Ақп 24, 2016 13:17 Asia/Almaty

Ислам мектебінде қоршаған ортаны қорғау Алла сүйетін іс саналады. Өйткені ол тауһидтік дүниетанымнан алынған.

 Мұндай дүниетанымда Алла Тағала – әлемнің жаратушысы әрі оның қорғаушысы. Сол себепті қоршаған ортаны қорғау Алла жаратқан нәрселерді қорғау болып табылады. Тауһидтік дүниетанымда жаратылған жүйеде барлық жаратылыстар Жаратушының бақылауында болады. Осыған орай қоршаған ортаны қорғау  адамның іс-әрекеті мен көзқарасына және қоршаған ортаны құрайтын жануарлар мен табиғатты қорғау міндетіне негізделген. Исламдық өмір сүрудің негізі саналатын тауһидтік көзқарас бойынша  адам біріншіден, Алланы жаратылған әлемнің  жаратушысы әрі иесі санайды; екіншіден, өзін Алла мен Оның жаратылыстарының алдында жауапты санайды. Осыған дейін айтқанымыздай, әлемнің оқиғалары белгілі бір мөлшерге дейін адамның іс-әрекеттеріне байланысты. Яғни, егер адамдар Аллаға құлшылық етсе, олардың алдынан рақымдылық пен илаһи берекенің есіктері ашылады. Егер құлшылық ету жолынан бұрылып, адасса, ойлары ластанып, адамзат қоғамында бұзақылық орын алып, ол тіпті қоршаған ортаға, яғни құрлық пен теңіздерге де да таралады. Әйгілі мұсылман ойшыл аятолла Джавади Омули бұл туралы өзінің сараптамасында: «Адамдардың жақсы және жаман ниеттері мен іс-әрекеттері әлемдегі оқиғаларға өз ықпалын тигізеді. Өйткені адам өзінің барлық қасиеттерімен жаратылған әлемнің бір бөлігі болып табылғандықтан басқа жаратылыстардан бөлек бола алмайды. Адамға теңіз, дала, жер мен әуедегі жаратылыстар әсер етіп, өзі де оларға әсерін тигізеді.  Яғни, адам әлемде орын алып жатқан жағымды және жағымсыз үдерістерге өз ықпалын тигізеді. Бұл екіжақты әсерлер  адамның денесіне ғана емес, оның ахлағы мен іс-әрекетіне, сөздеріне әсерін тигізеді»,- деп жазды. Құран Кәрім әртүрлі аяттарында адам мен табиғаттың тікелей қарым-қатынасы туралы баяндады. Бұл тақырыпқа қатысты Құран аяттары негізгі және жанама топқа бөлінеді. Кейбір аяттар адам мен әлемдегі оқиғалардың арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Кейбір басқа аяттар жақсылықтар мен әлемнің жағымды оқиғаларына, басқалары жамандықтар мен әлемдегі кездейсоқ оқиғаларға байланысты. Мәселен, «Жын» сүресінің 16-шы аятында Алла Тағала: «Егер олар (жындар мен адамдар,) ол жолда тұп-тура жүрсе, әрине оларға мол су нәсіп етеміз»,- деген. Бұл аят негізі бойынша, дұрыс жолдан таймау суды егістік жерлер мен ормандарды суғарып, хайуандар мен адамдардың шөлін қандыруға пайдалануға себеп болатындығы айқындалады. Бұл аяттың тәпсірінде аяттағы судың тек жаңбырдың суы ғана емес, бұлақтар мен құдықтардың суы да екендігі айтылған. Яғни, Алла Тағала ғамалдары жақсы халықтарға береке мен материалдық нығметтерді сыйлайды. Күнәләрдің көбі илаһи бұйрықпен  судың азаюына себеп болуы мүмкін. Бұл аят бойынша иман мен тақуалық рухани берекенің көзі болуымен бірге  көптеген материалдық ырзықтар мен материалдық берекелерге де себеп болады. «Ағраф» сүресінің 96-шы аятынан: «Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, тақуа болса, әрине оларға көк пен жердің берекелерін ашып жіберер едік»,- деп оқимыз. Бұл аят бойынша қалалар мен ауылдардың тұрғындары иманды және тақуа болса, олардың алдарынан аспан мен жердің берекелерінің есіктері ашылады. Бұл аят адам мен әлем оқиғаларының іс-әрекеттерінің қарым-қатынасы туралы анық баяндайды. Аспан мен жердің берекелерін бірнеше топқа бөлуге болады.  