Жел 07, 2016 20:44 Asia/Almaty

Ислам дінін қабылдағаннан кейін Рей қаласы дами түсіп, «Умм ул-Белад» және «Шейх ул-Белад» деген атауларға ие болды. Рей Иранда Буйе әулеті басқарып тұрған кезде солардың саяси-мәдени орталығы болды. Бұл жағдай қалада ғылым мен әдебиеттің дамуына себеп болды. Бұл қала көптеген ғалымдар, әдебиетшілер мен ақындарды тәрбиеледі. Бүгінгі бағдарламада Рейдің ислам діні келгеннен кейінгі тарихымен қысқаша таныстырып өтеміз.

Рейде ғылым мен әдебиеттің қарқындап дамыған дәуірі ұзаққа созылған жоқ. Бұл қала сұлтан Махмұд Ғазнавидің басқыншылық заманында көптеген апатты оқиғалар мен қиындықтарды бастан өткерді. Сұлтан Махмұд Рейде шиіттерді рақымсыздықпен қырды. Осы сұлтанның бұйрығымен шиіттердің басшылары дарға асылып, шиіттер биліктегі лауазымдардан босатылды. Кітаптарды өртеу Махмұд Ғазнавидің Рейді жаулап алудағы зиянды әсерлерінің бірі болды. Соның бұйрығымен Сахеб ибн Абад кітапханасының көптеген кітаптары өртеліп, қалғаны Ғазнавилер үкіметінің орталығы Хорасанға жіберілді. Рей 11 ғасырда Ғазнавилердің шабуылдарынан қатты зардап шексе де, Селжұқтар заманында қайта абадтандырылды.

Х.қ.ж.с.б. 434 жылы Рей Селжұқтар тарапынан басып алынды. Тоғұрыл Селжұқ Рейге ерекше салтанатпен келіп, астананың Нишапурдан Рейге ауыстырылуына бұйрық берді. Бұл заманда Тоғұрылдың бұйрығымен жаңа ғимараттар салынды. Солардың бірі – «Тоғұрыл мұнарасы». Бұл мұнара қазір Рей қаласының шығысында орналасқан. Бұл дәуірде ирандық өнерлерге ерекше көңіл аударылды.

Қыш бұйымдарын жасау кәсібі Селжұқтар заманында өзінің сұлулығы мен кемелденуінің шарықтау шегіне жетті. Рейде қыш және эмальданған бұйымдар әдемі де бедерлі нақыштармен жасалған. 

Селжұқтар заманында Рейде көптеген медреселер ашылды. Медреселермен қоса,  сол заманда Рейде үлкен мешіттер, көптеген дәруіштер үйі мен кесенелер болған. Хорезмшахтықтар билігі кезінде Рей моңғолдардың шапқыншылығына дейін Иранның маңызды қалаларының бірі саналған. Х.қ.ж.с.б. 617 жылы моңғолдар Рейге шабуыл жасап, бірқатар адамдарды жаппай қырып, қаланы талан-таражға салды. Мұнымен тоқталмай, тұрғындардың көбін болашақтағы соғыстарда қалқан ретінде пайдалану үшін майданға жөнелтіп отырған. Моңғолдар тарихында былай деп жазылған: моңғолдық Илханилер Рей қаласын өздерінің ойын-сауық қаласы ретінде таңдаған болатын. Моңғолдардың шабуылының белгілері жойылмай жатып Рей тағы да х.қ.ж.с.б. 786 жылы Ақсақ Темір әскерінің қолынан қиратылды. Сол кезден бастап қала абадтандырылмай қалды. Көне Рейдің қирандылары әлі де қазіргі Рей қаласының жанында сақталып қалған.

