Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (58)
Зерттеушілердің «Мәснауидің» хикаяттарын тақырып тұрғысынан мистикалық, тәлімдік, құрани және аллегориялық деп төртке бөлгендерін айттық.
«Мәснауидегі» хикаяттардың көбісі мистикалық мән-мазмұнға ие. Өйткені ақынның ойынша, хикаят бір рух пен бір денеден тұрады. Хикаяттың денесін оны жазудың түрі мен тәсілі құрайды. Бұлар Моулавиді аса қызықтырмаған. Моулавидің ерекше назарына алынған хикаяттың рухы – оның жасырын қатпарлары мен мистикалық ұғымдары. Шын мәнінде хикаят – Моулавидің негізгі құралдарының бірі. Ақын оны өзінің ойлары мен тәлімдерін беру үшін жақсы пайдаланған.
Моулави хикаят айтуда әртүрлі тәсілдерді қолданған. «Мәснауидің» хикаяттарының арасынан басқаларынан ұзағырақ хикаяттарды кездестіреміз. Моулави осындай хикаяттарда олардың ұзақтығы оқырманды жалықтырмауы үшін бірінен-бірі туындап жатқан мысалдар мен эпизодтық құрылымды пайдаланған. Шынымен-ақ, осындай қысқа эпизодтар оқырманның көңілін аулап, хикаяны жақсырақ түсінуге көмектеседі. Мысалы, Моулави «Патша мен күң», «Тоты мен саудагер» және «Арыстан мен қоян» сияқты хикаяттарда осы тәсілді қолданған. Ол осы хикаяттар барысында өзі қажет деп тапқан жерде сөзін басқа хикаяларды келтіру арқылы айқындап отырған. Шын мәнінде негізгі хикаяттың ішінде баяндалған хикаяттардың көбі – Моулавидің негізгі хикаяға жазған түсіндірмесі мен тәпсірі.
Мұндай жағдайларда негізгі хикая басқа қысқа хикаяларды өз бойына жинаған қалып сияқты. Басқа сөзбен айтқанда, негізгі қалып – басқа қысқа хикаялар кіргізілген шеңбер. Біздің рауаяттың негізгі қалыбы –насихат немесе мысал. Біз соны оқырмандарға үйреткіміз келеді деп ойлайық. Осы қалыпта мысал ретінде хикаялар жылдам бас көтереді.
Моулавитанушы доктор Тақи Пурнамдариан Моулавидің хикаяттарындағы әңгіме ішінде әңгіме тәсілінің сапасы туралы мынадай пікір білдіреді: «Моулавидің «Мәснауиде» қызығып, көп қолданған «әңгіме ішінде әңгіме» тәсілі «Синдбаднама», «Келиле мен Демне» мен Аттардың «Мәснауилері» сияқты прозалық және поэзиялық туындыларда кездескенімен олардың ешқайсысынан Моулавидің «Мәснауиіне» ұқсастықты таппаймыз. Бұл туындыларда жазушылар әңгімелер мен хикаяттарды толығымен саналы түрде ақлақтық немесе мистикалық ой-пікірлерін баяндау үшін куә немесе айғақ ретінде, болмаса олардың сөздерін дәлелдеу және растау мақсатында келтіреді. Ойларды баяндау және олардың дұрыстығын растау үшін мысал ретінде хикаяттар келтіру оқырманға таныс баяндау тәсілі болып табылады. Басқа туындыларда әңгіме мен хикаятты басқару айтушы мен жазушының қолында. Олар хикаятты өздері көздеген бағытқа қарай бастап баяндайды. Ал «Мәснауиде» хикаятты басқару Моулавидің қолында емес сияқты. Бұл хикаяттар, қабілеттер мен мүмкіндіктер олардың ашық та жасырын құрылымы мен мағынасын құрайды.
Олар Моулавидің көмескі санасында жиналған мағлұматтарды әртүрлі жағдайларға байланысты санасынан сыртқа шығарып, оларға белсенділік сыйлап, Моулавиді потенциалды мүмкіндіктер рұқсат берген жерге дейін апарады».
Басқа жағынан ұзақ хикаяттың ішіндегі бірінен-бірі туындап жатқан мысалдардың бұл түрі кейде оқырман зейінінің хикаяттың барысынан алшақтауына себеп болды. Яғни, оқырманның санасында хикаяттың желісі үзіліп қалады. Мысал ретінде «Мәснауидің» танымал хикаяттарының бірі «Арфада ойнайтын шал» атты хикаятта оқырман осындай қиындыққа тап болады. Хикаят мына бәйітпен басталады:
Омардың заманында,
Арфада ойнайтын шал болған деседі.
