Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (59)
Моулавидің неліктен Моулавиге айналғанын білгіңіз келе ме?
Таным теңізін толқындатып, оның тұңғиығынан осыншама інжу-маржан шығаратындай қандай жағдай қалыптасып, оның бойында қандай қасиеттер бар еді? Моулананың заманынан 8 ғасыр өтсе де, қазірдің өзінде оқырмандар «Мәснауидің» тулаған теңізінен інжу теріп, Моулананың сирек кездесетін ойларын пайдалана алады. Бұл қозғалыстың келер ғасырларда да жалғасатыны айқын:
Ей, айтшы! Ақын арық қазады,
Келесі ғасырға су жетсін деп.
Әрбір ғасырдың өз шешені болса да,
Алдыңғы буын көмекке келеді.
Моулави келешек адамдар кезек-кезек келіп, су ішу үшін өзін арық қазып, одан су ағызған адам деп санайды.
Моулавиден мынадай аңыз қалған: бірде ақын досының үйіне барғанда оның «Мәснауиді» басына жастап, соған сүйеніп отырғанын көріп, ашуланып: «Бұл басқа жастап, сүйенетін кітап емес. Бұл кітап әлемді қамтитын болады»,-депті. Моулананың бұл көрегенділігі шындыққа айналды. Мұның дәлелі – Моулави игі сөз айтқан және өз сөзінің игі әрі терең екендігінен жақсы хабардар болған. Ол ненің мәңгілікке қалатынын, ненің уақыт өте келе жойылатынын білген.
Моулавидің еңбектерін зерттеушілердің барлығы Моулавидің есімінің мәңгілікке қалуының сыры мен негізгі себебі Моулана мен Шамстың кездесуінде жатыр деп санайды. Олардың сенімінше, Моулави Шамс Табризимен кездесіп, сұхбаттасқаннан кейін Моулавиге айналған. Кейбіреулердің сенімінше, Моулави Шамспен кездеспес бұрын Ғазали сияқты болған. Абу Хамед Мұхаммад Ғазали фикһ-діни заңгерлік, хикмет пен калам-схоластикалық-догматикалық теология бойынша өз заманының ұлы ойшылдарының бірі болған. Ол өзінің 55 жылдық қысқа ғұмырында өте маңызды еңбектер жазып қалдырып, ислам мәдениеті тарихына айтарлықтай үлес қосқан.
Моулави Ғазалиге қызығып, оның еңбектерін қайталай оқып, есіне сақтаған адамдардың бірі болған. Моулана Шамспен кездескенге дейін басқа ғалымдар сияқты үлем, мүфти, дінді уағыздаушы болған. Бірақ Моулавиден қалған азын-аулақ меңзеулерге сүйенсек, Шамспен кездесуі оның тұлғасына үлкен өзгеріс енгізген. Моулави «Фиһ ма фиһ» еңбегінде мына жайтқа тоқталады: Шамс оған «ғашықтық» деп аталатын інжуді сыйлаған. Сол уақыттан кейін ол өзі тапқан, жаңалық тудыратын ғашық тұлғамен өзінің мәңгілік еңбектерін тудырды.
Моулави Шамспен кездесуден бұрын өзінің айтуы бойынша «сәждеге жығылған байсалды адам» болған, ғалым әрі дінбасы ретінде жалпы пен жалқының құрметіне бөленген. Бірақ ол адам қазір бүкіл әлем танитын Моулави емес еді:
Тақуа болдым, жыршы қылдың,
Той-томалаққа қатысып, шарап ішетін қылдың.
Қарапайымдылықпен сәждеден бас алмаушы едім.
Көше балаларының ойыншығына айналдырдың.
Шамс Табризидің Моулавиге жасаған ең алғашқы және ең негізгі ісі оның байланыстарының жібін үзуі болды. Шамстың көзқарасы бойынша, Моулана қанаты байланған қырандай еді. Ол келіп, бүркіттің аяғы мен қанатын осы байланыстардың тұсауларынан босатты. Шамс Моулавиді жанұя, кітап оқу мен әлеуметтік жұмыс пен дәріс беру, шәкірттер және достармен болудан айырып, оны жаңа туған адамдай бәрінен босатты.
