Зариф Вена отырысында Сирия дағдарысының саяси диалогқа негізделіп шешілу қажеттігін қуаттады
(last modified Tue, 17 May 2016 10:34:13 GMT )
Maм 17, 2016 16:34 Asia/Almaty
  • Зариф Вена отырысында Сирия дағдарысының саяси диалогқа негізделіп шешілу қажеттігін қуаттады

ИИР Сыртқы істер министрі дүйсенбі күні кешке Сирияға қатысты халықаралық отырысқа қатысу үшін Венаға келіп жетті.

Вена отырысы бүгін, сейсенбі күні Сирияда лаңкестер басып алған аймақта қақтығыстар жалғасып жатқан жағдайда өткізіледі. Мұнымен бір мезгілде бақылаушылар бұл отырысты талай рет бұзылған атысты тоқтату бітімін толық сақтау және саяси келіссөздерді жалғастыруға жағдай жасаудың қажеттігін қуаттауға берілген мүмкіндік ретінде бағалап отыр.

ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Венаға келіп, БҰҰ-ның Сирия істері жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистурамен кездесіп, сұхбаттасты. Зариф лаңкестік топтардың Сирия, Таяу Шығыс пен әлемдік қауымдастыққа төндіріп отырған қауіп-қатерлеріне тоқталып: «Лаңкестік топтармен күресу қажет»,-деп қуаттады.

Бұл отырыс Мәскеу мен Вашингтонның осы қайшылықты саяси жолмен шешуді бір нәтижеге жеткізу үшін өзінің талпыныстарын еселендіруге келіскен жағдайда өткізіліп отыр.

Алайда мынадай сауал туындайды: Вена отырысының Сирия дағдарысын шешуде жемісті болатындығына қаншалықты үміт артуға болады? Сирия дағдарысының үдеуінде бірнеше фактордың рөл атқарғаны анық. Осындай жағдайда Вена отырысына қатысушылардың арасында пікір қайшылығы жетерлік. Сирия дағдарысын шешу туралы диалог пен түсіністікке негізделген кесімді де жалпы шешім жолы әлі күнге дейін байқалмайды.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри өзінің ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен 40 реттен астам Сирияда атысты тоқтату бітімін орнатуға келісті, алайда ешқандай атысты тоқтату бітімі орнамады. Сирияда қырып-жою мен қирату арта түсті. Сирия қазіргі таңда араласушы күштердің тайталасы мен Түркия және Сауд Арабиясы сияқты кейбір аймақтық елдердің қолдауына сүйеніп отырған лаңкестік топтардың рақымсыз қырып-жоюларының арасында қалып отыр. Сирияға гуманитарлық көмек жөнелтуге бағытталған халықаралық талпыныстар көптеген кедергілерде ұшырауда. Кейбір саяси орталардың айтуынша, Сирия жүйесіне наразылар осы елдің дағдарысын шешуге арналған ұсынысты қабылдауы тиіс, өйткені уақыт наразыларға қолайсыз бола түседі.

Сирияда дағдарысының басталғанына 5 жыл болды. Сирия халқы осы уақыт аралығында лаңкестермен күресте көптеген жеңістерге жетіп, жанпидалық жасады. Осы қарсыласу болмағанда бүгінде Сирияның астанасы Дамасктың ДАИШ орналасқан орталыққа айналуы әбден мүмкін еді. Лаңкестік топтар мен оларды демеушілерге жасалған ауыр соққылар жалғыз жеткіліксіз. Сирия лаңкестік топтарға қаржылай және қару-жарақтық қолдаулардың тоқтатылуын, қақтығыстардың доғарылуын, Сирия халқының талап-тілегі мен шешімдеріне көңіл аударылуын қажет етеді. Сирия дағдарысының ұзаққа созылуы осы ел халқының көбірек шығынға ұшырайтынын білдіреді және аймақтың қауіпсіздігіне зиянды. Сириялықтардың келіссөздері тоқтатылған жағдайда елдегі саяси және әскери жағдай күрделене түседі. ИИР Сыртқы істер министрі Венаға келе сала тура осы шындықты еске салып: «Сирия дағдарысы кейбір лаңкестік топтар мен олардың аймақтық және халықаралық демеушілерінің талпынысына керісінше әскери жолмен шешілмейді. Мұнымен қоса, лаңкестік топтарға атысты тоқтату бітімін пайдаланып, Сирия халқына қарсы лаңкестік әрекеттерді күшейтуіне жол бермеу керек»,-деді.