Сафави әулеті билік басына келгеннен кейін (х.қ.ж.с.б. 11 ғасыр,  сәйкесінше 17 ғасыр) осы әулеттің шахтары Рей қаласына діни қала ретінде назар аудара бастады.  Сафави әулеті заманынан бері бұл үлкен қала тұрғындарының саны көбейіп, қарқындай түскенімен ешқашан өзінің бұрынғы салтанатына жете алмады.  Қазвин, содан кейін Иранның орталық бөлігіндегі Исфаханның астана ретінде таңдалып, дамығаннан кейін Рей қаласы кешендеп қалды. Ауғандардың  шабуылы барысында, әсіресе өзінің дамуын ауыр салықтар салып, соғыс пен талан-таражда деп санаған Афшарлар үкіметі кезінде Рей қирай түсті. Бірақ қаланың осыншалықты құлдырағанына қарамастан, Зендтер заманында Рей Иранның 16 уәлаятының бірі болған. Ол «Дар ул-Халафе Рей» деп аталған.  Орталықтан бұл қалаға билеуші жіберіліп отырған. Рей құлдырай бастағаннан кейін  осы қаладан 6 шақырым жердегі ауыл – Теһран қарқындай түсті. Тіпті бұл ауыл Қаджарлар әулеті билік құра бастаған кезде Аға Мұхаммадхан тарапынан Иранның астанасы ретінде таңдалынды. Рей – бүгінде үлкен Теһранның жанындағы қала. Онда хазірет Абдулазимнің мазары мен екі имамзада – хазірет Тахер мен хазірет Хамзаның кесенелерінің болуы бұл қаланы діни орындарының біріне айналдырды. Бұл жерлер жылына әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған зияратшы мен Ислам пайғамбарының әулетін сүюшілерді қабылдайды. Рей қаласы Мешхед пен Құм қаласынан кейінгі Иранның ірі діни қаласы болып саналады. Мұнымен қоса, Рей 198 көне тарихи және исламдық ескерткіштің болуына байланысты әртүрлі тарихи кезеңдерге тиесілі ескерткіштердің толық кешенін қамтиды.

Рейдің тарихи ескерткіштері осы ауданның көнелігі тұрғысынан археологтар үшін  ерекше маңызды. Рей қаласында исламға дейінгі және ислам келгеннен кейінгі тарихына байланысты өте құнды ескерткіштер мұраға қалған. Солардың ең танымалы ретінде Ашканилер сарайының қирандыларын, Тоғұрыл мұнарасын, Нақарехана мұнарасын, «Чешме-е Әли»-Әли бұлағын, Рейдің дуалын, Рейдің отқа табыну орны мен Бибі Шахрбанудың кесенесін атауға болады.

Рейдің ең көне тарихи ескерткіштерінің бірі – Сасанилер дәуіріне тиесілі көне ғимараттардың қирандылары. Олар «Мил» төбесінің үстінде орналасқан. Тарихи құжаттар бойынша,  бұл ғимарат Рейдегі отқа табынатын орын болған. Ол жерді де басқа да отқа табыну орындары сияқты Александр Македонскийдің әскері қиратқан. Бұл ғимараттың аз ғана бөлігі сақталып қалған. Рейдің атырабындағы төбелердің бірінен Сасанилер дәуіріне тиесілі алебастр бұйымдар мен бедерлі нақыштар табылған. Олар Иранның Көне мұражайының Сасанилер бөлігін көмкеріп тұр.

Әли бұлағы төбесі – Рейдің құнды тарихи ескерткіштерінің бірі. Бұл төбе х.ш.ж.с.б. 1313-1316 жылдары (1934-1937 жылдары) АҚШ-тың Филадельфия университетіндегі мұражайдың Вильям Бюис мәдени орталығы мен Бостон қаласынан келген археологтар тобы тарапынан доктор Эрик Фредерик Шмиттің жетекшілігімен алғаш рет зерттелді. Осы төбеден 7 000 жыл бұрынғы заманға тиесілі қыш бұйымдары табылды. Солардың кейбіреулері қазір Иран мен әлемнің мұражайларында  сақталынуда. Әли бұлағы төбесінен табылған нақышталған қыш бұйымдарында адам, жануар, өсімдік пен геометриялық пішіндер бедерленген. Бұл нақыштардың әрқайсысының ерекше жолдауы бар.

Рейдің дуалы Ашканилер заманында салынған қорғаныс дуалы болып табылады. Ол қаланы айнала қоршап тұрған. Бүгінде бұл дуалдың 3 шақырымы ғана қалған. Оның бір бөлігі Әли бұлағы төбесінен өтеді.

