Украинаның Курскіге шабуылы және Германия үкіметінің Ресейге қарсы күш көрсетуге ұмтылуы
(last modified Thu, 15 Aug 2024 08:28:20 GMT )
Там 15, 2024 14:28 Asia/Almaty
  • Украинаның Курскіге шабуылы және Германия үкіметінің Ресейге қарсы күш көрсетуге ұмтылуы

Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Украинаның Ресей жеріне шабуыл жасауға батылы жетпейді, бірақ оны АҚШ үкіметі сияқты сыртқы күштер итермелеп отыр.

Бұл күндері көпшіліктің назарын аударған оқиғалардың бірі – Украина армиясының АҚШ мен Германияның қолдауымен Ресей территориясының бір бөлігіне шабуыл жасауы.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иранның "Хорасан" газеті осы оқиғаларға қатысты былай деп жазды:

Украина Президенті Володимир Зеленский дүйсенбі күні Ресейдің Курск облысындағы соңғы операцияларға тоқталып: "Ресей басқаларды соғысуға мәжбүр етті. Енді соғыс өз үйіне [Ресейге] оралды",-деді.

Зеленский: "Ресей Президенті Владимир Путин соғысты қатты қалайды. Мәскеуге «күшпен» ғана бейбітшілікті қабылдатуға болады",-деді.

Басқа жағынан Путин Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы соңғы оқиғаларды қарастыру үшін жоғары лауазымды ресейлік шенеуніктермен жиналысқа қатысты. Бұл кездесуде ол Украинаның Ресей жерінде операция жүргізудегі мақсаты болашақ бейбіт келіссөздерде жақсы позицияға ие болу екенін айтты. Путин: "Киев бұл операция Ресейде хаос пен толқулар тудырады деп ойлады, бірақ олай болмады",-деді.

Ресей Президентінің айтуынша, жақында Украина жасаған шабуылдан кейін ұрыс даласына өз еркімен барғысы келетін ресейлік азаматтардың саны артты. Ол Ресей әскерилерінің Украинаның шығысында операцияларын жалғастыратынын баса айтты.

Сарапшылардың сенімінше, Ресей Украина әскерін өз аумағынан тез шығарып жібереді, дегенмен украиндар Кремль басшыларына соғыс ұзаққа созылатын болса, бейберекеттіктің Ресей шекарасына дейін созылатыны туралы айқын жолдау жіберді.

Украинаның контршабуылы уақытша сияқты, өйткені бұл елде ұзақ уақытқа қажетті күштер жоқ. Ол мұны тек Донбасстың алдыңғы шебінен ресейлік күштерді шығару және ресейлік сарбаздар арасында үрей тудыру мақсатында жасады.

АҚШ-тың итермелеуі

Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Украинаның Ресей жеріне шабуыл жасауға батылы жетпейді, бірақ оны АҚШ үкіметі сияқты сыртқы күштер итермелеп отыр. Сараптамаға сәйкес, АҚШ өз халқына президент сайлауы қарсаңында олардың саясаты Украинадағы ұрыс даласында пайдалы болды деп көрсетуге тырысып жатыр. Сол себепті Пентагонның баспасөз хатшысы Сабрина Сингх Курскіге жасалған шабуылды қолдап, Украина армиясының шабуылдары АҚШ саясатына сәйкес және аймақтағы шиеленісті ұлғайтпайды, енді шиеленісті ауыздықтау жауапкершілігі Владимир Путинге жүктеледі деп мәлімдеді.

Германия – Кремль үшін бірінші айыпты

Украина Ресейге қарсы шабуылда Батыс қаруын қолданатындықтан, Мәскеу басшылары қару-жарақ жөнелтушілерге мұның салдары болатынын ескертті. Ресей Ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев "X" әлеуметтік желісінде Украина күштерінің Курск қаласына шабуылда неміс танктерін пайдаланғанына тоқталып:"Германияның Bild газеті неміс танктерінің Ресейге қайта оралғанын мақтанышпен жариялаған мақала шығарды. Германияның Украинаның Ресей аумағына басып кіруіне қолдау көрсетуіне жауап ретінде Мәскеу Берлин алаңына ең заманауи ресейлік танктерді әкелу үшін бәрін жасайды",-деп жазды.

Неміс танктерінің Курскіде болуы НАТО-ға мүше елдердің жақында Ресейге қатысты ұстамдылықты қойып, Киевке Ресей аумағына шабуыл жасау үшін Батыс қаруын қолдануға рұқсат бергеннен кейін орын алды. Ресейді кері шегіндіру мақсатында жасалып жатқан бұл әрекет НАТО мен Мәскеудің тікелей текетіресіне әкелуі мүмкін. Кейбір неміс шенеуніктері Берлин үшін мұның салдары туралы ескертіп жатыр.

Германияның Саксония федералды штатының премьер-министрі Майкл Кирхмер: "Украина қарулы күштерінің Курск облысына шабуылында неміс танктері пайдаланылған болса, бұл қызыл сызықтың тағы бір бұзылуы. Екі жылдан бері Германия билігі жариялағанның бәрі іс жүзінде орындалмай жатқанын көрдік. Біз Украинадағы қақтығыстың бір тарапы болуға жақындап келеміз. Халық осыған алаңдаулы",-деді.

Майкл Кирхмер: "Берлин Украина қарулы күштеріне әскери көмек жіберуді тоқтатуы керек. НАТО-ның Ресейдің қызыл сызықтарынан кезең-кезеңімен өтуі дағдарысты шешуге көмектеспейтіні былай тұрсын, сонымен қатар ядролық державалардың қатысуымен жеңімпазы жоқ Үшінші дүниежүзілік соғысты тудыруы мүмкін",-деді.

Тегтер