Моулави бұл хикаяны ұзартып жіберіп (170-тен аса бәйіт), әртүрлі эпизодтарды қосқандықтан, оқырман арфада ойнайтын шалға қатысты негізгі хикаят аяқталған екен деп ойлап қалады. Сол себепті Моулави хикаятты жалғастыру үшін «Арфада ойнайтын шал хикаясының жалғасы және оның қысқаша мазмұнын баяндау» деген тақырыпты келтіруге мәжбүр болды. «Пайғамбар (с.ғ.с.) мен Зейд» және «Ғашықты өлтіретін мешіт» атты хикаяттарға қатысты осыны айтуға болады.
«Әңгіме ішіндегі әңгіме» құрылысы Моулавиге дейінгі кезеңдерде де кең таралған еді. Мұны парсы әдебиетіндегі көне хикаяттардың көбінен, соның ішінде «Келиле мен Демне», «Марзбаннаме», «Синдбаднама», тіпті Фердоусидің «Шахнамасынан» да көруге болады.
«Мәснауидің» хикаяттары көбінесе тақырып тұрғысынан аллегориялық хикаяттарға жатады. Хикаяттарды жазу стилі х.қ.ж.с.б. 7 ғасырға дейінгі көне стильді сақтаған. Хикаяттардағы сияқты тілдің көнелігі Моулананың басқа туындыларынан байқалмайды. Бұл хикаяттардағы ерекше поэзиялық әуен, сөздер мен тілдің көнелігі, сөз бен мағынаның көркемдік құралдардан ада болуы, хикаяттардың әдеби түрі, мистикалық ұғымдардың көрініс табуы – осының барлығы «Мәснауидегі» хикаяттардың стилін Моулавидің жеке стилі ретінде қалыптастырған ерекшеліктердің қатарын құрайды.
«Мәснауидің» барлық хикаяттарының ақлақтық, мистикалық және тәлім-тәрбиелік мәні бар. Хикаяттардың басым бөлігінде мезгіл мен мекен белгісіз. Бірнеше жайттан басқасы, хикаяттардың көбінің сахнасы мезгіл тұрғысынан анық емес. Хикаяттар ішкі сарын, яғни сөйлеу мен ерекше сөз таңдаудағы қисын тұрғысынан сәтті шыққан. Моулави хикаяттың әрбір кейіпкеріне тиісті сөзді екшелеп таңдаған. Бұл оның туындысының құндылығының артуына себеп болды. Моулави осы хикаяттардың көбінде баяндаушы ретінде өзі мен кейіпкерлер арасындағы қашықтықты сақтаған. Моулави хикаяттар шындыққа жақын көрінуі үшін кейіпкерлердің тіліндегі сөйлеу қисынын сақтаумен қоса, кейбір хикаяттарды діни тұлғалар мен ғұламалар тарапынан баяндаған немесе тарихи тұлғаларды пайдаланған. Моулави осы арқылы өзінің туындысын шындыққа жақындатып көрсете алды. Хикаяттарда келтірілген кейіпкерлер көбінесе оқырманға таныс болған, ал егер таныс болмаса, хикаяттың мазмұнына баса назар аудару үшін белгісіз біреу ретінде келтірілген. Моулави кейде өз хикаяттарының кейіпкерлерін «анау не мынау» деп атап, сілтеу есімдігін қолданып таныстырған. Олар шын мәнінде белгісіз жандар.
Хикаяттың негізгі элементтерінің бірі – оның негізгі қалыбы (plot). Негізгі қалып немесе жоба, құрылыс – хикаяттың іргетасы пен негізгі қаңқасы. Ол біртұтас үлгі ретінде хикаятты басынан аяғына дейін алып жүреді. Негізгі қалып оқырманды хикаяттағы оқиғалардың себебін іздеуге итермелейді. Хикаяттардың негізгі қалыбы туралы пікірталаста ондағы элементтердің себеп-салдарлық қатынасы өте маңызды. Моулави жазушы әрі хикаятты баяндаушы ретінде өзіне дейінгі хикаяттармен жақсы таныс болғанын, оларды өзінің ойлары мен ниетіне орай қолданғанын көрсетті.