Ақп 29, 2016 18:17 Asia/Almaty

Аналардың денсаулығын жақсарту деңгейін талқылау

Әйелдер әрбір қоғамдағы адам күшінің 50 пайызға жуығын құрайды және ана әрі жұбай ретінде жанұяның жылы ошағын сақтауда маңызды рөл атқарады. Олар әлеуметтік, экономикалық, мәдени және ғылыми  дамуда да маңызды орынға ие болғандықтан, әйелдердің денсаулық жағдайын жоғарылатуға талпыныс жасау әрдайым әртүрлі елдердің денсаулық сақтау бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып келеді. Осы маңыздылыққа байланысты үшінші мыңжылдық даму бағдарламасында әйелдердің, әсіресе аналардың денсаулығының жақсаруына көңіл бөлінеді, өйткені даму мақсаттарының ешқайсысы  жүкті әйелдердің жалақысын көтермей, аналардың денсаулығын сақтамай орындалмайды. Сол себепті үшінші мыңжылдық даму бағдарламасының мақсаттарында аналардың өмірін сақтауға басты басымдық берілген. Әлем елдерінің басшылары 2015 жылдың аяғына дейін жүкті әйелдердің өлім-жітім деңгейі 1990 жылмен салыстырғанда 75 пайызға төмендеді деп санайды.

Өткен 15 жылдағы аналардың өлім-жітімін азайуға бағытталған әлемдік талпыныстарға қарамастан, әлі де жыл сайын әлемнің әртүрлі елдеріндегі әйелдердің көбі жүктіліктен туындайтын асқынулардан  қаза табады.  БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун 2014 жылғы есебінің кіріспесінде үшінші мыңжылдық даму бағдарламасының мақсаттарының орындалу деңгейі жайлы айтқанда осы шындыққа тоқталып: «Мыңжылдық дамудың мақсаттары 1 млрд-тан астам адамды кедейлік пен абсолюттік аштықтан шығаруға көмектесуде және балалардың өлім-жітім деңгейін айтарлықтай азайтуда маңызды рөл атқарғанымен әйелдердің көбі бұрынғысынша әлемнің кейбір жерлерінде босану кезіндегі және одан кейінгі қиындықтардың салдарынан  көз жұмады»,-деді.

Медицина саласындағы «Плюс»  журналының жаңа есебі де осы шындықты растап отыр. Журналдың жазуынша, қазіргі таңда даму үстіндегі 54 елде медициналық орталықтардың 38 пайызы стандартқа сай емес. Бұл мәселе тұщы су тапшылығымен бірге осы аймақтардағы әйелдерге жүктілік кезінде қатер төндіреді. Аталмыш есепті Ұлыбританияның таза су институты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Лондон медициналық университеті, БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және БҰҰ-ның Тұрғындар қорынан тұратын зерттеу тобы дайындаған. Есепте шамамен 289 мың әйелдің үйде немесе медицина орталықтарында санитарлық жағдайдың қолайсыздығынан қаза тапқаны жарияланды.

«Плюс» журналы есебінің жалғасында кедей елдерде бұл статистиканың дамыған аймақтардан 14 есе көп екендігін жазды. Лондон медициналық университетінің денсаулық сақтау мамандары тиісті санитарлық жағдай қамтамасыз етілмеген жерлерде  өмір сүретін әйелдер басқаларға қарағанда көбірек жұқпалы ауруларға шалдығады деп санайды. Таза су мен санитарлық мүмкіндіктер болмаған жағдайда бұл қатер арта түседі. Мұндай қиындықтар даму үстіндегі елдерде көптеген аурулардың туындауына әкеліп соқтырады. Бұл аурулардың көбі анықталмайды, бірақ олар физикалық және психикалық күйзелістермен қатар жүріп, ана мен баланы көптеген қауіп-қатерлерге ұшыратады. Мысалы, Танзанияда өте ауыр санитарлық жағдай қалыптасқан. Бұл елде әйелдердің үштен бірінен де азы санитарлық жағдайы сақталған дұрыс жерде босанады. Сонымен қатар жылына шамамен 8000 әйел Африканың шығысындағы бұл елде босану кезінде немесе одан кейін жантәсілім етеді.

Басқа тиісті ұйымдар тарапынан таратылған статистика да бұл тақырыпты растайды. Даму үстіндегі елдерде бір әйелдің өміріндегі жүктілік пен босануына қатысты асқынулардан туындайтын өлім қаупі 76 адамның бірін құрайды. Ал өнеркәсіптік елдерде 8000 әйелдің бірін құрайды. Білім алу, жанұяны жоспарлау және санитарлық қызмет баршаға ауқымды түрде  қолжетімді болып саналатын Канадада бұл көрсеткіш 11000 әйелдің бірін қамтиды. Осындай  жағдайда кедейлік пен тәртіпке келмеген жүйеде жүктіліліктің жоғары болуына байланысты санитарлық жағдай сақталса да, жүктілікке қатысты өлім-жітім 7 әйелдің бірін құрайды. Барлық аймақтарда кедей әйелдер, ауыл әйелдері, соғыс өрті шарпыған аймақтарда тұратын әйелдер арасында өлім қаупі көбірек. Африка Сахарасының оңтүстігіндегі елдерде СПИД мың ананың өлімінің 60 пайызына себеп болады.

