-ның жарғысына және бізге құнды нәрселердің бәріне соққы жасады",-деді.

Еуроодақ Ресейдің БҰҰ жарғысы мен көпжақтылықты қорғаушы ретінде көрінуге тырысуын қабылдауға келмейтінін айтып: "Бұл әрекетпен БҰҰ жарғысына құрметсіздік көрсетіп қана қойған жоқ, БҰҰ Бас ассамблеясының Ресей күштерінің Украинадан шығуын талап еткен қарарларын аяқ асты етті",-деді.  

Осылайша АҚШ бастаған бұл елдер Ресейдің Украинаға шабуылына тоқталып, оны заңсыз деп атап, осы елді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығына таңдауға күмән келтіріп, тіпті бұдан бұрын тұрақты мүше болса да, Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шығаруды талап етті.

Мұның өзі Батыс елдерінің кейбір тақырыптарға екіқырлы критерий негізінде қарайтынын көрсетеді. Олар Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болуына төзбей, заңсыз позиция білдіріп, Мәскеуді төрағалықтан алып тастауды талап етіп отыр.

Ал бұл жағдайда АҚШ 2003 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рұқсатынсыз Иракқа шабуыл жасаған кезде Батыс блогының елдері АҚШ-ты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шығару немесе төрағалықтан шектеу туралы ешқандай талап қоймады.

Мұнымен қоса, Ресей мен Батыс елдерінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ашық түрде текетіресуі халықаралық жүйеде құрылымдық өзгерістер болып, әлем сахнасында жаңа құдіретті елдердің пайда болғанын ескеріп, Қауіпсіздік кеңесінің құрылымына өзгеріс енгізіп, кеңесте тепе-теңдік орнату керегін тағы да көрсетті.

Тегтер