Жел 08, 2016 16:32 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада исламға дейінгі және ислам дәуіріндегі Рей қаласының тарихымен таныстырдық. Бұл аймақта көптеген құнды тарихи ескерткіштер бар. Алайда бәрінен бұрын хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесі және екі имамзада – хазірет Тахер мен хазірет Хамзаның мазарларының орналасуы бұл қаланың маңыздылығын одан ары арттырды. Осы діни орындардың болуына байланысты Рей қаласы жылына әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған зияратшы мен Ислам пайғамбарының әулетін сүюшілерді қабылдайды.

Рей қаласының әртүрлі аудандары, көшелері мен базарларын кесіп өткен кезде кесененің маңдайшасы көрінеді. Халықтың көбі кесененің алдында тағзым етіп, құрмет білдіріп, хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің ауласына кіруге асығады. Кесененің ішінде зиярат етуге келіп, жоқтау айтып жатқан адамдар арасында кесене қызметшілері қоршаудың үсті мен айналасына иіс су шашып, ерекше рухани кеңістік орнатады.

Әр тараптан дұға оқып, мінәжат етушілердің жанға жайлы дауыстары естіледі. Мұнда адамның рухы өз денесінен шығып, көкке өрлеп, өзін осы жердегі зынданнан босатуға тырысады.

Зияратшылар мұнда мұң-мұқтаждарын баяндайтын Ахл-е бейтке деген ғашықтықпен жүректерінің айнасын шаңнан тазартып, жеңілдеп қайту үшін келеді.

Ислам пайғамбары ұрпақтарының бірі хазірет Абдулазим (ғ.) х.қ.ж.с.б. 173 жылы Мәдина қаласында дүниеге келген. Ол өз заманындағы ғылым салаларында үздік болған. Ол ұлы ғалымдар мен хадисшілердің бірі саналып, имамдардың сеніміне ие болған.

Хазірет Абдулазим (ғ.) Ислам пайғамбарының ұрпағы имам Хадиге (ғ.) жасалған зұлымдықты көріп, Аббас әулетінің озбыр үкіметін әшкерелеп, оған қарсы шықты. Имам Хади (ғ.) Абдулазимді (ғ.) ғылым мен білімі мол әрі лайықты деп санағандықтан өзінің өкілі ретінде Рей қаласына жіберді.

Хазірет Абдулазим (ғ.) 75 жасында Рейге қоныс аударып, имам Хадидің (ғ.) өкілі ретінде сол жерде халықтың мәселелерін шешуге көмектескен. Хазірет Рейде тұрған кезде осы қаланың тұрғындары оның ғылымы мен білімін пайдаланған. Абдулазим (ғ.) «Амир әл-Мумениннің (ғ.) құтпалары» және «Күн мен түн» атты кітаптар жазған.

Хазірет Абдулазим (ғ.) х.қ.ж.с.б. 252 жылы шаууал айының он бесі күні Рей қаласында қайтыс болды. Хазірет Абдулазимнің (ғ.) Иранның мұсылман халқы арасындағы орнының жоғарылығы соншалықты, оның қабірінің басына салтанатты кесене салынған.

Ынтық зияратшыларды қабылдайтын Абдулазимнің (ғ.) кесене-кешенінің ұзақ тарихы бар. Хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесі басқа да үлкен зиярат орындары сияқты басында кесене ғимаратынан, яғни орталық және негізгі бөліктен тұрған. Кейін біртіндеп оның айналасына басқа ғимараттар салынып, террасалар, аулалар мен жабық галереялардан тұратын кешенге айналды.  Абдулазим (ғ.) кесенесінің жанында орналасқан имамзада Хамза мен имамзада Тахердің мазарлары да кіреберіс ғимараттардың бірі болып саналады. Қабірдің алғашқы құрылысы жайында нақты дерек жоқ. Осы уақытқа дейін кесене құрылысы туралы байқалған ең көне дереккөзі кесененің негізгі кіреберіс есігіндегі кірпіш маңдайша болып табылады. Онда маңдайшаны салған адам, яғни Баркиарақ Селжұқтың уәзірі Мәдж ул-Мүлк Құмидің (х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың аяғы – 11 ғасыр) аты жазылған. Бірақ соңғы жылдары кіреберіс есіктің сол жағындағы қабырғаға жабыстырылған жазба тақташасында айтылғандай, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың екінші жартысында кесене Мұхаммад бен Зейд Даи Алави (х.қ.ж.с.б. 287 жылы, 900 жылы) тарапынан толығымен жөндеуден өткізілген. Мамандар кесененің Селжұқтар заманынан қалған тақташасы бар негізгі кіреберіс есіктің кірпіш қабырғасының жанында жүргізген зерттеулерден кейін кіреберіс есіктің айналасындағы қабырғалардың асты мен жанындағы бөліктері Буйе әулеті заманынан қалған белгілер болып табылады деген шешімге келді. Сондықтан кесененің осы бөлігі Буйе әулеті заманында салынып, кейін  Селжұқтар заманында Мәдж ул-Мүлк Құми тарапынан жөндеуден өткізілген деп болжауға болады.

