Maм 20, 2024 17:50 Asia/Almaty
  • Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассоциациясының бас хатшысы: АҚШ пен оның одақтастарының мақсаты – Батыс Азиядағы қуат көздерін бақылауға алу

Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассоциациясының бас хатшысы Ресейдегі конференцияда: "Бұл ассоциация көпжақтылыққа негізделген жаңа жаһандық жүйе қалыптастыруда сындарлы/конструктивті рөл ойнауға дайын екенін жариялайды",-деді.

Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассоциациясының бас хатшысы Хамид Шахрияри Ресей мен ислам әлемінің стратегиялық перспективасы тобының ұйымдастыруымен Қазан қаласында өткен "Көпжақты әділетті жаһандық жүйе және қауіпсіз даму" атты конференцияда сөйлеген сөзінде: "Бұл конференцияның мақсаты – әлемдегі саяси жағдай жылдам өзгеріп жатқанда ислам елдері мен Ресей арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін пайдалану, ислам әлемінің мәселелерін талқылау және бүкіл әлемді қамтып отырған түйткілдер мен мұрсаттарды қарастыру",-деді.

Хамид Шахрияри: "АҚШ пен оның одақтастарының заңсыз мүдделеріне жету үшін әлемге өздерінің үстемшіл талап-тілектерін таңуы салдарынан қазір Газада геноцид жасалып, Украинада соғыс болып жатыр. Осы екі мәселе НАТО бастаған әлемдік үстемшілдердің өз мақсаттарына жету үшін кез келген құралды пайдаланатынын және оларға жазықсыз адамдардың жаны маңызсыз екенін көрсетті",-деді.  

Хамид Шахрияри: "АҚШ пен оның одақтастары Еуропа мен Батыс Азияда өз мақсаттарына жету үшін көптеген соғыс бастады. Олар Украинада соғыс отын тұтату арқылы Ресей газының Еуропаға тасымалдануына кедергі жасады. Олар Израиль режимін қолдау арқылы Батыс Азиядағы өз мүдделеріне жетуді көздеп отыр",-деді.

Хамид Шахрияри: "Олар Батыс Азиядағы энергетика көздерін бақылауға алу арқылы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осы аймақ үшін жобалаған өз мақсаттарына жетуге тырысып жатыр. Жаңа жүйеде әлемдегі әділет талап етушілер бірігіп, зұлымдыққа қарсы шығып, жазықсыз жандардың өлтірілуін айыптауы керек",-деді.

Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассоциациясының бас хатшысы Хамид Шахрияри

Хамид Шахрияри: "Адамзат баласының ұжданы оянып келеді. Әлемнің езілген халықтары адами құндылықтарды ұстанып, әлем тұрғындарының тек 1 пайызын құрайтын залым капиталистерге жиреніш білдіруі керек",-деді.

Ол: "Ислам діні өз тарихында барлық езілгендерді қорғап, перғауындар мен қарундардың езгісіне тойтарыс беріп, жеңіске жету үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі қаналған халықтарды біріктіруге қабілетті екенін дәлелдеді",-деп еске салды.

Хамид Шахрияри Палестинадағы өзгерістерге тоқталып: "Халықаралық  ұйымдар мен азаматтық топтардың үнсіздігі саясында жылдар бойы Палестинаға көрсетілген әділетсіздікке, Газа секторын қоршауға алып, қорғансыз халықты қырып-жоюға наразылықтан "әл-Ақса дауылы" операциясы жасалды",-деді.

Хамид Шахрияри Газа халқының жеті айдан аса уақыт бойы сионистердің айуандық шабуылдарына қарсы тұрғанын айтып: "Осы аралықта 40 мыңнан аса адам қаза тапты немесе із-түссіз жоғалды. 80 мыңнан аса әйел, бала мен жасөспірім жараланды. Үйлері бомбаланған 2 млн адам босқынға айналды",-деді.

Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассоциациясының бас хатшысы АҚШ пен кейбір Батыс елдерінің сионистік режимді қолдауға бар күшін салып, оның құлауына жол бермеу үшін ақша мен қару-жарақ беріп жатқанын айтып: "Олар бұл режимнің болуын осы аймақта өз мүдделерінің орындалуына кепіл деп санайды. Жасырын дүние әшкереленді. Үстемшілдердің жасырын амбициялары одан ары ашыла түсті. Азаттық пен адам құқығын қорғау деген ұрандардың бос сөз екені анықталды",-деді.

Дереккөзі: Mehr ақпарат агенттігі    

Тегтер