Ақп 29, 2016 18:03 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада 2000 жылы әлем елдерінің басшылары тарапынан үшінші мыңжылдықтың даму мәлімдемесінде қабылданған мақсаттар жайында сөз қозғадық. Бұл мәлімдемеде белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін елдерге 15 жыл мұрсат берілді. 2015 жылы бұл мұрсаттың мерзімі аяқталды.

Жарияланған есептер кейбір елдердің осы мақсаттарды ілгерілету жолында сәттілікке қол жеткізгендігін көрсетеді, бірақ басқа көптеген елдер, соның ішінде даму үстіндегі елдер әлі де сол мақсаттарды орындау жолында қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр.  Осы мақсаттардың бірі – әлемде кедейшілік пен аштықты азайту.

Әлем елдерінің басшылары 2000 жылы бірлесіп шешуді жариялаған бірінші мақсат 2015 жылға дейін кедейшілік пен аштықты азайту болған. Осы мақсат үшін бірнеше меже белгіленді. Солардың бірі – күніне 1 доллардан аз ақшаға өмір сүретін және аштықтан зардап шегіп жатқан адамдардың санын екі есе азайту. Барлық адамдарды дұрыс жұмыспен қамту және жұмыскердің өнімділік деңгейін арттыру – үшінші мыңжылдық саммитына қатысушылар  келіскен келесі мақсат. Қазір 2015 жылдың соңғы күндері  өтіп жатыр. Осы мақсаттың орындалғаны көзге түсе ме?

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мыңжылдық даму мақсаттарын орындау үшін белгіленген мезгілдің аяқталуына байланысты жасаған есебінде: «Әлемдік мобилизация даму мақсаттарын орындау жолындағы дүниежүзілік  кедейшілікке қарсы ең сәтті қозғалыстарды тудырды»,-деді. Ол, сондай-ақ, осы мақсаттарға қол жеткізу деңгейіне ризалық білдіріп: «Әлем басшыларының 2000 жылы алған міндеттемелері бетбұрыс нүктесі болып саналады. Олар қатты кедейшілік күй кешіп жатқан әйелдер, ер адамдар мен балаларды құтқару үшін бар күштерін салып, халық өмірін жақсартуға бағытталған 8 мақсаттың аясында ауқымды практикалық амалдар жасады. Мыңжылдық даму мақсаттары 1 млрд-тан астам адамды ауыр кедейшілік пен аштықтан арылтып, қыз балалардың мектепке баруына көмектесті. Мыңжылдық даму мақсаттары халықтың көкейкесті қажеттіліктерін алға тарту арқылы дамыған және даму үстіндегі елдердің шешім қабылдаушыларын бір бағытқа жұмылдырды»,-деді.

Пан Ги Мун өзінің есебінде қол жеткізілген айтарлықтай жетістіктерге тоқталып: «Айтарлықтай жетістіктермен қатар менің білуімше, бұрынғыдай теңсіздіктер де бар. Мұнымен қатар қол жеткізілген үдерістер үйлесімді болмады. Әлемнің кейбір жерлерін ауыр кедейшілікт жайлаған. 2011 жылғы есеп бойынша, әлемдегі  1 млрд кедей адамның 60 пайызға жуығы 5 елде өмір сүреді. Әлі де әйелдердің көбісі жүктілік және босанар кездерінде жан тәсілім етеді. Жасы келгендігі, мүгедек болғандығы және нәсіліне байланысты аз мүмкіндіктерге ие адамдар бар. Бұрынғыдай ауылдық және қалалық жерлер арасында теңсіздік сақталған»,-деп қуаттады.

БҰҰ-ның даму бағдарламасы тарапынан 2014 жылы жарияланған есеп сапалық көрсеткіштер негізінде жасалған. Бұл есеп әлемде кедейшілік деңгейі төмендегенімен әлемдегі әділетсіздік деңгейінің көбейгенін растайды. Тіпті бүгінде әлем халқының үштен бірі, яғни әлемнің 91 еліндегі  2 млрд  200 млн адам кедейшілікте өмір сүреді. Ал 800 млн адам кедейшілікке жақын деңгейде өмір сүреді. Осы есептің нәтижесі, сондай-ақ, бүгін 1 млрд 200 млн адамның күніне шамамен 1 доллар 25 цент табыспен өмір сүретінін көрсетеді. Бұл жағдайда осы жылдарда азық-түлік бағасының артқандығын да айта кету қажет.

БҰҰ-ның даму агенттігі қайраткерлерінің бірі осы жайлы былай деді: «Әлемде кедейшілік деңгейі азайғанымен  елдердің даму үдерісі біркелкі болмады. Үшінші мыңжылдық даму мақсаттарының бірі, яғни әлемдегі кедейшілік деңгейінің 50 пайызға төмендеуі орындалу үстінде. Оның негізгі дәлелі Үндістан мен Қытайдың бірегей экономикалық дамуы болды. Бірақ әлемдегі аштық деңгейін азайту, баршаның медициналық және білім алу мүмкіндіктеріне ие болуы, аналар мен балаларға көмектесу сияқты өзге салаларда үміттендіретін даму болмады. Әлем бойынша аштық деңгейі күн сайын арту үстінде. Әлемде 1 млрд-қа жуық адам осындай қиындыққа душар болып отыр».