Селжұқтар заманынан Сафавилер кезіне дейін жаңа құрылыстардың салынуы, жөнделуі мен дамуы жайында аса дұрыс мәлімет жоқ, бірақ  бұл кесененің әртүрлі кезеңдерде Иранның шиіт мазхабындағы әмірлері мен сұлтандарының  назарында болғаны анық. Табарестандағы Баванд әулетінің  әмірі Хисамаддоуле Ардашир кесенеге жылына 200 динар жіберіп отырған. Бұл кесенеге Тимурилер заманында да көңіл аударылған. Сол заманның белгісі әлі де сақталып қалған. Шахрух Тимуридің өзі хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесіне зиярат етуге барған. Өзінің тегін имам Мұса Каземнің ұлы имамзада Хамзадан бастайтын Сафавилер заманында бұл кесенеге өте көп көңіл бөлініп, оның айналасына ескерткіштер мен үйлер салынды. Содан соң  бұл кесененің маңыздылығы одан ары арта түсті. Қаджарлар заманында Рей қаласының астанаға жақын орналасуына байланысты кесенеге ерекше назар аударылды. Сол кезде хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесі мен имамзада Хамза мазарына қарасты көптеген ғимараттар салынып, толықтырылып, безендірілді. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін де хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесі Ирандағы басқа да танымал әрі қасиетті кесенелер сияқты дами түсіп, кесененің өзі мен жабық галереялар мен аулалар кешенінде көптеген жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің негізгі ғимараты кең әрі төртбұрышты пішінге ие. Селжұқтар заманындағы көптеген ғимараттар сияқты оның 4 бұрышының жоғары жағында пілдің құлағындай 4 бағана тұрғызылған. Бағандардың жоғары жағы 8 қырлы болып келеді. Олардың жоғары жағы  кішкентай аркалардың болуына байланысты 16 қырлы болып көрінеді. Оның төбесіне күмбез салынған. Кесене әрбір қырынан есік арқылы жапсарлас жабық галереяларға қосылып жатыр. Оның негізгі есігі солтүстік жағында үлкен терраса мен солтүстік террасаға қарайды. Кесененің негізгі кіреберіс есігі шығысқа қараған, есігінің екі жақтауы алтынмен апталған. Онда Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері, имам Реза (ғ.) мен имам Хадидің (ғ.) сөздері бедерленген. Есіктің екі жақтауының беті ондағы суреттер мен нақыштарды және есіктің жанындағы кірпіш қабырғаны сақтау мақсатында еденнен 2 метр биіктікте шынымен қапталған. Кесененің ағаштан жасалған оңтүстік есігі әдемі өрнектермен безендіріліп, оның бетіне өлеңдер ойылып жазылған. Бұл есік имамзада Хамза мазарының шығысындағы оңтүстік дәлізне қарай ашылады. Ішіндегі қабырғалары айнала еденнен 1,65 метр биіктіктегі ернеулікке дейін ақ, қара мәрмәр таспен жабылған. Ернеуліктен төбеге дейін және бүкіл төбе айна сынықтарымен көмкерілген. Айна сынықтарымен көмкеру жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1273 жылы (1857 жылы) атқарылған. Кесененің аркалары мен айналасының төбесінде хадис жазылған тақташа жабыстырылған.

Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің ең сирек кездесетін тарихи ескерткіштерінің бірі – мазардың үстіндегі ағаш сандық. Оның төрт жағында «насх» және «сұлс» жазуымен «Зияратнама» мен Құран аяттары ойылып жазылған. Оның үстінен х.қ.ж.с.б.725 жыл (1325 жыл) дегенді оқуға болады. Сандық уақыт өте келе ескіргендіктен, х.ш.ж.с.б. 1329 жылы (1950 жылы) сол замандағы танымал өнер иесі  Хадж Мұхаммад Сани Хатам тарапынан өте әдемі кейіпте жөндеуден өткізілді. Қазір онда ұзындығы 2,58 метр, ені 1 метр, ал биіктігі 1,20 метр сандық тұр. Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің алтынмен апталған күмбезі осы кешеннің көне ескерткіштерінің бірі болып отыр. Бұл күмбез де алғаш рет Мадж әл-Мүлк Бравестани тарапынан кесенені қайта жөндеп жатқан кезде салынды. Күмбез бірінші дәрежелі қасиетті кесенелердің күмбездері сияқты екі қабаттан тұрады.  Ішкі қабат шеңбер арка түрінде, ал сыртқы қабаты конус пішіндес жасалған. Шах Тахмасптың кезінде бұл күмбезге өзгеріс енгізіліп,  х.ш.ж.с.б. 1270 жылы (1854 жылы) Насыреддин шахтың бұйрығымен алтынмен апталды. Күмбездің биіктігі іргесінен  ұшар басына дейін вертикалды түрде шамамен 12 метр, еңіс бетінен биіктігі шамамен 18 метр. Күмбезді айнала екі қатарда жазба тақташалары жабыстырылған. Насыреддин шахтың бұйрығымен күмбездің жоғары қатарында көгілдір жазба тақташаларының бетіне алтын түспен өлеңдер жазылған. Жоғары қатардан жалпағырақ төменгі қатарда «Ана фатахналака фатхан мобинан» аяты жазылған. Харамның мұнаралары  күмбезге керісінше х.қ.ж.с.б. 13 ғасырдың екінші жартысына (19 ғасырға) тиесілі ескерткіштердің бірі саналады.

Ардақты ағайын, айтып өткеніміздей, хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің жанында Ислам пайғамбары ұрпақтарынан екі имамзаданың мазарлары орналасқан. Негізгі ауланың оңтүстік-батыс бұрышынан имамзада Хамзаның (ғ.) мазарын көруге болады. Имамзада Хамзаның (ғ.) мазары көлем мен пішін тұрғысынан хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесіне ұқсайды. Мазар айна сынықтарымен көмкерілген. Ол жерде  күміс қоршау бар.

Хазірет Абдулазим (ғ.) кешеніндегі тағы бір қасиеті мазар – имамзада Тахердің (ғ.) кесенесі. Бұл кесене харамның солтүстік ауласының шығыс бөлігінде орналасқан. Имамзада Тахердің (ғ.) кесенесі х.қ.ж.с.б. 1320 жылы сырлы кірпішпен көмкерілген.

Кесененің ішіндегі айна сынықтары мен сырлы кірпіштердің үстіне Қаджарлар заманындағы парсы тілдес ақындардың өлеңдері мен қасидалары «насталиқ» жазуымен жазылған.

Х.ш.ж.с.б. 1380 жылы (2001 жылы) кесененің ішіне жаңа қоршау қойылды. Аталмыш қоршау ирандық өнер иелерінің  қолымен сегіз қырлы пішінде  күміс пен алтыннан жасалған. Онда Мұхташам Кашанидің өлеңдері мен Құран Кәрімнің аяттары жазылған.

Х.ш.ж.с.б. 1371 жылы (1992 жылы)  хазірет Абдулазимнің (ғ.) кешенін дамыту жобасы басталған кезде имамзада Тахердің (ғ.) кесенесі де дамытылды. Бұл кесенені хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесімен байланыстыру үшін жабық галерея мен үлкен дәліз салынған. «Бейн ул-харамейн» деп аталатын бұл жабық галерея кесенеге қатынасты жеңілдетіп, зияратшыларды көбірек сыйғызу үшін салынған.

«Бейн ул-харамейн» деп аталатын жабық галерея солтүстік жағынан имамзада Тахер (ғ.), ал оңтүстік және оңтүстік-батыс жағынан имамзада Хамза (ғ.) және хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесімен байланысып жатыр. Имамзада Тахердің (ғ.) жабық галереясы, «Бейн ул-харамейн» жабық галереясы, «Абулфатх Рази» жабық галереясы мен имамзада Хамзаның (ғ.) жабық галереясы жалпы алғанда шамамен 3700 шаршы метр ауданды алып жатыр.  

Бұл жабық галереяларды безендіруде тас, қыш және айна сынықтарымен көмкеру өнерлері қолданылған. Иранның танымал дәстүрлі сәулетшілері мұнда исламдық сәулет өнерінің көріністерін жұрт назарына ұсынған.  

Тегтер