Қыр 09, 2016 16:34 Asia/Almaty

Әлем әдебиеті мен парсы халық ауыз әдебиетіндегі «Мың бір түн» кітабының маңыздылығы мен жоғары орнына және ондағы ертегілердің негізгі сюжеттерінің әралуандығына байланысты бірнеше бағдарлама барысында осы кітапты қарастыратын боламыз. Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, осы туындыдағы кейіпкерлердің ерекше есімдерінің рөліне тоқталамыз.

Айтып өткеніміздей, жалқы есімдер"Мың бір түннің" кейбір ертегілері барысында ерекше рөл атқарады. Мұны ертегіні талдағанда естен шығармау қажет. Бұл ерекшелік "Мың бір түндегі" ұзақ ертегілерге тəн, ал қысқа ертегілерде қолданылмайды. Жалқы есімдер тарихи жəне діни тұлғаларға қатысты. "Мың бір түннің" ертегілерін баяндаушылар осы есімдерді əртүрлі тəсілдермен пайдаланады. Есімдердің ұқсастығы – осындай жайттардың бірі. Мұндай ұқсастық "Мың бір түндегі" ең басты кейіпкерлер, яғни Шахрияр мен Шахризада есімдерінен басталады. Бұл есімдердегі "шахр" сөзі екеуіне де ортақ. "Шахрияр" сөзі парсы тілінің түсіндірме сөздігінде "қаланың басшысы, қаланың күзетшісі" деген мағынаны білдіреді. Екі есімнің ұқсастығы ертегінің басынан-ақ бұл екі тұлғаның байланысының берік сақталатынын көрсетеді.

Есімдердің ұқсастығы, әсіресе ағайындылардың есімдері мен апалы-сіңлілердің есімдері арасында байқалады.  Зерттеушілердің пікірі бойынша, бұлар ирандықтар мен арабтар арасындағы тарихи оқиғалардан хабар беріп, тығыз байланыс пен өзара махаббатты көрсетеді. Осыған қатысты ең көрнекті мысал – Шаддад пен Шадид атты ағайындылар туралы ертегі. Олдардың бірі ертегінің бас жағында қаза табады, ал екіншісі көптеген шытырман оқиғалардың кейіпкері болады.

Белгітанушылардың пікірі бойынша, ер адам мен әйел адамның есімдерінің ұқсастықтары барлық уақытта дерлік осы кейіпкерлер арасындағы терең ғашықтық сезімнің басталғанынан хабар береді. Оқырман әлгі екеуінің есімдерінің ұқсастығына байланысты бір-біріне жазылғанын болжай алады. «Азиз бен Азиза» ертегісі – осындай ертегілердің бірі. Ертегінің басында Азиз Азизаның ғашықтығына мүлде көңіл аудармайды, бірақ ертегінің соңында ағасының қызының лайықтылығына көзі жетіп, көңіл аудармағанына өкінеді.

Ұқсас есімдерге ие кейіпкерлердің кейбіреулерінің іс-әрекеттері де ұқсас келеді. «Қамар әз-Заман балалары» атты ертегі іс-қимыл ұқсастығының үлігісі болып табылады. Асад пен Амджад деген екі ағайынды ұқсас оқиғаларды бастан кешіреді, бірдей істер атқарады, олардың тағдырлары таңғажайып тәсілмен бір-біріне ұқсас болып келеді.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайын білуге шешім қабылдайды. Тигр өзеніне жеткен кезде қайықшыдан оларды өзенде серуендетуді сұрайды. Қария оларға: «Қазір өзенде қыдыратын кез емес. Өйткені күнде кешке Харун әр-Рашид кемеге отырып, Тигр өзенінде қыдырады. Ал оның жаршылары «Уа, халайық! Халиф Харун әр-Рашидтің бұйрығымен осы сағаттан кейін  өзенде жүрген кез-келген адамның басы алынады немесе өлсін деп қайығының діңгегіне асып қоямыз» деп айқайлайды»,-дейді. Осы сөзге таңданған Харун әр-Рашид жалған халифті көргісі келіп, қарияға ақша беріп көндіріп, ақырында оны көреді. Жалған халифтің кемесінің артынан жүріп отырып, оның орнын анықтайды. Алайда күзетшілер оларды ұстап алады.  Харун әр-Рашид пен оның қасындағылар өздерін саудагер деп таныстырады. Жалған халиф оларды өз сарайына апарып, салтанатты дастархан жаюға бұйрық береді. Тамақтан кейін музыка ойналады. Жалған халиф музыка ойналып жатқан кезде бірнеше рет есінен ауып, үстіндегі киімдерін жыртып тастайды. Нөкерлері оған жаңа киім кигізеді. Нағыз халиф осындай киім жырту кезінде жалған халифтің иығынан қамшының жарасын байқап, Джафар Бармакиге ақырын ғана жағдайды айтады. Жалған халиф олардың сыбырласып отырғанын байқап, оның себебін сұрайды. Джафар Бармаки де киім жырту оқиғасын сылтауратқанда жалған халиф: «Бұл киімдерді өз табысыма алдым. Олармен не істегім келсе, соны істеймін. Мұнымен қоса, бұл киімдерді енді кимеймін. 500 ділдәмен қосып, осы жиында отырған адамдарға сыйлаймын»,-дейді.