Бұл дуал Сасанилер заманы мен ислам келгеннен кейінгі замандарда толығымен сақталып, дұшпандардың басқыншылығынан сақтайтын мықты қалқан болған. Махмұд Ғазнави, моңғол хандары мен Ақсақ Темірдің шабуылдары кезінде бұл дуалға өте көп зиян келтірілді. Әли бұлағы төбесінде сақталған бұл дуалдың бір бөлігі Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі соңғы жылдары жөндеуден өткізілді,

«Тоғұрыл» мұнарасы да Рейдің тарихи ескерткіштерінің бірі. «Тоғұрыл» мұнарасы Селжұқтардың соңғы сұлтаны Тоғұрылбектің кесенесі саналады. Бұл мұнараның биіктігі шамамен 20 метр. Ол кірпіштен айналдыра қаланған дөңгелек мұнара түрінде салынған. Оның сыртқы келбеті 24 тармақтан тұратын архитектуралық сталактит түрінде салынған. Кристин Вильсен «Иран өнерінің тарихы» атты еңбегінде осы мұнараны атап өтіп, оның салынған уақытын х.қ.ж.с.б. 534 жыл деп болжаған. «Тоғұрыл» мұнарасы х.қ.ж.с.б. 1301жылы Насыреддин  шах Қаджардың бұйрығымен жөндеуден өткізілген.  Біліп жүргендеріңіз жақсы, «Тоғұрыл» мұнарасы  куфа жазуымен жазылған  тақташалармен безендірілген. Бұлар Қаджарлар заманындағы жөндеу жұмыстары кезінде жойылған. «Тоғұрыл» мұнарасының аумағында Иранның қазіргі заманғы әдебиеттанушы, сыншы, тарихшы, зерттеуші ұстаз Табатабаидің мазары орналасқан.

Рей тауының оңтүстік етегінде таудан ілгері орналасқан жартаста күмбезді ғимарат салынған.  Жергілікті тұрғындар бұл ғимаратты Йездигерд III-нің қызы әрі Ислам пайғамбары ұрпақтарының бірі имам Саджадтың анасы «Бибі Шахрбанудың» кесенесі деп санайды.  Бұл ғимараттың ерекшелігі ретінде ұзындығы 33 метрлік, ені 22 метрлік ауланы айтуға болады. Ол өте көне тас қабырғамен қоршалған. Кесене солтүстікте таумен шектесіп жатыр. Ауланың оңтүстік бөлігінде тас және кірпіштен салынған күмбезі бар бірнеше мықты ғимарат салынған. Негізгі аула әртүрлі дәуірлерде жаңа қабырғалар, жабық галереялар, бөлмелер мен дәліздер салынған соң  екіге бөлінді.

Кесененің негізгі ғимараты тас пен алебастрдан салынған. Ондағы аркалар кірпіштен жасалған.  Ғимараттың стилі мен жағдайынан ондағы негізгі тұғырдың Сасанилер заманында салынғанын көруге болады. 4 ғасырда ол кесенеге айналдырылып, оған бірнеше бөлік қосылған.

Бұл кесене  ауданы 3,25 метрді құрайтын төртбұрышты кішкентай бөлмеден тұрады.  Бөлмеге кіреберіс есік шығысқа қараған. Онда Сафави билігі заманына тиесілі ағаштан ойылып өрнектелген маңдайша бар. Алайда қыш тақташалармен көмкерілген күмбез бен кейбір алебастр жапсырмалары Қаджарлар заманына тиесілі.

Кесененің солтүстігінде Қаджарлар заманынан қалған  мешіт немесе жабық галерея бар. Кесененің үлкенірек ауласы сыртқы аула болып саналады. Ол осы мешіттің солтүстігінде орналасқан. Ауланың солтүстігінде қонақтар немесе зияратшыларды қабылдауға арналған  бөлмелер бар. Бибі Шахрбану кесенесінің баспалдақтарының төменгі бөлігінен бір үңгір байқалады. Оның кіреберіс жері өте тар. Үңгірдің маңында бұлақтың болуы аймақтың табиғи сұлулығын одан ары арттырды. 

Тегтер