Аспанның берекелеріне қар мен жаңбырдың жаууы және күннің шығуы жатады. Жердің берекелерінің қатарына бұлақтардың сарқырап ағуы, өсімдіктер мен жемістердің өсуі жатады. Бұл адамның жақсы ғамалының арқасында ғана мүмкін болады. «Рум» сүресінің 41-ші аятында жаратушы адамдардың  ғамалдарының  қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы айтады. Бұл аяттан: «Адамдардың қолекі істегендерінің кейбірінің сазайын татыру үшін құрылықта әрі теңізде бұзықтық шықты. Мүмкін олар, бағыттарынан қайтар»,- деп оқимыз. Теңіздегі бұзақылыққа теңіз нығметтерінің  тапшылығы немесе теңіздегі соғыстар жатады. Аятта илаһи жазалар айтылған кезде біріншіден күнәләрдің салдарынан нығметтердің азаюына назар аударылған. Содан соң шеркке салыну салдарынан жойылу мен өлімге туралы айтылған. Жаратушы жаратылыстарына нығметтері мен ырзықтарын сыйлайды.  Сондай-ақ, қайтарып алған кезде бірінші нығметтерден,  содан соң өмірден айырады. Имам Садық (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінен: «Теңіздегі жаратылыстар жаңбырдың арқасында өмір сүреді. Жаңбыр жаумаған кезде құрлықта да, теңіз де бұзақылықтар орын алып, көп күнә жасалады»,- деп оқимыз. Бұл рауаятта бұзақылық, жаңбыр мен су жануарлары туралы айтылып,   жаңбыр азайған кезде  теңізде балықтың азаятыны ескерілген. Тіпті жағалауда өмір сүретіндердің кейбіреулерінен «Жаңбырдың құрылықтан гөрі теңізге тигізетін пайдасы көбірек» деген сөзді естіген едік. Осының алдында айтылған аят бойынша, жаман істер бір жақтан, әлемнің төтенше оқиғалары басқа жақтан бір-бірімен тығыз байланысты. Егер адамдар Аллаға бағынып, құлшылық жолына аяқ басса, олардың алдарынан илаһи береке мен рақымдылықтың  есіктері ашылады. Ал егер құлшылық етуден бұрыс жолға түсіп, адасса, илаһи нығметтерден мақұрым қалады. Исламның құнды жүйесінде барлық жақсы ғамалдар тұрақты, бірақ кейбір жұмыстар мәңгілік, өміршең саналады. Ондай істерге мәселен, ғылыми кітаптар  немесе Құран Кәрімнің тәпсірін жазу, сондай-ақ  қоршаған ортаны жаңғыртуға қатысты ағаш егу, құдық қазу, бөгет салу және адамның  өмір сүруіне қажетті басқа да жұмыстар жатады. Діни тағылымдарда егер адам ағаш ексе немесе халық үшін пайдалы жұмыс жасаса, оның ғамалы еш уақытта ұмытылмай, әрқашан сол адамның атымен байланысты болады» деп айтылған. Баршаға пайдалы жұмыстар адамды қоршаған ортаны жаңғыртуға жігерлендіреді. Мұсылмандар ағаштарды сақтап, олардың сандарын азайтпауға талпынулары керек. Өйткені ағаш-талдар ауаның таза болуына көмектеседі. Көшет отырғызып, ағаш егудің маңыздылығы, Исламның ұлық пайғамбары: «Егер қиямет жақындап, тек бір ағаш қана отырғызатындай уақыт қалса, қолдарыңдағы ағашты егіңдер»,- деген. («Мостадрок әл-Васаель», 13-ші том, 460-шы бет). Исламдық өмір сүру тәсіліндегі ерекше назар аударылатын келесі маңызды мәселеге су ресурстары және оларды ысырап етпеу мәселесі жатады. Діни тағылымдарда судың маңызды саналатындығы соншама, исламның ұлық пайғамбары су ішкен кезде мына дұғаны айтуды насихаттаған: «Күнәларымыға байланысты суды ащы етіп жаратпаған Алланы мадақтаймыз. Жаратушы Өзінің  нығметтеріне байланысты суды мөлдір әрі ішуге жарамды қылып жаратты». («Усул Кафи»,6-шы том, 384-ші бет). Мұсылмандар адам мен әрбір жаратылыстың өмірі үшін қажет суды ластамауы, ысырап етпеуі керек. Қорыта айтқанда,  исламдық өмір сүру тәсілінде адам Алланың алдында жауапты болуына байланысты қоршаған ортаның алдында да арнайы міндеттерге ие. Адам қоршаған орта туралы шешім қабылдаған кезде оның  басқа жаратылыстарға қандай әсер ететінін ұмытпағаны жөн. Сол себепті исламдық қоршаған ортаның ахлағы әділ қатынас жасаудың  тек адаммен ғана шектелмей, қоршаған ортаның барлық жансыз және жанды жаратылыстар үшін де қажет екендігіне көңіл бөледі.

Тегтер