Уәзір өз сөзінің әлгі жас жігітті ренжітуі мүмкіндігін көргенде: «Тақсыр, сіз өз заттарыңызбен не істегіңіз келсе, соны істеңіз. Басқалар да пайда көретін істен жақсы не бар»,-дейді.  Кәззап халиф Джафар Бармакидің айтқан сөзін ұнатып, әлгі киімдердің бірін 1000 ділдәмен оған сыйлайды. Сәт сайын әлгі жас жігіттің істеріне таңданысы арта түскен Харун әр-Рашид тағы да уәзірінің құлағына сыбырлап: «Джафар, бүгін кешке бұл адамның кім екенін білуім керек. Ол осы таңқалдыратын істерді не үшін жасауда. Одан белінен көрген қамшының ізі туралы сұрашы»,-дейді. Уәзір: «Тақсыр, асықпағанымыз жөн. Ісіміз насырға шабуы мүмкін. Егер сабырлық танытсақ, тез арада бәрі мәлім болады»,-дейді. Харун әр-Рашид: «Құдай ақы, егер сұрамасаң, өзіміздің сарайға қайтып оралғанда жандайшаптарға жаныңды алсын деп бұйырамын»,-дейді. 

Кәззап халиф олардың сыбырласып отырғанын тағы да байқап: «Сен екеуіңде біз естуге болмайтын жасыратын бірдеңе бар сияқты. Бір-біріңе не айтып отырсыңдар?»-деп сұрайды. Джафар Бармаки: «Тақсыр, сіз туралы жақсы айтып отырмыз»,-деп жауап берді. Халиф: «Ештеңені жасырма, бір-біріңе сыбырлаған сөздердің бәрін айт»,-дейді. Джафар: «Егер араласушылық саналмаса, айтайын. Сіз ана перденің артында киімдеріңізді ауыстырып жатқанда перде бір сәтке жерге түсіп қалып, менің досым сіздің денеңізден қамшының ізін байқап қалды. Енді осы қамшы ізінің неден пайда болғанын білгісі келеді»,-деді. Жас жігіт мұны естігенде күлімсіреп: «Бір-біріңмен не үшін сыбырласып отырғандарыңды енді түсіндім. Мұны білгеннің айыбы жоқ. Өзімнен ертерек сұрағандарыңда ғой. Алайда менің тағдырым мен мына қамшы іздерінің  оқиғалары – өте ұзақ әңгіме. Қаласаңыздар, айтып берейін»,-дейді. Джафар Бармаки: «Үлкен ынтамен тыңдауға дайынбыз»,-дейді. Жас жігіт: «Қадірлі қонақтарым, жағдай осындай болған екен, сіздер де өздеріңізден саудагердің бетпердесін алып тастаңыздар. Мен де сіздерді таныдым. Мен қонақтарымның мұсылмандардың билеушісі, оның уәзірі Джафар Бармаки мен қылышшысы Масрур екендігін білемін. Мен басынан-ақ сіздерді таныдым, сондықтан сіздерді лайықты түрде күтуге тырыстым. Мұны бірден ашпауымның себебі ұлы халиф Харун әр-Рашид өзін танытқысы келмей, үнсіз қалған болар деп ойладым. Енді менің өмірбаянымды тындағыңыз келсеңіздер, сіздерден рұқсат сұрағым келеді. Өйткені менің өмірбаянымда көңіл қамықтыратын жайттар бар»,-дейді. Джафар Бармаки өзінің негізгі болмысын жасыруға тырысқанымен енді оның пайдасы болмады. Харун әр-Рашид жас жігітке қарап: «Уа, ізгі ниетті жігіт! Өзіңнің тағдырыңды бізге баяндап бер. Тыңдауға дайынбыз»,-дейді.

Тегтер