Моулави еңбектерінің негізгі ерекшелігі – оның сөзінің сонылығында. Моулавидің сөзі ешбір оқырманды шаршатпайды, өйткені ол жаңа әрі тың. Моулави өз тілінің осындай ерекшелігінен хабардар болғандықтан өзін «эйд» (айт) деп атаған:
Жаңа жылдай тағы келдім зынданның құлпын сындырғалы,
Мына адамжегіш аспанның тырнағы мен тісін сындырғалы.
Айт, яғни «жаңа күн» – адамдар жаңа киім киіп, әлем жаңаратын күн. Тазалық пен балғындық барлық жерге толқындай жайылады. Өзін «айт» деп санайтын адам әрине осындай тәжірибені, яғни жаңа болу мен «айт» болуды өзінің жан дүниесінен өткізген. Осы тәжірибенің арқасында Моулавидің сөздері көнеріп, жалықтыратын иіс бермейді. Оның кітабын қайталап оқыған сайын одан жаңа ойлар табуға болады. Осындай ерекшелікке ие кітапты кездестірудің кемде-кем болатынын сеніммен айтуға болады.
Моулави өткен мен келешекті жойып жіберді. Сол себепті оның сөздері жаңа да тың. Ол теңізге жалғанған. Шексіз теңіз және қазынамен байланысы бар адамның үнемі жаңа сөздері бар. Ол әрдайым өзінің оқырмандарына інжуге толы қабыршақтарды ұсынады. Ешқашан оқырмандар мен сатып алушылардың қалың тобынан жалықпайды және өз қазынасының босап қалуынан қорықпайды. Моулана босап қалудан үрейленбей, илаһи тағылымдарды өз оқырмандарына ұсынады.
Моулави – қам-қайғы дегенді білмейтін мистиктердің бірі. Моулананың ғашықтық мистикасында қайғыға орын жоқ. Ол ғашықтық еліне жетіп, одан әртүрлі пайда көреді:
Менің көзім тойған, жаным батыл,
У сүтке айналып, Шолпан жарқырай түсті.
Моулананың көзі мен жаны тойған. Ол «Мәснауиде» де ғашықтықтың тойдыратынын, ғашық болған адамды аштықтан арылтатынын айтады. Моулананың тағылымдарында екі нәрсе адамды тойдырады: бірі – ғашықтық, екіншісі – иман. Иман – таза да пәк қорек. Адам оған қатты тояды. Ғашықтық та солай.
Шамс Моуланаға байланыстарға берік болудың шексіз кеңістікте ұшумен кереғар екендігін үйретті. Содан соң оған мәміле жасасуды ұсынды. Бұл мәміледе ұтыстан ешқандай үміт жоқ. Моулави қатерге барады. Ол «ғашықтық – қамсыздық, ол ештеңеден қорықпайды, салдарын ойламайды, пайда-зиянды есептемейді» деп санайды. Ол ғашық адамнан тек шындап ойнауды талап етеді. Шындап беріліп ойнау дегеніміз – ешқандай ұтысқа үміт артпай, бәрінен айырылу. Ғашықтық ғашық адамның бір бөлігін ғана емес, бүкіл болмысын қажет етеді. Шамс Табризи Моулавиден ойланбай-ақ бәрін құрбан етуден басқаны сұрамады. Моулана да солай етті:
Өзінде барынан ұтылған ойыншы салқын,
Ешкім де басқа құмар ойынды қаламайды.
Сонда ғашықтық оған адалдық танытып, бәрін беріпті. Моуланаға өзінің айтуы бойынша «әлемнің шарапханасы» болған кеуде берген, барлық құлыпты ашуға болатын бір бума кілт берген, ғашықтық Моулананың жүрегін күндей жарқыратқан...
Ғашықтықтың астында бір бума кілт бар,
Ол барлық есіктерді ашады.