Қан ағу, жұқпалы ауру, түсік тастау, жүктілік және ауыр немесе ұзақ босану кезінде қан қысымының бұзылуы, әсіресе Африка мен Азиядағы аналардың өлімінің ең көп таралған себебі болып табылады. Тамақтану жағдайы және ВИЧ-ке шалдыққан әйелдердің жалпы денсаулығы –  жүктілік пен босану кезіне әсер ететін факторлардың бірі. Басқа жағынан кедейлік, теңсіздік, әйелдер мен олардың денсаулығына жалпы көзқарас сияқты әлеуметтік факторлар да аналардың өлім-жітім деңгейіне әсер етеді.

Мамандардың көзқарасынша, ана өлімінің алдын алудың ең әсерлі жолы  жүктілік кезіндегі күтімді сан және сапа жағынан арттыру, салмақты дұрыстап өлшеу, қан қысымын нақтырақ бақылау, эмбрион жүрегінің дыбысын бақылау, ананың уақытында медициналық орталыққа баруы, ана мен жанұяға дұрыс ақпарат беру болып табылады. Осы өлім-жітімнің алдын алудың кілті әсіресе жүкітілік, босану және босанғаннан кейінгі кездегі жақсы санитарлық-гигиеналық күтімде жатыр. Жүктілік кезіндегі денсаулық жағдайын жақсартуға көмектесе алатын шараларға босануға дейінгі күтім, консультациялық қызмет пен ВИЧ вирусының сынақтамасы жатады.  

Босану кезінде тәжірибелі адамның болуы, басқаруды жоғарылату, әйелдер медициналық орталығындағы күтім, босанудан кейінгі күтім мен жанұяны жоспарлау да осы саладағы ең қажетті шаралардың қатарына жатады. Осындай жағдайда аналардың медициналық қызметтер мен мүмкіндіктерге қолжетімсіздігі әлемнің кейбір аймақтарында олардың денсаулығын ауыр қиыншылықпен бетпе-бет келтірді. 2011 жылы әлемдегі әйелдердің 135 млн босануының 46 млн жайты кәсіби күтімсіз жүзеге асырылған. Бұл іс әдетте ауылдық жерлерде өте ауыр жағдайдағы кедей топтар арасында орын алады.

Қолда бар мәліметтер бойынша, соңғы 15 жыл ішінде әлемнің 38 еліндегі санитарлық күтімнің аздығы аналардың өлім-жітімін азайтудың баяу жүруіне әсер еткен маңызды факторлардың бірі болған. Кейбір елдер маммологтардың санын 10 есе арттыруды қажет етеді. Әлемде осы жылдар барысында босанудың 63 пайызы кәсіби біліктіліктен кенде қызметкерлер тарапынан атқарылған. Бұл елдердің көбі денсаулық сақтау саласында адам күшінің тапшылығынан зиян шегуде.

Үшінші мыңжылдық даму бағдарламасы мақсаттарының орындалмау себептерінің бірі кейбір бай елдердің өздерінің міндеттемелерін орындамауында жатыр, өйткені олар осы мақсатты орындау үшін  көмектесуге бөлуі тиіс болған өздерінің ұлттық өнімдерінің 0,7 пайызын төлемей отыр. G8 деп аталатын елдердің арасынан Ұлыбритания ең көп  көмек көрсетті. Ал Италия өз міндеттемесін басқа елдерден азырақ орындады. G8 тобына мүше елдер, сондай-ақ, 2010 жылға дейін Африкаға көмектерін екі есе арттыру туралы 5 жыл бұрын берген міндеттемелерін орындамады. Мамандардың сенімінше, бұл елдердің өз міндеттемелерін орындамауының ең маңызды себептерінің біріне дүниежүзілік экономикалық дағдарыс жатады. Бай елдер әдетте өз жобаларына көңіл аударуға қызығады, бірақ кедей елдердің жағдайын жақсарту жобаларын қолдау үшін құрылған дүниежүзілік қорларға қаржы бөлуге құлықсыз.  

Басқа жағынан даму үстіндегі елдер де БҰҰ-ның жағдайын жақсарту және кедейшілік пен аштықты азайту туралы кеңестері мен нұсқауларының көбіне көңіл бөлмейді. Мысалы, БҰҰ-ның сенімінше, даму үстіндегі елдер салықты жинау жүйесін реттеп, кедей адамдарды қамтитын экономикалық жобаларды қолдану арқылы БҰҰ-ның көптеген мақсаттарын орындауға көмектесе алады. Ал мұндай жағдайда дамымаған кейбір елдер сирек болса да, өз ішкі өнімінің 3 пайызын медициналық қызметке бөледі. Осы арада шынымен-ақ осы мақсатты көздемей отырған елдердің саны артып келеді. Бұл елдердің көбі Африка Сахарасының оңтүстігінде орналасқан.

Осылайша әлемдік қауымдастықтың міндеттемелері мен талпыныстарына қарамастан,  даму үстіндегі елдердің көптеген қиындықтары мен денсаулыққа бөлінетін бюджеттің шектеулілігін, әйелдер денсаулығының басымдыққа ие болуына кедергі болып келе жатқан жыныстық кемсітушіліктің өткен 15 жылда ана өлімі деңгейінің көңіл аударарлық деңгейде азаймауының себептері болды деп айтуға болады. Мыңжылдық дамудың бесінші мақсаты әйелдер құқығының әлем елдерінің басты назарына алынған жағдайда ғана қолжетімді болмақ.

Тегтер