Әлі миллиондаған африкалық бұрынғыдай абсолютті кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Сомалидегі құрғақшылық пен халықтың аштық жағдайы – осындай қиындықтардың бір үлгісі.  БҰҰ баяндамашыларының мойындауынша, бір күні 1 литр тұщы және тазартылған суға ие болу әлі де әлем қоғамының жартысынан көбінің арманы. Олар күніне жан басына 2 доллардан аз ақшаға өмір сүреді. Күніне қайтыс болатын шамамен жүз мың адамның 19000-ы азық-түлік тапшылығы мен аштықтан көз жұмады. Дүниежүзілік банктің төрағасы Джим Янг Ким жуырда берген бір сұхбатында кедейшілікті азайту мақсатын орындау жолындағы көптеген кедергілерге, соның ішінде географиялық теңсіздікке тоқталып: «Азиядағы, әсіресе Үндістан мен Оңтүстік Америкадағы ауыр кедейшілік үдерісі азаю үстінде, бірақ Африка құрлығы халқының 35,2 пайызы әлі де кедейшілік межесінен төмен деңгейде өмір сүреді. Бұл әлемдегі кедейлердің жартысынан көбіне тең. Африка   Сахарасының төменгі бөлігінде орналасқан елдердегі кедейшіліктің көбеюі алаңдатарлық жағдай. Бұл аймақ әлемдегі кедейшілікті азайту үнімен үндесе алмады. Мадагаскар мен Конго демократиялық республикасындағы жағдай қатты алаңдатарлық. Өйткені осы елдердің халықтарының шамамен 80 пайызы кедейшілік межесінен төмен деңгейде өмір сүреді»,-деп мәлімдеді. Дүниежүзілік банктің басшысы аймақтағы негізгі елдерде қақтығыстар мен қиын жағдай орнауына байланысты Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы кедейшілік деңгейіне қатысты нақты мағлұматтардың жоқтығын мойындады. Ким, сондай-ақ, дүниежүзілік экономиканың баяу дамуы, тұрақсыз қаржы нарықтары, қақтығыстар, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы мен климаттық өзгерістердің де БҰҰ-ның 2030 жылға дейін  кедейшілікті жоюға бағытталған мақсатты орындауға кедергі болып отырғанын ескертті.

Бүгінде әлемде кедейшілікті жою арманының орындалуына кедергі болатын маңызды факторлардың бірі – климаттық өзгерістер. Әлемнің жер-жеріндегі мың ұйымнан тұратын «Action-2015» халықаралық кампаниясы 2015 жылды кедейлікпен күрес және климаттық өзгеріс жылы деп жариялады. Бұл кампания өзінің соңғы дүниежүзілік статистикасында дәл қазір әлем халықтарының көбінің кедейшілікте өмір сүретінін, олардың күнделікті табысының 1,25 доллардан төмен екенін жариялады. Бұл ұйым әлем бойынша дұрыс шешімдер қабылданған жағдайда әлемдегі кедейлер саны 1 млрд-тан астам адамнан 2030 жылға дейін 360 млн адамға азаятынын жариялады. Бұл кампанияның сенімінше, кедейлік табыстың аздығынан туындайтын дүние ғана емес, оған білім алу, денсаулық пен өмірдің стандарттарынан мақұрым болу да жатады.  Шын мәнінде нашар тамақтану, медициналық қамсыздандыру мен білім алудың тапшылығына көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Осы факторлардың бәрі бір-бірімен қатар келгенде бірнеше қырлы кедейшілік туындайды.

Әлемнің жер-жеріндегі түрлі қоғамдарда кедейшіліктің туындауының негізгі факторлары туралы аумақты зерттеулер жүргізген көптеген ұйымдар мен органдар мынадай нәтижеге жетті: дамымаған елдерде кедейшіліктің таралуына себеп болған маңызды факторлардың бірі азық-түлік тапшылығы емес, көбінесе Батыстың саясаттары мен оның шектен тыс талапшылдығы. Осы ұйымдардың есептері бойынша, Батыс елдері әлем тұрғындарының 20 пайызын құраса да, әлемнің ауылшаруашылық өнімдерінің 80 пайызынан астамын тұтынады. Әлемде өндірілетін сүттің 75 пайызы, әлемдегі су көздерінің 62 пайызы, қуат көздерінің 48 пайызы, әлемдегі ет пен балықтың 45 пайызы дамыған елдерде тұратын халық тарапынан тұтынылады. Сондықтан  қазіргі жағдайда  әлем халықтарын тамақтандыру үшін азық-түлік жеткілікті сияқты, бірақ өкінішке орай, азық-түлікті тұтыну және бөлу тәсілі әділ емес. Байлықты әділ бөлудегі теңсіздікті назарға ала отырып, тіпті дүниежүзілік экономикада байлардан кедейлерге ақшаны бөлу жүйесінде жасалатын бір кішкене өзгеріс әлемде кедейшілік деңгейін айтарлықтай азайта алады.

Колумбия университетінің ұстазы профессор Томас Пуг өзінің бір сұхбатында осы шындыққа тоқталып: «Әлемдегі кедейшілікпен шынайы түрде күресу үшін жылына 300 млрд доллардан астам қаражат қажет. Бұл сома сырттай қарағанда көп болып көрінгенімен бай елдердің жалпы ұлттық ішкі өнімінің 1 пайызынан да аз»,-деді. Пуг өз сөзінде, сондай-ақ, басқа шындыққа тоқталып: «Тіпті, егер біз әлемде байлықты бөлу құрылымын өзгертуді былай қойып, бай әрі табысы мол елдердің мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық экономикалық жүйені реттейтін заңдарға өзгеріс енгізсек, даму үстіндегі елдерде кедейшілікті азайтуда үлкен әрі оң рөл атқара аламыз»,-деді.

Әлемде кедейшілікті азайту үшін мақсатты түрде, біртұтас бағдарламалар мен барлық елдердің әріптестігінсіз қол жеткізілмейтіндігіне күмән жоқ. Мыңжылдық дамудың басқа да мақсаттарына қол жеткізу үшін де бұл мәселені үнемі назарда ұстау қажет.

Тегтер